|  | 

Тарих

Наурыз: Рысқұловтың бұйрығы мен Назарбаевтың жарлығы


Халық шаруашылық жетістіктері көрмесінде (ВДНХ, қазіргі - "Атакент") өткен Алматы облысы күндері. Шебердің жұмысы. Фото авторы - В. Жолмұхамедов, 1988 жыл. (Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған)

Халық шаруашылық жетістіктері көрмесінде (ВДНХ, қазіргі – “Атакент”) өткен Алматы облысы күндері. Шебердің жұмысы. Фото авторы – В. Жолмұхамедов, 1988 жыл. (Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған)

1920 жылы Түркістан республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов “Наурыз” мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарғанымен бұл мейрамды ресми түрде тойлау не себепті кейінге қалдырыла берді?

Қазір дәстүрлі ресми мейрамдардың біріне айналған Наурызға совет кезеңінің бас кезінде тыйым салынбаған. Тарихшылар мен архив қызметкерлері оның бір дәлелі ретінде 1920 жылғы наурыздың 20-сында жарияланған Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрықты алға тартады.

“РЫСҚҰЛОВТЫҢ БҰЙРЫҒЫ”

Қазақстан баспасөзінде сирек те болса жарияланған бұл құжатты Жамбыл облыстық архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет осыдан 15 жылдай бұрын архивтен тапқанын айтады. “2009 жылы облыстық газетте жарияланды, одан кейін бертінде ғана оған назар аударыла бастады” деген ол Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрықты “құнды тарихи құжат” деп бағалайды.

Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы наурыздың 20-сында қол қойған Наурыз мерекесі жайлы бұйрық. Азаттыққа Жамбыл облыстық архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет берген фотокөшірме

Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы наурыздың 20-сында қол қойған Наурыз мерекесі жайлы бұйрық. Азаттыққа Жамбыл облыстық архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет берген фотокөшірме

Азаттық тілшісі бұл құжат туралы тарихшы Ордалы Қоңыратбаевтан сұрастырып көрді. Совет кезеңінің саяси қайраткері болған Тұрар Рысқұловтың өмір жолын ұзақ уақыт зерттеген тарихшы бұл бұйрықты ертеректе Ташкент архивінен кездестіргенін, көшірмесі өзінде сақтаулы тұрғанын айтады.

Ордалы Қоңыратбаевтың сөзінше, Тұрар Рысқұлов 1920 жылы қаңтарда Ташкентте мұсылман халықтардың өкілі ретінде Түркістан республикасы орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Көп ұзамай Түркістан республикасындағы түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау және Наурызды мемлекеттік мерекеге – демалыс күніне айналдыру туралы бастама көтерген.

Наурыз мерекесіндегі бәйге. Нарынқол ауданы, Алматы облысы, 1988 жыл. Фото авторы - Жұбанов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Наурыз мерекесіндегі бәйге. Нарынқол ауданы, Алматы облысы, 1988 жыл. Фото авторы – Жұбанов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

​- Наурызды діни мереке санап, қарсы шыққандарға Рысқұлов уәжін ақыры өткізген. “Наурыз – көктем мерекесі, халық өзі бәрібір тойлайды. Біз ресми ұйымдастырсақ, халық та жылы қабылдайды” деп түсіндіреді. Сөйтіп Мәскеумен келіспестен бұйрық шығарған. Осыдан соң Орталық Азияда алғаш рет 1920 жылғы наурыздың 22-сінде Наурыз мемлекеттік мереке ретінде жергілікті биліктің ұйымдастыруымен аталып өткен, – дейді ол.

Ордалы Қоңыратбаевтың айтуынша, Түркістан республикасының аумағында билік қалаларда, уездерде, ауылдарда үлкен шара өткізген, ол туралы газеттерге жарияланған. Тарихшы қазіргі Қазақстанның Түркістан республикасының құрамында болмаған өңірлерінде де Наурыз мерекесі тойланғанын, бірақ мемлекеттік мереке болмағанын айтады.

Наурыз мейрамы кезінде алтыбақан теуіп жүрген жастар. Қарағанды қаласы, 1988 жыл. Фото авторы - В. Петухов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Наурыз мейрамы кезінде алтыбақан теуіп жүрген жастар. Қарағанды қаласы, 1988 жыл. Фото авторы – В. Петухов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Түркістан республикасының кезеңі 1918-24 жылдар аралығында алты жылға созылды. Патша үкіметі құлағаннан кейін Түркістан өңірінде большевиктер мен мұсылман қайраткерлер арасында тартыс болып, әрқайсысы өз алдына республика жариялады. Большевиктер 1918 жылы ақпан айында Мұхамеджан Тынышбаев мен Мұстафа Шоқай басшылық еткен Түркістан республикасын күшпен таратып, Ресей Советтік Федерациясының орталық үкіметінің бағытын ұстанатын Түркістан советтік федеративтік республикасын құрды. Оның құрамына Қазақстанның Сырдария және Жетісу облыстары кірді. 1924-25 жылдары Түркістан республикасы ұлттық республикаларға бөлініп, қазіргі Орталық Азия республикалары пайда болды.

“ЕСКІЛІКТІҢ САРҚЫНШАҒЫ”

Азаттықпен сөйлескен зерттеушілердің айтуынша, Наурыз мерекесін ресми түрде тойлауды тоқтату туралы арнайы бұйрық немесе қаулы болмауы да мүмкін. Зерттеуші Мақұлбек Рысдәулет Наурызды тойлауға тыйым салу жөнінде совет билігінің қандай да бір қаулысы немесе бұйрығы архивте көзге түспегенін айтады.

- Соған қарағанда ресми құжатсыз-ақ, “ескіліктің сарқыншағы” ретінде тыйым салған сияқты. Өйткені [большевиктер] Наурызды діни мереке деп санады. 1930 жылдары Қазақстандағы түрлі көтерілістерден кейін Наурыз ғана емес, қазақтың бата беру дәстүрі де совет билігіне қарсылық секілді қабылданды. Архивте “көтерілісшілер әуелі бата жасап, ант қабылдады” дейтін құжаттарды көрдім, – дейді Мақұлбек Рысдәулет.

Наурыз мерекесінің ашылу салтанатында. Алматы, 1988 жыл. Фото авторы - О. Ионов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Наурыз мерекесінің ашылу салтанатында. Алматы, 1988 жыл. Фото авторы – О. Ионов. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Тарихшы Ордалы Қоңыратбаевтың айтуынша, 1924 жылы Түркістан республикасы таратылғаннан кейін Наурыз мерекесін ресми тойлау тоқтаған.

- 1925 жылы Қазақстан басшылығына Филипп Голощекин келген соң біртіндеп саяси қуғын-сүргін басталды. Алайда ақын-жазушылар Наурыз мерекесінің уақыты келгенде мейрам туралы газетке жазып жатты, оған тыйым салынған жоқ, – дейді ол.

Азаттықпен сөйлескен зерттеушілер Наурыздың мемлекеттік деңгейде атап өтілмесе де, халықтық мереке ретінде совет кезеңінде де жойылмағанын айтады. Олар, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік өңірінде “халық Наурызды бертінге дейін тойлап келді, ешкімнен рұқсат сұраған жоқ. Наурыз көжесін де пісірді, шағын елдімекендерде көжені бір үйге жинап, халық бас қосты. Кейбір өңірлерде наурыз көжені “жыл көжесі” деп атады. Совет өкіметі оны байқамағансыды, асыра дәріптелмеуін қадағалады” деп санайды.

1980 жылдардың соңы, 1990 жылдардың бас кезінде сол кездегі “Лениншіл жас”, қазіргі “Жас Алаш” газетінің бас редакторы қызметін атқарған Уәлихан Қалижан да осыған ұқсас пікір айтады.

- Бұрын совет тұсында Сейдахмет Бердіқұлов бас редактор болып тұрған кезде Наурыз мерекесі қарсаңында газет нөмірі көгілдір түспен шығатын. Оны “көктем нөмірі”деп атағанымен астарында Наурыз тұратын еді, – деп еске алады ол.

ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТУ

Совет кезеңінің соңында Наурыз мерекесін тойлауға ресми түрде рұқсат берілуі ерекше оқиғалардың біріне айналды. 1985 жылы КПСС Орталық комитеті Бас хатшылығына Михаил Горбачев сайланғаннан кейін “қайта құру” саясаты жарияланып, қоғамдық бастамаларға айтарлықтай еркіндік берілуі Наурыз мерекесін де жандандыруға түрткі болды.

Қазір Наурыз мерекесін тойлау туралы алғаш рет бастама көтерген саяси тұлғалар туралы түрлі пікірлер бар. Соның ішінде 1988 жылы ақпанның 9-ында Қазақстан компартиясы оталық комитетінің хатшысы болып сайланған Өзбекәлі Жәнібековтің аты-жөні жиі аталады.

Наурыз мейрамына жайылған дастархан басында отырған адамдар. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл

Наурыз мейрамына жайылған дастархан басында отырған адамдар. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл

Сол кездегі “Лениншіл жас” газетінің редакторы Уәлихан Қалижан “Наурыз” мерекесінің қайта оралуын былайша еске алады.

- Газет бетінде оқырмандармен “Тікелей телефон” арқылы сұхбат жүргізу дәстүрі бар еді. Соған Мұхтар Шахановты шақырдық. Сонда осы мәселені көтерді. Газетке “Наурыз” мерекесінің қажеттілігі жайында арнайы материал бердік. Көп ұзамай Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Материалдарымды жинап алып барсам да сескендім, бірақ ол кісі қолдады. Сөйтіп өзі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинге кірді. Содан кейін Колбин Наурыз мерекесін атап өту туралы хат жазған Мұхтар Шахановты қабылдады, – дейді ол.

Әдебиет зерттеушісі Рахманқұл Бердібай естелігінде 1988 жылы наурыз айының басында Жазушылар одағында үлкен жиын болғанын, сонда “басқа елдерде Наурыз жыл сайын тойланатынын, бізге бұл жақсы дәстүр қашан келетінін” жиынға қатысып отырған Өзбекәлі Жәнібековтен сұрағанын, оның “бірден қолдағанын” жазады.

Мерекелік Наурыз көженің дәмін татып тұрған бала. Алматы, 1989 жыл. Фото авторы - А. Сандыбаев. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Мерекелік Наурыз көженің дәмін татып тұрған бала. Алматы, 1989 жыл. Фото авторы – А. Сандыбаев. Сурет Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған

Жазушы Ғаббас Қабышев естелігінде Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз мерекесі жайлы сол кездегі баспасөзде жиі жарияланған зерттеулер мен публицистикалық материалдармен таныс болды деп санайды. Кейін бұл бастама Қазақстан компартиясы орталық комитетіндегі талқылаулар кезінде Өзбекәлі Жәнібековтің ұйымдастыруымен қолдау тапқанын айтады.

Наурыз мерекесінің жаңғыруы жайлы Өзбекәлі Жәнібековтің 2011 жылы шыққан таңдамалы шығармалар жинағында да айтылып, жоғарыдағы естеліктерге ұқсас жайттар қысқаша баяндалған.

“Наурыз” мерекесі осылайша 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданында үлкен халықтық мейрам ретінде өткізілді” деп жазады Өзбекәлі Жәнібеков естелігінде.

Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыздың 22-сін "Наурыз мейрамы" етіп жариялау туралы 1991 жылғы наурыздың 15-інде шығарған жарлығы басылған "Социалистік Қазақстан" газетінің саны

Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыздың 22-сін “Наурыз мейрамы” етіп жариялау туралы 1991 жылғы наурыздың 15-інде шығарған жарлығы басылған “Социалистік Қазақстан” газетінің саны

​1989 жылдан бастап “Наурыз” Қазақстанның барлық облыстарында жаппай атала бастады. 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шығып, “Наурыздың 22-сі – халықтық мереке “Наурыз мейрамы” болып жарияланды. Жарлықта “Халық депутаттарының жергілікті советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын; республика жұртшылығының 1991 жылы наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында “Табиғат жарасымы” айлығын өткізу жөніндегі инициативасы қолдау тапсын” деп көрсетілген.

Ирандағы көне дәстүрден бастау алатын Наурыз мейрамы қазақ ортасында “Ұлыстың ұлы күні” деген атпен де танылған. Күн мен түн теңелетін мезгілде тойланатын бұл мерекені сіз қалай қарсы аласыз? Қандай ежелгі ғұрыптарды білесіз? Пікір қоса отырыңыз.

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

    ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

         Шығыстанушы-тарихшы Өмір Тұяқбайдың бұрында да «Қазаққа қандай тарих керек? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған тарихи мистификациялар хроникасы» деп аталатын мақаласын  (22.05. 2025. Zhasalash.kz) оқып ем. Риза болғам. Жақында Ө. Тұяқбайдың «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» (02.10. 2025. Zhasalash.kz) атты тағы бір мақаласымен және таныстық. Өте өзекті мәселені көтеріпті. Тарихта орын алып жүрген жағымсыз жайттар турасында ой толғапты. Журналистерді, блогерлерді айыптапты. Тарихтан арнайы кәсіби дайындығы жоқ, бәрін бүлдіріп болды деп.  Келеңсіздікті тоқтатудың нақты жолдарын ұсыныпты. Бұған да көңіліміз бек толды. Әйтсе де тарихты бұрмалауға, өз өтіріктерін насихаттауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, «арнайы кәсіби дайындығы бар» «тарихшылардың» да «зор үлес» қосып жатқанын баяндап, айтылған пікірді одан әрі өрбітіп, жалғастырайық.

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: