Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев зейнеткерлікке шыққанда жастарға сабақ берсем дейді. Алпыс бес жастағы Б.Сапарбаевты «ауылдағы жастардың жалқау боп кеткені», ал «шетел көрген жастардың тек әкім болғысы келетіні» қынжылтады екен.
– Бердібек Мәшбекұлы, сіз облыс әкімі, министр, премьер-министрдің орынбасары сияқты қызметтерді атқардыңыз. Бір кездері ақпарат құралдары сізді «спецназ Сапарбаев» деп бағалаған еді. Бұл сіздің үнемі қиын салаларға, түйіні көп аймақтарға басшылыққа баратыныңызды айтса керек. Дегенмен де сіздің жұмыс істеу принципіңіз қандай? Ашық әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Жұмыс істеу тәсілім өте қарапайым, халықпен жақын араласып, барлық мәселені өз көзіммен көріп, жұрттың арызын өз құлағыммен естіп, мәселені тез арада шешуге тырысамын. Былайша айтқанда, ел-жұртпен жиі араласқанды жақсы көремін. Кабинетте қамалып отыра алмаймын. Жұмысты адал әрі таза істегенді ұнатамын. Сосын өтірік айтпаймын. Егер халыққа уәде берсем, оны орындауым керек. Берген уәделерімді әр уақытта бақылауда ұстаймын. Берген уәдем заңға сәйкес келіп, қаржы болып жатса орындауға тырысамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнайы бағдарламалардың дер кезінде сапалы орындалуына күш саламын. Әрдайым талдау, жоспарлау жұмыстарын жүргізуге тырысамын. Қазақи да қасиетім бар. Жасы үлкенді сыйлау, тыңдау қажет. Ел ішінде үнемі ынтымақ-бірлік болса екен деймін. Сол кезде ғана елімізде тұрақтылық болады. Сонда ғана экономикамыз дамиды, халқымыздың тұрмысы жақсарады. Көптеген жылдардан бері аянбай еңбек етіп келемін. Бәлкім, содан шығар, президент ең қиын учаскелерді сеніп тапсыратыны… Менің міндетім – сол сенімді ақтау.
– Тұрақтылық деп айтып қалдыңыз… Өзіңіз басқарып отырған Ақтөбе облысында діни мәселе қатты ушығып тұр. Бұл туралы не айтуға болады?
– Бұл, әрине, кеше ғана пайда болған жағдай емес. Мұның түп-тамырын зерттейтін болсақ, пәленбай жылдан бері қалыптасып, түйін салып, пісіп-жетілгенін байқаймыз. Бұл жерде де тұтас қоғамның күшін, көмегін пайдалануымыз керек. Өйткені олардың ешқайсысы басқа жақтан көшіп келген жоқ. Осы жердің тұрғындары, осы жерде олардың ағайындары, туысқандары, дос-жарандары өмір сүріп жатыр. Біз солар арқылы жұмыс жасауымыз қажет. Еліміздің өз заңы, өз құндылығы, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі діні бар. Бұған ешкім іріткі салмауы тиіс. Әсіресе сырттан келетіндер. Жасыратыны жоқ, қайбір жылдары ел ішінде жұмыс табу өте қиынға соқты. Сол кезде сырттан келген күштер жергілікті тұрғындарға қаржы берген, әйтеуір, алдап-арбап, өздеріне тәуелді етіп қойған ғой. Осыған байланысты 2016 жылы бас прокуратураның ұсынысымен қауіпсіздік акциясын өткіздік. Біздің діни ахуалы күрделі саналатын, негізінен, алты аудан бар. Мұғалжар, Темір, Алға аудандары мен Шалқар, Хромтау және Ақтөбе қалалары. Осы аудан-қалаларға өз мамандарымызды жібердік. Олардың жанына республикадан келген ғалым, сарапшы, теологтарды қостық. Бұл жерде ең басты нәрсе – біз теріс ағымда жүрген әрбір жанның кім екендігін білуіміз қажет. Екіншіден, олардың тұрмысын зерттеуіміз қажет, жұмыс істей ме, жоқ па? Кәсібі жоқтарын қалай жұмысқа орналастырамыз? Балалары мектепке бара ма, жоқ па? Екі жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 60 пайыздан астамын жұмысқа орналастырдық. Олардың біразы таксист, ұялы телефон сату сияқты кәсіптермен айналысады. Былайша айтқанда, өз-өздерін жұмыспен қамтиды. Тағы бір айтары, теріс ағымда жүргендердің 35 пайыздан астамы – әйелдер. Осыған байланысты облыстағы кәсіпкер әйелдер сол аудандарға барып, осындай құрбыларымен жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіптерін ашуына көмектесіп жатыр. Осының арқасында, мысалы Ақтөбеде, 20 адам еңбек ететін тігін цехы ашылды. Дәл осылайша нан пісіру, кондитер өнімдерін шығарумен айналысуда. Және Астанадан әйел теологтар шақырып, олармен кездесіп, әңгімелесті. Тіпті драма театрымыз осы тақырыпқа байланысты арнайы спектакль қойды. Ол қойылымды көрсеңіз, жан дүниеңіз тебіреніп кетеді. Адамға үлкен ой салады. Былтыр үш рет акция өткіздік. Биыл да бастадық. Былайша айтқанда, жат ағымда жүрген жандарды қайтару үшін жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Олардың саны кезінде 3000-нан астам болатын, бір жыл ішінде мыңға жуық адамға азайып, 2000-дайы қалды. Оның ішінде радикалдары өте аз. Шатаспасам, 10-ға жуық қана адам…
–Ауыл-аймақты аралап, елмен әңгімелескенді ұнатамын дедіңіз. Дегенмен сондай кездесудің бірінде сіз ауыл тұрғындарының жалқау екенін бетіне басып, үкіметке үнемі риза болмайтынын айтып қалдыңыз…
– Ауыл-аймақты аралап жүріп мына нәрсені көп байқаймын. Он екі мүшесі сап-сау, тепсе темір үзетін азаматтарымыз жалқау болып барады. 40-50 мың теңгенің жұмысын берсең, істегісі келмейді. Әке-шешесі зейнетақы алады, әйелі балаларына жәрдемақы алады, соған мәз болып жүре береді. Осы жақында ғана облысқа келген мәжіліс депутат В. Божкомен бірге Ырғыз ауданына бардық. Халықпен кездесуде бір үлкен кісі сұрақ қойды. «Менің балам дәнекерлеуші, бірақ жұмыс жоқ» деп. Аудан орталығында үлкен мектеп салынып жатыр. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компанияның басшысынан «Қанша адам жұмыс істеп жатыр?» деп сұрадым. «60 адам» деді ол. «Оның қаншасы осы Ырғыз ауданының тұрғындары?» «10-ы ғана…» «Неге жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тартпайсыңдар?» «Оларды жұмысқа аламыз, бірақ бір-екі күн жұмыс істеген соң кетіп қалады, жұмыстарыңыз ауыр екен деп…» Міне, көрдіңіз бе, қазір жұрт оңай жолмен мал табуға үйреніп кеткендері соншалық – үп-үлкен кісілер жергілікті әкімдікке келіп, «бізге шөп түсіріп бер» деген талап қояды. «Апа, балаңыз неге жазда шөп шаппайды? Неге шөпті қыста басқадан сатып аласыздар?» десең, ешқандай уәж айта алмайды. Менің ренжитінім осы… Бізде жұмыс істеймін деген жанға барлық мүмкіндік бар. Бірақ жастарымыз жалқау. Бұл олардың болашағы үшін төнген қатер ғой. Жастарымыз жалқау, масыл, жайбасар болатын болса, онда алысқа бара алмаймыз. Ауылда жер, су, шөп бар. Неге сол мүмкіндікті пайдаланбасқа? Мал бағып, тірліктің көзін тауып, әжептеуір шаруашылықтарды басқарып жүрген жастар көп қой. Неге солардан үлгі алмайды?
– Тағы бір айтары, сіз ауыл-аймақты аралаған сайын ел күтпеген жағдайлар болып жатады. Бірде ауыл әкімі үйінің жарығын қиып кетуді айттыңыз, енді бірде ауыл әкіміне айтпастан сол елді мекенді аралап, біраз кемшілікті көзге шұқып қайттыңыз. Біз білетін облыс әкімдерінің ауыл-аймаққа сапарларында мұндай «чп»-ның болуы өте сирек. Соған қарағанда сіз ауыл-аймақты басқаша аралайтын сияқтысыз…
– Мен аудан аралауға шыққан кезде өзіме мынандай талап қоямын: мейлінше бұрын өзім бармаған ауылдарға бару керек. Осы өңірге әкім болғалы бері облыстағы елді мекендердің 80 пайызын аралап шықтым. Кейбір ауылдарда үш-төрт мәртеден болдым. Аудан әкімдеріне «міне, мына ауылға барған жоқпын, сол жаққа барайық» деп ашық айтамын. Жай барып қайта салмай, міндетті түрде тұрғындармен кездесемін, әңгімелесемін. Жергілікті әкімдерге «маған осы ауылдан жолығамын, арызын айтамын деген адамдарға ешқандай кедергі жасамаңдар, есіктің алдында кесе-көлденең полиция тұрмасын» деген талап қоямын. Алақандай ауылға облыс әкімі келіп жатқан соң, жергілікті тұрғын басшыға жолығып, әңгімелесіп, арызын, өтінішін, өз ойларын айтып қалуы керек емес пе? Қайбір кезде бір ауылға барсам, екі аптадан бері ме, жоқ, бір айдан бері ме, әйтеуір, жарық жоқ. Әкім ол жағдайды білмейді де… Өзінің үйінде жарық бар. «Осы ауданда 11 жылдан бері әкім екенсіз, бұл қалай болды?» деп едім, жарытымды жауап бере алмады. Сосын айттым, «әкім үйінің жарығын қиыңдар» деп… Қиып тастап еді, ертеңінде жүгіріп жүріп ана ауылдың жарығын жағып берді.
– Сіз оңтүстікті де, шығысты да басқарған кезде «бұрынғы жұмыс істеген жерінен көп кадрлар алып келді» деген әңгіме ілесе жүрді. Бұл әңгімелер қайдан шықты деп ойлайсыз?
– Әрине, әрбір өңірдің өз менталитеті бар. Әр өңір тұрғындары «кадрларымыз өзімізден, жергілікті жерден шықса» деп ойлайды. Бірақ бұл мәселеде де өз принципім бар. Біріншіден, Ата заңымыз бойынша осы елдің кез келген азаматы Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып жұмыс істеуге құқылы. Екіншіден, кадрды қай жерден екеніне емес, оның іскерлігі, еңбегінің нәтижесіне қарай бағалап, мүмкіндік беру қажет. Мен Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барған кезде, жасыратыны жоқ, жағдай мәз емес еді. Әрине, соңымнан кадрларды топырлатып апардым деп айта алмаймын. Бірақ мемлекет басшысының рұқсатымен Өскемен қаласына әкім қылып Ислам Әбішев деген азаматты алып бардым. Ол азамат қазір су комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Әрине, Әбішевтің Өскеменде қалай жұмыс істегеніне халық баға береді. Бірақ ол қызметтен кеткенде жергілікті халық әуежайға дейін шығарып салып, орыстың кемпірлері банкіге жапқан тоспаларына дейін тықпалап, қимай-қимай әрең қоштасты. Шығысқа менімен бірге барған жігіттердің ешқайсысының соңынан жаман сөз ерген жоқ. Еңбектері жанып, жергілікті халықтың батасы, алғысы болар, біреулері кейіннен министр, министрдің орынбасарлары болып, қызметтері көтеріліп кетті. Сондықтан мен үшін кадр шығыстан не батыстан, әлде солтүстік не оңтүстіктен бола ма, маған бәрібір, ең бастысы, іскер болуы қажет. Халық биліктен не күтеді? Нәтиже күтеді. Сенім артады. Әрине, сол сенімнен шыға алмай жатсаң, «әне, өзімен бірге Шымкенттен алып келіп еді, міне, жұмыс істей алмай жатыр» деп бәрімізді жазғырады. Құдайға шүкір, ондай сенімсіздік болмады. Тағы бір айтары, ол жігіттер менің туысқаным емес, жақын ағайыным емес. Біреуі Шымкенттен, енді біреуі Қарағандыдан деген сияқты ғой… Мен ол жігіттерді жақсы білемін, сенемін. Сондықтан мүмкіндік бердім.
– Ақтөбе облысына да кадрлар алып келдіңіз бе?
– Жасырмаймын, бұл жаққа да өзіммен бірге кадрлар алып келдім. Өзімнің бір орынбасарым және Ақтөбе қаласының әкімін әкелдім. Алғашында ондай ойым болған жоқ. Ақтөбенің жігіттерін іздедім. Осы жерде туып-өскен, бүгінде Алматы, Астанада жүрген жігіттердің тізімін алдым. Сөйтіп, бұрын Астана қаласында бір ауданның әкімі қызметін атқарған жігітті әкеліп, Ақтөбе қаласының әкімі етіп қойдым. Бір жылдай жұмыс істеді, нәтиже болмады. Ақтөбеде көптен бері қордаланып қалған, шешілмеген мәселелер бар. Ол жігіт көп ұзамай «Астанаға ауысамын» деп сұранды. Ақтөбенің бұрынғы әкімі де жас жігіт болатын. Осы өңірдің тумасы. «Мен жаңадан келіп жатырмын, бірге жұмыс істейік» деп айтқан едім. Ол «жоқ, аға, мені жіберіңіз, мен бұл жерде көптен бері жұмыс істеймін, мен Астанаға барайын» деді. Жібердім. Сөйтіп, оның орнына әлгі жігітті алған болатынмын. Ол да бір жыл жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсете алмады деп айттым. Сосын «айналайын, маған ренжіме…» деп шығарып салдым. Оның орнына бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында өзіммен бірге жұмыс істеген Ілияс Испановты алып келдім. Қазір қала әкімі болып еңбек етіп жатыр. Әрине, ең алдымен оның еңбегіне қала халқы баға береді. Менің ойымша, Испанов дұрыс жұмыс істеп жатыр.
– Ақтөбе облысына соңғы рет келген сапарында президент жұмысыңызды бас бармақпен бағалап кетті. Шынында, Ақтөбе облысының экономикалық жағдайы тез түзеліп келеді. Дегенмен де зейнеткерлік жастан асып кеткенде үнемі алдыңғы қатардан көріну, алашапқын болып жұмыс істеу сізді қажытқан жоқ па? Жалпы, іскер жастарға орын беру мәселесін ойлап жүрсіз бе?
–Жасырмаймын, жастарға орын беру мәселесін мен де ойлаймын. Іскер жастарды дайындауымыз керек. Болашақ жастардың қолында. Кеше ғана мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин біздегі адвокаттар қоғамының басшысы 37 жылдан бері бір қызметте істеп келе жатқанын айтып қалды. Енді өз басыма келер болсақ, менің қызметімнің жайын президент шешеді. Әрине, өмір бақи қызмет істемейсің ғой. Жастарды тәрбиелеп, орын беріп, зейнеткерлікке шығуды да қарастыру керек.
–Зейнеткерлікке шыққаннан кейін не істесем деген ойыңыз бар?
– Оны енді уақыт көрсетеді. Ұзақ жыл бойы аттың үстінде келе жатырмын. Өзім экономика ғылымының докторы, профессормын. Қызылордада, Шымкентте, Өскеменде студенттерге дәріс оқыдым. Қазір де Ақтөбеде экономика жағынан қосымша сабақ беремін. Алла бұйыртып зейнеткерлік демалысқа аман-есен шығатын болсам, жастарға сабақ берсем деймін.
– Ақтөбе облысындағы қытай компаниялары мемлекеттік тілді құрметтесін деген талабыңыздан оң нәтиже бар ма?
– Оң нәтиже бар. Қазір жиналыстарымыз, негізінен, мемлекеттік тілде өтіп жүр ғой. Бұған қытай компанияларының басшылары да үйренді. Бұрынғыдай емес, қазір қазақ тілін білетін аудармашыларды көптеп дайындап жатыр. Осыдан кейін жиналысты тек қазақ тілінде өткізу емес, жұмысқа, негізінен, жергілікті тұрғындарды алу туралы да талап қоюдамыз. Сырттан артық мамандар әкелмеу, біздің елде жоқ мамандарды ғана әкелу қажет. Сосын біздің жігіттерді басшылық қызметке қоюды да талап етудеміз. Өткенде Пекинге барып, Ақтөбедегі қытай компанияларының басшыларымен кездестім. Сонда байқағаным, кеңселеріндегі жазулар қытайша-қазақша жазулы тұр. Оның өзі біз үшін үлкен мәртебе. Әрине, олар бұл кездесуде тек қазақша сөйлейтінімізді алдын ала білді. Сондықтан сапалы қазақша аудармалармен қамтамасыз еткен. Осының бәрі қатаң талабымыздың нәтижесі деп ойлаймын.
– Ақпарат құралдарында «Сапарбаев жүрген жерде қытайлар бірге жүреді, Сапарбаев қытайларға жер беруге құмар» деген әңгімелер көп айтылады…
– Иә, оны өзім де естідім. Бірақ «Сапарбаев қытайларға жер беруге құмар» дегенмен келіспеймін. Өздеріңіз білесіздер, бұл турасында сот болды. Мені жазықсыз жазғырған жігіт өзінің кінәсін мойындады. Мен ол жігіттен «Айналайын, сен мына материалды қайдан алдың? Мұның қалай?» деп сұрадым. Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып жүрген кезімде «Үржар ауданында бір қытай компаниясына Сапарбаев пәленбай мың гектар жерді беріп жіберді» деген ақпарат тарағаны рас.
– Кім деген жігіт еді ол?
– Ой, аты-жөні кім еді өзінің?..
– Айдынды айтып отырсыз ба? Егеубаев…
– Иә, Айдын Егеубаев. Ол өзі Семейдің жігіті ғой деймін… Қойшы, не керек, аудан әкімдігі бар, басқа да қызметтер бар, барлығын тексердік қой. Ондай жағдай орын алмаған. Бірақ сол ауданда қытай компаниясы мен біздің компания жерді суландыру бойынша бірлескен кәсіпорын құрған. Бірлесіп жұмыс жасады. Бізге инвестиция неғұрлым көбірек келсе, экономикамыз дами түседі ғой. Ол қытайдыкі, немістікі, орыстыкі бола ма, бізге бәрібір. Инвестицияны көбірек тартуымыз керек. Ол сол жағынан жасалған жұмыс еді. Ал Ақтөбеде қытай азаматтарына бірде-бір гектар жер берілген жоқ.
– Әрине, әр өңірдің өз ерекшелігі болады. Өзіңіз басқарған Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары, қазіргі басқарып отырған Ақтөбе облысының дамуында, адамдарының тыныс-тіршілігінде ерекшеліктер бар деп ойлайсыз ба? Қандай өзгешеліктер сізді қайран қалдырды?
– Бірден айтайын, бәріміз қазақ болғаннан кейін, осы Қазақстанның азаматтары болғаннан кейін оның адамдарының тыныс-тіршілігінде пәлендей өзгеріс жоқ. Дегенмен әрбір өңірдің өзіне тән менталитеттері бар. Оңтүстік халқы саудаға жақын, жердің қадірін біледі. Шығыстың халқы өндіріске маманданған. Осы саланың жақсы мамандары көп. Ақтөбенің тұрғындары мұнай, газ, металл өндіруге жақын. Ал мен айтар едім, Ақтөбе мал шаруашылығына ең қолайлы облыстардың бірі деп… 30 миллион гектар жері бар. Соның 25 миллионы шабындық пен жайылым. Сондықтан осы салаға көңіл аударуға күш салып жатырмыз. Суармалы жерлерді көбейтуіміз қажет. Бірақ жергілікті халық, негізінен, мұнайға сеніп кеткен. Қайбір кезде мұнайдың бағасы мүлдем түсіп кетті. Не болды? Президент айтқандай, басқа саланы да дамытуымыз керек. Ақтөбе – Ресеймен шекаралас жатқан облыс. Ресейде тамақтың барлық түрі бізге қарағанда қымбат. Осы мүмкіндікті пайдалану қажет қой. Тамақ қашанда қажет. Ал мұнай бүгін керек, ертең керек емес боп қалуы әбден мүмкін.
– Еліміздегі басқа әкімдерге қарағанда сіздің жарнамаңыз жер жарып жатады. Сіздің ауыл-аймақты аралағаныңызды ақпарат құралдарының барлығы дерлік біразға дейін «жыр» қылады. Мұның себебі неде? Әлде сондай талап қойғансыз ба?
– Ешкімге ешқандай талап қоймаймын. Әлі есімде, ең алғашқы сұхбатымды «Жас Алаш» газетіне бергенмін. Әрине, ол кезде газет «Лениншіл жас» деп аталатын. Мен білім министрінің орынбасары едім. «Айқын» газетінің қазіргі бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Лениншіл жастың» тілшісі болатын. Ашық-жарқын сұхбат бердім. Содан бері қай жерде жұмыс істесем де, барлық баспасөзбен жақсы араласамын. Еш уақытта бірде-бір журналиске «сұхбат бермеймін» деп айтқаным жоқ. Ол қандай ақпарат құралы болса да… Қандай бағытта болса да… Баяғыда еңбек және әлеуметтік қорғау министрі кезімде «Свобода слова» газетінің басшысы Гүлжан Ерғалиева «сұхбат бересіз бе?» деген өтініш жазып жіберіпті. «Әрине, беремін» дедім. «Қорықпайсыз ба?» дейді. «Неден қорқамын?» Мен барлық уақытта журналистерге ашықпын. Ауылдарды аралаған кезде журналистерді ертіп жүремін. Түкпір-түкпірдегі ауылдарға бару, мәселесін көру оларға да қызық. Ақпарат құралдары арқылы жасап жатқан жұмысымызды халыққа жеткізуіміз керек. Шығыста жүріп «Шығыс ақпарат», Ақтөбеде «Ақтөбе ақпарат» деген мекеме құрдық. Журналистер барлық ақпаратты осылардан алып жатады. Маған осы Ақтөбе облысы туралы баспасөзде қандай мақалалар жарық көріп жатқаны жайлы күн сайын мәлімет дайындап береді. Жақсы, жаман ақпараттардың барлығын… Әлеуметтік желілерде айтылған әңгімелер де көрсетіледі. Бір үйдің ауызсуы жоқ, біреуінің жарығы өшіп қалады, енді бір мөлтекаудандарда қоқыс көбейіп кете ме… Күн сайын таңертең солардың бәрін қарап шығып, тиісті мекеме басшыларына тапсырма беремін. Жасыратыны жоқ, кейде «Сапарбаев өзін «пиарить» етеді» деп жазғандар да болды. Бұл өтірік, ешкімге ешқандай тапсырма берілмейді. Кеше ғана «Жас Алашта» мен туралы бір оқырманның сын мақаласы шықты. Оқып шықтым. Жыл басында ауданда өткен бір әкімнің есебіне қатысқан едім. Автор мені дұрыс түсінбей қалған сияқты. Мен облыс әкімі ретінде облыс халқының алдында есеп беремін. Бірақ ауыл, аудан әкімдерінің есебіне қатысамын. Дәл осылайша Темір ауданы әкімінің есебіне барып қатысқанмын. Еш уақытта біреуге сұрақ қоймаңыз деп айтпаймын. Кім сұрақ қояды, жауап беремін. Есігіміз әрдайым ашық. Автор өз мақаласында «Ауданның есептік жиынына қатысқан Сапарбаев сұрақ қойғызбады, ұрысты, жақтырмады» дегенді айтыпты. Бұл дұрыс емес. Сол ауданда бір компания газға ақша төлемейді. Автор сол жерде «Газға қарыз болған 34 миллион теңгені ме, бюджеттен төлеп беріңіз» дейді. Бұл заңсыздық қой. Біз қалайша жекеменшік қомпанияның қарызын бюджеттен төлейміз? Былтыр да, биыл да газдың ақшасын төлемеген. Осы мәселені олар дұрыс түсінбеген сияқты.
– Бізде неге елдің бәрі әкім, бастық болғысы келеді? Табысы жақсы ма, әлде жұмысы оңай ма?
– Шынымен де, жұрттың бәрі бірден әкім болғысы келеді. Әкім болып бұйрық беру олар үшін бір ғанибет. Бірақ сол биікке табандап жетуді білмейді. Әкім болу үшін де көптеген баспалдақтардан өту керек. Содан болар, бүгінде көп адамдар мемлекеттік қызметке барғысы келмейді. Жалақысы аз, жұмысы көп деген сияқты себептер бар. Жас жігіттерді, әсіресе шетелде білім алып келген жігіттерді жұмысқа шақырсаң, «мені ауданға немесе Ақтөбе қаласына әкім қып тағайындасаңыз, болмаса сізге орынбасар болып келсем» деп ойларын ашық айтады. «Айналайын, ол үшін біраз еңбек етіп, тер төгу керек, тәжірибе жинақтау қажет» десем келіспейді. Сол сияқты 50-60 мың теңге жалақысы бар жай қызметкер болуға да жастардың құлшынысы аз. Ең кем дегенде 100 мың теңге жалақы талап етеді. Халықпен кездескен кезде осы мәселе көп айтылады. «Жастар келіп жұмыс істеп көрсін» деп жатамыз. Ол үшін күні-түні шаршамай, таза, адал жұмыс істеу керек.
–Әңгімеңіз үшін көп рақмет.
Сұхбатты жүргізген Оралхан ДӘУІТ
zhasalash.kz
Пікір қалдыру