|  | 

Саясат

Тоқаевтың “саяси бомбасының” астарында не жатыр?


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы істер министрі болған кезде Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында сөйлеп тұр. Семей, 8 қыркүйек 2006 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы істер министрі болған кезде Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында сөйлеп тұр. Семей, 8 қыркүйек 2006 жыл.

Батыс баспасөзінде Қазақстан сенатының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауы қазіргі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтуі мүмкін деп мәлімдеген сұхбатына қатысты комментарийлер берілген. Бұған қоса, коррупциялық қылмыс жасады деген күдікке ілінген Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакқа ішінде қазақстандық күйеубаласы да тарту еткен қымбат “сыйлықтар” туралы жазған.

“САЯСИ БОМБА”

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org жаңалықтар сайты “Қазақстан: сенат спикері 2020 жылғы сайлауға Назарбаевтың түспейтінінен белгі берді” деген мақаласында парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлыбританиялық ВВС медиакорпорациясына 2020 жылғы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев кандидат ретінде түспеуі мүмкін деген “жеке пікірін” айтқан әрі жұртты шулатқан сұхбатына қатысты комментарий берген.

Eurasianet.org жариялаған мақала авторы бұл мәлімдемені “саяси бомба” деп атап, “Қазақстанда жоғары жақтың рұқсатынсыз жоғары лауазымды шенеуніктің мұндай мәлімдеме жасауы екіталай” деп жазған.

“Назарбаевтың Қазақстанның саяси пирамидасының ұшар басынан кететін күн талай жылдардан бері көптеген алып-қашпа сөздерге түрткі болған, сондықтан [Тоқаевтың мәлімдемесі] биліктен кетудің түпкілікті стратегиясы әзір болғанын білдіретін осы күнге дейін жасалған ең айқын белгісі болуы мүмкін” деп жазған Eurasianet.org.

Мақалада қазір Қазақстан парламентінде Назарбаевтың “Нұр Отан” партиясы басымдыққа ие екені, ал “оған тайталаса алатын саяси партиялардың қудалау арқылы сахнадан шеттетілгені я болмаса оларды бұқаралық ақпарат құралдары биліктің қысымымен мүлде елемейтіні немесе мүлде тыйым салынғаны” жайлы жазған.

Лондонда орналасқан Intellinews.com іскерлік саласындағы жаңалықтар сайты “Сенат спикерінің топшылауынша, қазақстандық Назарбаев 2020 жылы сайлауға түспейді” деген мақаласында “Назарбаевтың мұрагерін [сайлаудың] айқын жоспары жоқтығына байланысты туындайтын саяси қатерлерге бола S&P Global Ratings мен Fitch Ratings агенттіктері Қазақстанның несие рейтингін шектеді. Бұған Назарбаевтың денсаулығы нашарлап барады деген әдетте жыл сайын тарайтын қауесеттер көмектеспей тұр” деп жазған.

Бұған қоса, Intellinews.com “егер Назарбаев кетсе, биліктің барлық тұтқалары бәрібір өз қолында қала беруін қамтамасыз етер еді. Ол қазірдің өзінде бұл бағытта бірнеше қадам жасап қойды” деп топшылайды. Мақалада парламент қабылдаған Қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасын атаған. Қауіпсіздік кеңесі өкілетін біршама кеңейткен құжатта оны Назарбаевтың өмір бойына басқару құқығы қарастырылған. Мамырдың 31-і күні парламент мақұлдаған заң жобасына президент әзірше қол қойған жоқ.

Мақалада Астананы Ташкентпен салыстырып, Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов өлген соң билікке келген Шавкат Мирзияев туралы “[баспасөз] Астананың пікірінше, тым жиі жаза бастаған”. Мақалада Қазақстан Өзбекстаннан озуға тырысуы мүмкін деп болжаған. “Аймақтық әріптес ел әрі тұтынушылар нарығы әлдеқайда үлкен (бұл – болашақта өзгермейтін факт, өйткені халқының 34 пайызға жуығы – 14 жасқа толмаған азаматтар) бәсекелес ретінде Өзбекстан Астананы жақсаруға итермелеп, едәуір тақымдап келеді”.

Тоқаевтың сұхбаты жарияланған күні британдық ВВС жаңалықтар агенттігі сайтында Қазақстан экономикасы өзгеріп жатқан тұста “саяси еркіндік пен құқығын талап еткен көп адамдарды үндемеуге мәжбүрлеп отыр” деп көрсетілген “Қазақстанда саяси реформалар баяғыдан іркіліп тұр ма?” деген тақырыпта видеоролик те жарияланды.

“Нұрсұлтан Назарбаев 27 жылдан бері президент. Ол – автократ. Ол сайлауда 97 пайыз дауыспен жеңген” дейді ВВС журналисі Стивен Сакур. Журналистің мәлімдемесі Назарбаевтың Жоғары Кеңестің президиумында совет елінің көсемі Владимир Лениннің мүсіні астында отырғаны әрі зайыбы Сара Назарбаевамен бірге барған сайлау учаскесінде сайлау жәшігіне бюллетень салып жатқаны түсірілген архив кадрлармен қоса берілген.

Стивен Сакур Қазақстанды көп жылдар бойы Совет империясының форпосты (алдыңғы шеп – ред.) болған, ал қазір Қытай, Ресей мен Еуропаны жалғайтын тоғыз жолдың торабына айналған мұнайға бай ел деп атайды. Журналистің сөзінше, Назарбаев қомақты инвестиция тарту үшін “жалт-жұлт еткен жаңа астанада” Ұлыбритания заңдары бойынша жұмыс істейтін қаржы орталығын құрып жатыр. Бірақ Стивен Сакур елде тіпті болмашы наразылық нышандарының өзі басып-жанышталады деп мәлімдеп, мамырдың 10-ы күні Алматыдағы рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысқандарды ұстап әкетіп жатқанын түсірген Азаттық видеосын көрсеткен. Сол күні “саяси тұтқындар босатылсын” деген талаппен бірнеше қалада акциялар өтіп, ондаған адам ұсталған, кейбіреуін әкімшілік жауапқа тартқан.

МАЛАЙЗИЯДАҒЫ “КОРРУПЦИЯ” ІСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚЫМБАТ СӨМКЕЛЕР

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар сайты “Эксклюзив: Малайзиялық Наджиб мұншама қымбат сөмке, қыруар қолма-қол ақша мен зергерлік әшекейлерді қайдан алғанын түсіндіріп жатыр” деген мақаласында елдің бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак берген сұхбатқа жан-жақты комментарий жазған. Әлгі сұхбатында ол коррупция мен заңсыз алынған, оның ішінде мемлекеттік 1MDB инвестициялық қордан жымқырылған ақшаның ізін жасырды деген айыптарға қатысты жауап берген. Айыптаулар тұсында өткен сайлауда Разактың коалициясы ойсырай жеңіліп, билікке Махатхир Мұхамад келді.

Малазия полициясы экс-премьер Нажиб Разактың үйінің алдында. Куала-Лумпур, 16 мамыр 2018 жыл.

Малазия полициясы экс-премьер Нажиб Разактың үйінің алдында. Куала-Лумпур, 16 мамыр 2018 жыл.

Баспасөздің хабарлауынша, Наджиб Разактың үйін тінту кезінде ішінде әрқайсысы жүздеген мың долларға дейін тұратын Hermes сәнді маркалы бірнеше Birkin сөмкесі де бар дизайнерлік сөмкелер салынған 300-ге жуық қорап табылған. Олардың кейбірі қолма-қол ақша мен зергерлік бұйымдарға толтырылған.

Наджиб Разак сұхбатында әлгі сөмкелер жұбайы Росма Мансорға тарту ретінде жасалған “сыйлықтар” деп мәлімдеген.

“Наджибтің айтуынша, оның күйеубаласы Данияр Назарбаев – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені (өгей немере інісі) әрі әлгі сөмкелердің көбін Росмаға сыйға берген. Ол “Жұртқа түсіну қиын шығар, бірақ, мысалы, күйеубаламның Birkin сөмкелерін алатын жері бар, бір алғанда бес-алтауын алады. Оның отбасының біраз қаржысы бар, сондықтан мұның [малайзиялық 1MDB мемлекеттік қорға] еш қатысы жоқ” деп түсіндірген» деп жазған Reuters.

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак.

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак.

Наджиб Разактың Қазақстанмен құдандалық жақындығы бар. Қызы Нуриана Наджва Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан.

РЕСЕЙ ОДАҚТАСТАРЫ СИРИЯҒА БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Вашингтонда орналасқан Jamestown зерттеу институтының сайты “Ресейдің одақтастары Сириядағы операцияға қатысқысы келмейді” деген мақаласында Мәскеу ҰҚШҰ-дағы (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – ред.) әріптес елдердің әскери қолдауына ие болуға тырысып жатқаны туралы комментариінде ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – ред. ) елдері Сириядағы соғыс қимылдарына мүлде арандағысы келгісі келмейді деп жазған.

ТМД елдері қорғаныс министрлерінің жуырда Сібірдегі Қызыл қаласында өткен жиынында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу достастық елдерін Сириядағы “бейбіт өмірді реттеуге қатысуды” ұсынған. Бірақ Шойгудың әріптестері “оның өтінішін елемей қойды, ешбір елдің үкіметі ресми жауап қатқан жоқ” делінген мақалада.

Былтыр Ресей Астана мен Бішкекпен әскерилерді Сирияға жіберу мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тараған болатын. “Қазақстан мен Қырғызстан үзілді-кесілді қарсы екенін білдірген”. “Қазақстан Сирияға өз әскерилерін жіберу туралы кіммен болсын келіссөз жүргізіп жатқан жоқ” деген болатын [Қазақстан] сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Бұған қоса, ол “Бітімгерлерімізді әлемнің кез-келген нүктесіне жіберу мүмкіндігін талқылауға дейін қолымызда БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарары мен БҰҰ-ның тиісті мандаты болғаны біздің ел үшін аса маңызды” деп мәлімдеген. Ал Қырғызстан сыртқы істер министрлігі мен бас штабы өкілдері әскерилерді Сирияға аттандыру мүмкіндігіне қатысты әлдебір келіссөз жайлы “ақпарат жоқ” деп мәлімдеген.

АМЕРИКАЛЫҚ АДВОКАТ ЕРІМБЕТОВТІҢ ІСІ ТУРАЛЫ

Ағылшын тілінде шығатын Diplomat газеті “заңсыз ақшаның ізін жасырды” және “алаяқтық” бабы бойынша айыптармен қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің қорғаушысы – америкалық адвокат Джаред Генсердің “Алматыдағы бір күн және Қазақстандағы сот төрелігі” деген комментариін жариялаған.

Маусымның 14-і күні Алматыда өткен сот отырысына қатысудан алған әсерлерін баяндаған Джаред Генсер “халықаралық заңдардың алтауы өрескел бұзылғанын көзіммен көрдім” деп жазған. Ол Ерімбетовті ордерсіз тұтқындау мен тінту, отбасы мен адвокатымен хабарласу құқығынсыз қамауда ұстау, ұрып-соғу мен психологиялық азаптау – заң бұзу деп атаған. Бұған қоса, адвокаттың сөзінше, сотта Ерімбетовті “аквариумда” – әйнекпен бөлінген орынға отырғызып қойған, прокурор Джаред Генсердің төлқұжатын фотоға түсіріп алған.

Америкалық адвокат Джаред Генсер өз төлқұжатын қандай мақсатпен суретке түсіргені туралы прокурор Еркін Баймағамбетовке сұрақ қойып тұр. Прокурор ол фотоны телефонынан жойып тастағанына адвокатты сендіруге тырысты. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Америкалық адвокат Джаред Генсер өз төлқұжатын қандай мақсатпен суретке түсіргені туралы прокурор Еркін Баймағамбетовке сұрақ қойып тұр. Прокурор ол фотоны телефонынан жойып тастағанына адвокатты сендіруге тырысты. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

“Заңсыз алынған ақшаның ізін жасырды деген айыппен тұтқындап, кейінірек “алаяқтық” бабы бойынша айыпталған [Ерімбетов] 2017 жылғы қарашадан бері қамауда отыр. Ал мен оны шын мәнінде, қарындасын елге оралуға мәжбүрлеп, қуғындағы оппозиция жетекшісіне қарсы жалған куәлік етуге көндіру үшін ұстап отыр деп санаймын” деп мәлімдейді Джаред Генсер. Қазақстанда ресми тұлғалармен кездескен кезде шенеуніктердің бірі Ерімбетов ісінің саяси астары барын жоққа шығарып, бұл – “алаяқтық туралы қарапайым іс” деп мәлімдеген болатын. “Маған Қазақстанда “нағыз” саяси істің қандай болатынын тіпті елестетудің өзі қиын” деп түйіндейді Генсер.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Кремльдің «жансызы» Бағлан Майлыбаевтың құпиялары

    Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін сотталған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев шет мемлекеттің өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болғаны баршаға мәлім. Алайда осы ынтымақтастықтың егжей-тегжейін көпшілік біле бермейді. Ал дәл осы ақпарат соңғы жылдарда орын алған көптеген оқиғаларды айқындай түсер еді.  ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігімен және 185-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 2017 жылдың маусым айында бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталғаннан кейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев баспасөз назарынан тыс қалды. Дегенмен, оның резонансты ісі әлі де көңіл бөлуге тұрарлық, өйткені, біріншіден, Кремльдің теріс реакциясына қарамастан, тіпті өте жоғары деңгейдегі қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің ресейлік әріптестерімен қажетсіз байланыстарын тоқтатуға Ақорданың қабілетін көрсетеді, және, екіншіден, Қазақстанда билік басындағылармен жанжалдасудың

  • Соғыс кезіндегі өкілеттікті “анықтайтын” тұжырымдама 

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Алматы облысы, 22 мамыр 2018 жыл. Екі апта бұрын қоғамдық талқылауға ұсынылған “соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі” заңнамаға түзету енгізу туралы жоба тұжырымдамасына (онда Қазақстанда тұрақсыздық болса, онымен күресу үшін “гибридтік” әдіс қолдану мүмкіндігі туралы жазылған) ешбір пікір айтылмады. Кей сарапшылар президентке қосымша өкілеттік беру қарастырылған құжатта саяси контекст бар дейді. ӨКІЛЕТТІКТІ “АНЫҚТАУ” “Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының тұжырымдамасы соғыс бола қалған жағдайда президенттің, үкімет пен билік органдарының өкілеттігін “нақтылауды” ұсынады. Құжат тамыздың 22-сі күні нормативтік-құқықтық актілер сайтына шықты – қоғамдық талқылауға бөлінген екі аптада (қыркүйектің 5-інде аяқталған) ол бойынша

  • Назарбаев: Сириядан оралғандарды ұдайы бақылау керек

    Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановпен кездесіп отыр. Астана, 27 тамыз 2018 жыл (Сурет ресми akorda.kz сайтынан алынды). Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің (Сырбар) директоры Ғабит Байжановпен кездесіп, террорлық идеяларды ұстанушыларды, оның ішінде Сириядан оралғандарды ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында Байжанов Назарбаевқа сыртқы барлау қызметінің биылғы жылдың алғашқы жарты жылында атқарған негізгі қызметі туралы есеп берді. Назарбаев оған Қазақстанның көрші елдермен достық қарым-қатынасын сақтап қалудың маңызды екенін айтып, шетелдердің арнайы органдарымен тығыз қарым-қатынаста болу керегін еске салды. Президент террорлық идеяларды ұстанушыларды үнемі қадағалап отыру – Сыртқы барлау қызметінің негізгі бағыты саналатынын айтып, Байжановқа бірқатар тапсырма берді. Бұған

  • Қытай қазақтарының мәселесі “Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін”

    Сайрагүл апайдың жеңісін шын жүректен құттықтаймын. Сот шешімінен кейінгі қуанышты бейнесін қайта қайта көріп қатты қуандым. Қуанбаған жұрт жоқ екен сол маңда. Сайрагүл апайдың бейнесіне қарап сан ойға баттым… Қытай қазақтарының мәселесі туралы осыған дейін де азаматтық пікірімді айтқамын, пост тұр. Менің жеке пікірімше қытай қазақтарының мәселесі “Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін” деп дәуір бөлгіштік сипатқа өзгеруі мүмкін. Қазір, біздің жұрт тек ғана қуанышты құттықтап тойлаумен әбігер боллып жатыр екен бірақ мәселеге үлкен маштабтан қарап стратегиялық талдау сараптау жасау жағы жетпей тұр. Қытайдан заңсыз шекара бұзып өту оқиғасы Сайрагүлге дейін де болған (меніңше Сайрагүлден кейін де болады…), Сәбет-Қытай арасындағы қырғиқабақ кезінде қытайдағы Сәбетшіл қазақ ұлтшылдары мен жас зиялылардың біразы заңсыз

  • Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мемлекеттік хатшы Майкл Помпеоны Қазақстанға шақырды.

    Қайрат Әбдірахманов және Майкл Помпео Қазақстан Президентінің Вашингтонға жасаған сапарының нәтижелерін жүзеге асыруды талқылады-деп хабарлайды СІМ баспа сөз қызметі. 2018 жылғы 28 маусымда Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен телефон арқылы сөйлесті. Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың дәйекті түрде жүзеге асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтті. Майкл Помпео Қазақстан көшбасшысы сапарының маңыздылығын айрықша атап өтіп, АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтарды және Қазақстанмен екіжақты әріптестікті дамытуды жоғары бағалайтынын атап өтті. Сұхбаттастар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерінің кең ауқымын, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: