Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына берген сұхбатында елдегі митингілер мен халықтың талабы жайлы айтты. Оның сөзінше, билік наразылыққа шыққандардың талабына қатысты жұмыс жасап жатыр.
“Наразылар әлеуметтік мәселелер бойынша талаптар қойды. Мәселелер барын жоққа шығармаймын. Халық кедейленді. Олар биліктен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді талап етеді. Билік естіді. Жұмыс істейміз” деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі сайлау әділ өтті деп санайды.
“Әрине, олар (сайлау әділ емес деп наразылыққа шыққандар – ред.) босатылады. Олар сайлау әділ өтпеді деп ойлайды. Ал менің ойымша, сайлау жалпы әділ өтті” деді Қазақстан президенті телеарнаға.
Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында митинг кезінде кездейсоқ ұсталғандардан кешірім сұрады. Қазақстан басшысы ұсталғандар арасында қоғамдық тәртіпке қауіп төндірмеген адамдар да барын, олар да жақын уақытта босатылатынын жеткізді.
“Алдағы уақытта да заңсыздықтарға жол берілмейді. Бас прокуратура халыққа мұндай митингілердің заңсыз екенін бірнеше рет ескертті. Рұқсат етілмеген митингілер мен бассыздықтар наразылыққа шыққысы келмейтін адамдарға кедергі келтіреді ғой” деді ол.
Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті.
Билік наразылық шарасына қатысушыларды “арандатушылар” деп атап, азаматтарды “қажет болған соң” ұстаған полиция “кәсіби міндетіне сай” әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.
Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.
Қазақстан билігі елдегі митингіге “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатыстары жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру