|  |  | 

Тарих Қазақ хандығына 550 жыл

Сұраған Рахметұлы. Қазақ Ордасы және Ойраттар

Qazaqhanigi

(1456-1697 жж)

Бүгінгі күн тәртібінде тұратын мәселелердің ең мәртебелісі – ұлт мәселесі. Дүние әлемнің бір үлкен мүйісінде қазақ деген бір шоғыр этнос қалыптасты. Өзіндік мәдениеті мен  менталитеті бар, өзіне тағдырдан берілген қасиеті бар осы қазақтар. Ұлы шежіреші Мұхтар Мағауин бұны «…ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекет…» деді. Күре тамыры – оң қанатта Ақ Орда, сол қанатта Көк Орда деп әспеттелген ұлт өз кезеңінде этникалық тұтастықты ту етіп өзіне өзі егелік етті. Ұлтты ешкім қолдан жасамайды. Бөлшек емес, өзіне лайық тұтастықты қолдана білген ұлт сол киелі өңірдегі іргелі шаңырақты айнала қоршаған Қазақ Ордасының құрылымы еді.

Бүгіндері сол тарихтың жаңа жалғасы тәуелсіз ел болып бесігін түзеді. Дәлірек айтсақ төрт ғасырдан кейін «…бүркемеленіп баяндалған істі тек күрделі дедукция (ойлаудың жалпыдан жалқыға көшіп нәтиже шығаруы) жолымен іздеуге болады»- деді әйгілі Лев Гумилев өзінің «Қиял патшалығын іздеу» (1892) атты еңбегінде. Социализм көсемдерінің қияли сандырағы бойынша барынша бүркемеленіп баяндалып, шеттетіліп, кесіліп тыйым салынып келген қазақ тарихы жақын уақыттан бері жаңа санада жандана бастады.

 

(1456-1697 жж)

Бүгінгі күн тәртібінде тұратын мәселелердің ең мәртебелісі – ұлт мәселесі. Дүние әлемнің бір үлкен мүйісінде қазақ деген бір шоғыр этнос қалыптасты. Өзіндік мәдениеті мен  менталитеті бар, өзіне тағдырдан берілген қасиеті бар осы қазақтар. Ұлы шежіреші Мұхтар Мағауин бұны «…ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекет…» деді. Күре тамыры – оң қанатта Ақ Орда, сол қанатта Көк Орда деп әспеттелген ұлт өз кезеңінде этникалық тұтастықты ту етіп өзіне өзі егелік етті. Ұлтты ешкім қолдан жасамайды. Бөлшек емес, өзіне лайық тұтастықты қолдана білген ұлт сол киелі өңірдегі іргелі шаңырақты айнала қоршаған Қазақ Ордасының құрылымы еді.

Бүгіндері сол тарихтың жаңа жалғасы тәуелсіз ел болып бесігін түзеді. Дәлірек айтсақ төрт ғасырдан кейін «…бүркемеленіп баяндалған істі тек күрделі дедукция (ойлаудың жалпыдан жалқыға көшіп нәтиже шығаруы) жолымен іздеуге болады»- деді әйгілі Лев Гумилев өзінің «Қиял патшалығын іздеу» (1892) атты еңбегінде. Социализм көсемдерінің қияли сандырағы бойынша барынша бүркемеленіп баяндалып, шеттетіліп, кесіліп тыйым салынып келген қазақ тарихы жақын уақыттан бері жаңа санада жандана бастады.

Қазақ тарихы бір кезде әрбір өркениет тарихына қарай құлшына жүйткіген отырықшы саналылардың зеріккенде шығаратын ойыншығы іспетті болды. Егер бетбұрыс болмағанда Орта Азия түземіндегі сахара сақынасына қойылған державалық драмалар өзінің трагедиялық көріністерін немен тәмамдайтыны белгілі еді.

Арабтың ұлы ғұламасы Рахман Ибн Мұхаммед Ибн әл Хадрами (1332-1406ж.) «…бір этникалық ханның үстемшілдігі үш буынның өмірінде өшпестен өмір сүре алады…» дегенін ескерсек қазақ ұлтының басынан өткен тарихи кезеңдері аз мезетті қамтымайды. Қазақ тағдыры белгілі бір жендеттің қолында тұрды һәм сол тағдырлардың кесімі шымылдықтың арғы жағында кесіліп, пішілетін-ді. Бұл туралы большевиктердің айласы мен  коммунизм бұғауынан күллі Шығыс Түркістанды құтқаруды мақсат тұтқан Мұстафа Шоқай тағдыры айқын көрсете алады.

Ұлт тағдырына қатысты Мұстафа Шоқайдың тұжырым-пікірлерін саралаған Пьер Ренсделль: «…Кеңестік режимнің кесірінен жүз жылдаған түркістандықтар құрбан болып қырылғаны және ол жерде сауатсыздықтың қаншалықты белең алғандығын…» тілге тиек етеді [18].

Осы кесапатты жағдаяттардан кейін тарихта анықталмаған кейбір мәселелерге жауап іздеуге тура келеді. Сол деректердің бірсыпырасы төрт Ойраттың басын біріктірген – Эрдэнэбаатар хунтайж (1634-1663), оның баласы Сэнгээ (1663-1670) ханның соңғы ізбасары Галдан Бошигт-ханның (1670-1697) заманынан бастап Цэвээнравдан (1689-1727) дәуіріне дейінгі кезеңдерді қамтиды.

Осы кезеңдердегі Қазақ Ордасының басынан өткен қилы тағдыр Еңсегей бойлы Есім хан (1598-1643), оның баласы Салқам Жәңгір (1643-1652), Салқам Жәңгірдің бел баласы Әз-Тәуке (1680-1715) ханның ерліктерін, Қазақ-Ойраттың арасындағы екі жүз жылды қамтитын қым-қуыт жорықтар жылнамаларын өзара салыстырмалы түрде қысқа нұсқа қарастыруды жөн санаған едік.

Ойрат-Қазақ тарихына қатысты мәселелерді іріктеген кезде төменде аталатын аса құнды және сирек кездесетін еңбектердің бетін ашуды да міндет санауға тура келді. Бір ғана мысал келтіретін болсақ Ойрат саудагерлері 1653 жылдан Ресейдің Томск қаласында жеке сауда орталығын ұйымдастырғандығы жөнінде және Ойраттардың Мәскеуге өткізетін жылқыларын Астрахань арқылы беріп тұрғандығы жөнінде Қытайдағы Ресей елшісі Спафарий мағлұматтары аса құнды.

Сондай-ақ Манж-Шүршіт тарапынан көрсетілген әрқилы қысымдардың салдарынан Халха нояндары Ресейге бірігу келісімдерін жасауға душар болған кездегі куәгер елші В.Бубенной, П.Кульвинскийлердің белгілеулері келешектегі Ойрат-Қазақ тарихын тағы бір қырынан зерттеуге негіз бола алады. «Увш (Убаши) хунтайжының Ойратпен шайқасы» атты бәкене әдеби еңбек ХҮІ ғасыр соңы, ХҮІІ ғасыр басында жарық көруі – Юань империясынан кейінгі кезеңдердегі дәстүрлердің жалғасы ретінде бағалануы тиіс.

Г.Гомбоевтің «Алтын шежіре» тәржімасы, «Увш (Убаши) хунтайж ғұмырбаяны немесе оның Ойраттармен шайқасы» [10] атты осы еңбекті Археология бөлімінің шығыс бөлігі ұйымдастырған әдебиеттің ҮІ томынан, (1858ж.) табуға болады. Ал, Б.Я.Владимирцовтың «Амарсанаа аңызы» [6] және «Моңғол-Ойрат ерлік аңызы» [6], Н.Я.Бичуриннің «Жоңғар, Шығыс Түркістанның көне және жаңа жағдаяты хақындағы жазбалар» [7], Г.Е.Грумм-Грижмайлоның «Батыс Моңғол, Урианхай шебі», Орта Азия тарихымен байланысты бөлігі, тағы да Моңғолдар қашаннан бастап «оң», «сол»-ға бөлінді деген сауалға жауап беретін 1933 жылғы  еңбектері [5] де ескерілгенін айта кету ләзім.

Тогоон тайшыдан (1418-1440) Галдан Бошигт ханға (1644-1697) дейінгі аралық

Моңғолия мен Қытай өлкесін мекен еткен ойрат тайпалары жөнінде батыс моңғолдар және қазақ тарихында тіптен Шығыстағы Қытай деректерінде өте көп қисынды мәліметтер таңбаланған.

«Моңғолдың құпия шежіресі»-нде 1206 ж. Шыңғыс хан әскерінің сол қанатын «зүүн гар» толықтырды. Моңғол тіліндегі «Зүүн гар» атауы қазақ тарихында «Жоңғар» атауымен қалыптасып қалды. ХҮ ғ. алғашқы жартысында яғни 1368 жылы Қытайды билеуші Юань патшалығы құлағаннан кейін «батыс», «шығыс» аталатын Моңғол шонжарлары Ішкі Қытайға қарай енетін «Жібек жолы»-на егелік етуге атсалысты. Осы кезден бастап «Хабула зургаан хошууд монгол» аталатын алты түмен Моңғолдың біріккен тайпалары осылайша сол жақтағы моңғолдар өз ішінен «сол», «оң» деген екі қанатқа бөлініп сол жақтағы үш түменге Цахар, Халх, Урианхай жіктелсе, «оң» жақтағы үш түменге Түмэд, Ордос, Юншээбү қатарлы тайпалар біріктірілді.

«Ойрод Монголын түүхэнд холбогдох сурвалж бичгүүд» (УБ, 2001 он) атты еңбекте «Дөрвөн Ойродты Хошууд, Торгууд, Дөрвөд, Шорос» деп бөлінетіндігі айтылады. Қытай тарихшысы Нығмет Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы» атты еңбекте: Ойрад билеушілері Тогоон тайшы (1418-1440), оның мұрагері Эсэн (Есен) (1440-1450 жж.) бүкіл Моңғолияға билік жүргізді деді.

«…Батула Чинсанның бел баласы Тогоон тайшының нағашысы Элбэг хан. Шешесі Самар. Тогоонның шын есімі – Багуму. «Ойрод Моңғолдың тарихына қатысты шежіре» (УБ, 2001 ІІ том) атты еңбекте Тогоон тайшыны1438 ж. қайтыс болды» деген мәлімет береді.

Тарихшы Баабар «ХХ ғасыр Моңғол көші-қон» (1996) кітабында былай деп келтіреді: «…Шыңғыс дәуіріндегі қырық түмен жұрттан Юань патшалығы кезінде «оң қол» жақтағы үш, «сол қол» жақтағы үш түмен, оған қоса ойраттың төрт түмені болды. Сондықтан алты түмен Моңғол, төрт түмен Ойрат деген тәмсіл қалыптасты. Бүкіл Моңғолды Ойратты қосқанда «қырық төрт екі» деп те атады. Осыған қарағанда Моңғол екіге жарылды. Айталық оңтүстік жағы «төрт түмен Ойрат» деген атпен қалыптасты. «Ойрат» атауы қалай қалыптасқаны жайлы әлі де айқын еместігі байқалады.

Әрбір деректерде «Ойн иргэд», «Ойн ард» деген сөзбен «ойрат» атауы түбірлес дейтіндер бар. Ойраттар Сібір ормандарынан көшіп қоныстануы да мүмкін. 1393 жж. дүниеден өткен Мөнхтөмөр сұлтанның үш баласы – Махмұд Тайшин (Батбула) Моңғолдың Элбэг ханы өлгеннен кейін қайтадан Моңғол хандығына бағынғысы келмеген де болуы керек. Тарихи деректерге қарағанда Қытайға дейінгі «сауда жолын» иелену үшін Халха-Ойрат соғысы басталған сыңайда. Чорос Бирадамба төмендегідей деректі келтіреді: «…Тогоон тайшының тегі Мянган. Ал, Тогоонның нақты есімі Багуму еді. Багуму немесе Тогоонның әкесі Махмуд. Махмудтан Багуму (Тогоон), Өгэдлэхү (Аргутай). Тогоонның шешесі Моңғолдың Элбэг ханының қызы Самара…». Тогоон мен Аргутайдың есімдері лақаптан пайда болған деген деректер бар [15].

Төрт Ойраттың орнауы қарсаңындағы тарихи негізі – Моңғолдың Ұлы Юань империясының құлауымен өзектес. Сөйтіп Бас Төрт Ойрадты – Цорос ойрат деп атады. Төрт Ойрад одағы Тогоон тайшы және оның баласы Есен ханның (1440-1450 ж.) тұсында аса ықпалды болды. Демек 1500 жылдары Ұйғырлар мен Түркімендердің күшті шабуылынан кейін яғни 1502 ж. ыдырауға әкеліп соқты. Осыдан кейін 1502 ж. Орта Төрт Ойрад Одағының іргетасы қаланды.

Өкінішке орай «Моңғолдың Ұлы Юань империясы» деген атауды Қытай тарихшылары: «…1368 ж. Жунгоны билеген Иуан патшалығы…» деп қана сипай қамшылап өтеді. Моңғолдың ұлы Юань империясы құлаған тұстан бастап төрт Ойрат тұтастығы күшейе бастады. Бұны әйгілі тарихшы, ғұлама жазушы Мұхтар Мағауин өзінің әйгілі «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «…әуелгі ойрад Одағынан әлдеқайда қуатты жаңа қалмақ мемлекеті – Дүрбін-Ойрат немесе Жоңғар хандығының туы көтерілді…» деп атап өтті. Ол өзінің еңбегінде «1420 ж. бүкіл Ойрат жұртын бір байрақ астында жинаған Тоған хан көп ұзамай Халханы жаулап, ежелгі Моңғол мемлекетінің туын қайта көтерді…» [3, 60-65 бб.] деді.

Әкесінің ізбасары болушы Эсэн тайшы 1449 жж. үлкен жорық ұйымдастырып Моңғолдың Тайсунг ханын қолды болдырды. Эсэн тайжы ары қарай Ертістен Тянь Шаньға, Баркөлден Балқашқа дейінгі аралықтағы Моғолстан мемлекетіне тыныштық көрсетпеді [4].

Ойрадтың бұдан кейінгі билігі осылайша Тогоон тайшының баласы Эсэн сұлтанның қолына өткендігінен тарихшы Баабар хабардар етеді де: «…1451 ж. Моңғолды билеуші Тайсунг өлгеннен кейін Эсэн 1554 ж. Шыңғыс әулеті Агваржин Жонон, оның баласы Харгуцаг Дүүрэнгіні жойып, өзін бүкіл Моңғолдың хан тағына лайық деп жариялаған Эсэн тайшы Манжуриядан Шыңжанға дейінгі, Байкалдан Қытайдың Аққорғанына дейінгі Моңғолдың басын біріктірді…» деп жазды [11, 76-77].

Осы оқиғалардан кейін Орталық Азияда Моңғолдың аса қуатты мемлекеті қайтадан уақытша сергігенімен «Хан көтеру» дәстүрін бұзған Эсэн ханды Моңғол ақ сүйектері көп ұзамай-ақ тағынан тайдырып үлгерді. Эсэн хан өзін «хан» деп жариялағаннан кейін  екі жылдан соң немесе 1455 жылы тағынан аластатылды.

Бұл жөнінде қазақ тарихшысы Мұхтар Мағауин: «…Есен (Эсэн) ханнан соң ұжымы кеміп, қуаты қайтқан Ойрадтар арғы тарапта Шығыс Түркістандағы түрік қауымын біріктіріп отырған  Моғолстанмен тынымсыз соғыс үстінде өзінің мекен еткен кеңістігін ұлғайтуға, базарлы өлкелерге жол ашуға тырысты. Осы орайда қазақтармен жаулық жолын тұтқан Моғолстанның өз ырқынан тыс, ұзақ уақыт бойы қалмақтармен арадағы қалқан болғанын көреміз. Бұл кезеңде Ойраттар Моғолстанды әлденеше рет қиратып шабады. Бірақ қуаты зор моғолдар да ойратты үлкен қырғынға ұшыратып отырды. Екі ұлыстың күші шамалас еді. Алайда Моғолстан Қазақ Ордасымен арадағы дипломатиялық ұтылыс және өзіндік ішкі қайшылықтар нәтижесінде ХҮІ ғ. орта шенінде бұрынғы қуатынан айырылады, жері тарылып жеке егеліктерге бөлінді. Міне, осы кезден Қазақ ордасы мен Ойрат одағы біріне-бірі, бетпе-бет келеді. 1520 жж. Тайыр хан заманында басталған жекелеген қақтығыстар зор майданға ұласады…»- деген мәліметтер келтіреді [3, 54-55 бб.].

Бұл жерде Қазақтар мен Ойрадтардың соғысы қашан, қай кезде басталды деген сауал туындайды. Тағы да Мұхтар Мағауин: «…Ойраттардың түрік қауымымен арадағы, алғашқы соғысы 1457 жылы болған. Тоған ханның немересі Есен ханның ұлы Өз-Темір тайшы бүкілұлысымен жылжи қонып Шуға жетіп Әбілқайыр ханның әскерімен соғысты…» деді. Алайда Өз Темір тайшы Көне Сығанақ қаласына тақау жердегі Көк Кесене күмбезінің маңында болған ұрыста Дешті Қыпшақ әскері жеңіліске ұшырады. Бұл әрине бұл  мәлімет Әбілқайыр ханның тарихын жазған Масғуд Кухистанидың деректері еді.

Сонымен Қазақ Ордасы 1456 жылы ту көтерді. Қазақ Ордасының алғашқы 70 жылында Ойраттармен арада тыныштық болғанға ұқсайды. Осы қарсаңда Эсэн хан  шағын ұлт-ұлыстардың басын қосып жинақтаумен қатар сырттан келетін әрқилы қауіп-қатерлерді сейілту үшін өзінің шекара шебін кеңейту мақсатын алға қойды. Батыс және оңтүстік шекараларын ұштастырып Шығыс Түркістанға қарасты көптеген мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас жасай бастады.

Дәл осы кезден бастап Қытайдың солтүстік батысындағы Урианхай қарауылдарын да өзіне тартты. «Ойрдын түүхэн зурвас» атты шежіре кітаптың 40-бетінде: «…Қытайдың шекара шебіндегі урианхайлар 1449 ж. Эсэн хан  әскеріне бірікті…» [15] деп белгіленуі де осының бір дәлелі болуы мүмкін. Өкінішке орай Урианхай ұлысының тарихына қатысты  деректер өте аз сақталған. Кейбір мәліметтерде Урианхай ұлысының ұлықты тарихы тым бүркемеленіп көрсетілетіні жасырын емес.

Бұл кезде Қазақ Ордасын басқарған Керей мен Жәнібек хан Шу, Талас алқабына егелік етіп, өз шекара шебіндегі жағдайларды тыныштандырудың барлық жағдайларын жасай бастады. Әрине 1456-1470 жж. шамасында билік құрған Керей хан Орта Азияға өз ықпалын жүргізумен қатар Ойрат-Қазақ қарым-қатынасын тыныштандыруды ойлады.  Қазақ Ордасын ары қарай орнықтырудың жолдарын қарастырды.

Қытай тарихшысы Нығмет Мыңжан еңбектерінде: «…Торғауыттар – Тарбағатай тауынан шығысқа қарай созылған жерлерді, Дөрвөдтер – Ертіс өзенінің басын, Хошуудтар – қазіргі Үрімжі маңын, ал Шорыстар(Цорос) – Іле өзенінің басқы алқабына қоныстанды» [16] деп жазды. Бұл деректерді «Қазақ ССР тарихы» атты еңбектен де кездестіреміз [1, 193-194 бб. ]. Тогоон тайшының баласы Эсэн хан (1407-1450) өлгеннен кейін немесе ХҮ ғ. соңынан ХҮІ ғ. басына дейінгі кезең 100-150 жыл бойы Ойрат тарихына қатысты деректер сақталмаған. Қытай жазбаларында да осы кезеңдегі құжаттар көрінбейді. Демек Ойраттардың мекендеген жері жөнінде МХР тарихы (1955 ж.) атты еңбекте «…ХҮІ ғ. соңында Цоростар Іле маңында, Хошуудтар Хамил немесе бұрынғы Дихуа (Үрімжі)-ның айналасында, Торғауыттар Тарбағатайда, Дөрвөдтер Ертістің жағалауын мекендеді» деген нақты деректер келтіреді [12, 180-181 бб.].

МХР Ғылым академиясы Тіл әдебиет институтының Х.Лувсанбалдан құрастырған «Тод үсэг түүний дурсгалууд» (УБ. 1975) атты кітаптың 101-бетінде: Батыс Моңғолияның, сондай-ақ ойраттарға қатысты жерді мекендерін Алтай жоталары, Хан хөхий, Сутай-Дарви уул т.с.с өте көп жер аттарымен айқындайды [14,]. Демек мұнда урианхайлардың  мекені туралы айқын көрсетілмейді. Осы кезеңдердегі тарихи жағдаяттардан өзара салғастыра зерттеудің нәтижесінде Ойрат-Қазақтардың ара байланысына қатысты аз емес құжаттарды зерттеу барысында Қазақ Ордасының «басының сақинасы» тек Ойрат шапқыншылығына ғана қатысты еместігін көруге болады. 1550 ж. бас кезінде Бұйдаш ханның (1537-1559) тұсында да Ойрат қазақ соғысы дүркін-дүркін болды да екі жақ қатынасы созылмалы дерт секілді бірде күрделі, бірде жайдары күйде өтіп жатқандығы көрініс береді. Демек Бұйдаш ханның билік құрған кезеңінде Қазақ Ордасы саяси-әскери ықпалы жағынан құрамдас елдер арасында біршама  жақсарғандығы айтылады.  Бірақ Қазақ-Ойраттың ара қатынасы осы кезеңдерде тым жоғарғы деңгейде жақсармағандығы анық.

Осынау қитұрқы кезде немесе 1550 жж. басқы жартысында Ойраттардың тойтарысына төтеп беру үшін қырғын соғыста қазақтар өзінің әскерінің тең жартысынан айрылса, 1556 ж. Ноғай Ордасының шығыс бөлігін Қазақ Ордасына қаратып үлгерді. Өкініштісі Бұйдаш хан 1559 жылы шейіт болды. Алайда тарихтың толассыз ағыны Азия кіндігіндегі аз ұлыстардың тағдырын күн санап өзгерте берді.

Қазақ Ордасы бұрынғы қуатын қалпына келтірген тұс – Хақ-Назар ханның билік құрған кезі (1560-1580) еді. Осы тұстағы шабуылдардың бірінде Қазақ Ордасының ержүрек жауынгерлері Ойраттардың бір бөлігін бодандыққа түсірді.

1580 ж. 23 көкекте Хақ-назар хан шейіт болды да оның орнына Шығай хан (1580-1582) билік құрды. Мұхтар Мағауин мағлұматтары бойынша Қалмақ пен қазақ арасындағы қақтығыстар туралы дерек – 1585 жылға сәйкеседі. Бұл соғыста қазақ шерігінің мыңдай қосынын бастаған Ұзын Оқты Одан Сұлтан шәйіт болды [3, 57 б.]. Бұл әйгілі Тәуекел хан билік құрған (1583-1598) Қазақ Ордасы өзінің әскери, саяси қуатының шарықтау шегіндегі көрініс болып есептелінеді.

Шамасы 1582 жылдан бастап Тәуекел сұлтан Қазақ Ордасының құдыретін асқақтатты. Одан Орта Азиядағы ұсақ мемлекеттердің түгелі қаймығумен қатар Ташкент уәлаяты секілділер іргесін қымтай бастады. Бұның себебі Тәуекелдің 1582 ж. маусымда Түркістан түбіндегі ұрыста Ташкент уәлаятының әміршісі Баба-Сұлтан қосындарын талқандауына қатысты болса керек. Күш-қуаты қайнаған Тәуекел осыдан соң Бұқар хандығына қарсы саясатын тереңдетіп, Мәуреннахр шегіне басып кіру арқылы осы аймаққа өз ықпалын күшейте түсті.

1594-1595 жж. Тәуекел хан Ресейге өз елшісін аттандырды. Елшілік құжаттарында Тәуекел хан қазақ-қалмақ ханы ретінде аталады. ХҮІ ғ. аяғында орыс патшалары Иван Грозный, Федор Ивановичтің қай-қайсысы да шығыс көршілері жөніндегі сыртқы саясатын өзгешелендіруге тырысты. «Еларалық сауда кедергісіз жүретін болсын» деген пәрмендерін жүргізді. Осындай ірі ықпалдың соңы қанша уақытқа жалғасқандығын дөп басып айту қиын.

Мүмкін осы кезеңде орыс-қазақ байланыстарының саяси жағынан сауда-саттық жағы басымырақ болды десек те болады. Демек Қазақ Ордасы ойраттан басқа да елдердің қауіп-қатерлерінен тыс қала алмады. Қазақ хандығы Жоңғар мемлекетінің қысымымен Жетісу өңірінен Батыс Сібір ойпатындағы Есіл, Тобыл, Ырғыз өзендеріне қарай жылыстай бастады.

Екінші жағынан Қазақ Ордасына Бұқар хандығы жағынан қауіп төндіретін күйге келді. Қазақ даласымен тығыз байланыс жасауға ниет еткен орыс билеушілерінің ұмтылысы күшейген ұрымтал кезді пайдаланып Мәскеуге қазақ елшісі Құл-Мұхамед жіберілді. Қазақ хандықтарының Орта Азиядағы қалыптасқан саяси жағдайына байланысты келісімге келу қажеттілігі елшіге тапсырма ретінде берілді. Тәуекел ханның тұсындағы өрбіген Ресей-Қазақ мәмілесі қауырт жүріле бастады [2, 79-81 бб]. Жоңғар тарихын зерттеуші орыс оқымыстысы И.Я.Златкин торғауыттар мен дүрбіттердің Ойрат бірлігінен тысқары қалғандығынан ақпар береді. Ойрат одағының көбінесе біріккен түрде тарих сахнасында көріне алмауының себебі де осыдан болса керек.

1595 ж. Ресей елшілігінен кейін яғни 1598 ж. Тәуекел хан тоқсан мың аламанымен Орта Азияға қарсы ұлы жорығын бастады. И.Я.Златкиннің – «История Джунгарского ханства» атты еңбегінде және Ресейдің басқа да құжаттарында «Қазақ Ордасы қалмақтарды жеңгенінен» мағлұмат береді [8]. Орта Азия кеңістігіне өз ықпалын көрсетудің үлгісі осы Тәуекел ханның заманында ерекше қарқын алды. Қазақ Ордасының таяу маңына қоныстанған ұлыстар түгелімен Тәуекел ханның саяси-әскери жорығына ілесуден басқа жол қалмады.

Жоңғарлардың күшейе түскен осы кезеңінде Қытайды 270 жыл бойы билеген Мин мемлекеті (1368-1644) үстемдігінен айырылып күн сайын тыныштық көрсетпеген диқандар көтерілісі қарқын ала бастаған еді. Осы кезден бастап Қытайдың шығыс солтүстігінде Манж-Шүршіт тарапынан Чин патшалығын (Ежен хандығы) құра бастады.

1598-1643 жж. Еңсегей бойлы Ер Есім хан билік құрған заманда қазақтың қаһармандық кезеңі басталды. Мұхтар Мағауиннің деректері бойынша Есім хан тұсында, ХҮІ ғасырдың бас кезінде ежелгі қайшылық, ескі кек қайта тұтанды, екі жүз жылдық Ойрат-Қазақ соғысының жаңа кезеңі басталды. Ежелгі қонысынан тықсырылған, өрісі тарылған ойрат рулары бас қосып, аз уақыт бірлікке жетті де 1604 ж.  тамызда түп көтеріліп Қазақ Ордасына қарсы соғысқа аттанды [3, 56-57 бб.].

Осы деректер бойынша Есім хан халха-моңғолдың Алтын ханымен тізе қоса отырып, Ойрат ұлысын екі жақты қыспаққа алды. Халха-Моңғолдың Алтын ханы Шолай-Убашымен қазақтар берік Одақ жасасты да Ойрат ұлыстарына тегеуірінді жорық ашты.  Ресей деректерінде Алтан хан елі дейтін абыройы үлкен халханың Шолай Увшы (Убашы) Увс көлінің маңын мекен етті. Моңғолдың ұлы Даян ханының немересі – тарихта Түмет Алтан ханы даңқымен әйгілі Шолай Убашы 1507 ж. туылып, 1582 ж. өлген. Ол осы аралықта Ішкі Моңғолияның қазіргі Көк кентінің ірге тасын қалаған, Моңғол Говь шөлінің оңтүстігінен бастап Қытайдың ақ қорғанына дейінгі ұланғайыр жерді мекенге егелік етті. Ал, оның баласы Бинтінің иелігінде Қытайдың Хөхнуурына (Көк нұр) дейінгі батыс кеңістік болғандығын Қытай жазбаларында дәлелдейді [12, 164-166 бб].

(Мұнда айтылып отырған Үбашы немесе Убаши сөзіне төмендегідей түсінікті бере кетуге болады. Дін күтіп пұтханаларда отырмаса да бес тармақты уағызды берік ұстанатын қарапайым діндарды Сары дінде «Убаши» деп атады. Сары дін уағызы күшті насихаттала бастаған тұста ойраттардың көп нояндары өзі есімінің артында Убаши атағын қадап, діндарлығының белгісі ретінде әспеттеді. Убаши деген ат, есімнің аса көп кездесетіні осыдан.)

Ендеше бір деректерде Қазақ-Ойрат қарым-қатынастары жөнінде біржақты мағлұматтар берілсе, енді бір деректерде басқа қырынан айтылады. Мысалы, Қытай тарихшысы Нығмет Мыңжан: «…Тобыл воеводысының  елшісі Яков Буголаковтың дерегіне қарағанда, Ойрат тайпалары 1624 ж. Қазақтың Есім ханымен келісімге келді…» деп растайды [16, 267-268 бб.].

Бірақ Мұхтар Мағауин деректерінде сәл өзгешелеу баяндалады. Мұнда: «…1619 ж. жазда батыста қазақтан, шығыста халхадан жеңілген ойраттар ірге теуіп қалған қоныстарынан ығысады, бей-берекет араласып, бас билігінен жаңылады. Алайда Хара-Хұла, Байбағыс сияқты жауынгер тайшылар қалмақтың төрт ұлысын қайта жұмылдырады да 1620 ж. жазда бітім туралы келіссөздермен алдаусырата отырып Қазақ  Ордасына тұтқиыл шабуыл жасайды…» деп көрсетеді. Харахул Байбағыс дегеніміз кімдер деген сауал туындайды. Бұл турасында Цорос нояны Харахул Болох тайшы (Арбитбула ван)-ның тұңғыш баласы. 1580 жылдан Цорос ойратты басқарған. ХҮІ ғ. соңы ХҮІІ ғ. басында Халханың Автай-сайн ханы, Засагт ханы Лайхур, Омбо-Эрдэнэ қатарлылардың шабуылына қарсы тұрған тұлға ретінде бағаланады деп айтуға болады [13, 127 б.].

Ал Мұхтар Мағауин деректеріндегі «Ойраттың жауынгер тайшылары» атанған Байбағыс болса Төрт Ойраттың Қошауыт (Хошуут) тайпасы. Тегі жағынан Хавт Хасардың 18-ші ұрпағы. Байбағыстың әкесі Төрт Ойрат Құрылтай төрағасы Хан Хонгор. Байбағыс Хан Хонгордың тұңғышы. Байбағыстың інілері Хан Хонгорын Төрбайх (1582-1655) Ойрат Халха арасында бітім жасағандығы үшін Гүүш хан атағын алған. Сондай-ақ Хан Хонгорын Буян-Отхан мен Хөндлөн Убаш. Бұл жорықта Байбағыстың тұңғышы Очирт Цэцэн хан да үлкен міндет атқарғандығы тарихта мәлімделеді.

1635, жазда Есім ханның баласы Жәңгір сұлтан торғауыт Хо-Өрліктің ұлысына шабуыл жасады. Мұхтар Мағауин мәліметі бойынша Қазақ Ордасының әміршісі – Есім хан, ал оның ұлы Жәңгір ханзада қара қалмақты билеп отырғандығы дәлелденеді. Орыс деректері де бұл деректі жоққа шығармайды.

Жәңгір сұлтанның кезінде Қазақ Ордасына жартылай тәуелді дөрвөдтің Далай тайшысы шабуыл жасайды. Ойрат тарихындағы тұлға ретінде көрініс беретін де осы тұлға. Ол Дөвөд ұлысынан. «Баатар тайшы», «Далай баатар» атанған ер. Арғы атасы Дөрвөд Борнагал, Жоңғар жағынан Исэмүн. Ал, Далай тайшы Борнагалдың Эшингэй тайшыдан кейінгі үш атадан өзі. Далай тайшының 7 ұлы бар. Олар Минжу, Чойн, Тойн, Омбо, Гомбо, Даян, Дархан. Эрдэнэбаатар хунтайж және Хошуудтың Хөндлөн тайшысы, Цоростың Гүүш (Төрбайх) – (Гүүш тайшыны қазақтар Күйші тайшы деп атайды.) қатарлылар жоғарыдағы шабуылға бірікті дейді. Бұл соғысқа Құнделен тайшы бастаған хошауыттардың бір бөлігі де қатысса керек дейді әйгілі тарихшы Мұхтар Мағауин. Құнделен деп отырған моңғолша атауы – Хөндлөн тайшы деген тұлға. Біз жоғарыда келтірген Гүүш ханның нақты есімі Төрбайх. Ал, «Гүүш» деген атақ кезінде Халха-Ойраттың береке-бірлігінің белгісі ретінде Сары дін уағызгері Дүнхэр Хутагт тарапынан берілген.

Ендеше Хөндлөн Убаши деген тайшы Хошуудтың Байбағыс батырының інісі. Байбағыс хошууд нояны Хан Хонгордың баласы екенін біз жоғарыда атап өттік.

Мұхтар Мағауиннің: «… қуатты қалмақ мемлекетінің ірге тасын қалаушы Ойрат тайпалары деп отырған Шорас (Цорос), Хошауыт (Хошууд), Дүрбет (Дөрвөд) соңынан қосылған Хойыт (Хойд) қатарлы Ойрат тайпалары айналасы он жыл ішінде өзара бас біріктірді…» деуінің негізі зор. Ойрадтардың қайта серпілуіне Түмэд, Хойд, Батууд тайпалары көп рөл атқарды. 1634 ж. Хара-Хула тайшы өлгеннен кейін оның орнын үлкен ұлы Хото-Хоцин-Хотогчин Батұр (1634-1663) басты. Тибеттегі Далай лама Содномжамцның алқауымен жалпы  Қалмақ жұртының қалауы бойынша оған «Эрдэнэ-Баатар хун тайж» атағы берілді.

Эрдэнэбаатар хун тайж 1637 ж. Хөх нуур (Көк нұр) елін иелігіне алды. 1640 ж. Эрдэнэбаатар хун тайжының атсалысуымен Халха-Ойрат құрылтайы шақырылып Тарбағатайда әйгілі 28 ноянның мәслихат құруымен «Моңғол-Ойрат жасағы» атты заң қабылданды. Бұны Мұхтар Мағауин: «…сол 1640 ж. тамыз айында Батұр қоңтажы Табағатайда Бүкіл Моңғол құрылтайын шақырды. Құрылтайға Төрт Ойратпен қоса жеті қосын Халха, Еділге өткен Торғауыттар да қатысты. Сөйтіп бүкіл Моңғол ұлысы бірлікке келеді, Ойрат Халха жұртының болашағы үшін аса мәнді «Цаазийн бичиг» – «Ұлы заң» қабылдады…» деді.

Ресейдің әйгілі оқымыстысы К.Ф.Голстунский Зая бандида «Ғұмырнама»-сын тәржімалағанда: «…1640 ж.  Моңғол-Ойрат ұлы заңы Галдан хунтайшының қосымша жарлығы, Қалмақтың Дондогдаш ханы кезінде Волга (Еділ) дариясының  Қалмақ торғауыттарына арнап жасалған ұлы заң болды…» деді. Қалай қарасаң да «Ұлы заң» К.Ф.Голтунскийдің тек Қалмақ торғауыттарына  арналған деген пікірді екі ұшты, жаңсақ пікір.

1640 ж. «Ұлы заңды» кімнің бастамасымен жазды деген сауалға Ресей оқымыстысы И.Я.Златкин: «…заң нұсқасын жасаған адам Жоңғардың Баатар хунтайжсы» деді [8, 176-177 бб.]. Ал, бұл пікірді көптеген тарихшылар қолдайды. Заң өз кезегінде міндетін де атқарды. Айталық, Баатар хунтайж Халханың жеті хошуунын Жоңғармен біріктіріп күшін ұлғайтты.

Халханың жеті хошууны: 1. Түмэн Дарын хошуу 2. Баян Дарын хошуу 3. Урианхай хошуу 4. Дэлдэн хөндлөнгийн хошуу 5. Түшээт хааны хошуу 6. Цэцэн хааны хошуу 7. Даринийн хошуу деп жетіге бөлінді.

Ал Жоңғар құрамына Дөрвөд, Торгууд, Хошууд, Хөхнуур, Алшаа, Бурууд, Хойд, Хүрүүд, Цахар, Урианхай қатарлы ұлыстар енді. Мұхтар Мағауиннің «…қуатты қалмақ мемлекетінің іргетасы осылай қаланды» деп көрсетуінің айқын дәйегі де осы. Бір сөзбен айтсақ Эрдэнэбаатар хунтайж үкім жүргізе бастаған 1635 жыл – Жоңғар мемлекетінің құрылған жылы болып есептеледі. 1635 ж. Цоростың Баатар хунтайжысы өзін бүкіл Ойраттың ханы деп жариялады. Осыдан кейін Төр-байх (Гүүш хаан) 1638 ж. Хөхнуурға қарай қаша көшті.

ХҮІІ ғ. 30-шы жылдары Баатар хунтайж Ресей патшалығымен ара байланысты түзей бастады. Баатар хунтайж 1634-1654 жж. Ойрат билігін ұстады. «МХР тарихы» атты еңбекте: «1640 ж. Баатар хунтайжының бастамасымен бүкіл Моңғолдың нояндар мәслихатында әйгілі «Цааз бичиг» өмірге өз нәтижесін ала келді» деп келтіреді.

«…Баатар хунтайж Хөх нуурға келгеннен кейін өз баласы Оночин Сэцэнді албаттар мен торғауыттың Мерген Жонынын, Хошуудтың Хөндлөн Убашиларды Гүүш ханға қарай жіберді…» [17] деп жазды Ішкі Моңғолияның тарихшысы Н.Алтаншан. Баатар хунтайж 1640 ж. тамыз айында Тарбағатайдың Улаан Бураа деген жерінде «Моңғол Ойраттың Жоңғар құрылтайын» шақырып нәтижесінде «Моңғол-Ойрат заңы» немесе «Қырық төрт екінің Ұлы жасағы» атты құжат қабылдады [15, 54-55 бб.].

Хотогчин Баатар хунтайж 1663 ж. өлді де оның балалары мұрагерлікке таласа бастады. Балалары, әуелгі бәйбішесі – Қырғыз әулетінің Борудтан: Сэцэн тайж, Зодоб баатар, Зоригт хошуун. Екінші әйелі – Хо-Өрліктің тұңғышы Шүхүр Дайчин(Шүкір)-нің қызы Юм Агас (Ұйық Ағаш) қатыннан туған Сэнгэ, Галдан. Ал, кейінгі кіші қатындарынан туған Биндэр, Ончон, Бум, Доржжав, Пунцагдаш, Дарма қатарлы ұлдары Ойраттар тарихында өз кезегінде ерлігімен көзге түскен тұлғалар болып есептеледі. Баатар хунтайжының бәйбішесі Юм Агас ғұмырнамасы хақында Г.С.Лыткин былай деп жазады: «Юм-Агас, дочь торгоутского владельца Хо-Орлека, была выдана за хошоутовского владельца Ердена, сын Цукера» [9, 99].

Ойрат-Халха құрылтайынан соң төрт ұлы ойрат түгелімен түп көтеріліп 1643 жылдың қысында Қазақ Ордасына қарай жорық ашты. Бұл деректі Мұхтар Мағауин өзінің еңбегінде былай келтіреді: «…жорыққа Жоңғардан төрт ұлыс Дөрвөн Ойрат, жеті қосын Халха-Моңғолдың Алтан ханының ұлы Омбо-Эрдэнэ тайшы мол әскермен келді. Тіпті Еділге кеткен торғауыт Хо-Өрлік тайшының өзі арнайы жасақ берді…» деді.

Эрдэнэбаатар хунтайжның мақсаты Қазақ Ордасын талқандауға бағытталды. Қазақ Ордасы осының алдында ғана қара дауылдай ұйпап өткен азамат соғысының ауыр жазасынан әлі толық арылмаған еді… Ордаға шабуыл жасау Ойраттар үшін оңай олжа болған болуы ықтимал. (Азамат соғысы деп отырғанымыз, 1627 ж. Сайрам түбінде Тұрсынхан бастаған екі сан қазақ Қатаған (Хатигин) мен Есімхан бастаған үш сан алаш Қазақтар арасында қантөгіс ұрыс болды. Ташкент уәлаятының әміршісі опасыз Тұрсын хан Қазақ Ордасындағы азамат соғысына жол ашты, Түркістанды шапты…) [3].

1643 жылғы Ойрат деректерінде, атап айтқанда «Зая бандида ғұмырбаянында» Баатар хунтайж қазақтарға қарсы жорыққа аттанды деген мәлімет бар. Бұл кез Есімханның баласы Салқам Жәңгірдің (1643-1652) Қазақ Ордасын билеген кезімен тұстас келеді.

«…1643 жылы орыс елшісі Г.Ильин Эрдэнэбаатар хунтайжының сарайына барады. Эрдэнэбаатар хунтайж бұл кезде Қырғыз, Қазақ соғысына аттанып кеткен. Алайда елшіні хунтайжының бәйбішесі Хо-Өрліктің қызы Дара-Уба-Залга ханум қабылдады…» деп жазады Сібір тарихын адалаған Фишер. Бұл бәйбішенің есімі Юм Агас. Ол, алғашында Хошуудтың Цүүкер (Жауһар) ноянының баласы Эрдэнэмен тұрмыс құрса да дәм-тұзы жараспай соңынан Эрдэнэбаатар хунтайжыға өмірлік серік болған. Юм Агас ханшайым 1637 ж. дүниеден өткен [9, 101-102].

1642-1644 жылдардағы Ойрат-Қазақ  майданында Салқам Жәңгірдің от қарулы арнайы жасағы  болуы Қазақ Ордасының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның әскери өміріндегі өзгеше оқиға ретінде бағаланады. Ал, Жәңгір сұлтанның әскерінің саны қанша  екендігінен ешбір дерек сақталмады. Жәңгірдің алты жүз шерігі болды деген орыс елшісі Г.Ильиннің жорамалын Мұхтар Мағауин нақты дәлел емес дейді. Бірақ Жәңгірдің тұңғыш рет от қару қолдануын дәйекті келтіреді. Ол қалмақтың елу мың қолын қарсы алдында тұрған алты жүз сардар жеңді деу қисынсыз дей келіп, Жәңгірді ұлы жеңіске жеткізген алты жүз сардар – қазақ әскерінің сауытбұзар екпінді тобы, құдыретті қару – күркірей атылатын қорғасын оқты мылтықпен қаруланған бір ғана бөлігі дейді [3, 64-65 бб.].

Жәңгір ханның алты жүз әскері осы заманғы тілмен айтсақ нағыз кәсіби қосын секілді. «Қазақтар» атты еңбектің 82-бетінде мынадай деректер бар: «…Жәңгір ұрыс жүргізуге қолайлы деп Ор атты бұлақты кішкентай өзеншік маңындағы төбешік арасына бекінеді. Қазақ әскері бекініске «ор қазу» тәсілін қолданды. Бекініс ұзақтығы 2,5-3 шақырымға созылды…» делінген. Жәңгір сұлтанға кешікпей Самарқандтан 20 мың әскерімен Жалаңтөс батыр көмекке келді. Жәңгір ханның бұл жолғы шайқасы «Ор бұлақ шайқасы» деп тарихта қалды. Бұл деректі МХР тарихы атты еңбекте: «…1640 ж. Жоңғар мәслихатына қатысқан Халха-Ойрат келіссөзі нәтиже бере алмағандығы айтылады. Осының салдарынан Халха-Ойраттың келісімі жүзеге аспауының салдарынан халха нояндарының көбі Қытайдың ақ қорғанына қарай бас сауғалап, Түшээт хан Гомбодорж (1635-1724)-ның баласы Өндөр Гэгээн Занабазар (1641 жылдан дінбасына сайланған) бастағандар Манж-Шүршітке бағынуға шешім қабылдағаны баяндалады [12, 178-179 бб.].

Қытайдың Шыңжаң тарихшысы Нығмет Мыңжан:  «ХҮІІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезінде Торғауыт князы Хо-Ұрлұк қырық мың үймен Сібірдің оңтүстік шекараларына келген, ал 30-жылдары Оралдан өтіп Волганың (Еділ өзені) Қалмақ хандығын құрды» десе, бұл дерек бұрынғы «Қазақ ССР тарихы» атты еңбекте де дәл осы мағынада келтіріледі [1, 193 б.].

Ал, «МХР тарихы» (1955) атты еңбекте: «…ХҮІІ ғасырдың 20-жылдары Хоо  Өрлөг ноян өз мекен-жерін тастап Ресейге қарай 50000 үйімен  екі жүз елу мың әскерімен (хоёр бум таван түм) қоныстанды…»  деп келтіруіне қарағанда ойраттардың аса күрделі тарихи тағдыры осы аралықта басталған сияқты.

Біздің деректеріміздегі Ойрат тарихында басты тұлға саналатын Хоо Өрлөг (Хо-Өрлік) туралы аса аз мағлұматтар сақталды. Торғауыттардың нояны Зулзган Өрліктің баласы, Буйгу Өрліктің немересі. Ол, ХҮІ-ХҮІІ ғ. өларасында Торғауытты биледі. Моңғол тарихындағы діни қайраткерлердің бірі. 1640 ж. Ойрат-Моңғолдың Тарбағатай Құрылтайына Қалмақтар атынан келіп белсенді кіріскен күрделі тұлға. Хо-Өрліктің өзінен Гомбо, Илдэн, Кирсан, Санжин, Луузан, Сүнгэй атты алты ұл бар. Ал Ойрат-Жоңғар одағының ең жоғарғы билеушісі Хунтайж деп аталды. Хунтайжының қол астында тайшылар мен нояндар зайсандар болды. Қарапайым қаймана тобыр – «ард» деп аталды. Шаруалар ішінен «албат», «шавь» деп екі бөлінді. Албаттар шонжарларға, хунтайжға, тайшыға, ноянға, зайсанға тәуелді болса, Шәбі (шавь) діни шонжарлар бастаған Күрендерде қызмет етті. Баатар хунтайж көрші Ресеймен байланыс жасаумен қатар осы елдің қолдауын табуын көздеді. 1647 жылы Ресейдің Алексей Михайлович ханы тарапынан Сібір өлкесіне кеден бақылауынсыз сауда жасауға мақұлдама хат алғандығы күн сайын қарқындап келе жатқан Манж-Шүршіт қауіп-қатерінен үрейленгендіктен болса керек.

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында: «… Зия-Пандитаның ғұмырбаянында: сол жылы қыста Хошуудтың Байбағыс бауырының тұңғышы 1666 жылы Далай ламадан «Цэцэн хаан» атағын алған, 1640 ж. Халха-Ойрат құрылтайына қатысып жүріп өз бөлігін Галдан Бошигтға айырылған т.с.с. Шешен хан Бұрұттарды (қырғыздарды) бағындырды» деп жазылған. Бұндағы нақты дерек – 1652 жылдың қысында Хошауыт Өшірті-Шешен хан қырғыздарды шапқан. Уақытша билігі, асса бірер рудың көлемімен шектелген. Дәл осы кезеңде Қырғыздың қалмаққа бодан болғаны жөнінде басқадай куәлік жоқ…» деп жазады. Мұхтар Мағауиннің жоғарыда тілге тиек етіп отырған есімі – Очирт атағы Цэцэн хан қай жылы туғаны белгісіз. Ресей оқымыстысы Г.С.Лыткин оны 1604-1614 жыл аралығында туды деп жазады. 1675 жылы өлген осы тарихи тұлға туралы бірнеше жерде аздаған деректер қалған. Тағы бір деректе Очирт цэцэн хан 1676 жылы Галдан Бошигтға қолды болып 1680 жылы Бор  тал деген жерде өлтірілді дейді.

Біз тілге тиек етіп отырған Жәңгір сұлтанның Хөндлөн тайшымен ара байланысы жөнінде де өте құнды деректер табылуда. Сол кезде Жем, Ырғызды мекендеген Хөндлөн тайшы Жәңгір сұлтанмен одақ құрды. Ол, Жәңгірді өз «өкіл баласы» немесе «хуурай хүү» ретінде көретін еді. 1646 жылы көктемде, Қараталдың басы, Көксу өзенінің бойында Эрдэнэбаатар хунтайж әскері мен Хөндлөн тайшының әскерлерінің соғысы болды [3, 68-69]. Бұны кейінгі тарихшылар «Хөндлөн тайшы болса Жоңғардың Эрдэнэбаатар хунтайжы. Хо-Өрлөг секілді дербес хандық құруға құмартты» дегенмен байланыстырады. Ал нақтылы дерек Қазақ-Ойрат соғысы 1652 жылы болды да қан майданда Салқам Жәңгір қазаға ұшырады. Осы мәлімет Зая бандида тарихына қатысты Х.Лувсанбалданның «Тод үсэг түүний дурсгалууд» атты еңбектің 142-бетінде: «1646 жылы Хөндлөн Увш, Баатар хунтайж мен Очирт хунтайж әскерімен соғысуға барып кешікпей жөнге келісті…» деп жазады. 1647 жылы Очирт Цэцэн хан Іленің Талғар деген жерінде қыстады [14, 135-142].

Қалай десек те осы аталған еңбектегі «1646 жылы Хөндлөн Увш пен Эрдэнэбаатар хунтайжының қақтығысы болды» дегенді Мұхтар Мағауин қайта дәлелдегенін көреміз. Ал осы екі тұлғаның жөнге келіскен жылын бұл еңбекте 1650 жыл деп көрсетеді [3, 136 б.].

«Зая бандиданың ғұмырбаянында» деген кітаптан Мұхтар Мағауин: «Бұл соғыста яғни 1652 жылы Өшірті-Шешен ханның  ұлы он жеті жасар Галдама жекпе-жекте Жәңгір ханды өлтіріп, айрықша ерлік танытты» деген сілтеме алады [3, 71 б.].

Мұхтар Мағауиннің айтып отырған бұл дерегі Х.Лувсанбалданның «Тод үсэг түүний дурсгалууд» атты кітаптың 143-бетінде: «…Галдамба Очирт Цэцэн ханның баласы Эрдэнэбаатар хунтайжының қызы Пунцагдулмаадан туған жиені…» [3, 143 б.] делінген.

Зая бандиданың тарихына қатысты «Ай шуағы» атты кітаптың жүлгесінен сараптай келе біз, 1652 жылы Очир Цэцэн ханның Хар тал (Қара тал) деген жерде қыстағанын және осы жылы оның шешесі қайтыс болғанын деректер нәтижесінде білумен қатар, Очирт Цэцэн ханның қырғызды иеленгенінен хабардар боламыз. Сондай-ақ 1652 жылы Очирт Цэцэн ханның баласы Галдамба 17 жасқа толғандығын көреміз. Очирт Цэцэн хан 1665 жылы Көксу деген жерді мекендеді. Ал 1666 жылы Тибетте Далай ламадан «Далай Цэцэн хаан» атағын алады. 1667 жылы баласы Галдамба 32 жасында қайтыс болды [14, 137-138].

1653 жылы Жоңғар мемлекетінің негізін салған Баатар хунтайж дүниеден көшті деп жазды «Қазақ тарихы әліппесі»-нде Мұхтар Мағауин. Алайда басқа бір деректерде 1663 жылы өлді дейтін дерек те кездеседі. Осылайша «Ұлы жарғының» ақиесі дүниеден өтсе де оның тақ мұрагерлігі оны ортаншы ұлы Сэнгэнің қолына келді. Сэнгэнің әйелі Цэвээнжалмо хатан.

Тақ мұрагері ретінде Эрдэнэбаатар хунтайжының орнын басқан Сэнгэ әйгілі Баатардың 5-ші ұлы болса керек. Біз осы зерттеуіміздің басында «Эрдэнэбаатар хунтайж өлгеннен кейін балалары таққа таласа бастады» дедік. Эрдэнэбаатар хунтайж өзінің  тақ мұрагерін анықтайтын кезде үлкен қайшылықтарға жол берген секілді. Мұрагерлікке лайық үлкен ұлы Цэцэн тайж бола тұра оның анасы тегі жағынан қырғыздан болғандығы кедергі болды. Сэцэн тайжыға тақ және атақ-абыройдың қай-қайсысы да  бұйырмады, оны екі інісі Зодовбаатар мен Зоригт хошуучның кегін қайната түсті. Эрдэнэбаатар хунтайж өзінің ең сүйікті хатыны Торғауыттың Хо Өрлөгтің тұңғышы Шүхүр Дайчиннан туған Юүм Агасты аса құрметтейтін еді.

Ендеше осы әйелден туған Сэнгэ, Галдан екеуінің бірі мұрагерлікке лайықтануы әбден мүмкін еді. Ал Эрдэнэбаатар хунтайжының басқа әйелдерінен туған Биндэр, Онгон, Бум, Доржжав, Пунцагдаш Дарма қатарлылар да тақтан дәмелі болды. Сэнгэні күллі Ойратқа ықпалды тұлға ету мақсаты Эрдэнэбаатар хунтайжының оған Очирт Цэцэннің ең аяулы ұлы Галдмааның қызы Ану Дәрі ханышайымды айттыруынан дәлелденеді. Манж Шүршітпен келіссөз жүргізу, сауда саттықтың жолын ашу, Тибеттен келетін дін ықпалын күшейту, Ресеймен ара қатынасты жақсарту ниетіндегі Сэнгэнің бақталастары өз ағалары Цэцэн тайж (Эрдэнэбаатар хунтайжының қырғыз текті әйелінен туған) және Зодовбаатар секілділер болды. Ал Сэнгэнің өзінен кейінгі інісі Галдан Бошигт. Сэнгэнің тұсында Алтай түркілері немесе Құба қалмақтар Ойрат одағына еніп Қазақ Ордасына қарай шабуыл басталады. Бірақ қалмақтар арасындағы алауыздықтың салдарынан 1661 жылы Жоңғарлықтар арасынан қақ бөлініп 1663 жылы Еміл хошууттары мен дөрвөдтер Еділдегі  торғауыттарға қарай көшті. Мұндағы ең үлкен қайшылықты туындатушы күш – Хошууд тайшылары Абылай мен Очирт Цэцэн тайшының араздығынан туындады [3, 74 б.].

Біз тілге тиек етіп отырған Абылай батыр Хошууд тайшысы немесе хошауыттық. Байбағыс батырдың кіші әйелі Сайхан Чүү хатаннан туады. «Сарны гэрэл» шежіресінде Абылайды өз ағасы Очирт Цэцэнге қарсы 30 жыл бойы күресті деп келтіреді және 1650 жылдары Сар тоғай (Шар тохой) маңын мекендеп Қытайға 10 мың жылқы саудалады» деп келтіреді.

Сэнгэнің өз дәуіріндегі он неше жыл уақытында осындай алмағайып оқиғалар тоғысы өтті. Ол ақыры 1670 жылы өз ағалары Зодовбаатардың қолынан қаза тапты. Сэнгэнің өлген тұсы Манж-Шүршіттің (Мұхтар Мағауин Чин манжыны  Шынмашын, Шүршітті көне түрікше Табғаш деп түсіндіреді) бүкілқытайды қамтыған кезеңімен өзектес еді. Орал жоталарынан Тынық мұхитқа дейінгі алып аймақтың тізгінін ұстау үшін Ресей  жанталасып жатты. Осы тұста Галдан Бошигт (1670-1697) Тибеттегі қызметті қолдарын Ойратқа егелік етуге жетті. Галдан 1644 жылы туған. Эрдэнэбаатар хунтайжының 6-ұлы. Жас кезінен бастап Тибетте шәкірт. Билікке келген кезінде  25 жаста еді.

Сэнгэ мерт болуынан бұрын  немесе 1666-1667 жылдары Халха-Моңғолға жорық жасады. Бірақ, өз ішкі жағдайын реттей алмады және өршіте түсті.  Оның мақсаты да басқаның жерін тартып алу саясаты басым болды. 1667 жылы Алтын хан немесе Шолай Убашидің елді мекенін шауып алды. Ақыры Сэнгэнің ғұмыры өз ағалары Цөхүр Убаши мен оның баласы Багабандилердің ымырасымен бітті. Ендігі кезекте билікке Сэнгэнің інісі Галдан келді.

Галдан билікке келісімен Ойраттың ішкі жағдайын тұрақтандыруды көздеді. Ол, өз әкесінің жарғы бишигіне қосымша «Галдан хунтайжының жолдау жарлығы» атты құжат қабылдап өзінен басқа үш ханның аздап құқығын шектеумен қатар, нояндар мен текті шонжарлардың жер иемденуіне тәртіп орнатты. Осы заң бойынша мал салығы, ұлыстардың құзыретті нояндарға қарастылығы қатарлы мәселелер шешімін тапты. Ең кереметі – қоладан бақыр тиын жасап айналымға жіберді. Мұхтар Мағауин: «…Галдан жақын жегжаттарының басын игізді. Әкесінің інісі Шоқыр (Цөхүр) Убашыны  биліктен тайдырды, Ойрат ұлысындағы бар бүліктің мұрындығы болған Өшірті-Шешен ханның ұлысын шапты…» [3, 75 б.] деді.

Бүкіл Жоңғарды уысына түсірген Галдан Бошигт хан 1678-1679 жылдары Шығыс Түркістанды бағындырды. Хами, Тұрпан, Қашғария, Жаркент өз иелігіне алған оның мақсаты Бұқар, Сайрам, Самарқан одан кейін Ферғананы алу еді. Орта Азияда аса күшті жаугершілік жүргізгендігі үшін  1678 жылы Тибеттің бесінші Далай ламасы оған «Бошогт» немесе тәңір жарлығы бойынша «Галданданзан-Бошигт хан» атағын берді.

Ал, Нығмет Мыңжани бұл деректің Қытай деректерінде қалай жазылғанын былайша келтіреді. «Патшаның Шумо өңірін тыныштандыру жобасы»-ның І томында Жоңғар хунтайжылары өздерінің Жунгоның құрамдас  бөлігі екендігін, бұлар билеген  территорияның Чин патшалығына тәуелді иелік болғандығын мойындап Ежен ханға (Эзэн хаан) үнемі салық төлеп және маңызды саяси әскери мәселелерді шешуде Еженханнан нұсқау сұрап отырды . Мысалы, 1675 жылы Далай Ү жоғары билеушісі Халданға «хан» атағын беріп «Бұшұкті хан» деп атағанда, Халдан бұл атақты бекітіп беруді Чин үкіметінен сұрап өтініш жазды» деді. Ал, Хан-ши патшалығының (Моңғолдар Энхамгалан хан.) Халданға жіберген жарлығында: «…Халданның әкесінің алым-салық  төлеп, тарту-таралғы жолдап, патшаға адал болып келгендігін..» атап көрсетеді [16].  Осыған қарағанда Қытай деректері ең көп салық төлеуші Галдан Бошигт ханды өз адамы ретінде әспеттеп «әкелік мейірім» көрсетіп отырғандығын көруге болады.

Манж-Шүршіттің ханы Хан-ши (Энхамгалан)-дің жақын көмекшісі, уәзірі француз әндігері Жербальонның айтуына қарағанда ханның Моңғолдардан жинаған жылқы түлігі 32 жерде, әрқайсысында 300 құлыны бар айғыр үйір саны 230-ға жетті деді. Алайда титықтаған елдің қамшылауы т.с.с әсерлерден Галдан Бошигт хан 1678 жылы оңтүстік Шыңжаң өлкесін басып алды.

1681, тауық жылы қазақ пен қалмақ арасындағы екі жүз жылдық соғыстың жаңа кезеңі басталды. Қазақ Ордасы үлкен қатердің алдында тұрды. Тағы да Мұхтар Мағауиннің мағлұматтарына жүгінсек: «…Ғалдан-Бошұқты ханның өзі бастаған қалмақтар жолындағының бәрін жапырып, бүкіл Жетісуды көктей өтіп, Шудан, Таластан асып Арысқа жетеді.  Қазақтың қалың ортасындағы Сайрам қамалын қоршады…»

Қытай деректерінде 1683 жылы Галдан Бошигт хан Манж Чин патшалығына қарсы жорыққа аттанғаны жөнінде деректер табылып отыр. Галдан Бошигт Сырдария  бойындағы керуен жолдарын және  сауда кенттерін басып алу үшін бірнеше дүркін жорық жасады. Ресей елшісі И.Винковский ол туралы былай жазады: «Тауық жылы (1681 жылы) Галдан Сайрам қамалын қоршады, ит жылы (1682) Іле өзенінің бойын қыстады. Доңыз жылы (1683) қайтадан Сайрам қаласына жорық жасап, жазда Сайрам қаласын қиратты». Мұхтар Мағауин дерегіне сүйенсек: «1684 жылы Жазда Галданның інісі, Эрдэнэбаатар хунтайжының немересі Сыбан-Раптан Сайрамды басып алып , қаланы қиратып, халқын қырып жойып, Қазақ Ордасының Ұйықты жұртын ойрандап, мың сан тұтқын, қисапсыз олжамен Жоңғарға оралды».

Эрдэнэбаатар хунтайжының баласы Сэнгэден Сономравдан, Цагаанравдан атты екі ұл туды. Сономравдан Галдан Бошигт ханның қасында жүріп жастай қаза табады. Тарихта Цагаанравданды Сыбан-Раптан, Суан-Раптан деп атай берген. Цэвээнравдан Сэнгэ ханның екінші ұлы. Ол 1689 жылы Галдан Бошигт ханнан бөлініп өзін Жоңғар ханы деп жариялаған тұлға. Галдан Бошигт 1686 жылы қазақтарды біржола ықтырғаннан кейін Тибеттегі Содномжамц Далай ламаның алқауымен 1687 жылы өзінің ордасын Халха-Моңғол жеріне көшіреді. Галдан Бошигт хан Ресеймен ара қатынасты жақсартуды мақсат етумен қатар Қытаймен де сауда-саттық байланысты күшейтуді көздегені байқалады. Жоңғария жыл сайын Қытайға көптеген елшілермен қоса 3000 саудагердің құрамында сауда керуенін жөнелтіп отырды. Соңынан Манж Қытайдың Хан-ши (Энхамгалан) ханы сауда көрермендеріне шек салудың салдары Ойрат ханы Галдан Бошигтының зығырданын қайната түсті. Галдан Бошигт хан Манж-Шүршіт егелігіне мойынұсына бастаған моңғол нояндарын да жау санады. Манж-Шүршіт ханы Энхамгалан 1687 жылы Галдан Бошигтыға хан атағын беруі – Ойрат-Халханың нояндарының арасындағы бақталастықты өршіте түсті[12, 182-183].

Галдан Бошигт хан 1689 жылы халха-Моңғолды біріктіру үшін күреске шығып нәтижеге жете алмады. 1691 жылы «Долнуурын чуулган» атты құрылтай шақырылып халханың көптеген атқамінер нояндары Жавзандамба дінбасының талабымен Манж-Шүршіттің қол астына біржола өтті. Манж-Шүршіттің Моңғолды иеленуінің бір тәсілі – ханның ханшасын Моңғол әндігерлеріне  әйелдікке беріп, Манж Шүршіт лауазымдыларына моңғол қыздарын қалыңдыққа беру болды. Бұның бір айғағы Манж-Шүршіттің Шунь-чжи (Эевээр)-дің хатыны моңғол тегінен атастырылды. Манж ханына кім сатылып жарамсақтанса, тарту таралғы, жол-жоралғы ұсынса соның алшысы оңынан түсетін болды. Сондай сатқынға «Сайн ноен хан» атақ дәрежесін ұсынылатын еді. Атақ-абырой, лауазым, даңқ-дақпырт сол сатқындық жасаған пендеге лайықталды. Манж үкіметі келісімен көне моңғол атақ дәрежелерін шектеді де, Чин ван, Жүн ван, бейд, бэйс, түшээ гүн, гүн қатарлыларды үкілеп әкімшілік билік жүргізушінің міндетін атқарды. Ал, үкіметке сиыспаған бос мойын нояндарға төрт дәрежелі «тайжы» атағын ұсынды.

Моңғол нояндарының кімде кімі Манж Шүршіт ханының қызына үйленсе оған «тавнан» немесе «эфү» деген атақ ұлықталды. Хан қазынасынан бөлініп берілетін жалақыны (пүнлүү) манж үкіметінің атақ дәрежесінің  үлкенінен кішісіне қарай лайықтап бірінші дәрежелі – Чин-ванға 2000 лан күміс (1 лан күміс 37,3 грамға тең) 25 жағалы торғын жалақы (пүнлүү) берілсе алтыншы дәрежелі – гүнге 200 лан күміс, 7 жағалы торғын алатын еді. Ван (Уаң) атағы ішінен Чин, Жүн делініп бас дәрежелі болды. Чин-ван ішінен Хошой Чин-ван, Чин-ван деп екіге бөлінді. Жүн-ван Манж Шүршіттің жоғарғы төрт лауазымының екіншісі ретінде әспеттелді.

Бэйл – Жүн-ваннан кейінгі тете орын, бэйс – үшінші, гүн – төртінші дәреже. Тайжілер үшін бас дәрежелі тәйжіге 60 түтін, екінші дәрежелі тәйжіге 12 түтін, үшінші, төртінші дәрежелі тәйжіге 4-8 түтін «хамжлага» берілді. Ал, тәйжіге 40-100 лан күміс, 4 жағалы торғын жалақы (пүнлүү) берілді.

Галдан Бошигт 1697 жылы наурыздың 13-і күні елу үш жасында дүниеден өтті. Галдан Бошигт ханның  өлімі туралы Мұхтар Мағауин өзінің әйгілі «Қазақ тарихы әліппесі» атты кітабының 81-бетінде: «…Галданның жеке басын ғана емес, оның ұстанған жолын да кіндік империясы болашағы үшін қатерлі іске балаған Еженхан (Юань Е) әлі де қуаты мол қоңтажыға қарсы төрт жүз мың әскер шығарады. Үш тараптан бірдей қыспаққа түскен,  бар жасағынан айрылған Ғалдан Бошұқты хан 1697 жылы наурыз айында у ішіп өлді…» деді.

«baiolke.com» сайты

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: