ҚАРАБАЙ
…Моңғолия қазақтары арасында аты аңызға айналған бір кісі өтті, есімі Қарабай,тегі (тек өзінің айтуы бойынша Найман) сойы беймәлім. Өте жұмбақ жан деседі.Төбесіне көтерген бір кеп жүгі бар,көбі кітаптар дейді. Келген жағы – Өр Алтай, Сарысүмбе. Арғы жағы көне Құлжаға қарай сұлбалап келген ізі жатыр. Түрлі аңыз, әңгімелер бойынша – Қарабай 1935 жылы Советтер тарапынан сталиндік саяси нәубет қудалауға ілігіп, ату жазасына кесілген құрбан. Содан Өр Алтайға қашып бас сауғалаған. Қасында Ғұбайдолда Садық деген жора – жолдасы болыпты. Дос болатұра екеуі үнемі қажақтасып жүретін көрінеді.
Бұлар Моңғолда Бердіқожа Жолтаев, Жағыпар Тінәлин қатарлы Қазақстандық топ ағартушылармен әріптес және солардан арнайы қолдау тауып Қобда бетіне екі дүркін келіп, кеткен. Қашып жүріп Құлжада, соңыра Дихуадан пана тапқан секілді. Алаш азаматтарымен Шарқий Түркістаншылдармен ағарту аясында тығыз байланыс жасап тұрақтайды да 1939-1940 жылдары қатаң бақылауға алынып,Сарысүмбедегі саяси азапты қамауда 1945 жылға дейін отырған. Қамауда болған кезінде – руы Молқы Нұғыманұлы Ардабай (1909 -1990) деген азаматпен абақтыда танысқан. Ардабайдың айтуынша 1942-1945 жылы қыркүйекке дейін түрмеде жүргенінде Қарабай науатқа от жағып, зынданды бараққа су тасушы екен.
Моңғолияның партизандар қосыны және Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысымен бірлескен майданда 1945 жылы тамызда Сарысүмбені гоминданнан азат еткенде ол түрмеден бостандалған.Сол кезде 59-60 жас шамасында екен.Бұл жөнінде маған 90 жылдары көптеген партизан куәгерлер көп дәлелдеген.Әсіресе белгілі ақын Даниял Дікейұлы, Ардабай Нұғыманұлынан (Әзірахмет Күшікбайұлы да ертеректе айтып жүріпті) естіген дерек рас деп ойлаймыз. Қарбай 1945 жылдан 1963 жылға дейін Баян-Өлгийде 18 жыл бойы жалғыз басты әр жерде қона-түнеп жүріп 78-ге қараған шағында қайтыс болады.Көп елмен етене жақын сөйлеспейді кіді, албаты жандармен жуық араласпақ түгілі жанына жуытпайды, көбінесе найман Жарқынбайдың баласы Уатқанның үйіне барып түстенеді – міс. Жағалбайлы Рахымның әйелі Әтейімді (Көдебайқызы Қади апа) қарындасым деп жан тартып, жанашыр, қадір тұтады.
Зәрушілік үшін, ілкіде бір гәптік кітап ашып дем салатыны бар деседі.1948 жылы жәдік Қожамбетұлы Дөңтай молланың кенже қызы Шәмшия (1928-2010) Қарабайға тұтқиылдан жолыққанда: “…Ас көрмеген обырдай, ат көрмеген тобырдай” болып жүрміз деуі де тегін пенденің сөзі емес. Моңғолияның Халық әртісі Бақышқызы Қайжамал апам да Қарабайға өз үйінде талай рет шай қайнатып бергенін, ол кісінің өте кінәмшіл кірпияз болғанын айтады. Ел ішінде Қарекең өте сыйлы,киелі адам саналса да, тентек жас өспірім ұлдар оны қызықтап соңынан тас жаудыратын дейді.Сол кезден бастап, “…Қарабайда қатын жоқ, қараша үйде отын жоқ… ” деген төркінді сөзі ел ішінде тәмсіл болып жұрттың жадында қалған.Ойын балаларының одағай қылығына онша ренжімейді бірақ, кейде қатты назаланғанда қайран шайқы – “қазақта ұл туса – менің сорым…” деген аса қанатты сөзін қайталайды екен!? Сондағы сотқар ұлдардың көбінің көзі тірі.Қобда өзені тасып жатқанда қолындағы қоржын – қосқалаңын төбесіне қойып судан жүзіп өтіп кететіні де аңыз. Бейбақтың ақыретті сүйегін руы найман Әбікей Өрісбайұлы өз шаңырағынан арулап шығарады. Қарабай өлерінде менің құлпытасыма есімімді – “Мөржақып” деп мөрлеңдер деп өсиеттеп, өтінгендіктен болар өргешек тақтайшаға ескіше төте жазумен солай “Мөржақып 1885 -1963″ деп ойып жазылған дейді. Тақтайшаны бертін келгенге дейін зират басынан көргендер көп.Соңынан жоғалып кеткен. Енді баяғы кітаптары қайда көмілгені әлі беймәлім!? Қарабай соған қарағанда 1885 жылы Қазақ даласында туып 1963 жылы Баян-Өлгийде бақиға атанған. Жерленген жері – бүгінгі Өлгийдің шығыс түстігіндегі “Достық шыңына” өте таяу орналасқан көпбейітте.
Бәзбіреулер – “…Сұраған Рахметұлы – баяғы ауыс Қарабайды – Алаш Міржақып етіп жүр…” дейді екен. Мен ондай сөзді еш жерде айтқан жоқпын, алайда ойладым. Мүмкін…
…Кешкісін тынығуда ескі белгілеуімен осыны тауып алдым. Көргендерімді көгендеп, мөрлеуімнің себепкері – қыран көзді бейсауат, қыдыр сөзді кейқуат Қарабай (Мөржақып) туралы еді. Иә…
Сұраған Рахметұлы
Пікір қалдыру