|  |  | 

Көз қарас Саясат

ҚЫТАЙ ЭКСПАНСИЯСЫНЫҢ ҚАТЕРІ

Жазушы-публицист Марат Бәйділдәұлы (Тоқашбаев):
72c42dcbff72cde5a46255e269d53899

Қытайлық 51 (55) зауытты Қазақстанға көшіру жобасы халқымызға мәңгі құтылмайтын бодандық қамытын кигізуі ықтимал. Қытай береді деп үміттеніп отырған 26,5 млрд доллар Қазақстан тағдырын тәлкекке салатын қақпан тілшігіндегі «дәмді сырға» ұқсайды.
Қазақстанға көшірілетін 51 зауытпен келетін қытайлар қазақтарды байытады деу ақылға сыймайды! Іс жүзінде 51 қытай зауытын көшіріп келу Қазақстан үкіметінің ел экономикасын басқаруға мүлде қабілетсіз екендігін көрсететін дәрменсіз әрекет. Мемлекет рейдерлік басқыншылықсыз, коррупциясыз жағдай туғызып берсе өз бизнесмендеріміз-ақ 50 емес 500 зауыт салып беруге құмыл.
Қазақстанда жалпы ішкі өнім неге жылдан жылға өрлемейді? Бұған осы кезге дейін бірде бір үкімет жауап берген емес. Бұрын ешқандай үкіметтік бағдарламаларда көзделмеген, ешқашан талқыланбаған «51 қытай компаниясын Қазақстанға көшіру туралы» келісім оқыстан неге пайда болды?
Үкімет басында оншақты жыл отырған Кәрім Мәсімов, одан кейінгілер Қазақстан экономикасын тығырыққа тірегені үшін халық алдында неге жауап бермейді? Әйтпесе елімізде соңғы 20 жыл ішінде қаншама бағдарламалар, кластерлер, бағыттар, өндіріс ошақтары туралы жоспарлар қабылданды десеңізші. Соның көпшілдігі жүзеге аспады. Ең бастысы экономиканы әртараптандыру туралы жоспарлар мүлде орындалмады. Енді келіп Қытай зауыттарын Қазақстанға көшірмекшіміз?
Қытай еш нәрсені жайдан жай жасай салмайды. Бұл әрекеттердің негізінде үш себеп жатыр. Біріншіден, алысты көздейтін саяси себеп – бұл Қытайдың бейбіт экспансиясы. Жер көлемі орасан Қазақстан Қытайды аумақтық жағынан қызықтырмауы мүмкін емес. Қытайға қандай себеппен болса да өзінің Қазақстанға жаппай енуін қамтамасыз ететін жобалар ауадай қажет. «51 кәсіпорын» соның таптырмас жолы. Ал Қытай бір кірген жерінен шықпайды. Ресейдің Қытайға жалға берген жері соның дәлелі. Бейбіт экспансия – Қытайдың ресми саясаты емес, ол қытайдың ғасырлардан қалыптасқан үрдісі, қытайлық менталитеті.
Екіншіден, бізге көшірілетін зауыттар Қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға көшіреді. Өйткені дәл бүгінде Қытай экологиялық қиындықтардың ауыр зардаптарын бастан кешіруде. Қытай компаниялары мен қытай көліктері негізінен арзан отынмен, дизельмен жұмыс істейді. New York Times газеті атап өткеніндей, Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары, әсіресе Қытайдың мұнай, химия корпорациялары мен энергетикалық компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі табатын экономикалық пайдасын жоғары қояды. Сондықтан шенеуніктер экологиялық жаңа нормативтердің қабылдануына жол бермей отыр. Масқарасы, Қытайда экологиялық стандарт жоқ! «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін шиедей қылады» демекші, өз елін аямаған қытай кәсіпорындары Қазақстан халқын аяуы мүмкін емес.
51 зауыт Қазақстан үшін экологиялық, әлеуметтік орасан проблемалар туғызары анық. Ертең кіргізіп алған соң ол зауыттардың жұмысын не тоқтата алмай, не елден қайта шығара алмай өзімізге өзіміз проблемалар тауып аларымыз сөзсіз. Қазақстанның өз экологиясының да жағдайы жетісіп тұрған жоқ.
Үшіншіден, Қытай жағы «міне, сіздерге 51 зауытымызды бердік, енді өздеріңіз істей беріңіздер» деп қарап отырмайды. 51 зауыт орташа есеппен әрқайсысы мың адамнан жұмысшы, маман кіргізетін болса 51 мың қытай кіреді деген сөз. Оларға қытай мұғалімдері, қытай дәрігерлері, қытай аспаздары керек болады. Ары қарай отбасылары, туыстары, түрлі қызмет салалары қаптайды. «Жерді сатпаймыз!» деген айқайымызды жылаған баланың дауысы сияқты ешкім құлағына ілмейтін болады. Қысқа мерзімде экономика арқылы еліміздегі саяси, әлеуметтік ахуал қытай пайдасына қарай бет бұрады. Шын мәнінде Қазақстанға көшірілмек Қытай зауыттары тәуелсіздігімізге төнген қауіп!
Иә, бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей ғана емес бүкіл әлем Қытай экспансиясы туралы аттан салып жатыр. Бұл соншалық үрейлі ме? Өйткені Қытайдың әлемдік экономикаға әлі де ықпалы арта түсетіні рас. Қытай шынында орасан алып нарық.
ҚХР, Гонконг, Тайвань, Сингапурды, сондай-ақ басқа түрлі елдердегі этникалық қытайлардың жеке компанияларын қосып алғанда күллі Қытай диаспорасының жиынтық жалпы ішкі өнімі 2 триллион доллардан асып кетеді. Бұл соманың тең жартысы Қытайдан тысқары, әлемнің 140 елінде тұратын 80 миллион қытайға тиесілі.
У Гогуан мен Ван Чжаоцзюнь сияқты көрнекті синологтар айтпақшы, қытай «демографиялық экспансияны» шебер пайдаланады. «Демографиялық экспансия қытайдың күллі проблемасын оңай шешеді, қытай еліндегі халықтың 10 пайызы өз елінен сыртқа ұмтылатын болса ол әлемнің кез келген еліне тып тыйпыл болу қаупін төндіреді», – дейді олар.
Бұған қарапайым дәлелдердің бірі мынау: Үнді мұхитындағы Реюньон аралында 1861 жылы алғашқы қытай дүңгіршегі пайда болса, 1897 жылы дүңгіршектердің саны 547-ге жеткен. Тағы бір 20 жылдан кейін тек сауда ғана емес аралдағы бүкіл экономика қытай диаспорасының қолына көшіп кеткен.
Қытайдан сыртқары тұратын қытайлардың (хуацяо) бақылауындағы активтер 1,5-нан 2 триллион долларға дейін деп бағаланады. Мәселен, Малайзияда халықтың үштен бірі қытайлар, олар елдің ұлттық байлығының 70 пайызын бақылауда ұстап отыр. Тайландта қытайлар небары 15-ақ пайыз, алайда олар ел экономикасының 80 пайызына иемденген. Үнденезияда небары 4 пайыз хуацяо экономиканың 73 пайызын тырп еткізбей қолына шоғырландырған. Филиппин еліндегі небары 1 пайыз ғана қытай ұлттық байлықтың 60 пайызын уысында ұстап отыр. Сингапурыңыздың экономикасы 100 пайыз қытай диаспорасының билігінде. Азиядағы ең бай 100 миллиардердің 39-ы – қытай. АҚШ-тағы Нобель сыйлығы лауреаттары арасында жетеуі – қытайлық.
Қытай кәсіпорындары салынған Ресей мен Африка елдері экологиялық ахуалдың нашарлауынан зар қағып отыр. Қытайдың өзі Еуропаның озық технологиясына мұқтаж. Олар озық технологиясын қытайдың тұмсығына иіскетпейді де. Өзіндегі ілдәлап отырған ортан қол технологиясын Қытай бере қоймасы анық. Қытай Қазақстанға өздері құтыла алмай отырған кәсіпорындарын тықпалайды. Ең сұмдығы Қытайда әлі күнге экологиялық мемлекеттік стандарттар қабылданған емес. Монополистер үнемі тосқауыл қойып келеді. Біз «кедергі қояды» деп үміттенген Қазақстанның экологиялық стандарттарына олар пысқырмайды да. Қытай – піл болса, Қазақстан – құмырсқа. Қытайдың сыртқы бизнесінде параға берілетін қаражат алдын ала бюджетке енгізіліп қояды. Оған біздің шенеуніктеріміздің көк қағазға деген «сүйіспеншілігін» қосыңыз. Қытай тарапының кез келген құжатын құлдық ұрып жөндеп беретініне күмән жоқ.
Ал 51 зауыт – орасан экологиялық проблема, ол аз десеңіз 51 зауыт – 51 «чайна таун». Абылай атамыз кезінде «Қытайға түссең қыл бұрау» деген, сол қыл тұзаққа басымызды өз еркімізбен неге тығамыз? Тәуелсіздікке төнер қауіп ретінде «51 зауыт» бағдарламасын дереу тоқтату керек!
Сондықтан, Мемлекет басшысы бұл жобаға мораторий жариялап, түбегейлі тосқауыл қоюдың жолдарын қарастырғаны жөн деп есептеймін. Әйтеуір бармағымызды тістеп қалмайық. Қытаймен ойнауға болмайды!
Марат Тоқашбаев. «Президент және Халық» газеті. 18 қаңтар 2017 ж

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: