|  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ шежіресі

Төлке Қарағұл тайшы қызы (1592-1670)

72a9d5092d33f034ac2fc63c7b34b7c8
Төлке Қарағұлқызы – сүйегі ойраттың шорас тайпасынан шыққан қалмақ нояны Қарағұл тайшының қызы. Көшпенді Жоңғар мемлекетінің негізін қалаған Ерден батырдың (Батыр хонтайшы) туған қарындасы. Бір мың бес жүз тоқсан екінші жылы туған – бір мың алты жүз жетпісінші жылы жетпіс сегіз жасында қазіргі Омбы облысы Тары қаласының аумағында дүниеден өткен. Ерден батырдан жеті жас кіші қарындасы. Сары (Сарғатбек) Есболұлының бәйбішесі. Сары Есболұлы 1578 туып 1671 жылы тоқсан үш жасында бәйбішесі Төлкенің асын бергеннен кейін көп ұзамай бақилық болған.
Дүниеден өтер алдында – Түсіме Атекем (әкесі Есболдан мүшел жас үлкен ағасы Есенәлі) жарықтық аян берді. Аяқ – қолыңды жина, тырнақтарыңды алдыр, алдағы сәрсенбі-бейсенбінің сәтінде ұзақ сапарға аттанасың. Қайтып оралуың екіталай. Жол жүрудің қамын ойла – деді. Биыл ақылдың кеніші болған, ағайынның ырысы болған атекемнің кемел жасы тоқсан үшке келіппін. Атекемнің ақылын тыңдап жолын қудым. Қырық жылдан асуымен ат үстінде жүріп үзеңгіден аяғым босамаса, отыз жылдай ғұмырымды бір аллаға құлшылық етуге бағыштаппын. Есенәлі – Есбол айналасына айтарым жұмылған жұдырықтарың жазылмасын – деп өмірден озған екен.
Сарының буынынан тараған Күрсары керей руының үлкен бір тармағы күні бүгінге дейін Төлке – керей атауымен белгілі. Ресей патшасының 1822 жылы Сібір қазақтарын билеу туралы Жарлығы шыққанға дейін де жеке дара Төлке – Күрсары керей елі атанды. Қазақ ру-тайпаларының арасында – Домалақ ана (Нүрила), Қызай (Күнбибі), Қарқабат (Нұрпая). Қара кемпір (Рабиға) рулары әйел есімдеріне тікелей байланысты болғанымен сол заманның ағымына сай басқаша атауларға ие болды. Ал, Төлке есімі өзінің туғандағы нақты ныспысымен бір тайпа елдің атауына ие болды. Жалпы Төлке Қарағұлтайшы қызы кім еді?
Он алтыншы ғасырдың екінші жартысында бірнеше ғасыр бойы Сібір аймағында билік құрған Тайбұға әулеттерінің және Сібір хандығының басынан бағы таюға айналды. Бір кездері айбынынан Орыскняьдіктерін былай қойғанда Батыс Еуропа елдері айбарынан сескенген Алтын орданың да күні біржола бата бастады. Осындай алмағайып кезеңде Тайбұға әулеттерін қылыштың астынан өткізіп билікке жеткен Шыңғыс ұрпағы Көшім хан Мұртазаұлының Сібір жұртына да Мәскеу патшалығы тарапынан басқыншылық соғыстар басталып, күшпен тартып алынған хандықтың шаңырағы біржола құрдымға кете бастады. Хандықтың негізгі халқының көпшілігін құрайтын қазақ тайпалары – арғын, қыпшақ, керей-уақ, кіші жүздің жеті ру тайпа-бірлестігі құраған өз алдына дербес, іргелі ел атанған Сібір жұртының жақсылары мен жайсаңдары тығырықтан шығудың саяси жолдарын іздей бастады. Көшім балалары Әли мен Есім сұлтандар келімсектерге қарсы сан мәрте тойтарыс беріп ірілі-ұсақты шайқастар жүргізгенімен оның көбі сәтсіз аяқталды. Бұл кезеңде керейлер мекендеген ұлан-ғайыр аумақтың шығысында әр жерде бытырап жүрген ойрат тайпалары да бастарын қосып қазақ даласы түгіл Қытай, Ресей тәрізді қарымы мол көрші елдерге де қауіп төндіре бастаған болатын. Осыны ескерген және көпті көрген Есбол абыздың ағасы Тайбұға әулеттерінің және Сібір хандығының беделді тұлғасы Есенәлі аталық маңайындағы белді ру-тайпалармен туыстық қарым-қатынас орнату жағын ойластыра бастады. Бұл шақта саяси жағдайлардың алдын болжап білетін Есенәлінің өзінен мүшел жас кіші бірге туған бауыры Есболдың екінші ұлы Сары оның тапсырмасы бойынша Көшім ұлдары Әли, Есім сұлтандар қайта көтерген Сібір хандығында Мәскеу патшалығы тарапынан жүргізілген әскери қақтығыстардың салдарынан жан-жаққа бытырап, шашылып кеткен түркі тілдес ру-тайпалардың бастарын біріктіруге бағытталған елшілік-жаушылық міндеттерді атқаратын. Көшім балалары керегесі біржола қисайған хандықтың қара шаңырағын қалпына келтіруге қанша күш салғанымен, өз дәуірінде дербес саясат жүргізген қауқарлы мемлекет тарих сахнасынан біржола жоғалуға айналды. Бұл кезең ширек ғасырдан асуымен Сібір жұртына хандық құрып, соңғы жылдары өз түсінен өзі шошып оянатын Көшім ханның қорқынышты түсі де шындыққа айналған заман еді.
Осы түсін Есболдың «дуалы ауыз» атанған ағасы Есенәлі аталыққа жорытқан деседі. Сібір қазақтарының, сонымен қоса түркі тілдес Түмен, Тебріз (Омбы облысының солтүстігін мекендейтін халық), Бараба даласындағы татарлардың, Сібір естектерінің жадында аңызға арқау болып қалған ол түстің оқиға желісі мынадай болып айтылатын:
«Көшімнің Көкшулан атты құсқа салатын лашыны бар екен. Түсінде әлгі лашыны өзінің қонып отырған тұғырына ұя салып он шақты жұмыртқа басып шығарыпты. Бір мезетте әр тараптан бірнеше жырқыш құстар келіп ұяның тас-талқанын шығарады да, лашынды үркітіп балапандарды бір-бірден бүріп алып келген жақтарына ұшып кетеді. Көшім бұл түсін орданың белді де, сенімді адамы, әрі әскери қолбасшыларының бірі, Күрсары керей руының ел ағасы Есенәліге жорытады. Ол – Лашын құс өзің, ұя өзіңнің билік құрған хандығың, қанаты қатаймаған балапандар әлі оңы мен солын танып үлгермеген балаларың. Көп ұзамай елімізге қатер төнеді. Балапандарды алып кетіп қалған жыртқыш құстар өзіңнің жан-жақтан анталаған дұшпандарың. Ұрпақтарың жан-жаққа бытырап әр халықтың ішіне пенде болып сіңісіп кетеді – деп жорыған екен.
Осындай болашағы беймәлім хандықтың жұрты болған қазақ тайпаларының көбі Есім ханның қол астына барып паналаса да, кейбір ру-тайпалар Сібір хандығының қайта түлеп, өркендеуінен үмітті еді. Тілі бөлек, діні басқа және қалың қолын шұбыртып ел ішіне отауыз мылтықтарымен ойран салған арам пиғылды батыс жұртына қарағанда өздеріне бір табан жақын, көрші отырған киіз туырлықты көшпенділер ойрат тайпаларымен одақтасу Сібір хандығына қараған қазақ рулары үшін әлдеқайды қолайлы еді. Сібір жұртының қазақтары пен ойраттар арасында сауда-саттық, барыс-келіс, елшілік сияқты жұмыстарды ретке келтіріп жүрген Сары Есболұлы да отау құрмай отыздан асып кеткен шағы болатын. Әкесі Есбол ұзақ жылдар Көшім ханның кеңесшісі және адал уәзірі болған, көршілес елдердің өткендегі тарихынан хабары мол ағасы Есеналымен ақылдаса келе Шорас тайпасының көсемі Қарағұл тайшының он жеті жасар қызы Төлкені Сарыға айттыруға шешім қабылдады. Сібір жұртының жергілікті халықтары Көшім ханның екінші ұлы Есімді хан сайлаған мешін жылынан кейін Төлке батыс Сібір жазығының солтүстіктегі орманды алабын ғасырлар бойы мекендеген қазақ жұртына, яғни күрсары керей еліне келін болып түсті. Осылайша Сібір шонжарларының ұрпағы Сары (Сарғатбек) Есболұлының шаңырағына жеті атасынан бері бақ пен билік кетпеген Қаракөктің көрікті қызы құт-берекесімен бірге оң аяғымен аттап кірді. Бұл 1609 жылдар шамасында.
Орта ғасырларда Осман империясының орталығы болған Стамбул шаһарында әскери және діни білім алған, Сарыны өз баласынан кем көрмей жаушылық, елшілік қызметтерге баулыған аузы дуалы ел ағасы Есеналы – балам Сарғатбек ел мен елдің арасын жарастырамын жүріп, әртүрлі себептермен кешігіп отыздан асқанда шаңырақ көтеріп отырсың. Қарағұл тайшының зор үміт күтіп отырған төртінші ұлы Ерден батырдан жеті жас үлкен болсаң, енді оның өзінен жеті жас кіші сұлу да, ақылды қарындасын, киіз туырлықты ойрат-шорастың көсемі Қарағұл тайшының төртінші қызын құтты шаңырағымызға келін қылып түсіріп отырсың. Жеті сонау атам заманнан бері бабаларымыз қастерлеген киелі де,қасиетті сан. Ұрпақтарың жеті атадан әрі асып, әрқайсысы жеті рулы ел болсын. Асты келін аналы келін деген аталы сөз бар, қадамың құтты болып Күрсары айналасының ел анасы бол – деп батасын берген деседі көнекөз қариялар. Келін болып түскеннен кейін Төлкенің тұңғыш перзенті Балта дүниеге келді. Балтадан кейін Қайдауыл есімді ұл өмірге келді. Қайдауыл туғаннан кейін Сары кіші жүздегі жағалбайлы руынан Сырға есімді қызды екінші әйелі ретінде қалың малын төлеп айттырып алды. Сырғадан егіз екі ұл Малай мен Бақтыбай дүниеге келді. Аналарынан сүт шықпай егіз туған ұлдар Төлкенің емшегін еміп өсті. Сонда Төлкенің айтқаны – ақ сүтімді бекерге ембеңдер, жақсы болсаңдар бір қауым ел атанып Малай-Бақтыбайым боласыңдар, жаман болсаңдар бірің есігімдегі малайым, бірің малымды бағатын бақташым боласыңдар – деп есімдерін өзі қойған дейді. Бертінге дейін Малай-Бақтыбай елінің ақсақалдары өзара жолыққанда бір-біріне егізімнің сыңары деп көріссе, Төлке – керей елінің адамдарымен – «Төлке анамыздың емшегін тел емген емшектес бауырларым» – деп амандасатынын көзіміз көрді. Қайдауыл мен Балтадан кейін Төлкеден Қонақбай есімді перзенті, қырық тоғыз мүшелінде иісі қазақ баласына және дүйім Кеңес Одағына есімі белгілі тау тұлғалы азаматтың (Қазақстанның қазақтан шыққан бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов) арғы атасы Шегірек есімді кенжесі дүниеге келді.
1654 жылы 104 жасында қайын атасы Есбол абыз қайтыс болғаннан кейін абыздан қалған барлық мал-мүлікті алты ұлына бөліп беріпті. Одан Сақал мен Сары балаларына бір ширегі, Бөрке (Бұрас – азан шақырып қойған нақты есімі, Төлке анамыздың ерекше сыйлаған қайынағасы және ел арасында қадірлі болғандықтан үлкен-кішілер атын атамай «Бөрекең» деп кеткен) мен Құрман ұрпақтарына бір ширегі, Абыздың кенжелері шаңырақтың иесі болғандықтан Дуадақ пен Төбет ұрпақтарына ен дәулеттің жартысы тиесілі болыпты. Қара қылды қақ жарған Төлке анамыздың осындай шарапаты болар, Сақал – Сары, Бөрке-Құрман балаларына қарағанда Дуадақ-Төбет елінде мыңды айдаған жылқылы байлар көп болыпты дейтін елдегі құйма құлақ – көнекөз қарттар, шежірені қаз-қалпында тарата білетін зерделі қариялар. Сегіз мың жылқы біткен Сарман Ботағайұлы, , кемінде қырық-елу үйір жылқыны орманды алқаптағы сайын далада өргізген Төбет Есболұлының ұрпақтары Тастыбай, Шабақбай, есімдеріне байланысты айтылатын жер атаулары еліміздің солтүстік өңірде қазір де бар.
Тарихқа және қазақ ру-тайпаларының атаулары шығу төркініне үңілетін болсақ әйел затының есіміне байланысты аталатын рулар баршылық. Бір заманда Батыс Сібір өлкесінің шұрайлы аймағын бірлесе жайлап қыз алысып, қыз беріскен, кейін саясаты сайқал державалардың айтағына еріп арақатынастары жаулыққа ұласқан көшпенділердің екі ортасында дәнекер болған дара тұлға Төлке Қарағұл тайшы қызының тарихтағы алатын орыны айрықша деп айтуға болады. Ағасы Ерден батыр (Батыр хонтайшы Сібір қазақтарының арасында осы есіммен тарихи жадынамасында сақталған. Бұл жөнінде «Есім-Ханшайым» жырында ерекше лебізбен айтылады. Жырдың нұсқасы Сағынов Рашидтің Омбы қаласында тұратын туыстарында сақтаулы) 1635 жылдар шамасында Қарағұл тайшы қайтыс болғаннан кейін Ойрат-шорастың билік тізгінін қолына алып мемлекетінің қанатын кеңге жая бастаған тұста айбарлы да, айбынды қарындасы Төлке – Мен келін болып түскен елдің шетін, Сібір жұртының шөбін атыңның тұяғы жаулық пиғылмен таптаушы болмасын – деп пәрменді тапсырма берді десетін құйма құлақ, көкірегі ояу шежіре қарттарымыз.
Төлке Қарағұл тайшы қызының тұсында құба қалмақ жұрты Ресей мемлекетімен және Сібір қазақтарымен сауда-саттық жұмыстарын жүргізіп Тобыл, Тары, Қайыңтұра (Березовск) қалаларында базардың көркін келтірді. Бағалы аң терілері, табын-табын мал Ресейдің орталықтарындағы өндіріс орындарынан шыққан дайын бұйымдқаруөжараққа айырбасталды. Бірақ Төлке қайтыс балғаннан кейін көрші елдердің жүргізген жымысқы саясатының салдарынан киіз туырлықты екі көшпенді елдің арақатынастары суып, оның соңы бітіспес жаулыққа ұласты. Ұзақ жылдарға созылған текетірес жанжалдар мен жаугершілік соғыстар екі елді де титықтатып, ақыр аяғы Ерден батыр негізін қалаған Ұлы Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан біржола жоғалса, көк түріктің түпкі мұрагері саналатын қазақ елі үш ғасыр бойы бөтен жұрттың бұғауына түсіп, боданына айналды. Евразия даласындағы жауынгер екі елдің әскери күш-қуатының әлсіреуі, алғашқысының (Жоңғар Мемлекетінің) мүлдем құрып кетуі Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы мұсылман мемлекеттерінің аз ғана уақыт ішінде естерін жиып алып державаларға айнала бастаған айдаһар мен аюдың жұтқыншақтарына жұтылуына еш кедергі келтірмеді. Бір кездері Ұлы қаған Шыңғыс ханның атын естісе сескенетін Еуропа жұрты мен Шын Машын елі осылайша оның мұрагерлерін табанының астына салып таптай бастады.
Халқымызда «алып анадан туады» деген сөз бар. Төлке Қарағұлқызының буынынан өрбіген ұрпақтары қазақ елінің өсіп өркенденуіне өзіндік үлестерін қосты. Патша заманындағы, одан бұрынғы қазақ тарихында есімдері көмескіленген, бірақ ұрпақтарының жадында қалған тұлғаларды тілге тиек етуді қаламадық. Дегенмен бертінгі тарихымызда қазақ ұлтының мақтанышына айналған тұлғалар патша заманында ерен байлығымен Сібір өлкесінің жарты патшасы атанған паң Нұрмағамбет Сағынайұлы, он екі мың жылқы біткен Мәті—Дәулен байлар, Абылайдың баласы Қасымды хан тағының мұрагері болуына қарсы болған Әлдебек би Сатайұлы, Кеңеңстік кезеңдегі тұлғалар -Жұмабай Шаяхметов, Смағұл Садуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Ермек Серкебаев, ұзақ жылдар Қарағанды облысында басшылық қызмет атқарған Нариман Төлепов (Кеңестік кезеңде он жылдай Қарағанды қаланың мэрі болды), Есімбек Мұқанжаров (он жылдай Ульянов аудандық атқару комитетінің төрағасы), осы түлғалардың арғы замандағы ұлы әжесі Төлке Қарағұл тайшы қызы екенін дүйім алаш жұрты білгені де дұрыс шығар. Біздің қазақ тарихында қалмақтан басқа жауымыз жоқ сияқты. Бірақ та сонау арғы замандарда осы елмен көрші болғанымыз өз алдына, екі елдің арасында қыз алысып, қыз берісіп мың жылдық құда болған жылдарымыз да ескерілгені жөн.
Шалқарбек Шайкенұлы Кәрібаев – Қазақстан журналистері одағының мүшесі, Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші және өлкетанушы.

Kerey.kz

Related Articles

  • АЛТЫН ОРДАДАҒЫ 92 БАУЛЫ РУЛАР

    Шыңғысхан өзі бағындырған алып територияны төріт ұлына бөліп бергенде мұрагері өгедайға Орхон өзенінен батысқа қарай Тарбағатай тауларына дейінгі жерлерді; шағатайға Шығыс түркістан, Жетісу, Мауераннахрды; Жошыға Өгедайға қарасты жерлердің батысы мен Шағатай ұлысының солтүстік батысын берді. Жошы ұлысы кейін «Алтын орда» деп аталды, оған қарасты халықтарды «тоқсан екі баулы өзбек ( немесе қыпшақ) деп атады, ол халықтардың тізімі мынандай: 1. Мың. 2. Жүз. 3. Қырық. 5. Жалайыр. 6. Прай. 4. Үгажат 6. Прай. 7. Қоңырат. 8. Алшын, 9. Найман. 10. Арғын. 11. Қыпшақ . 12. калмак. 13. Фрат. 14. Қырықтык. 15. Торғауыт. 16. Бурлан, . 17. Шымыршық. 18 Қатаған 19. Кәжі. 20. Кенехас. 21. Бұйрат. 22. Ойрат2 3.Киат 24. Бағлан. 25.

  • ҚАРЖАУБАЙ САРТҚОЖАҰЛЫ: ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗІ ЖАСАП КЕТКЕН ТАРИХЫН ӨЗІНЕ ҚАЙТАРУЫМЫЗ КЕРЕК

    Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргені көпке аян. Тарихи тақырыпты қозғаған мақалаға қатысты белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлымен әңгімелескен едік. Мархабат! – Қаржаубай аға, әңгімемізді кеше ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан бастасақ. Тарихи тұжырымдама турасында қазір қоғамда қызу талқы жүріп жатыр. Қалай ойлайсыз, ел басшысының бұл жолғы бастамасын рухани-мәдени дербестігіміздің алғышарты, күрделі кезеңде халықтың санасын оятып, серпіліс беретін үндеу деп қабылдай аламыз ба? – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргеннен бергі бір жұманың ішінде қоғамда үлкен сең қозғалғандай болды. Ұлтын ұлықтаған, лайықты бағасы берілген көптеген мақалалар жарияланды. Сол дуалы ауыздардан шыққан дұғалы сөздерді, айтылған

  • Алаш және ататек

    Байахымет Жұмабайұлы жазушы, этнограф Ататек жайында сөз қозғар болсақ «Алаш» аты шықпай қоймайды. Ал «Алаш» туралы кеңестің соңы ата текке ұласары шындық. Бұл халқымыздың тек пен тарихты бір тұтас ұғым ретінде қарауының негізі болмақ. Ендеше кеңесті «Алаштан» басталық. Халқымыздың сөз тіркестерінде «Алаштың азаматы», «Алаш – Алаш болғанда», «Алты Алаш» деген сияқты ұғымдар кездеседі. Ол олма біздің осы «Алаш» сөзіміз туысқан ұлттар арасында да өз – өздерінің тілдік қорында әксентіне қарай: Сақалар — дъиэ, Құмыттар — уъй. Түріктер — алачуг, Қырғыздар — Алаччк. Орыстар — лачуг, Ноғайлар — Алаш. Тұнғұстар — алан…[1] т. б. Дейді. Міне бұлар «Алаштың» олардың тарихымен қатыстылығы дегендік емес. «Алаш» созының таралу аясының қаншалықты кеңдігін дәлелдеу. Зерттеушілер

  • Арқадан Алтайға ауған елдің ізі (Яғни Арқадан Алтайға ауған Абақ Керейдің керуен көші жәйінда)

    Байахмет Жұмабайұлы  Кіндік сөз: Керей тайпасының ежелгі мекендері Арқадан Алтай бетіне іргелі елдің қақпайынан ауғаны распа?». «Абақ Керей елді Арқадан Алтайға «Ақмырзаның өліміне себепші болып көшкені» рас па? «Бұқар жырау Абылай ханның бұйрыуымен Керей көшін тоқтатуға алдынан шығып жотасын көрсеткені распа?» т. б. Сұрақтар төңірегінде тарихшы болмасамда ызденістің натижесінде өз әлімше көзғарас білдіруді жөн көрдім. Артық – кемін кешірммен қарарсыздыр. Шыны керек, осы тақырыпқа қатысты жазба деректер аз болғандықтан, дәлелсіз сөздің дәрмені шамалы болар деген оймен, тартыншақтап келген едім. Жуықтан бергі әлеуметтік желілерде бұл тақырып төңірегінде талас-тартыстар малыға бастағанын көріп қолыма қалам алып, осыдан бір қанша жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» деген еңбегімен екі миллярд қытайға ғана емес, шет елдердегі

  • «Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді.

    Тәуелсіздік мерекесіне орай Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, “Достар” мәдениет сарайында, «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді. Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырылханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында кезігіп қана қалмай, Марко Поло, А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер, т.б. еңбектері арқылы да әлемге әйгілі. Тарихи тұлға – Тұғырылхан есімін көтеру Ел басының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен президентіміз Қ.Тоқаевтың «Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу» аясындағы үндеуіне сай қолға алынып отыр. Ұлы дала тұлғаларын көтеруде ҚР Білім және Ғылым минстрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: