|  | 

Әдеби әлем

1992 жылдың ақпаны

11149512_1600515843567916_3321716353936465885_n

1992 жылдың қысы еді. Сол жылы Ораза айы ақпанға тура келді. Мен ол кезде 18 жастамын. Түнгі сағат 12-лер шамасында үйге қарай жарамазан айтып келе жатқан бір топ жігіттердің дыбысы естіле бастады. Дауыс барған сайын ұлғайып, мен жатқан терезенің тұсына келді. Үйдегілер жатып қалған. Мен басқалар тұрмасын дедім де, тысқа атып шықтым. Менен 5-7 жас үлкен жігіттер. Бірінің қолында домбыра, енді біреуі гитара асынып алыпты. Бәрін танимын. Ағаларымның кластастары. Олар:
– Ей, жарамазан айтып жүрміз. Нең бар беретін? – деді.
– Құрт бар, – дедім.
– Алып шық.
Үйге дереу кірдім де, пештің үстінде ілініп тұрған дорбадағы құрттан үш-төрт уыс салып алып, қайта шықтым. Олар:
– Охо, қатып кетті! Как раз закускаға құрт жетпей тұр еді, – деді де, қалталарына салып алды. Мен:
– Тағы да жарамазан айтасыңдар ма? – дедім.
– Енді 2-3 үйге айтамыз, сосын қайтамыз. Не істеп жатырсың үйде? Жүр, кеттік бізбен, – деді. Маған олармен жүрген қызық боп көрінді. Ішке кірдім де, қалың киініп, қайта шығып, оларға қосылып алдым. Жігіттер тағы да 2-3 үйге жарамазан айтқан болып, үй иелерін ұйқысынан оятып алды. Үй иелері далаға шығып, оларға рахмет айтып, қолын жайып батасын алды. Ақысына аз-маз ақша ұстатты. Кәмпит, бауырсақ беріп алдайтын жас балалар емес. Зіңгіттей жігіттер. Ауладан көшеге шыға бергенде арасындағы ең үлкені Рашид деген жігіт:
– Біраз жиналды ма? – деді.
– Иә. Он шақты бутылка вино алуға жетеді.
Екі жігіт бөлініп шықты да, бір үйден «Агдам» деген әзірбайжанның он шақты шарабын алып келді. Бәріміз ауыл шетіндегі шөпке жайғасып жатырмыз. Қыс деген аты ғана. Далада қар жоқ. Қара суық. Аздап жерді қырау басқан. Армиядан жақында ғана оралған кілең «батырлар» әскерге бара сала қалай полкті қырып-жойғандарын еске алып жатыр. Ол кезде маған солар ірі тұлға сияқты болып көрінуші еді. Мен ішпеймін. Маған олардың армиядағы әңгімесі қызық. Олардың ортасында 69 жылы туған Заңғар есімді жігіт отырды. Ол сымбатты, сұлу жігіт еді. Армияда гитара тартуды кәдімгідей-ақ меңгеріп алған. Ауыл арасына жарайтын жап-жақсы даусы бар. Өзі Шымкенттен басқа қала көрмесе де, жарасымды модамен сәнденіп киінуші еді. Қалада оқитын студенттер ғана қоятын «ассиметрия» деп аталатын бір қызық шаш үлгісін де ауылда сол қойып алды. Анекдотты әдемі айтып, елді күлдіріп отырады. Жылтырақ пен өнерлі жігіттерді жақсы көретін ақымақтау қыздар оған үйір болатын. Ол кез келген майда-шүйде отырыстың гүлі еді. Әншілігіне бола ауыл жастарға барлық отырысқа арнайы шақырып алатын. Адам ретінде де жаман жігіт емес. Ауылдың балаларының шаштарын ақы алмай-ақ тамаша етіп алып беретін. Хош, не керек, біраз шарап ішіп, бәрі қызған соң, Заңғар гитарасын алып, ән сала бастады. Қасындағы жолдастары оны қолдап, қолпаштап мақтап отыр. Кенет олардан 5-6 жас үлкен Рашид:
– Заңғар, осы сен неге үйленбей жүрсің? – деді.
– Әлі жаспыз ғой, – деді ол.
– Нешедесің?
– 23-те.
– Меніңше, үйлене беру керек. Қарасайшы, кластастарыңның бәрі үйленіп алды.
– Рашид, жас кезде жүріп қалу керек. Қазір менің дер шағым. Мақтанғаным емес, бірақ қыздар мені өздері іздейді. Осы ауылдың әрбір үйінің демей-ақ қояйын, бірақ әрбір төртінші үйінің қызы қазір ысқырсам, атып шығады, – деді. Рашид:
– Заңғар, сен босқа мақтанасың. Ол – далбаса түсінік.
– Неге далбаса?!
– Ондай ысқырғыш жігіттердің Шымкентте талайын көргем. Бірақ кейін солардың оңғаны болмады. Өзіміз де түнде паркте талай зорлықты жасадық. Бірақ соның арты жақсылыққа ұласпады. Өмірден өзімнің түйгенім ғой. Ең дұрысы – ертерек үйленіп тыныш жүрген, – деді.
– Сонда сен не демекшісің? – деді сері жігіт.
– Жалпы, қыздардың көз жасы деген бар демекшімін.
– Сен сол далбасаға сенесің бе, Рашид?! – деді кекетіп.
– Сенем. Себебі, арты не болғанын көріп жүрмін ғой.
– Меніңше, сол – далбаса. Құдай біледі деп айтайын, қыздардың өздері ойлап тапқан шығар осы далбасаны. Мен ондайға сенетін лох емепін, – деді.
Бұдан әрі бұл тақырып жаппай талқыға түсіп кетті. Кілең қызып алған мас жігіттер жан-жақтан жамырап миды атала қылды. Кенет мен де қарап отырмай:
– Негізі, Рашид братан рас айтып отыр. Себебі «Ақиқат пен аңыз» деген кітапта Бауыржан Момышұлы тура осылай деп айтады ғой сұхбат алып отыран Нұршайықовқа, – деп араластым. Сол сол-ақ екен бәрі маған жабылып кетті.
– Ей, щегол! Саған ешкім сөз берген жоқ. Братандар сөйлеп отырғанда әңгімеге араласпа. Бұл – біздің тема. Сен не білесің?! Әлі армияны да көрген жоқсың, – деп мені басып тастады.
Сонымен ырду-дырду отырыс ақыры тарады. Мен де үйге кеп жатып қалдым.
1992 жылдың жазында мен Алматыға оқуға түсіп кеттім. Каникулда ауылға үзбей барып тұрдым. Кей кездері мен Заңғарды ауылда көріп қалып, амандасып тұратынмын. Ол әлі бойдақ. Сол баяғы сымбатты сері қалпынан айныған емес. Жағдайымды сұрап жалпылдап қалатын. Сөйтіп жүріп мен оқуды бітіріп, үйленіп, балалы болып үлгердім. Заңғар әлі бойдақ еді. 1999 жылы қыста тағы да ауылға барғанымда ол мені үйге іздеп келді. Мен ол кезде Қарасудағы медресеге барып, біраз Құран, хикмет, зікірлер меңгеріп алғам. Ол менен дін жайлы әр түрлі ақпарат алған болып үйге келіп-кетіп жүрді. Тіпті маған қосылып жария зікірге қатысып та көрді. Сосын қайтадан тым-тырыс жоғалды. Оның қызық тағдыры туралы артынан естіп білдім. Ауылда тұрмыстан қайтып келген Д. есімді келіншек бар еді. Ол екі баласымен ауылда бір лашықта тұрып жатты. Сері жігіт соңғы екі жылда сол үйден шықпайтын болыпты. Күндіз де, түнде де сол үйде жатады. Не үйленбейді, не кетіп қалмайды. Ауыл олар жайлы гу-гу өсекті қайнатып жатыр. Тіпті жігіттің ағалары келіншекті ұстап алып: «Сен біздің ініміздің басын дуалап алдың. Босат баланы», – деп қорқытыпты деген де әңгіме тарады. Әрине, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Заңғар ол үйде 5-6 жылдай деліқұлы сияқты тұрып жатты. Шамасы, оны кейін ағалары сүйреп молдаларға апарып оқытса керек. Кейін үйіне келіпті деп естідім. 2003 жылдың жазында пойыздан түсіп, такси ұстауға базарға бардым. Сол жерде Заңғарды тағы да көрдім. Хал сұрасып жатырмыз. Мен:
– Зәке, сіз Арыстасыз ба қазір? – дедім.
– Иә, осындамын. Үйім де осында, – деді ол.
– Не кәсіп?
– Диван жасап сатамыз.
– Бала-шаға бар ма?
– Иә, екі балам бар.
– О, құтты болсын! Үйленгеніңізді естімеппін. Дұрыс болған екен.
– А, рахмет! – деп қуанып қалды.
Мен қоштасып жүріп кеттім. Одан кейін мен оны көрмедім. Ол туралы жағымсыз ештеңе естімедім. Тек ішімнен «баяғы бәлесінен ақыры құтылып, жаңа өмір бастағаны жақсы бопты» деп ойладым. 2005 жылдың қаңтар айында қаладағы үй телефоным толғай жөнелді. Тұтқаны алдым. Ар жақтан біреу:
– Сәке, қалай жағдай? – деп сампылдап жағдайымды, бала-шағамды түгел сұрап сатырлатып бара жатыр.
– Сен кімсің? Танымадым, – дедім.
– Мен ғой Темірбек. Ағаңның кластасы. Ауылдағы таксист ше?
– А, иә, таныдым. Айта бер, Темеке, – дедім. (1992 жылы далада отырып шарап ішкенде ол да сол жерде болған) Ол бәрін сұрап болды да:
– Сәке, осы сен ауылға келмейсің бе? – деді. Мен таңғалып:
– Жай ма? Мен жұмыстамын ғой. Отпуск алсам, барам. Оның саған не керегі бар?
– Әңгіме былай боп тұр. Баяғы Заңғарды танисың ғой? Кластасым?
– Танимын.
– Сол бір жылдан бері ракпен ауырады. Ішектің рагы. Уже Тәшкенге апарып 8 рет операция жасатты. Баланың дымы қалмады.
– Солай де. Сонда маған не істе демекшісің? Мен не істей аламын оған ауылға барғанда? – дедім әңгіменің ауанын ұқпай. Оның үстіне жайсыз хабар тұла бойыма көңілсіз сәуле шашып тұрды.
– Ол қазір өлетінін сезетін сияқты. Көңілін сұрап барсам болды, сен жайлы айта береді. Есіңде ме, ол 99 жылы саған барып, Құран үйреніп жүретін еді ғой. Қазір соны жиі еске алады. «Егер Санжар ауылға келсе, маған хабар беріңдерші. Онымен бір сөйлесу керек еді», – деп айта береді. Айтайын дегенім: ол балаға ұзаққа бармайтын сияқты. Сен бір уақыт тауып ауылға кеп кетсеңші. Жазылып кетпесе де, өлерінің алдында өтінішін орындап, риза қылып шығарып салайық, –деді.
Мен ол кезде «Алтын сақаны» жүргізем. «Қазақ радиосында» аптасына үш хабар шығарам. Уақыт өте тығыз болатын. Мұндай себеппен жұмыстан өлсе де жібермейтін. Мен Темірбекке осының бәрін айтып түсіндірдім. Ол қынжыла тыңдап тұрды да:
– Мейлі, Сәке, сонда да көрерсің. Егер ғайыптан тайып, ауылға келіп қап жатсаң, міндетті түрде хабарлас. Үйіне кіріп шығайық, – деді.
Мен: «Мақұл», – деп келістім.
Ауылға арнайы барудың сәті түспесе де, бір айдан соң мұқтаждықпен баруға тура келді. 2005 жылдың ақпан айында менің туған жеңгем аурудан қайтыс болды. Жұмыстан дереу екі күнге босатты. Түнде көлікпен шығып кеттім. Жеңгемнің жаназасына Темірбек те келді. Көңіл айтып болған соң:
– Қашан қайтасың? – деді.
– Ертең кешке.
– Уақыт бар екен. Шығардан 2 сағат бұрын айт. Заңғардың үйіне кіріп шығайық. Мен оған сенің келгеніңді айттым. Келеді деп күтіп отыр.
– Жақсы. Барайық, – дедім.
Ертесіне түс қайта ол келіп мені көлігімен алып кетті. Жолда келе жатып ол:
– Сәке, қазір ана үйге барғанда сақ болыңыз, – деді.
– Неден?
– Әңгіме барысында «күшік күйеу», «ажырасқан», «бала-шаға» деген сияқты темаға кіріп кетпеңіз. Көңіліне келеді.
– Неге?
– Себебі ол қазір енесінің үйінде тұрады.
– Қалайша? Ол маған үйім бар деп еді ғой.
– Үйім деп отырғаны өзінікі емес. Бұл бала сәтімен үйлене алмады. Жасы өтіп бара жатқан соң, өзінің туған құдашасына үйленген.
– Құдашасына?!
– Иә, баяғы Райхан деген қарындасы бар емес пе? Соның қайын сіңлісі Тараз жаққа тұрмысқа шыққан. 4 жыл бұрын сол құдашасының күйеуі Таразда авариядан қайтыс болған. Құдашасы екі баласымен үйіне қайтып келді. Сосын қарындасы қайын сіңлісін туған ағасына екі баласымен алып берді. Балам деп жүргені – сол ана марқұм болған жігіттің балалары. Өзінен әлі бала жоқ.
– Солай де? – деп мен таңғалып отырып қалдым.
– Иә, солай. Сондықтан ана үйге барғанда ол жерде туған қарындасы да жүреді. Соны көрген кезде жайсыздау сұрақ қойып қалып жүрмеңіз, – деп мені әбден дайындады.
Үйге жетіп, сәлем беріп ішке кірдік. Үйдің ішін көңілсіз аура жайлап алған. Қарындасы бізді көре сала:
– Заңғар, Санжарлар келді, – деп қуанып жатыр. Сол кезде түпкі бөлмеден таяғына сүйеніп Заңғар шықты. Қасында бір жас бала демеп келе жатыр. Бұл Заңғар басқа Заңғар еді. Құр сүйекті терімен қаптап қойған дерсің. Бұрынғы сыр-сымбаттың тамтығы да жоқ. «Ат арыса – тулақ, ер арыса – әруақ» деген мақал миымда қалқып тұрды. Оң жақ бүйіріне бір пакет іліп, оны скотчпен айналдыра буып байлап қойыпты. Соған қарамастан қатты қуанғанын барынша білдіріп жатыр. Мейлінше байқап құшақтасып көрістік. Қарындасы, яғни, сол үйдің келіні Райхан зыр жүгіріп дастархан жасады. Лезде ыстық шай да келді. Ол жеңгеме көңіл айтты. Мен оның денсаулығын сұраған боп жатырмын. Ол қалыпты сөйлей алмайды. Әңгіме айтқан сайын ішіне ауа сорып алып, ентігіп отырып бір сөйлемін зорға аяқтайды. Ол өзінің қалай ауырғанын, 8 рет операциядан аман шыққанын, Тәшкендегі дәрігерінің мықтылығын – бәрін айтып отырды. Ол сөйлеп отырғанда бүйіріндегі пакеттен қорылдап судың аққаны сияқты дыбыс естіліп тұрды. Заңғар ыңғайсызданып: «Мына тоқ ішігімді пакетке салып, сыртына шығарып, скотчпен матап тастады. Ішек-қарнымды осылай сүйретіп жүрем», – деп әзілдеп қойды. Сәлден соң ол ыстық естеліктерді есіне алып, елжірей сөйлеп кетті:
– Эх, Сәке, баяғы кездерді айтсайшы. Сенің үйіңе барып неше түрлі діни қиссалар тыңдаушы едік. Аз да болса Құраннан хабардар болып қалып едім. Ақымақтықпен оны да қойып кеттім. Қазір өлердей өкінем. Сол кезде үзбей үйрене беруім керек еді. Егер осы аурудан аман қалсам, тағы да саған барып оқимын деп армандап қоям. Бірақ қазір сен атақты болып кеттің ғой. Ауылға да сирек келесің. Телевизордан «Алтын сақаны» көрген сайын үйдегілерге: «Міне, біздің ауылдың баласы. Біздің інішек. Ағасымен бірге оқығам. Маған Құран үйреткен», – деп мақтанып отырам, – деп ағынан ақтарылып кетті. Ол қанша жерден азып, арықтап кетсе де, осы жолы екі беті қуаныштан нұрланып, шаттанып, жасарып отырды. Біз жүруге рұқсат сұрағанда кәдімгідей қиналып:
– Шіркін, мына әңгімені үзбей, осылай мәңгі бақи отыра берсек қой. Әй, бірақ пендеміз ғой. Жазылып алған соң, қайтадан диван жасаймын деп ит тіршілігіме кіріп кететін шығармын, – деп елді біраз күлдірді. Үй ішімен түгел қоштасып, Алматыға түнделетіп қайттым.
Алматыға жеткен соң ауылдағы үлкен ағама хабарласып: «Заңғарға жиі барып, рухани сұхбаттасып тұрыңыз», – деп өтініш жасадым. Ағам барып тұрды. Тіпті оңаша қалғанда олар өлім тақырыбын ашық талқылаған сияқты. Көп затқа қаныққан соң, ол ажалын ешқандай қарсылықсыз, мойынұсынған халде қарсы алуға біржола бекініпті. 9-шы рет пайдасыз операцияға барудан саналы түрде бас тартты. Ол екі аптадан соң 36 жасында пәни дүниеден озды.
… Ал Рашид егіс алқабында бір кісімен ілінісіп төбелесіп, оны өлтіріп алды. 8 жылға сотталып, 5 жыл отырып келді.
Әліге дейін, түнде көшенің жағасында отырып, дабырласып, ішіп-шегіп осындай «ерлік» істерін жарыса айтып отырған жас жігіттерді көрсем болды 1992 жылдың ақпанында болған оқиға есіме еріксіз түсіп кетеді.

Санжар Керімбай

degdar.kz

Related Articles

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

  • МӘҢГІ ҚАЗАҚ(ертегі фэнтези) 

    ҚАЗАҚТАРҒА ЖАСАлып жатқан  ҚИЯНАТ КӨП БОЛҒАСЫН, « Мәңгі қазақ» атты әңгіме жазсам деп жүретін едім. Осыдан бір күн бұрын сол әңгіменің сюжетіне келетін түс көржім. Кешеден бері жазуға кіріссем бе деп жүр едім, сәті бұгін түскен сияқты. ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ Өте ертеде емес, бүгінде емес, ғылым докторлары Санжар мен Балжан институтта қызмет ететін.Өздерінің лауазымдарына қарай қарапайым екі қатарлы жақсы салынған коттеджде тұрды.Интеллигент адамдар өмірдің қиындықтарына көп мін бере қоймайды ғой, Өмірлері мәнді, жайлы өтіп жатты. Жақсылықта көп күттірген жоқ, Санжар мен Балжан ұлды болып, коттеджде шағын той өтті. Неге екенін қайдам, әке шешелері ақылдасып, ұлдарыныі есімін Аңсар деп атаған. Аңсар ертедегідей тез де өскен жоқ, кеш те өскен жоқ. Тәрбиелі жігіт болып

  • СУ ІШКЕНДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗЫУШЫНЫ ҰМЫТПА

    (23 – әңгіме) БАЙАХМЕТ ЖҰМАБАЙҰЛЫ — Біздің заманда сендерше киімнен-киім таңдайтын жағдай қайда, жамап-жасқап, тон, шалбар кисек те жететін. Сөйтіп жүріп аянбай еңбек еттік. Бүгінгі күн басатын жолды ол кезде айлап жүрдік, тіпті бүгінгідей дүниенің төрт бұрышынан хабар тауып отыратын жағдай қайда? — деген қария немересінің жұмыстың қырын білмей, тік қасық болып өсіп келе жатқанына наразы бейнесін аңғартып, өз өмір кешірмесінен кеңестер қозғаған. Немересі: — Ата, сол дәуірде туған өздеріңіздің сорлы болған тәлейлеріңізден көрмейсіз бе? Оларыңызды бізге айтпаңыз, —демей ме. Ашудан жарыларман болған қария: — Е, ондай болғанда «Ұрпақ үшін бақыт-байлық жаратсам» деп тер төгіп, жан қиып, азып-тозған ата-бабаларың сендерге айыпты болғаны ғой. «Теңдік үшін» деп әкем оққа ұшты. Ал

  • Мұхтар Мағауин: ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ…

    яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүдәмалда қалмасын деп. Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: