Зуқа батыр 150 жыл Қазақ хандығына 550 жыл
КӨШТІ МОҢҒОЛИЯ ҮКІМЕТІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАДЫ, ЕЛ ЫНТАСЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ.
Ел ақсақалы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевпен кездесу
Халықтың арқа сүйер беделді азаматы, халық жазушысы Шерхан Мұртазадан алған рухани қуатымызбен қанаттанып, Ата-бабадан қалған салтымыз бойынша келесі күні Дінмұхамет Қонаевқа сәлем беруге өтініш жасап, қабылдауында болдық. Қазақ елінің жеткен жетістігінің негізін қалап,ұзақ жылдар ел тізгінін ұстаған Абыз ағамыз, бізді өз шаңырағында жылы шырай, ізгі ниетпен қарсы алды. Атамекенге келер үлкен көштің басы болып келіп жатқан қандастарымыздың атынан сәлем беріп, қол алысып, ықылас батасын алдық.Алыстағы ағайынның алды Талдықорған облысына келіп орналасып жатқан жағдайын, арығарай үлы көшке жол ашуды мақсат етіп жүргенімізді айттық.Үстел басында ағайындық шынайы ықыласпен өрбіген әңгіме, бұрынғы кездесу- таныстықты еске алуға ұласты:
Бұл 1974 жылдың қараша айы еді. Уланбатырдың қақ ортасында Кеңес Одағының көмегімен салынған ” Профсоюз қоғамының мәдениет сарайында” үлкен жиын болды. Бұл Уланбатыр қаласының 50 жылдық мерей тойы болатын.Тойға социалистік елдердің делегацияларын Л.И.Брежнев бастап келді.Құрамында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық комитетінің бюро мүшесі, ҚазССР Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев, Қырғыз Республикасының орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Үсібалиевтар болды.
”Моңғол Совет достық қоғамының” туына Д.А.Қонаев “Халақтар достығы” орденін қадады.
Осы салтанатты жиында, жұмысы артта қалған, жоспары орындалмайтын ауыр жағдайдағы өндірісті, алдыңғы қатардағы өндірістер қатарына қосып, нәтижелі жұмыс атқарғаны туралы баспа бетіне жиі шығып жүрген Аятхан Тұрысбекұлына, Кеңес Одағынан білім алып келгендердің атынан сөз сөйлеу жүктелген еді.
Мазмұнды да қысқа-нұсқа сөзімен жиналған ел қошаметіне бөленген Аякең, демалыс арасында , көп жылдан бері үкіметтік жоғарғы басқару жұмысын атқарып жүрген Елағасы Қабдылмен бірге Д.А.Қонаевқа барып, жүзбе-жүз көрісіп, Ассалаумағалейкум ! деп сәлем беріп, қазақша жөн сұрасып, қол алысқан, естен кетпес ерекше тебіреністе болған сол бір сәтін еске алғанда Д.А.Қонаев: -Иә есімде, сондағы жалынды жас жеткіншек сен екенсің ғой. Бәрекелді, ел азаматы болып енді міне атажұртқа еліңді бастап келіп жатқаның сүйсінерлік жай. Алыстағы ағайынды көшіріп әкеле беріңдер. Қолдаймыз.Кешікпей мен Талдықорған облысына барамын. Сонда облыс бастығы С.Тұрсыновқа айтып, тапсырамын,-деп ағынан жарылды.
Қолымыздағы “ сый-тартуға” арналған моңғолияда жасалған көк белгілеу кітабына ықылас тілегімізді білдіріп естелік жазып ұсындық. Аталы сөзімен адамды баурап алатын ел ағасына сәлем беріп, ықылас батасын алып, қолдау көрген бұл кездесуден алған әсеріміз мәңгі есте қалды.
Кейіннен Қазақ халқының ардақты азаматтары Асқар Тоқпанов,Нұрғиса Тілендиев,Өзбекәлі Жәнібеков, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Асанәлі Әшімов, Марфуға Айтқожиналар мен жүзбе-жүз кездесіп, дастархандас болып, ықылас баталарын алуымыз төбемізді көкке жеткізіп, мақтанышқа толы шаттық сезімге бөлеген еді.
Жазушылар одағына барып қаламгерлер, Оралхан Бөкей, Әкім Тарази, Серік Тұрғынбеков т.с.с көптеген ұлт жанашырларына кезігіп қоғамдық пікір қалыптастыруды мақсат еттік. Осыдан кейін министр С.Бейсенов мырзамен де тіл табысып Моңғолия елінің Еңбек министрін Алматыға шақырған ресми хатын алып, Ц.Цолмон министрге тез жеткізуге асықтық.
Осымен аңсаған арман алға қойған мақсатымызға жетіп, Кербұлақ ауданына алғашқы келіп атамакен топырағына табан тигізген, 1991 жылдың 17 наурызы, тарихи оқиғалы ерекше есте қаларлық күн болып қалды…
КӨШТІ МОҢҒОЛИЯ ҮКІМЕТІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАДЫ,
ЕЛ ЫНТАСЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ.
1991 жылы 20 сәуірде Моңғолия Республикасының Еңбек министрі Ц.Цолмон мырзаның қабылдауында болдық.Министрге, ҚазССР-ының Еңбек министрі С.Бейсеновтың хатын жеткізе отырып Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданына еңбек келісім шарты бойынша барған жұмысшылардың тіршілік жағдайлары еңбекке орналасулары жайында толық баяндап айттық. Талдықорған облысының басқа аудандарымен жасалған келісім-шартты таныстырдық. Келісім шарттағы «жұмысшыларды отбасымен алу, оларға шет елдік төлқұжат жасау, қазақтың қара шаңырағы киіз үйлерін және мал-мүлкін де алып кетуге рұқсат беру, шекарадан кеден салығынсыз шығару» баптарына министр Ц. Цолмон мырза ерекше назар аударды. Бұл мәселені үкімет деңгейінде қарап шешілуіне ықпал ететінін айтты.
Министр Ц.Цолмонның қолдауымен 1991 жылы 30 сәуірде Моңғолия Үкіметінің Премьер-министрі Д.Бямбасүрэн мырзаның жеке қабылдауында екінші рет болып көшке қатысты шешімін күткен мәселелерді жан-жақты таныстырдық.
Д.Бямбасүрэн мырза мәселені мұқият тыңдап, ұсынысымызды қабылдап өзі қолдау көрсетіп мәселенің оңды шешілетіне ықпал ететінін айтты. Расында Д.Бямбасүрэн мырза уәдесінде тұрып, Моңғолия үкіметі көшкен қазақтарға барынша қолдау көрсете білді, ешбір кедергі жасамады, көш төңірегінде болып жатқан келеңсіздіктерге көшті басқадай жолдармен бастайық деген адамдарға тосқауыл қоя білді. Мұндай Ұлы адамдардың ұлылығы халқына деген көмегін, қолдауын, қамқорлығын тигізетіні тарихта осылай бағаланып қала береді екен де, халық оны өмірдегі тағдырларымен уақыты келе ақиқатты аңыз етіп айта беретіні өмір шындығы екен…
Моңғолия қазақтарының көшке деген көз қарасы үш бағытта өрбіді. Біріншісі: Өзінің және ұрпағының болашақ тағдырын тәуелсіз Қазақ елі тарихи Отанымен түбегейлі байланыстырғандар. Олар, рухы биік, ұлтын сүйетін, парасатты, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерге келгенде, кеңінен толғанып,ұлттық мүдде тұрғысынан шешім қабылдайтын, тәуекелшіл топ өкілдері. Екіншісі: Күнделікті күйбең тірлікке көбірек көңіл бөлетін, қолда бардан айрылып қалам ба деген күдікпен алда не жағдай боларына күмәндәнә қарайтын топ өкілдері. Ондай адамдар көңіл күйлеріне байланысты кім не айтса соған еріп, өсек-аяңға көбірек мән беріп, нақты шешім қабылдай алмай жалтақтай береді екен. Үшіншісі: Атамененіне көшпеуге бекінген топ өкілдері. Олар белгілі лауызымын қимайтындар, Қазақ елінің тәуелсіздігіне күмәнмен қарағандар, кейбіреулері қазақтың ұлттық рухани құндылықтары мен ұлтына деген сүйіспеншіліктеріне өздері де баға бере алмаған өз беттерімен өзекті шешім қабылдауға дәрменсіз жандар деуге болады.
Моңғол өкіметінің қолдауының арқасында атажұртын аңсаған халық тез қозғалып, көшуге ыңғайлана қалды
Көшуге тілек білдірген әрбір 100-200 отбасына, өздерінің орталарынан белсеніп шыққан бір бір азамат басшыға тағайындалды, Олар көшушілердің дізімін жасаудан бастап, шет елдік паспорт дайындау, поезға билет алу, жүктерін артуды ұйымдастырудан тартып, көшушілердің мал мүлкін мүмкіндігінше сату жұмысына қолғабыс жасау, оларды діттеген жеріне дейін жол көрсетіп бастап келіп жаңа қонысқа орналасу жұмыстарының барлығын жауаптанып атқарды. Осы игі істі атқаруда Жақсылықұлы Мұхит, Сансызбайұлы Құрметбек, Машайұлы Керімхан, Қ.Жәлелбек, Алақанұлы Ақын, Қалиұлы Қуаныш, Күнқожы Мұхамет, Рустемұлы Көпжасар қатарлы азаматтар ерекше еңбек сіңірді.
Бұл жолғы жүздеп вагон жалдаған ұлан асыр, салқар көшке темір жол торабына жақын орналасқан Улан-Батыр, Налайх, Баганур, Эрдэнэт сияқты үлкен қалалармен Хэнтий, Дорнод, Сэлэнгэ, Төв, Сухэбатор аймағының қазақтары қамтылды. Осылай 1991 жылы 12 мамыр күні Уланбатырдан шыққан көш Наушка-Иркутск-Новосибирск-Үштөбе темір жолы арқылы Жетісу жеріне жетіп, әрбір аудандар мен ауылдарға тарап қоныстана бастады. Сол бір ұмытылмас сәттерді Бақытбек Бәмішұлы былай жырлап еді;
Ассалаумағалейкум арма деп,
Ағайын туыс барма деп,
Айтылғанда ақ тілек
Сарғайған жүрек лүпілдеп
Шығыстан өрттей лаулап ек.
Ұмтылғанда ұрандап,
Бір поезға сыйыспай,
Жүз поезді жаулап ек.
Ошақ қалды бұрқырап,
Үйір қалды шұрқырап,
Айттырып қойған арда төс,
Ару қалды шырқырап.
Атажұртқа садаға,
Сенде қалдың туған жер,
Сай сүйегің сырқырап.
Атажұртым арма деп,
Ағайын туыс барма деп
Кіре елдің шетіне,
Топырағыңа аунап ек.
Біз осылай саулап ек,
Атажұртқа ауған ек,
Иә,құдай Тәуба! деп…
Алғашқы лекке Баян-өлгей аймағынан жеті жанұя ілесті. Олар Баян-Өлгей аймағының Бұлғын өлкесінен жүк машинасымен шығып 2295 шақырым жол жүріп Моңғолия елінің астанасы Улан-батыр қаласына келіп жүктерін вагонға ауыстырып тиеді. Олар: Сәулехат Заханұлы, Абай Мауқараұлы, Сарай Мауқараұлы, Жырғау Мәтейұлы, Келерхан Мархабаұлы, Тау Изатұлы Тілейхан Ноғайұлының отбасылары болатын. Ел көшінен қалмай 2300 шақырым жолды 5 күн авто машинамен табиғи дала жолымен жүріп келіп темір жол қатынасына лесіп, атамекендеріне жетуге асыққан бұл отбасыларының шешімдері ауыр жол қиындығын жеңе білген, нағыз ерлік деуге тұратын еді. Осылай басталған көштің қызығы мен қиындығын, қазақтың қазаққа деген сағынышын бүгіндері тек айтуға ғана оңай деуге болады.
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЗИЯЛЫСЫ КӨШТІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАДЫ,
МОҢҒОЛИЯ ЕЛІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛДІГІ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ НЕ ІСТЕЙ АЛДЫ.
2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының Астана қаласында өткен IV құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасымыз, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төралқа төрағасы Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы Моңғолия елінде тұратын қазақтардың тарихи Отанына қоныс аудара бастаған көшіне: Менің бұрындары да айтып келе жатқанымдай Досын сүйіндірген, Дұшпанынын күйіндірген «ҰЛЫ-КӨШ» болды деп тарихи баға берді.
Осы ұлы көшті көлікті де көрікті етіп ата бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап аңсап кеткен Атамекеніне ұрпақтарын жеткізу үшін 1990 жылдан жоспарлап елге оралудың оңтайлы жолдарын қарастыра бастаған едік. Мен өзім, Моңғолия қазақтарының көші қай жылдары қалай басталғаны жайында 2001 жылы «Ұрпақтар тоғысы» атты кітабымда егжей-тегжейлі тарихи деректер, екі елдің Үкімет аралық келісімдері, министрліктерден шыққан шешім, бұйрықтарға сілтеме жасай отырып толыққанды жазған едім. Бірақта менің кітабым қажетті орындарға және көші-қон саласын зертеп зерделеуші институт, ғалымдар, жеке тұлғаларға жетті деп айта алмаймын. Көш үрдісіне 20 жыл толғаннан бері қаншама адамдар, қоғамдық ұйымдар өз ой пікірлерін саралап кітаптар шығарып жатыр. Өкініштісі бірде бір кітапта Моңғолия елінің үкіметі, министрлігі, департаменттерінің шешімдерінің түпнұсқасын сол елдің тілінде қосымша ұсынып дәлелдеген ақпараттар жоқтың қасы. Сондықтанда көш қалай басталғаны, кімдер ұйымдастырғаны, екі ел арасында атсалысып ұлы көшке нақты көмек қолын созған адамдардың еңбегі бұрмаланып, көш өз сарынына түскеннен кейінгі осы сала бойынша еңбек еткен, көш үрдісі бойынша қалам тартқанның бәрі көш бастадық деген ойларын ортаға салуда. Әр нәрсенің тарихы тасқа жазылып қалатындай көштің де тарихи деректі құны өз мәнін жоғалтпаса екен… Көшкен халық бұл үрдісті тайға таңба басқандай біледі. Дүниежүзіне әйгілі «социалистік» жүйе өзгеріске ұшыраған өтпелі кезеңнің тұсында бұл өте күрделі мәселе еді.
Нар тәуекелге бел буған сол бір қиын қыстау кезеңде ұйқы-күлкі, демалыс дегенді ұмытып, өз қаражатымызбен қалтамыздан қағылып, қазақ жерін шарлап жасаған тірліктеріміз бүгінгі әңгіменің айтуға оңай арқауы деуге болады. Қиындықтардың қисынын тауып атажұрттағы ағаларымыздың қолдауы ағайындық қамқорлығымен 1991 жылы 19 шілдеде Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің шешімімен Моңғолия Республикасының Еңбек министрлігінің тұрақты Өкілдігі Қазақ ССР-і астанасы Алматы қаласында ашылды. Өкілдік Қазақ ССР Сыртқы экономика байланыс министрлігінде 1991 жылы 29 шілдеде ресми тіркелді.
Сол себепті те Моңғолия Республикасының Еңбек министрі Ц.Цолмон мырза, Өкілдіктің төрайымына Сағат Заханқызы мені, орынбасарыма Аятхан Тұрысбекұлын тағайындады. Бұл Өкілдік- «еңбек келісім шарты» деген желеумен атамекеніміз тәуелсіз Қазақ еліне жеткен қоныстанушы ағайындардың мәселелерін шешуге атсалысатын заңды тұлға еді.
Өкілдіктің алдында кезек күттірмей шешімін табуға күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі зейнеткерлерге «Зейнетақы» төлеу болатын. Жұмыс күші ретінде келген жастардың зейнет жасындағы ата-аналарына Моңғолия елінде алып тұрған зейнет ақыларын жалғастырып бере беру мәселесі шешілмей қойған. Моңғолия Республикасы, жұмыс күшін пайдаланып жатқан Қазақ ССР-і, нарық заңдылығы бойынша, олардың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесінің шешімін тауып жатыр, зейнетақы төлеу мәселесін де сол ел өз мойнына алуға тиісті деген бағыт ұстанды. Сол кезде елдің көбісі жұмыссыз қалып көптеген отбасылар қарттарымыздың тұрақты зейнетақысымен күндік азық-түліктерін алып күнкөрістің ауыр халіне жеткен заманда мұндай маңызды мәселенің шешімі табылмаса келеңсіз жағдай туындап, көштің кері қайтуына да әсерін тигізуі әбден мүмкін еді. Мәселенің оңтайлы шешімін іздестіріп, Қазақ ССР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі Зәуре Жүсіпқызы Қадырованың қабылдауына сұранып барғанымызда, бізді жылы жүзбен аналық мейірімділікпен қарсы алып, көшіп келген ағайынды Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосу туралы ұсыныс-пікірімізді құптады. Мәселенің шешімі табылатынына сенім білдіріп, орынбасары М.К. Құсымжановқа тапсрма берді..
Көп кешікпей М.К.Құсымжанов мырза мәселені шешудің жолы табылғанын айтты. 1981 жылы Кеңес үкіметі мен Моңғол Халық Республикасының арасында қол қойылған келісімде «Аталған екі елдің азаматтары бір бірінің териториясында тұрған жағдайда, оларды cол тұрған еліндегі әлеуметтік жүйеге қамту керек» – деп көрсетілгенін негізге ала отырып, көшіп келіп жатқан ағайындарды, Қазақ ССР-ң әлеуметтік жүйесіне қамтып, зейнетақыларын төлей беруге болады – деп көріп отырмыз, арықарай үкіметтің қолдауын алсақ сіздердің ұсыныстарыңыз орындалғаны деп қуанышты жаңалығымен бөлісті.
1991 жылы 20 қыркүйек күні М.К.Құсымжанов мырза облыс қалалардың Әлеуметтік қамсыздандыру басқармаларына жедел хатты телеграмма арқылы жолдады. Телеграммада: «Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне қайта- қайта өтініш жасалынып жатуына байланысты, төменгіні қабарлаймыз:
1981 жылғы 6 сәуірдегі МХР мен Кеңес Одағының арасында қол қойылған Әлеуметтік Қамсыздандыру саласында бірлесіп жұмыстау туралы келісімге сәйкес, Қазақ ССР территориясына Моңғолия елінен көшіп келген зейнеткерлерге, олардың қолдарындағы, Моңғолия елінде зейнетақы алып тұрғаны туралы куәліктерін негіздеп, уақытша зейнет ақы тағайындау. Содан кейін ол жақта зейнетақы алып тұрған ісқұжаттары, анықтамалары толық келгеннен кейін қайта қарап, есептеп Қаз ССР-ң қолданыстағы заңдылықтарына сәйкес, толық мөлшерде тағайындап беруді хабарлаймыз» делінген еді.Телеграмманың астына: Х.Б.Нұрмаханов, кезекті өндірістік кеңесте тұрақты өкілдіктің басшылары Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлына таныстыруды өтінемін. Моңғолия жайында материялды дайында, деп қол қойылған екен.
Басқарма бастығы Х.Б.Нұрмаханов қолымызға телеграмманың бір данасын беріп, игі істің орындалуымен құттықтаған еді.
Бұл министр Зәуре ханымның ұлтына деген шынайы жанашырлығының арқасында шешімін тапқан маңызы зор үлкен мәселе болды. Батыл шешім қабылдаған қазақтың ұлтжанды дана қызына моңғолиялық зейнеткерлер болып жалпы көшіп келген мыңдаған қазақтардың атынан ыстық ықыласымызды білдіріп қарияларымыздың ақ бата тілектерін жеткіздік. Өзімізде бір марқайып қалдық..
1991 жылы 21 қыркүйекте екі елдің Еңбек министрлері бастаған Үкімет делегациялары Моңғолия Республикасының астанасы Уланбатыр қаласында кездесіп, «Еңбек рыногындағы туындаган жағдайды реттеу жөніндегі» келісімге қол қойылды.
Екі елдің Үкімет өкілдері құрамындағы кездесуде тұрақты Өкілдіктің орынбасары Аятхан Тұрысбекұлы қосымша баяндама жасады. Моңғолия қазақтарының атажұртқа жұмыс күші ретінде қабылдануының жолы кеңінен талқыланып, көптеген игі істердің шешімі айқындалды. Көшіп келушілерге Қазақстан жағынан зейнетақы төлеу мәселесі осы келісімде заңдастырылып, кейін 1993 жылы екі ел арасында “Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі” жеке келісімге қол қойылды.
1991 жылы 17 наурызда Алматы облысы Кербұлақ ауданына Еңбек келісім шартымен 96 адам бастап келген көш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұлтына деген ұлылық ізгі ниеті мен атамекендегі ағайынның қандасына деген құшақ жайды қамқорлығының жемісі еді!! Тарихи оқиға болып қалған осы көш арықарай Ұлы-көшке ұласып, осы жылдың қыркүйек айына дейін Уланбатыр-Наушки-батыс Сибирь темір жолы арқылы 11800 адам Қазақстан Республикасына Еңбек келісім-шартымен көшіп жетті.
Еңбек келісім-шарты бес жыл мерзімге жасалып, көшіп келушілер тек қана қазақ ұлт өкілдері болып келісілді. Олардың Моңғолия Республикасының азаматтығынан шығу мәселесі үкіметтік деңгейде келісіліп шешілуі әлі де ерте еді. Себебі, Қаз ССР-і әлі тәуелсіздігін алмаған болатын. Сондықтан да шет елдік төлқұжат пен оңтайлы орналасып, жаңа ортаға бейімделіп, жер үлесін алып түбегейлі орын теуіп, алаңсыз тірлік жасап кету оңайға соқпады. Көшіп келушілер әр облыстағы елді мекендердегі егін, мал шаруашылықтарына еңбек күші ретінде таратылып орналастырылғандықтан барлығының жағдайларымен танысып біліп тұру мүмкіндігіміз шектеулі болды.
Жергілікті мекеме кәсіпорындардың келісімшартта көрсетілген міндеттемелерінің орындалуы, көшіп келушілердің мұң мұқтаждарын екі елдің тиісті орындарына жеткізу, халыққа қолдау көрсету, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, жаңадан келісімшарттар жасау, тағы сол сияқты Өкілдіктің мойнына жүктелген қызметтерді мүлтіксіз атқарудың өзі аумалы төкпелі, дағдарыс заманында оңай шаруа емес еді. Бірақта, өз ел өз жерінде отырған бір туған қазақ қандастарымыздың ағайындық кең пейіл, ақжарқын көңілдерінің арқасында көшіп келушілер ерекше тарығып та кеткен жоқ.
Өкілдіктің өзіне жүктелген міндеттерді толығымен атқаруы үшін қыруар қаржы қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Қажетті штат саны, сосын штат бойынша қызмет атқаратын мамандар, оларға Моңғолия үкіметінен айлық жалақы төлеуден бастап кеңсе, көлік төлемдері, іс сапар шығындары сияқты қаржы көзі толығымен шешілмеді. Аятхан Тұрысбекұлы, Сайт Заханұлы үшеуіміз осы жұмысты қолға алғаннан бастап отбасы бала-шағамыздың тірлігін туысқандардың мойнына артып қойып, «болашақ ұрпақ тағдырын атамекенде шешу, елді елге қосу» деген мақсатымызға жету үшін 1990 жылы Москвадан-Алматыға келіп қайтудан бастап, 1991 жылғы көктем айларында Алматы қаласы, Талдықорған облысындағы іс сапар шығындарын өз қалтамыздан төлеп көшті бастап жүргізіп келдік.
Көш өз арнасына түсе бастаған кезде, өз ара келісіліп, еңбек жасындағы адамдардың әрқайсысынан 50 төгрөг жинап көші-қон жұмысын ұйымдастаруға жұмсайық деп келіскен болатынбыз. Келісім бойынша бұл міндет Улан-Батыр қаласында «Шетелдерге жұмыс күшін шығару жөніндегі бюро» ға уақытша жұмысқа алынған Ботагөз Уатханқызына жүктелді. Ол көшкен адамдардан жиналған, 59 мың төгрөгті бізге табыстады.Бұл жиналуға тиісті ақшаның 20 пайызы ғана. Ал, 1991 жылы көшкен барлығы 11800 адамның, жұмыс жасындағы бес мың адамынан жиналуға тиісті ақша қаражаттың қалған 80 пайызы туралы бізге есепте, түсініктеме де берген жоқ, анық-қанығын да ашып айтпады. Және де, Моңғолия Үкіметі 1991 жылы 15 қаңтарда, «Нарықтық экономикаға баға саясатын ырықтандыру туралы»нөмері 20-шы тарихи үлкен қаулы шығарғанда, шет ел валютасының бағамы еркіндікке жіберілгендіктен Американың бір долларының құны бұрынғы 4-5 төгрөгтен неше есеге қымбаттап, 90-100 төгрөгке жетті. Екі елдің де ақшасы күнсанап құнсызданып жатқандықтан, жоғарыдағы жиналған аз ақша, екі адамның айлық жалақысын айтпағанда, іс сапардың шығынын да өтей алмады.
Біздердің, Алматыдағы Өкілдікке жаңа жұмысқа ауысуымызға байланысты, Моңғолия Республикасындағы негізгі қызметіміз 1991 жылы 1 қыркүйектен бастап тоқтатылған болатын.
Өкілдіктің қаржы мәселесінің шешілуіне көштің «Еңбек келісім шарты» деген желеумен жүрілуі үлкен қиындық туғызды. Нарық заңы бойынша, жұмыс күшін пайдалансаң, оған келісілген мөлшерде «төлем ақы» төлеуге міндеттісің. Моңғолия елі осы тұжырымдаманы ұстанды. Өкілдікке қажетті, көшке байланысты шығындарды осыған негіздеп, өздері қаржыландырудан бас тартты. Еңбек күшін алып отырған Қазақстан Республикасы «төлем ақы» негізінде қаржыландырса, деп кесіп айтты…
Монголияның Еңбек министірлігі мен Қаржы министірінің 1991 жылығы 17 мамырдағы 123/05 номерлі біріккен бұйрығы бойынша Еңбек келісім- шартын жасағанда «төлем» мөлшерін анық көрсетіп отыру керектігін міндеттеген еді. Біз, делдалдыққа, деп азғана ақшының сомасын көрсетіп отырдық. Екі елдің үлкен лауазым иелерінің осы төлем жөніндегі түсінігі бір жерден шықпады. Оған көңіл аударып, олардың бір мәмілеге келуін күтіп, алдымен қаржы мәселесін тастүйін етіп шешкізіп аламыз десек көш тоқтап қалар еді.
Біздің мақсатымыз қалайда Атамекенге қоныс аударудың тетігін тауып көшті қалайда жүргізе беру болатын. Осы арманымызға жетуге адал ниет, шын жүрегімізбен беріліп алға ұмтылдық. Арманымызға да жеттік. Ендігі мақсатымыз өзіміздің себепкер болып көшіріп келген халықтың қиналмауы еді. «Ел іші-кен іші» деген рас екен. Біз жергілікті қандастарымыздың қонақжайлылығының арқасында тарығып таусылмадық. Жүрген жерімізде қазақи сый құрметке бөленіп жүргеніміздің өзі бізге үнемі күш қуат жігер қайрат беріп отырды. Артымыздан ағайын туыс-туғандарымыз көшіп келді. Соларға арқа сүйедік. Бұл ретте ерекше есте қалған жай-екі от басы Аякеңнің зайыбы, Алматыға келе “Алтын диірмен АҚ”-ына инженер-лаборант ретінде жұмысқа орналасқан Одынай қызы Тәттінің жалақысы мен Алтын Дөрбетхан қызының жәрдем ақысына сүйенген кез де көп орын алған.
Өкілдікке, әрбір жұмыс күшін алған мекеме шаруашылықтар келісімшартта көрсетілген мөлшерде ақша төлеуді өз міндеттеріне алған болатын. Оны Өкілдік есеп-шот ашқаннан кейін аударуға келіскен еді. Есеп-шот ашылып ақша аударатын уақыт келгенде Қазақ ССР Еңбек министрі С.Бейсенов мырза белгісіз себептермен қарсы болды.
Саят Бейсенов министрмен бұл мәселенің мән жайын сөйлесіп талқылағанымызда, жұмыстың барлығын өзіміз істейміз, деді. Біз, екі елдің еңбек министрінің кездесу протоколындағы келіскені бойынша және ҚазССР-ының Министрлер кабинетінің шешімімен, Өкілдік ашылып жұмыстап жатқанын айттық. Министр мырза, протоколды қалтқысыз орындау міндет емес деп кесіп айтты…
Сыртқа шыққан соң мен: Аятхан Тұрысбекұлына, Есіңізде ме? -Моңғолиядағы мемлекеттік үлкен лауазымды қызметте отырған Зардықан Қинаятұлының, “қазақты қазақ сатып алмайды, Өкілдікке ешқандай ақша төлемеңіздер”, депті…,кейіннен Зардыхан, “Өкілдіктің жұмысы тоқтатылды” депті, деген қауөсектердің бізгеде жеткені. Және де Улан-Батыр қаласынан Алакөл ауданына келген ағайындар, Ботагөз Уатханқызы сіздерді, “ із түзсіз жоғалып кетті, оларға сенбеңіздер, өздеріңіз барып орналаса беріңіздер” деген соң алаңдап келіп едік, алдымызда жүр екенсіздер ғой, деп қуаныштарын жасыра алмаған еді ғой. Министрдің сөзінде осындай қауесеттердің сарыны жатқан сияқты,- деп едім… Аякең: екеуіміз қазақ деген елдің бірлігі, керек десең ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін жүрміз. Барлық іс-әрекет істелген жұмыстарымызды екі елдің үкімет басшыларының келісімдері негізінде жүргізіп келеміз. Бірақта біз, С.Бейсенов мырзаға бақылаушы мекеме сияқты көрініп жүрген сияқтымыз.. Өзінің жұмысын бақылатуды ешкімде қаламайды. Ал ол кісіге өзінің айтқаны бойынша қызмет істегісі келетіндер де бар шығар, сондықтан бізден құтылып, өз министрлігінің ымымен жүгіретін мекеме, адам тауып алғысы келетін болуы мүмкін. Ондай тілек қойып жолымызды кесу үшін біздің сыртымыздан өсектеп, қауесет таратып жүргендер де жетеді.. Есіңде болса, ана жолы Памир Камалиевке моңғолиядан келген қазақтардың қойған мәселесі туралы сұрағанымызда, Памир Камалиев, олар баяғы «сендердің қамдарыңмен жүр!» ғой деп жымың-жымың етіп еді ғой. Бұлардың бастарын көп адамдар қатырып жатыр, олардың қолдаушылары арттағы көшке қарсы топ.
Әсіресе үлкен лауазымын бетке ұстап сөйлескендердің сөзіне бұл жақтағы кейбір лауазым иелері сеніп үлкен мән береді, кейбіреулері сыбайласып өз мақсаттарын жүзеге асыруды көздейді. «Моңғолияның Қазақстандағы Өкілі» дегенді олар үлкен атақ абырой санайды, қызғаныш сезімдері сергелдең туғызып жүргендер де солар. Бес саусақ бірдей емес… Сабырлы болайық.
Бәрі жақсы болады, біздің атқарып жүрген ісімізді уақыты келгенде екі ел үкіметі түсінеді және халық өз бағасын береді. Біз қазірдің өзінде ел қолдауында жүрміз. Қамығып сағыңды сындырма, сен қажырлы қызсың, қызбалыққа салынбау керек,- деп ақылын айтты. П.Камалиев пен тұрақты кездесіп әңгімелесіп мәселенің мән жайын ауыз екі талқылап жүретіндіктен Аякең көптеген істерді пайымдап жүреді екен.
Кейіннен Қаз ССР Еңбек министрлігі жанынан Моңғолиядан еңбек күшін әкелуге делдалдық жасайтын «Елім-ай» – деген мемлекеттік кіші кәсіпорын ашылып, директорына минстрдің көмекшісі А.Үсеновтің тағайындалғанын білдік. «Елім-ай» біздің атқарып отырған жұмысымызды өз міндетіне алып, Өкілдікке бергізбей отырған ақшаны өздері алуға кірісіп кеткені де кешікпей белгілі болды. Мәселеге анығырақ тоқталсақ, ҚазССР Еңбек министрлігі жанынан құрылған «Елімай-ай» деген кіші кәсіп орынның адамдары, біз Моңғолдармен келісімге отырдық, деп Моңғолияның «Шетелдерге жұмыс күшін шығару жөніндегі бюросының» бастығы Д.Пүрэвбатар мен А.Үсеновтің өзара жасаған «Келісім» құжатының көшірмесі, және делдалдық жұмысты «Елім-ай» дың міндетіне бергені туралы Д.Пүрэвбатордың «сенім хаты» көшірмесі, тағы басқа қағаздырды таратып, (шаруашылық басшыларының айтулары бойынша) Өкілдікке тиісті ақша қаражатты «Елім-ай» өздеріне аудартып алып кетіпті. Істің анық қанығын білу үшін «Елім-ай»-дың шаруашылықтарға таратқан құжаттары және «Елім-ай» агенттігінің Моңғолияның «Шет елдерге жұмыс күшін шығару жөніндегі бюросымен» жасаған келісімі, Д.Пүрэвбатардың берген сенім хатының бір бір данасын алып Аятхан Тұрысбекұлы Моңғолияға барып келді. Ұятты іс болсада тарихи шындықты жазуға тура келіп отыр. А.Тұрысбекұлы Уланбатыр қаласында Моңғолияның Еңбек министрі Ц.Цолмон мырзаға құжаттарды таныстырып мән жайды сұраса, министр бұл жағдайдан бейхабар екенін айтып істің мән жайын дереу тексертеді. Келісім министрліктің рұхсатынсыз жасырын жасалған екен. Министр Ц.Цолмонның шешімімен Д.Пүрэвбатардың “Елім-ай” мен жасаған «Келісімінің» күші жойылады. Д.Пүрэвбатар жұмысынан босатылады. Министрліктің «Жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі» бөлім меңгерушісі Д.Бямбаа, бұл туралы «Елім-ай» дың директоры А.Үсеновке
ресми хат жолдап мәлімдейді де іс тоқтатылады.
Және тұрақты Өкілдіктің делдалдық істеп келген жұмысын бұрынғы қалпында қалтыруды бұйырады. Біздің таңғалғанымыз: осы жағдайдан Еңбек министрі Ц.Цолмонның өзі бейхабар отырғанда, Зардықан Қинаятұлы қалай біліп, “Өкілдіктің жұмысы тоқтатылды” деген әңгіме таратқаны, және де сол кезде Ботагөз Уатханқызы Д.Пүрэвбатардың қол астында істеп жүріп неге бізге хабарламағаны…
Ал, біздің міндет жоспарымыз келесі жылғы көшті қалай жүргізу дайындығына кірісу қажеттілігі еді. Біздің қаржысыз күн көруіміз от басын асырауымыздың өзі қиындап кетті.
Біз Ш.Жәнібеков мырзаға барып мәселе қойдық. Өкілдіктің қаржысыз отырған жағдайын айтып, жұмыс жасау мүмкіндігіміз қалмады, конференция ұйымдастырып беріңіз, халыққа жағдайымызды түсіндіріп, жұмысты орта жолда тоқтатуға мәжбүр болғанымызды түсіндірсек, деген өтініш жасадық. Әйтпесе, көш жолын ашқан киелі еңбегіміз тапталып, адами ар намысымызға нұқсан келетінін таныстырдық.
Шәңгерей Жәнібеков мырза сабырлы салиқалық танытты. Кешікпей бізді Қаз ССР-ы Министрлер Кабинетінің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков мырзаның қабылдауына апарды. Мырзатай ағамыз нағыз ұлтқа жанашыр тұлға екені көрер көзге көрініп ақ тұрды. Абыз ағамыз ағалық ынта ықыласымен айтарымызды асықпай тыңдап алды. Моңғол үкіметі жіберген екен өздері неге қаржыландырмады? деп сұрады. Мен, бізді ешкім мәжбүрлеп жіберген жоқ, өзіміз өтініш жасап қазақтың жұмыссыз жүрген жастарын қазақ жерінде жұмыспен қамтамасыз етсек деген тілек талап қойдық, олар ықтиярлығын берді, дедім. Шын мәнісінде келген қазақ енді кері қайтпайды атамекенінде тұрақты қоныстанып қалатын болады. Біз тек елдің елге тұтасымен оралуының оңтайлы жолын тапсақ деп жүрген жандармыз, дедім. Мырзекең әңгімені ұзаққа созған жоқ. Біз сөйлесіп көрейік, дегені біздің төбемізді көкке жеткізгендей болды. Қазақ көші жалғаса беретініне кәміл сеніп кәдімгідей жігерленіп желпініп шықтық!
Мінеки содан кейін Өкілдікті Қаз ССР-і қаржыландыратын болып шешім шықты. Мырзатай Жолдасбеков мырза Қаржы министрі Е.Дербесовке хат жіберген екен. Хатта: «Елдің бірлігі үшін еңбек етіп жүрген өкілділікке жәрдем көрсетуіңізді сұраймын» депті.
Дербесов мырзаның Өкілдікті «Халықты жұмыспен қамту фонды» нан қаржыландыруға келісімін берген хатын алдық. Бізді Қаржы министрлігінің әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі Н.Коржова ханым қабылдап, Өкілдіктің бастығы және орынбасарына лайықты айлық жалақы белгілеп, өкілдіктің басқа да шығындарына жұмсалатын қаражатты есептеп бекітіп берді. Біздің жұмысты жалғастырып атқаруымызға осылай мүмкіндік туды.
Бізде күн тәртібінде тұрған Моңғолия елінің Баян-Өлгей және Ховда аймақтарынан келесі көктемнен бастап отбасы, үй мүліктерімен бірге көшіп келіуге асығып отырған қазақ көшін жалғастыру үшін шешуін табуға тиісті мәселелерді қолға алып, Қазақстан Еңбек министрлігімен бірігіп кірісіп кеттік. Осы жұмыс тыңғылықты атқарылғанның нәтижесінде 1992 жылдың аяғына дейін Моңғолиядан 30 мыңдай адам атамекенге қоныс аударды.
Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, тұралап қалған ел экономикасын көтеріп, халықтың хал жағдайын жақсарту жолындағы қиын да күрделі мәселелерді шешу үшін, өкімет ең әуелі тәуелсіздікті бекемдеудің негізгі алғы шарттары болып келетін-ұлттық валютаны енгізу, халық шаруашылығында жаппай жекешелендіру жұмысын жүргізуді қолға алғаны белгілі.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы ”Мемлекет мүлкін жекешелендіру жөніндегі Мемлекеттік комитет” құрылды. Комитет төрағасына сайланған Ізбасқанов Қылышбек Сатылғанұлының қабылдауында болып, атажұртқа қоныс аударып келіп, тұрғылықты халықпен бірдей қол ұстасып еңбек етіп жатқан ағайындарды да жекешелендіруден шет қалдырмауларын өтініп, осы туралы жазған ресми хатымызды табыс еткен едік. Нәтижесінде аталмыш Комитет басшыларының жанашырлық ізгі ниеті, өкімет басшыларының қолдауларының арқасында, оралмандарды жергілікті халықпен бірдей көріп жекешелендіруге қатыстыру туралы шешім шығып, алыстан келген ағайын өзі отырған баспанасына, қора қопсысына, қолдарындағы техникаларына ие болып қалды.
1994 жылы аталмыш комитеттің жаңадан келген төрағасы Жәнібек Кәрібжанов мырзаға 16 мамыр күні нөмірі 17-ші ресми хат жолдап, алдыңғы шыққан шешімді еске сала отырып, әрбір облыстағы іс жауаптанған кейбір адамдардың іскерлігінің жетіспеушілігінен болып, оралмандар жекешелендіру жұмысына біркелкі қатыстырылмай отырғандығын түсіндіріп, осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, көмектесуді сұраған едік. Өтінішіміз аяқ асты қалған жоқ.
“ Алдыңғы барған өріс алады… “деп халқымыз қалыс айтпаса керек, келген ағайын мүмкіндігінше жекешелендіруге қатыстырылды.
1993 жылы оралмандар мәселесімен тікелей айналысатын Қазақстанның Көші-қон департаменті құрылып, көшіп келушілердің мәселесімен осы мекеме тікелей айналысатан болды.
1994 жылы Қазақстанда Моңғолияның елшілігі ашылды. Мұндай мемлекеттік, саяси мекемелердің ашылуы, көшіп келушілердің арықарайғы азаматтық алу және басқадай мәселелерінің тыңғылықты шешімін табуына үлкен серпіліс берді.
Моңғолияның Қөші-қон басқарған Өкілдігінің ресми ашылып, жұмыстағаны, алыстан келген ағайынның ел жерге сіңісіп тұрақтап қалуына қатысты мәселелерді тиісті мемлекеттік мекемелерге ресми қойып, шешімін табуда үлкен маңызға ие болды.Солардың бір-нешеуін оқырманның зердесіне сала кетсек;
Өкілдік енді арықарай демеушілердің көмегіне сүйене жүріп, бастап келген адамдарымыздың талабы бойынша ісімізді мүмкіндігінше тоқтатпай жүргізе бердік. Өзіміздің жасаған келісім-шартымыздың уақыты бітіп, келген адамдар азаматтығын алғанша бірде қаржылы, бірде қаржысыз жүріп, көшіп келген елдің тұрмыс тіршілігін орнықтыру үшін қолымыздан келген мүмкіндігімізді аямадық.
«Жәнібек-Тархан» фирмасының басшысы Ерболат Төлегенов мырза Өкілдікке жеңіл машина беріп қана қоймай, өкілдіктің есеп-шотына ақшалай қаржы аударуының арқасында, жұмыс істеуге мүмкіндік туғызды. Өкілдік мерзімі үш жылға ұзартылды.
1997 жылдан бастап Әкім Ысқақтың бастауымен Бабақұмар Қинаятұлы, Рахым Айыпұлы, АқеділТойшанұлы, Досымбек Қатыранұлы, Нұрбек Қапышұлы, Алмас Ахметбекұлы, Нұрлан Зияханұлы, Абай Мауқараұлы қатарлы азаматтар атсалысып сүбелі үлестерін қосып бекітілген «Халықтың көші-қон туралы» алғашқы қазақ тіліндегі заңы оралмандардың тұрмыс тіршілігін қалыптастыруды мемлекеттің басқарып бақылауына жеткізді.
Осымен 1997 жылы Өкілдіктің жұмыс мерзімі біткенімен біз көшіп келген елдің мәселесінен тыс қалмадық. Кейбір шаршап- шалдыққан адамдар бұрынғы әдетімен үйімізге іздеп келіп, қиыншылықтарын айтып, жергілікті атқарушы орындарға деген мұңдарын айтып, көмектесуімізді сұрап мазалай берді. Өз мүмкіндігімізше заңнамалық ақыл кеңес беріп, кейде жауапты лауазым иелеріне мәселенің мәнін түсіндіріп, оңтайлы шешімі табылуына түрткі болып ықпал етіп жүрдік.
Бірде, 1998 жылы Қазақстан Парламенті Сенатының комитет төрағасы Ө.Озғанбаев мырзаға көшіп келушілерге 1997 жылы қабылданған Көші-қон заңы бойынша ықтияр хат беру керек екендігін, соның негізінде жұмыс, жәрдемақы мен қамту мәселесі шешілетіндігін түсіндіріп, өтініш хат жолдаған болатынмбыз.. Ол кешікпей шешімін тауып, бізге Көші-қон агенттігінен өтінішімізді қанағаттандырып, 1998 жылы 18 қыркүйекте номері С-170 хатпен ресми жауап берген еді.
Көшіп келгендер жаппай ықтияр хат алып арғарай азаматтық алуларына жол ашылды.
Бастапқы кезде Қазақстанның ұланғайыр өлкесіне тарыдай шашылып кеткен ағайындар бірін-бірі таппай қалды. Туысының торқалы тойы, топырақты өліміне қатысу үшін қаражат тапшы заманда сергелдеңге түсті. Кейбіреуіне жергілікті әкімдер басшылармен тіл табысу оңай болмады. Елеусіз, ескерусіз қалған жанұялар да болды. Елім жұртым деп келген ер азаматтардың еңсесін түсіріп сағын сындырған жағдайларда болды. Мәселен, жоғары білімді кәсіби маман иелері өз орнын таба алмай, қолына таяқ алып мал бақты. Өкілдік оралмандар үшін талай атқамінерлермен араздасып, талай ұлтжанды, алғыр азаматтар мен ықпалдасып жұмыс атқарды. Халық ішінде ел бірлігін мұрат еткен, зиялылар көп болды. Солардың арқасында алыстан келген ағайын алаңсыз орналасып, жергілікті елмен құда жегжат болып сіңісіп кетті.Қортындылай келген де:
Біріншіден, Қазақстын Республикасы, Кеңес Одағының құрамынан шықпай тұрып көш басталғанының арқасында Кеңес Одағы мен Моңғол Халық Республикасының арасында жасалған “Әлеуметтік қорғоу туралы келісімге” негізделіп моңғолиядан келген қандастарымызға зейнетақы тағайындалса, Екіншіден, Қазақстанда Жекешелендіру жұмысы басталғаннан бұрын келіп үлгергендер, жекешелендіру жұмысына қатыстырылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл-көштің аяқ астынан, асығыс басталуының нәтижесі еді.
Оралмандардың мұң мұқтажын жоқтап, кезінде талай келелі мәселелерді көтерген баспа сөз өкілдерінің еңбегі ұшан теңіз еді. Жұлдыз жұрналы, Егеменді Қазақстан, Халық кеңесі, Түркістан, Қазақ әдебиеті, Қазақ радиосы және Қазақстан теле арнасының ұжымына, және тартымды ой толғау, ұсыныстармен шыққан ағаларымыз Тұрсынбек Кәкішұлы, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Марат Тоқашбаев, Өмірсерік Жұман, Әмірхан Меңдеке, Зайда Елғондинова, Серікқали Хасан, Зәкенов Кеңесқан, АхметДағдуран, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Абзал Бөкен, Дидахмет Әшімханұлы, ҚайнарОлжай,Уақап Қадырханұлы, Нүкеш Бәдіғұлұлы,Айтпай Нүсіпқанұлы, Бақыт Сарбалаев, Жаңабек Тойбазаров, Қыдырбек Рысбеков, Нұрқасым Қазыбек, Ержан Арзықұлов сияқты ұлты халқы елі үшін еңіреген, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген азаматтарға шеттен келген ағайындардың айтар ықылас батасында шек жоқ!!
Өкілдік, көші-қонды өз бастарының мүддесіне пайдалануды көздейтін екі елдің кейбір адамдарының жасаған құйтырқы әрекеттерімен күресе отырып ойлаған мақсаттарына жетті. Еңбек келісім-шарты бойынша үш жылда Атамекенге 65 мың адамның оралуы ел үшінгі еңбегіміз жемісті болып маңдай теріміз ақталды. Біз бастаған көш, Ұлы көшке ұласты. Алыстан келген ағайын атамекеніне сіңісіп Отанына алаңсыз орналасты.Жаңа қоныста жаңа ұрпақ дүниеге келіп қазақ елінің елдігін кемелдендіруде өз үлестерін қосты. Біз осындай игілікті істің басы-қасында болғанымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз!.
ЕКІ ЕЛДІҢ ҮКІМЕТ ДЕЛЕГАЦИЯЛАРЫНЫҢ
АЛМАТЫДАҒЫ КЕЗДЕСУІ
Қазақ ССР-ының Еңбек Министрлігінің шақыруы бойынша 1991 жылы 19 маусымда Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмон бастаған үкімет делегациясы Алматыға келді. Делегацияның құрамында Ташкенттегі Бас консул Б.Буд, Министрлер кеңесінің жауапты қызметкері Б.Даваажав, Моңғолия Еңбек Министрлігінің Қазақстандағы тұрақты өкілдері Аятхан Тұрысбекұлы және мен Сағат Заханқызы қатыстым.
Екі ел делегациясының бұл алғашқы ресми кездесуі 1991 жылы 20 маусымда Қазақ ССР-ының Еңбек министірі С.Д.Бейсеновтың кабинетінде болды. Жылы шырай аман сәлемнен кейін С.Бейсенов мырза әңгімені министрліктің жұмыс жайы, жалпы елдің өркен ниетті жағдайын таныстырудан бастады. Министірлігіміз соңғы кезде бірнеше рет өзгеріске ұшырап, енді ғана Еңбек Министірлігі болып құрылдық. Біз министрлік ретінде жұмыс жасау барысында «Еңбек рыногы» деген ұғыммен алғаш кездесіп отырмыз. Республикамызда халықтардың орналасу тығыздығы әр түрлі. Мәселен, батыс аймақтардың ауа райы қолайсыз-шөлейт, қуаңшылық болғанмен мұнайға бай, ал сол түстік жақтың жері орман-тоғайлы, көкөніс өсіруге қолайлы, халық жиі орналасқан. Орталық аймақтарға ірі өнеркәсіптер шоғырланған. Онда Қарағанды, Теміртау, Жезқазған сияқты ірі тау-кен кәсіпорындары, қара және түсті металл өндіретін зауыттар мен кен байыту орындары орналасқан. Шығыс аймақтар мен Талдықорған өлкесінде көкөніс және мал шаруашылығы басым дамыған. Оңтүстіктің климаты жұмсақ, ауа райы жылы, халық өте жиі орналасқан, мақта, көкөніс өсіреді.12 аймақта Еңбек басқармасы құрылды. Солардың күшімен халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағынан қорғау мәселесін жүйелі түрде шешкен дұрыс деп есептейміз деп тоқталды.
Сөз кезегінде Ц.Цолмон мырза, бізде де министрлік құрылғалы сегіз айдың жүзі болды. Министрлікте барлығы 65 адам қызмет етеді, министрдің екі орынбасары бар. Министрлік өз жұмысын үш бағытта жүргізеді. Жергілікті жерлерде, барлық аймақтардың орталығында Еңбек биржалары ашылды. Еңбек министрлігінің жанынан жұмыссыздарды тіркеп, оларды шет елдерге еңбек күші ретінде шығаратын еңбек рыногын жұмыстату жөніндегі бюро ашылды.Біздің елде жұмыссыздар саны жұмысқа жарамды адамдардың 3-6 пайызын иеленуде. Бұл көрсеткіш Баян-Өлгей де екі есеге артық. Биылғы оқу жылы аяқталғанда жұмыссыздар саны тағы екі есеге артады деп күтілуде. Міне, сондықтан адамдарды қайда жұмыс көзі табылса, сонда жіберу арқылы кейбір мәселелердің уақытша шешімін табуды жөн көрдік. Сол себепті, моңғолдық, яғни өз қазақтарымыздың тілі, діні, ділі бірдей қандастарының арасына Қазақстанға барып жұмыс істемекші болған ұсынысын түсіністікпен қабылдадық. Біз адамдарымызды экспортқа шыққан жұмыскүші ретінде ғана емес, сол жерде оқып, үйреніп, тәжірибе алмасып келуі үшін де шет елге шығарып отырмыз. Еңбек күшін тек Қазақстанға ғана емес Оңтүстік Кореяға, Венгрияға, және Ленинградқа жіберуге дайындап жатырмыз. Осындай қиын қыстау заманда көмек қолдарыңызды созып, біздің адамдарды жұмысқа алып жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Моңғолиядан жұмыс күшін алу мәселесі әзірге Монголияның Еңбек биржасы мен Қазақ ССР-ының ауыл шаруашылық кәсіп орындарының аралығында жасалған Еңбек келісімшарты негізінде жүзеге асып жатыр. Бұл мәселені арықарай екі елдің Еңбек Министрліктерінің деңгейінде сөйлесіп реттеу қажет болса, үкіметтік деңгейде келісіп шешуге біз дайынбыз деді.
С.Бейсенов, сіздердің адамдарыңыз біздің жергілікті шаруашылық орындарымен келісімшарт жасап, келіп-кетіп жатыр. Осыған байланысты кәзірдің өзінде экономикалық, әлеуметтік мәселелер туындай бастады.Бірақ барлық жерде оң көзқарас танылуда. Алайда «өз жұмыссыздарымыздың мәселесін шеше алмай жатып, шетелден жұмыс күшін неге аламыз» дейтіндерде бар. Бізде ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы артта қалуда, оған барып жұмыс жасауға құлшынып отырғандар аз. Сондықтан Моңғолиялық қандастарымыз ата кәсәбі-мал шаруашылығына орналасам десе мүмкіндік бар. Моңғолиядан жұмыс күшін алу мәселесі әзірге бағыт бағдарсыз бейберекет жүріп жатыр. Сіздердің келгендеріңіз дұрыс болды. Жергілікті жерлерде жоғарыдан үкімет араласып шешпесе болмайтын мәселелер қордалануда. Бізде осыған байланысты миграция бөлімі құрылды. Біз ешкімді мәжбүр еткеміз жоқ, қарсылық та жасамадық. Бұл күрделі де маңызды мәселені дұрыс жолға қою сіздер мен біздің міндетіміз. Менің өз басым үкімет аралық келісім болса деп есептеймін. Әзірге министрліктер деңгейінде келісім шарттың жобасы жасалып жатыр. Ол жобаны әлде де пысықтап екінші кездесуде қол қойғанымыз дұрыс болар деген пікірін айтты.
Солжақтан: Ц.Цолмон, Б.Буд,З .Сағат, Т.Даваажав, Т.Аятхан, С.К.Нұралиев, Оң жақта: С.Бейсенов, С.Батыршаұлы
МХР үкімет делегаттары. Солдан, Т.Аятхан, Б.Буд, З.Сағат, Ц.Цолмон, Т.Даваажав, Алматы. 1991 жыл. 22 маусым.Алматы.
Моңғолия үкіметі делегациясын 21 маусымда Қазақ ССР-ң Мемлекеттік кеңесшісі Қаратай Тұрысов қабылдады. Қонақтарды жылы шыраймен қабылдаған Қаратай мырза Қазақстанның бүгінгі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайы жөнінде баяндап берді.
Министр Ц.Цолмон, жылы қабылдап, елдеріңіздегі қалыптасып отырған жағдаймен хабардар еткеніңізге рахмет. Біздің ел көп партиялық жүйеге ауысты. Парламентті төрт партиялық топ құрайды. МХРП-сы жеке билік жүргізуден қалды. Барлық партия тең дәрежелі құқық иеленді. Олар өздерінің саяси көзқарастарын біріктірді, эканомика онсыз алға басу мүмкін емес. Шетелдермен ашық эканомикалық сыртқы саясат жүргіземіз. Экономикалық саясаттың нәтижесі жаман емес, әзірге тұрақты құлдырау байқалмады. Бірақ біз білмейтін, мәселелер бас көтеруде. Бұрыннан қалыптасқан, Кеңес Одағымен бір жақты ғана жасалып келген экономикалық байланыстан бас тартып, жаңа бетбұрыс жасау оңай шаруа емес. Осы кезде әлемнің көптеген елдерімен саяси экономикалық байланысымызды кеңейтуге құлшынып жатырмыз. Біз Қазақ ССР-і мен Моңғол үкіметі аралығында жанжақты байланыс жасауды қалаймыз. Халқымыздың ата кәсібі ұқсас, жақын көршілес елміз. Ресеймен де жан-жақты қатынас жасап жатырмыз. Сіздерменде жақын араласуды көздеп отырмыз. Соның алғашты қадамы жұмыс күшін алмасу жөніндегі келісім болады деп сенеміз. Тағы бір өзекті мәселе екі ел аралығында тура жол болмауына байланысты Ресей арқылы қатынасамыз. Біз Ресей үкіметінен жаңадан бірнеше шекаралық бекет ашуын өтінгенбіз. Оның шешуі кешуілдеп, адамдардың шекарадан еркін өтуіне бөгет болып отыр. Осы мәселеге сіздер де аралассаңыздар деген өтінішіміз бар. Көршілес екі ел бір-бірімізді жақсы білмейміз. Моңғолия үкіметі кез келген мәселелер жөнінде сөйлесіп, келісуге дайын деді.
Қ.Тұрысов, өте дұрыс осылайша пікір алмасып бірлесіп жұмыс жасаймыз. Өкілдік ашу мәселесін кешіктірмей шешеміз деді. Өкілдіктің кез келген түрін ашуға дайынбыз. Мұндай қарым-қатынасты қандай жолмен шешсек те үкімет бізді қолдайды. Келешекте заман талабына сай туындайтын мәселелерді бірлесіп шешетін боламыз деді.
Министр Ц.Цолмон мырза бастаған делегация 22 маусымда Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің премьер-министрі Қараманов Ұзақбай Қараманұлының қабылдауында болды. Қабылдауға Қазақ ССР-ң Сыртқы Істер министрі А.К.Арыстанбекова, Сыртқы экономикалық байланыс министрі Сыздық Әбішов, Еңбек министрі Саят Бейсенов, Ауылшаруашылық және азық-түлік министрінің орынбасары қатысты.
Ұ.Қ. Қараманұлы әңгімені өзін қызықтырған мәселелердің төңірегінде сұрақ қоюдан бастады. Халықтың әлеуметік жағдайлары, экономикалық саяси жағдай, азық-түлік мәселесі, партияларда түпкі негіз бар ма? Мәселен, бізде көптеген партиялар бас көтеруде, бірақ оларда қандай да бір негіз жоқ деп түйіндеді.
Ц.Цолмон мырза, елімізде халықты әлеуметтік қорғау жолында қадамдар жасалуда, еңбек ақының ең төменгі мөлшері белгіленді. Жәрдемақы мен зейнетақының кепілденген мөлшері тоқтатылды. Саяси жүйеде парламенттік басқаруға көштік. Экономиканың негізі –ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен өндірісі. Жекешелендіру жүре бастады. Жерді жеке меншікке беру туралы сөз қозғалып жатыр. Жұмыссыздар саны 4-6 пайызға жетті.
Ұ.Қараманов, Cемей облысының Абралы ауданына телефон шалдық. Онда қазақтар көшіп келетін болыпты. Олар киіз үйлері мен малдарын алып келе ме? Сіздің келуіңіздің мақсаты не?
Ц.Цолмон, Біздің ел сыртқы саяси-экономикалық ашық саясат жүргізуде. Шетелдермен жаңаша, ашық қарым-қатынас жасауды қалаймыз. Біздегі күрделі мәселенің бірі халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Әзірге тек Ресеймен ғана экономикалық келісім жасап,саяси декларацияға қол қойдық.
Ұ.Қараманов, Еңбек Министрлігімен бірігіп жұмыс жасай бастағаныңыз құптарлық жағдай. Барлық мәселені ең алдымен Еңбек министрлігінде мұқият талқылап, ой-пікірлеріңізді түйістіріп алғаннан кейін, Сыртқы экономикалық байланыс Министрлігімен, Ауылшаруашылық және азық-түлік Министрліктерімен бірлесіп жұмыс жасаған дұрыс. Қандай бір мәселенің анық-қанығына тереңірек үңіліп, өзара үйлесім табуға ұмтылу керек. Министрліктер өзара пайдалы байланыс жасауға ынталы. Ондай мүмкіндік бар, біз қарсы емеспіз, жұмысты бастаңыздар деді. Жұмыс күшін арнайы келісім-шарт жасау арқылы әкелу жөн. Шындығына келсек, біз жұмыс күшіне зәру емеспіз. Олай екен деп қандастарымызға қол ұшын бермей отыра алмаймыз барынша қолдаймыз деді.
Ц.Цолмон Моңғолия премьер-министрі Д.Бямбасүрэннің шақыруын қабыл алуыңызды және де Қазақстанда Моңғолия ЕңбекМинистрлігінің тұрақты өкілдігін ашуға рұхсат беруді өтінемін деген ұсыныс айтты.
Өкілдік ашуды өтінген ресми хатты Президент аппаратының сыртқы байлыныс бөлімінің меңгерушісі С.М.Қанапиянов мырза қабылдап алды.
Ұ.Қараманов, жуықта Кеңес елдерінің кеден саласын басқаратын министрліктің орынбасарларын жинап, шекара мәселесін сөйлесеміз. Ресейге шекара бекеттерін ашу туралы ресми хат жолдап, Силаевқа мәселе қойғанбыз. Шілде айының соңында Мәскеуде кездесу болады. Сол кезде бұл мәселе шешімін табады деп күтілуде. Өкілдікті ашу мәселесін шешеміз.Басқа мәселелерді Еңбек министрлігінде сөйлесіп шешіңіздер. Онда шешілмеген мәселе болса маған келулеріңізге болады деді. Бұдан кейін делегацияны Сыртқы экономикалық байланыс министрі С.Әбішов мырза өз кабинетінде қабылдады. С.Әбішов өз министрлігінің атқаратын қызметі жайлы қысқаша таныстырды. Бұл министрлік те 1991 жылдың басында жаңадан құрылыпты. Министрлік құрылғаннан бастап, шетелдермен экономикалық байланыс саясатын қалыптастыру, жаңа экономикалық жағдайға сәйкес инвестиция, кәсіпкерлік, еркін экономикалық аймақ құру туралы заңдардың жобасын жасап үлгеріпті. Ал шілде айынан бастап лицензия беру жұмысын қолға алмақшы екен. Екі жақ та алдағы уақытта сауда- саттық, ғылым мен техника саласында нақтылы қарым-қатынастар жасауға ынталы екендерін білдірді.
Моңғолия делегациясы әсем Алматының көрікті орындарымен танысты. Оларды ауылшаруашылық жағдайымен таныстыру үшін Еңбекшіқазақ ауданының “Мичурин” атындағы кеңшарына апарды. Бұл кеңшар қой шаруашылығымен айналысумен қатар көкөніс те өсіреді, тері өңдеп, қолдан тері бұйымдарын да жасайды екен. Сондай-ақ бағалы терілі аң өсіретін бөлімшені жаңадан құрып жатқанын көрсетті. Екі жақ 24 маусымдағы кездесуде «Еңбек рыногы халықты жұмыспен қамсыздандыру, әлеуметтік қорғау салсында өзара қарым-қатынас» жөніндегі келісім-шарттың жобасын талқылап, екі елдің Еңбек министірлері осы жылы күзде Улан-Батырда кездесіп, қол қоюды ұйғарды. Алматы кездесуінде қол жеткен мәселелерді протокол арқылы түйіндеді. Протоколға екі елдің еңбек министірлері қол қойды. Протоколдың маңызы:
- Екі ел арасында сауда-эканомикалық, ғылыми-техникалық, мәдени
және басқа мәселелер жөнінде тығыз байланыс жасау туралы бастаманы жоғары бағалады.
- Моңғолия азаматтарының Қазақстанның ұжымшар, кеңшаралары мен өндірістік кәсіпорындарына Еңбек келісімшарты негізінде көшіп келіп, жұмысқа орналасып жатқан қазіргі бастаманы мақұлдады.
- Нарықтық қатынасқа көшуге байланысты екі елдегі халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жұмыспен қамтамасыз ету, еңбекақы төлеу, халықты әлеуметтік қорғау және нарықтық қатынасқа көшу барысында қол жеткізген жұмыс тәжірибелерін екі министірлік өзара алмасып отыруға келісті.
БІЗ ҚАЛАЙ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫҚ.
Екінші топтағы мүгедек қызым Алтын екеуіміз Алматыға келіп Т.Тілегеннің уақытша тұрған Алатаудың бөктеріндегі есік терезесі сынған үш бөлмелі ағаш үйінің бір бөлмесіне орналастық. Баспана мәселесін жуық арада шешіп алмасақ келе жатқан қыраулы қыста жағдайымыз қиындап кетуі әбден мүмкін. Алда кезегін күтіп тұрған Өкілдіктің көптеген жұмыстарымен бірге пәтер мәселесін шешуді тездету керек болды. Алматы қаласының әкімшілігіне Аятхан Тұрысбекұлы екеуімізді қызметке тағайындаған Моңғолия Еңбек министрінің бұйрығы, Моңғолияның Сыртқы істер министрлігінің анықтамасы, ҚазССР-ы Еңбек министрінің өтініші басқа да қажетті құжаттарды З.Қ.Нұрқаділов мырзаның көмекшісіне апарып бердім де өзім Улан-Батырға кеттім. Улан-батырдан келген соң жұмысқа кірісіп кеңседе отыр едім Ботагөз Уатханқызы кіріп келді. Ол да баспана алуды көздеп Улан-батырдан әдейі келген екен. ҚазССР Министрлер кабинетінен тек қана Өкілдік қызметкерлеріне баспана берілсін дегенді естіп келіпті. Ботагөз Уатханқызына Моңғолия елінің Еңбек министрлігі, Қазақстандағы Өкілдік қызметкері ретінде бұйрық шығарып бермепті. Қолында пәтер алуға негіз болатын ешқандай құжаты болмаған соң Алматы қаласының әкімшілігі және Еңбек министрлігі оны қабылдамаған екен. Ботагөз біздің Өкілдіктен қолдау көрсеткен анықтама сұрап келді. Алматы қаласының әкімі З.Қ.Нұрқаділовтың атына патер алуға ұсынылған адамдардың тізіміне Ботагөз Уатханқызын да қосып оғанда патер беруді өтінген хатты Өкілдіктен жазып бердік. Ертеңінде Ботагөз қайта келді. Бұл жолы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлына ертіп барып ол кісінің қолдау көрсеткен рұқсаттамасын алып беруімді өтінді. Көңілін қимай адамгершілік танытып Ботагөзді ертіп Сайлау Батыршаұлына бардым. Ботакөз Уатханқызы туралы жақсы пікір айтып, баспана беруді өтінген қағаз жазып беруін сұрадым. С.Батыршаұлы кезінде оның ұстазы болыпты, бұрыннан танысы екен. Бұдан бұрын Ботагөз өзі келіп қабылдауында болып өтініш айтқанда ешбір негіз жоқ деп анықтама бермеген екен. Ол жайды маған айтпағаны ұяттау болғанымен, Өкілдіктің басшысы ретінде өз басыммен алдына келіп отырған соң, Ботагөз Уатханқызының өкілдіктің қызметкері екенін анықтайтын Моңғолия елінің Еңбек министрлігі тарапынан берген анықтамасы болмасада, аздап кідіріп барып бір қазақ баспаналы бола берсе болғаны, деп З.Қ. Нұрқаділов мырзаның атына хат жазып берді.
Алматы қаласы әкімшілігінің алғашқы мәжілісі қыркүйектің ортасына қарай шақырылды. Баспана алу мәселесімен жиналған адамдар жетіп артылады екен. Көмекшісі мені кезексіз кіргізіп, отырыңыз деп Заманбек Қалабайұлының жанындағы орындықты нұсқады. Зәкеңе қол беріп амандасып орындыққа жайғастым. Ол, үшінші адамдарыңыздың Өкілдікке қызметке тағайындалғаны туралы бұйрығы жоқ екен, пәтер екі адамға ғана беріледі, деді. Мен ол әзірше Уланбатырда жұмыстап жатыр кешікпей бұйрық шығып осында ауысып келмек еді деп шыр-пыр болдым.
Заманбек Қалабайұлы, мен келгенде Алматы қаласындағы қазақтардың үлесі 20 пайыз болатын, қазір 30 пайызға жетті деп өз ұлтына деген шынайы жанашырлықпен жасаған жұмыстарын әңгімелей бастағанда менде, ендеше алыстан келіп жатқан ағайындарды да қамқорлығыңызға ала берсеңіз, кешікпей 40 пайыз болар еді, деп қалжыңдап, жымиған болдым. Закең әңгімесін жалғастырып отырып қағазға қолды қойып та жіберді. Маған, сіздей қайтпас қайратты өжет қазақ қыздарының ұлты үшінгі еңбегі талайды таң қалдырары сөзсіз, ризамыз деді.. Менің қуанышымда шек жоқ, рахметімді жаудырып жатырмын.
Әкімшіліктен шешім шықты. Енді күту керек. Аятхан Жезқазған обылысына іс сапарға кеткен. Келген соң Аятхан екеуіміз баспана жайын білуге әкімнің орынбасары Серік Сұлтанғазин мырзаға бардық, отбасыңыздың барлық мүшелерінің құжаттарын алып келіңіз деді.
Айтылған күні құжаттарды алып барып едім, «Самал» ықшам ауданынан пәтер бұйырды. Көңіл орнығып, қуана-толқып, қимылсыз отырмын. Жолдасым Дөрбетхан Тотилаұлы мен кенже ұлым Мұхит дүниеден озғаннан бергі басымыздан өткен ауыр күндер, көш керуені, елдің қамы, бала-шағаның тауқыметі, туысқандардың күйбең тірлігі, өтпелі өмірдің соқпақтары, игі іспен бірге ере жүретін лақап сөз, тозған жүйке бір сәт көз алдыма келе қалды.. Тәуба! деп аллаға, атамекендегі асыл ағайынға разы болдым. Атамекенге көш бастап арпалысқан күндерім жанымды марқайтса, жетімдік пен жесірліктен тартқан тауқыметім, жүрегімді сыздатады. Алматының төрінде төрт бөлмелі жаңа патерге қайғы қасіреттен әбден қалжыраған балаларымды әкеліп енгізгенім, олармен бірге өзімде шексіз қуанғаным түсім бе өңім бе білмеймін… Бұл қуаныш марқұм болған жолдасымның шапағаты да шығар. Әсіресе, онсызда қайғы қасырет меңдетіп жүрген жүрегіңді, кейбір адамдардың қызғанышпен жазықсыз жаралайтыны, орынсыз өсектерін өзеннің суындай ағызып ермек қылатыны жаныңа батады екен…Тіпті кеше ғана топырақты өлімде қайғыңа ортақтасқан жандардың сатқындығын көргенде, олар сонда қайғырып емес қуанып жүгіріп жүрген бе, деген ойда мазаңды алатыны тағы бар… Ал өзіңнен көмек сұрап келіп, ісі біткен соң опасыздық жасап іс әрекетіңді бұрмалап тырнақ астынан кір іздеп отыратын жандардың қылығы.. нағыз алладан қорықпайтын қара ниетті жандардың пенделік іс әрекеті еңсеңді басқандай болғанымен, кейде қайта өзіңді жігерлендіріп қайрат күш қуатыңды жинап беретіні де өмір шындығы… Білген адамға бұның бәрі етене жақыныңнан айрылған қасыретпен салыстырғанда түкке тұрмайды. Қайғы қасырет, кейде адамдардың өзіңе жасаған қиянатын жүрегіңе жеткізбейтін қалқан болып тұрады екен.
Бақытты болғың келсе, балаларыңның тірлігі мен болашағы жарқын болуын тіле, оларға қолыңнан келген көмегіңді көрсетуді мақсат ет, арың таза болса алла да, ата-анаң да разы. Онда жолың ашық өзіңе өзің риза боп күш қуатыңа сүйеніп қанаттанып жігерленесің. Немерелеріңнің сыңғыр күлкісін көріп мәз боласың. Ұрпағыма «Бақ береке, ырыс құт берсе екен!» дегенді бес уақ алладан тілейсің! Өмір бойы еліңе халқыңа істеген игі іс жақсылығың жаныңның жайлылығы, дастарханыңның майлылығының куәсі болары сөзсіз!
Мен де еліме атамекеніме тарихи Отаныма келіп қосылған миллиондаған қандастарымыздың Ұлы көшін, өмірдің өрінде жүріп, көрмегенді көріп, естімегенді естіп жүрсекте ер азаматтардан қалыспай бастап келгеніме бүгіндері шүкіршілік етемін! Қилы- қиын қыстау заманда, елге жетіп алған ағайындардың бізге деген ықылас батасы, ақ тілегі қабыл болып, біздің де арман тілегіміз, мақсатымыз сәтті орындалып жатқанына тәуба дейміз!!!.
Қазірде балаларым Мұхтар мен Айнаш, Бақыт пен Сәрсенқабыл кәсіпкерлікпен айналысып, өз отбасы балашағаларын асыраумен бірге, үкімет алдындағы міндеттемелерін абыроймен өтей жүріп, туған- туыс, дос- жарандарға да көмек қолын созуға мүмкіншіліктері жетіп жүргені, біздің еңбегіміздің жарқын көрінісі, атажұрттың ыстық ықыласының арқасы. Бүгінде алғашқы немерем Еркегүл- ҚазБритан Университетін ойдағыдай бітіріп мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналасып, мемлекеттік қызметін ойдағыдай атқарып жүрсе, Жан Мұхтарұлы, Айдана Мұхтарқызы, Ақерке Сәрсенқабылқызы мектепте үздік оқып, Жансерік Сәрсенқабылұлы апасының жанында мектеп табалдырығын аттауға дайындалып жүр. Әрі шөбере сүйуге де Алла жеткізеді, деген тілектеміз!
Еліміздің өркені өсе берсін, Қазақтың басынан бақ кетпесін!!!.
III.БӨЛІМ.
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ КӨШТІ ҚОЛДАУЫ БАСПА БЕТТЕРІНДЕ!
ЕЛБАСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ
АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫНДАРҒА АҚ ТІЛЕГІ!
Қазақстан Респуликасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылы 31 желтоқсанда қазақ халқын келе жатқан 1992 жылғы жаңа жылмен құттықтап, «атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» деген ізгі ниетін үлкен тебіреніспен білдірді.Бұл тарихи маңызы бар жолдау қазақ баспа сөзі арқылы алыстағы ағайынға былай жеткен еді..
Алыстағы ағайындарға ақ тілек!
Қымбатты отандастар!
Қандас бауырлар!Ағайындар!
Халқымыздың тұрмыс тіршілігіне, еліміздің ішкі,сыртқы саясатына ұлы өзгеріс алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған1991-ші қой жылы тарихта қалып, үмітпен күдігі мол жаңа 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбасыларыңызға мол бақыт қуаныш тілеймін!.
Аспанымыз әрқашан ашық болсын!
Сіздермен атамекенде табысатын, емен-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік. Ежелгі атамекенінен жырақта қалған Сіздер кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата-қонысына тарту мақсатында адам құқұғы туралы ел аралық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан үкіметі «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады.
Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық.
Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!
Қымбатты бауырлар! Сіздерді жаңа 1992 жылдарыңызбен құттықтап, баршаларыңызға туған жердің ыстық сәлемін жолдаймын!
Бақытты, үбірлі-шүбірлі болыңыздар!
Биылғы жыл-ақ жарқын жыл болсын!
Қазақстан Республикасының президенті
Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл оқиға шет жүрген ағайынның көңілін марқайтып,мақтаныш сезімін туғызып,олардың атажұртқа келу ынтықтығын арттыра түсті.
Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесінің назарына
ОТАНҒА ОРАЛУДЫҢ ОҢ ЖОЛЫ
Әр азаматтың өз отаны бар.Отан ол-Алтын бесік,Қара шаңырақ, яғни,ата-бабаңны ежелгі жері,яғни бір халықтың эпицентрі.
Адам тұрмақ, құмырсқа екеш құмырсқаның да отаны болады.Ол-оның илеуі.Құмырсқа өз илеуінен ешуақытта адаспайды. Рас оның илеуін әлдекім, яки әлдене бұзуы мүмкін .Әне сонда құмырсқа жан-жаққа безіп кетеді.
Осындай хәлді қазақ халқы 1917 жылғы төңкеріс кезінде, 1928 жылғы тәркілеу(конфискация ) кезінде, 1931-1933 жылдарғы коллективизациякезінде бастан кешірді. Қазақ халқының ұясы бұзылды. Қолдан жасалған қорлықтан, зорлықтан, геноцидтен қырылды. Тірілері бас сауғалап, жан-жаққа шашырап кетті. Ал, олардың орнын келімсектер басып қалды. Қазақ өз жерінде, өз отанында осылайша азайып, келімсектер көбейіп, соңы күні кеше Горбачев бетімізге салық қылып басты емеспе. Солтүстіктегі бес облыс Ресейдікі еді, тың көтеру жылдарында Қазақстанға өтіп кетті деп соқты емес пе. Осының бәрі неліктен? Империялық кекіріктен.
Империя құлады, Империяның екпіні мен елден кеткен қазақтар кәзір ұш миллион деп жүрміз.Олар шет елдерде және Кеңес Одағының республикаларында күн көріп жатыр.
Енді сол теперіштен кеткен қазақтардың өздері, яки ұрпақтары мына тәуелсіз заманда атамекенге оралғысы келсе ше? Оралып жатқандары да бар.Әсіресе, Моңғолиядан, Түркменстаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан келіп жатқандар баршылық.
Оларды туыстарша қарсылап алу көбінесе жергілікті басшылардың иманына, адамгершілігіне байланысты.Құшағын айқара ашып, аайынның ақ пейілін танытқандар бар.Ал бұл істің аса жауапты екенін, биік парасаттың тіршілігі екенін жете ұқпай, безбүйректік танытқандар да жоқ емес.
Міне, осындай өкінішті жайлар болмас үшін Көші-қон (Миграция )туралы заң кәзір қасқалдақтың қанындай қажет.Республика жоғарғы кеңесінің 7 ші сессиясының екінші жартысында бұл заңның жобасы талқыланатын түрі бар. Енді сол заңның өте әділетті болуынтілейік. Ата жұртқа, ана бесікке оралатын қазақтар бөгде-бөтен елге келгендей хәл кешпеу жағын мықтап қарастыруымыз керек. Мұндайда үй-жай, жұмысқа орналастыру, зейнетақы тағайындау сияқты өте зәру мәселелерді бұлталақсыз шешумен бірге, адам көңіліне қылаудай сызат түсірмеу жағына аса абай болғанымыз жөн.Бір ауыз ағат айтылған сөздің өзі жанжы жаралайды. Елім, жерім деп келгенде көңіл суымайтын болсын.
Осы көші-қон (миграция ) жөнінде Еңбек министрлігінде арнайы бөлім бар.Оның өзі министрліктің өз күшімен үй ішінен тігілген үй. Онысына рахмет.Ал, енді өркениетті елдерде Көші-қон жөнінде мемлекеттік дербес комитеттер құрылған.Басқа министрліктермен терезесі тең осындай бір құрылым Қазақстан жағдайында керек-ақ сияқты.
Көші-қон туралы заң қабылдағанда өте сақ болатын нәрсе-ол бұрынғы Одақтың, Әсіресе Ресей сияқты республикаларынан жөнсіз жосылып Қазақстанға қаптай беретін келімсектердің жолын бөгеу. Ондайларға осы уақытқа дейін Қазақстанның қақпасы айқара ашық тұрды. Интернационализм дедік. “Қазақстан халықтар достығының лабораториясы” деген күлкілі атақ та алдық. Соған мәз болдық. Басшыларымыз екі сөзінің бірінде осыны тілге тиек етіп мақтаныш түрінде масаттана сөйледі. Пендешілік әрине. Келте ойдық кемтар ұғымы.
Бұл жөнінде Қазақстан өз “борышын “ жүз есе , мың есе артығымен орындады. Енді екі жақтан да нысап керек.Қазақстан көлденең көк атты келімсектердің кердеңдеп келе беруіне тыйым салапты деп бізді құдай алдында да, адам алдында да ешкім айыптай алмайды. “Қазақ қонақжай, меймандос “ дегенге далия берудің де реті, шегі болуы керек. Құдайға шүкір, кеңқолтық, кеңпейіл, алды ашық, меймандос екеніміз рас. Ол мінезден айырылмай-ақ қояйық. Бірақ бұл асыл мінез алаңғасарлыққа апарып соқса- сол қорлық. Төрдегі басың өрге домалаудың орнына есікке,босағаға қарай ығыса берсе –алаңғасарлық деген сол болады.
Ендеше алдағы қабылданатын, көптен зарыға күткен Заң осы бір қиын түйінді. Әділдікпен, аса бір білгірлікпен зерделеп шешсе деп үміттенушілер көп. Көпшіліктің үмітін алдамайық.
Кеше ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алыста жүрген ағайындарға ақ тілек білдіріп, Жаңа жылмен құттықтап: атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық, Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын! –деді.(“ Егемен Қазақстан” 1 қаңтар, 1992 жыл).
Ендеше ел басының осы батасы қалтқысыз қабыл болғай.
Шерхан Мұртаза
“Егемен қазақстан “ газаеті 1992 жыл
КИІЗ КІМДІКІ БОЛСА, БІЛЕКТЕ СОНЫКІ
Қазір дүние жүзінде ұлы көш, ұлы миграция құдіреті жүріп жатыр. Әрбір ұлт, әрбір жұрт өз үйірін тауып жатыр. Кезіндегі әрқилы құйтырқы саясаттың кесір-керінен туған жерден ауа көшіп, шет жұртқа қоныс аударған тәжіктер – Тәжікстанына, өзбектер – Өзбекстанына, татарлар – Татарстанына, албандар – Аблбаниясына және т.т. қайта бастады.
Мың да бір шүкір, мың да бір тәубе деуіміз керек, қазақтар да өз Отанына, тәуелсіз Қазақстанына қайтып жатыр. Келіп жатыр. Мұндай көшті қалайша «ұлы көш» демеске!!
Осы ұлы көш, ұлы керуен мәселесі қазақтар жиі қоныстанған Монголияның Бай-Өлке аймағына да жеткен. Көш қалай жүрмек? Қалай жүргізілмек? Әрине, әр көштің өзіндік ауыртпалығы болатыны белгілі, сол қиындықты қалай жеңбекпіз? Қалай жеңілдетпекпіз?
Міне, осы мәселелер бойынша газет тілшісі Әмірхан МЕҢДЕКЕ таяуда ғана Бай-Өлкеге барып қайтқан Қазақстан Республикасының еңбек министрі Саят Дүйсенбайұлы БЕЙСЕНОВ мырзаға жолыққан еді.
Сонымен, Саят мырза көш кезегі Бай-Өлке қазақтарына да келді дейсіз ғой?
Иә, Бұрындары Қазақстанға көшіп келгендер қазақтар Моңғолия елінің ішкі аймақтарында тұратын қазақтар еді ғой. Ендігі кезек Бай-Өлкеге де келді. Бай-Өлкедегі бауырларымыз Қазақстанға көтеріле, қопарыла көшпек боп бел шешіп отыр. Буынып түйініп дайын отырғандары қаншама.
Ең әуеліде осы сапарымыздың ресми жағына тоқтала кетейін. Делегацияны мен бастап бардым. Делегациямыздың құрамында менен басқа да Қазақстан Президенті аппараты мен Министрлер кабинетінің, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері болды. Улан-батырда болдық. Бізді Моңғолияның Премьер-министрі Д.Бямбасүрэн, Еңбек министрі Ц. Цолмон қабылдады. Моңғолиядағы Ресей елшілігінде де болдық. Елші С. Разовпен әңгімелестік.
Осы сапардың барысында біз мына бір аса маңызды мәселенің басын ашып алдық. Ол қалай мәселе? Өзіңе де белгілі, Моңғолдағы бауырларымыз бұдан екі үш жыл бұрын-ақ Қазақстанға келе бастады емес пе. Бірақ ол кезде Қазақстан әлі Одаққа орталыққа қарап жалтақтаушы еді ғой. Сондықтан «Моңғолияның қазақтары Қазақстанға тұрақтап қалу үшін емес, жұмыс күші жетіспей жатқандықтан келіп жатыр» деп күлбілтеледік қой. Оның несін жасырайық. Енді мәселені ашық қойдық. Мұның атын ұлы көш дейді, ұлы миграция дейді. Әрбір қазақтың, мейлі ол дүние жүзінің қай түкпірін мекен етсін, өз отанына оралуға, ата жұртына қайтуға құқысы бар. Оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Қоюға тиіс емес те. Ендеше, Моңғолияның қазақтары да өз отанына қайтуға құқылы. Біз мұны ашып айттық. Ашық айттық. Осыған орай бұдан екі үш жыл бұрын жасалған жалтақ келісім шарттардың бәрін өзгертіп, қайта жасадық. Жаңадан жасадық.
Бәрекелді Тәуелсіз Қазақстанның мұғдарына сай тірлік жасапсыздар. Біздің білуімізше, Моңғолия шекарасынан қазақтардың қара басы ғана өтуші еді. Енді олардың өздерімен бірге мал-мүліктерін алып келуіне болатын шығар?
Мүліктерінде толық алып келеді. Ал малға келетін болсақ, жағдай былай. Қазақстанға көшіп келетін әрбір отбасының мүшесі өзімен бірге 8 бас ұсақ (қой,ешкі) не болмаса 2 жылқы алып келуіне құқылы. Мәселен, бір отбасында алты адам бар дейік. Енді 6-ны 8-ге көбейтіңіз. Яғни, осы отбасы өзімен бірге 48 бас қойды алып келе алады. Не болмаса қой басына шағып жылқы алып келе алады.
Бұл малдардың бәріде Қосағаш арқылы Қазақстанға айдалып өтіледі. Мұның бәрі екі жақты келісім-шартта атап көрсетілді. Сондай-ақ бұл шартта кедендік кедергілерді жою жөнінде де маңызды мәселелер аталып өтілді.
Көшіп келушілердің жол шығынын кім өтейді? Кім мойнына алады?
Біз аламыз. Яғни, Қазақстанның Еңбек министрлігі төлейді. Киіз кімдікі болса, білек те соныкі. Көш Қазақтікі. Ендеше, бұл көштің ауыртпалығын Қазақстан көтеріп алуға тиіс.
Бұрындары Моңғолияның қазақтары Қазақстанға жарты әлемді айналып (Иркутск арқылы) жетуші еді ғой. Біз осы мәселені толық шештік. Қалайша? Әр күн сайын 5 ұшақ Моңғолияның Бай-Өлкесіне үздіксіз қатынап тұратын болады. Бұл ұшақтар шілде айында әр күніне бес рейс жасаса, енді тоғыз рейс жасайды. Бұл ұшақтар Семейден, Өскеменнен ұшып шығады да, Бай-Өлкеге барып, ондағы буынып-түйініп дайын отырған қазақтарды сол Семей мен Өскеменге қайта алып келеді. Күтіп алушыларда көшіп келушілерді осы жерден қарсы алап, Қазақстанның облыстарына таратып әкететін болады. Осы шығындардың барлығын, яғни ұшақтардың жанар май шығынын, жол шығынын, тамақ шығынын бәрін Еңбек министрі төлейін деп отыр.
Қарсы алу дегеннен келіп шығады, көшіп келушілерді қарсы алу жағы әлі де болса көңілден шыға бермейді-ау.
Мұны дұрыс айттың. Енді жағдай мүлде өзгеретін болады. Біздің ұсыныс жасауымызбен Қазақстан Министрлер Кабинеті арнайы қаулы қабылдады. Бұл қаулы бойынша әрбір облыста, әрбір ауданда көші-қон комиссиясы құрылуы керек. Және де бұл комиссияны жергілікті әкімнің орынбасары басқаруы керек. Дәл кәзір осы іс жедел қолға алынып жатыр. Бұл недеген сөз? Көшіп келушілерге жергілікті әкімдер жете назар аударады деген сөз
Бай-Өлкеден көшіп келетіндердің биыл қаншасын қабылдай аласыздар?
Былтыр 12 мың адамды қабылдадық қой. Биыл 26 мың адамды қарсы алып, жер-жерге орналастырамыз ғой деп шешіп отырмыз.
Естуімізше, Сіз бүгін түс ауа Түркменстанға ұшқалы отыр екенсіз…
Түркменстанға да дәл осы мәселемен, көші-қон мәселесімен бара жатырмын. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде Түркменстандағы қазақтар да Қазақстанға көшіп келе бастады. Білуімізше, қиындықтар аз емес. Осы қиындықтарды Түркменстан үкіметімен біріге отырып шешсек деген ниетпен жол жүргелі отырмын.
Жортқанда жолыңыз болсын!.
«Егемен Қазастан» 30 шілде 1992 жыл.
Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесінің назарына
ҚАНДАСЫМЫЗ ҚАМЫҚПАСЫН
Өткен жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанға Моңғолияда тұратын қазақтар көшіп келіп қоныстана бастады. Бұл ағайындарымыздың келу себебі: біріншіден, социалистік жүйенің күйреуіне байланысты бұрынғы, өз мүмкіндігімен жұмыс істеп, өзін-өзі қаржыландыра алмайты, үкіметтен несие алып келген өндіріс, шаруашылықтың жабылуы, өндірістік емес салаларда жұмыс қолының қысқарылуына байланысты жұмыссыздар саны көбейді; екіншіден, Монғолияда демократияның кеңінен өріс алуының арқасы. Соның нәтижесінде Моңғолияда тұратын қазақтар өздерінің байырғы ата-мекеніне барып еңбек ету жөніндегі тілегін моңғол үкіметі түсіністікпен қабыл алып, еркіндік берді. Өкінішке орай қанаттас көрші жатқан екі елде де көші-қон заңы жоқ екен. Сондықтан мұнда көшіп келушілер Қазақстанның жергілікті ауылшаруашылық салаларының еңбек күшіне деген сұранысы бойынша солардың өкілдерімен келісім-шарт жасап, соның негізінде келіп орналасып жатыр. Осы жолмен өткен жылы Моңғолиядан Қ азақстан Республикасының Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Алматы облыстарына 12 мыңға тарта адам, 2500 отбасы көшіп келіп орналасты. Көпшілік жерде алыстан келген ағайындарына жан-жақты көмек көрсетіп, жанашыр жылы шыраймен қабылдап жатыр. Мәселен Жезқазған облысының Ақтоғай ауданы, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының басшылары атамекенге оралған ағайындарының тез жерсініп кетуі үшін қолдарынан келген жақсылықтарын жасауда. Ал Республикалық халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметовке айтар алғысымыз үлкен. Атажұртқа алғашқы көшпен келген ағайындардың балаларын мектепке, мектеп-интернатқа орналастыру, шынын айту керек оңай болған жоқ. Осы жайды баяндап алдына барғанымызда мәселені қолма-қол шешіп, арнайы бұйрық берді. Содан бері , міне, бұл жағынан күні бүгінге дейін кемдік жоқ.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа жыл қарсаңында алыста жүрген ағайындарға арнап сөз сөйледі. Онда «Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік» деп ақ тілек білдірді. Мұның өзі шетте жүрген қандастарға қатты әсер етті.
Атажұртқа кеп ыстық ықылас, шынайы қамқорлыққа бөленгендермен бірге, көпірме көп сөзге сеніп, қалғандар да бар. Мысалы, Семей облысы Абыралы аудандық Кеңесінің төрағасы Дүйсен Қошқарбековты сыртынан екі сөзді адам десе жұрттың сене қоюы екіталай. Бірақ солай деп айтпасқа амал жоқ. Басқа баспана, екі қолға жұмыс, қажетті көмек болады деп қаншама отбасын жылы отнынан тік көтеріп көшіріп алып келе тұрып, айтқандарының бірінде орындамады. Қайта олардан жолға шыққан азын-аулақ қаражатты қайтарып алды. Сонан соң атажұртын аңсап келгендер амалсыздан басқа облыстарға орныққан жегжаттарын жағалап, өз беттерімен тарып кетті.
Кәзір көшіп келушілерді орналастыру, жұмыс тауып беру, және тағы басқа қажетті көмек көрсету барысында жергілікті жердің қолынан келе бермейтін кедергілер болып тұр.Мәселен Қазақстанның ауыл шаруашылығының сұранысы – малшы, механизаторлар. Келісімді осы екі мамандықпен аламыз деп жасайды. Келгісі келген малшылар мен механизаторлар туған-туыстарын да тастамай, өздерімен бірге ерте келеді. Ал мұнда келген соң олар өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, сергелдеңге түседі. Ақыры қай жерде қолайлы жұмыс болса, еріксіз соған көшеді. Осының бәріне қаржы керек. Көші-қон кезінде ешкім күтпеген әртүрлі кездейсоқ жағдайлар болуы әбден мүмкін. Мысалы, үй мүлкін тонатып алу, өрт пен апатқа ұшырау, жанұяны асырайтын адамының аяқ астынан ауыр науқасқа шалдығып, немесе қаза боп кеткен кезде соларға көмек беру мәселесі шешілмеген. Ал Моңғолияның Еңбек және Қаржы министрліктері мұндай жағдайларды шешу үшін еңбек күшін пайдаланып отырған жерден қаржы жиып, соны жұмсаңдар деген нұсқау берген еді.Осы қаржының көзі келісімде көрсетілгенімен, Қазақстан Еңбек министрлігінің қарсылық көрсетуі бойынша шаруашылықтар төлемей отыр. Айналып келгенде, кездейсоқ ауыртпалықтың бәрін ата жұртым деп аңсап келген қоныс аударушылардың өздері көтеруде.
Тағы бір назар аударуды қажет ететін негізгі мәселелердің бірі –көшіп келушілердің қалаларда тұрақтауына жағдайдың болмауы. Соның салдарынан жоғарғы білім маман интелегенттер, әсіресе өнер адамдарының атамекендеріне оралуларына мүмкіндік болмай отыр. Қазақстан тарапынан келушілердің бұл категориясына мемлекет тарапынан қамқорлық керек-ақ.
Сонымен қатар мұнда келушілермен еңбек келісімі 5 жылға жасалған. Кей жерлерде көрсетілген тоң-тораз салқын қабақтың әсерінен, алыстан аңсап келген атамекенімізде түбегейлі келу керекпе, жоқ қайтадан Моңғолияға көшу керек пе деп ойланып жүргендер де жоқ емес…
Міне, Моңғолиядан атажұртқа келіп, қазір қоныстанып жатқан адамдарымыздың жағдайы қысқаша айтқанда осындай. Бұдан қортынды жасай келіп, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болғандықтан және күні кеше бекітілген Азаматтық туралы Заңды негіздей отырып, алдағы уақытта көшіп келушілердің мәселесін өкімет өз қолына алып,мемлекеттік тұрғыда шешілсе екен деген өтініш-тілегіміз бар. Егер оны талдап атын атап, түсін түстейтін болсақ төменгідей:
- келушілерді мүмкіндігіне орай ағайын, жекжаттарын бір-бірінен ажыратпай бір жерге, кем дегенде 20-30 түтіннен шоғырландырып орналастырса,немесе жаңа аудан, ауылшаруашылық мекемелерін ашса;
- үй-жай және бірден жұмыс орнымен қамтамасыз етуге өкімет тарапынан кепілдік беріліп, жасалған уәде заңды түрде орындалатын болса;
- көшіп келушілерге жаппай қаржылай көмек берілсе.Рас кәзір Республика Министрлер Кабинетінің 1991-ші жылғы 711-ші қаулысы бойынша ауылшаруашылығына жұмысқа барғандарға ғана көмек беріледі.Ал көмектің мөлшері кәзіргі бағаның шарықтауын ескерсек, тіпті мардымсыз;
- Қазақстанда жекеменшіктендіру іске асып жатқанда, көшіп келген адамдардың тағдыры қалай болады? Бұл мәселе де мемлекет аралық деңгейде шешілсе дейміз. Сондай-ақ қоныс аударушылардың Моңғолиядағы меншікті мал-мүлкін алып келуге екі ел арасында келісім жасалса.
Әрине, бұл проблемалар қолында қаржысы бар көші-қон комитеті құрылмай, оңайлықпен жүзеге аспайды. Себебі, қазіргі Республика Еңбек министрлігінің ұйымдастыруымен жүріп жатқан көші-қонның қиындығы жоғарыда біз сөз еткендей болып отыр. Оның барлық проблемаларын шешетін жалғыз министрлікте мүмкіндік те жоқ. Сондықтан ондағы жолдастарға өкпе айтуға да болмас.
Қазақ халқының арқа сүйер азаматтары, құрметті халық депутаттары, сөзімізді Сіздерге арнағалы отырмыз. Халық үшін, қазақ елінің болашағы үшін шешілуі күрделі көптеген ізгілікті мәселелерді орынды шешіп келе жатқандарыңызға ризашылығымызды білдіре отырып, ұланбайтақ Моңғол даласында моңғол ағайындармен бірге еркін еңбек етіп , өмір сүріп келген қазақ қандастарыңыз атамекенім деп аңсап келгенде қиындықсыз араларыңызға кіріп, тез сіңісіп кетуі үшін республиканың арнайы көші-қон министрлігін құру мәселесін байыппен қарап, тез шешсеңіздер екен. Бұл өзі қандастары жайлы қамқор болғысы келген барлық мәдениетті елдерде бұрыннан қалыптасқан қасиетті дәстүр.Соны тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан Республикасы неге қолданбасқа? Өйткені атамекеніне келем деушілер жалғыз Моңғолияда ғана емес, басқа да шет елдерде көп. Соларға даңғыл жол ашылмай ма?Сонда ғана көш байсалды болмақ!
Сөз соңында халық қалаулылары, Сіздерге айтарымыз, жұмыстарыңыздың сәтті болуына игі тілек білдіре отырып, Алла тағаланың нұры жаусын демекпіз.
Сағат Заханқызы,
Аятхан Тұрысбекұлы ,
Моңғолия Еңбек министрлігінің
Алматы қаласындағы
тұрақты өкілдері.
«Егеменді Қазақстан» газеті.
21.01.1992ж. 23.07.1992ж.
ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВ
Қазақтардың отанына оралуы туралы әңгіме-сыр
ТӨРТ БҰРЫШТАН ТӨГІЛІП КӨШ КЕЛЕДІ
Біз Алатаудың ең бір көрікті қойнауында –“Бұтақты сай”аталатын өзенінің жазғы күркірі жан-жақты жаңғыртып жатқан жағасының көк майсасы жапырылмаған, екі жағынан тау қоршап, қабат-қабат қарағайлары жұпар шашқан, жалғыз аяқ жолдары биікке асып, әлде қайда сонау көк аспан астына кетіп жатқан самал, сая орынға тігілген, он екі қанат ақ орданың ішінде отырмыз. Бау шу,ою-өрнегі адамдар қолынан, олардың жан күйімен ынта-ықыласынан жаралғанын әсем баяндап тұр.
Бұл Баян –Өлгей қазақтарының көш басшыларының үйі.Олар-тұла бойлары асыл арман мен жігер қайрат отына толы Сағат қарындас пен Аятхан бауыр. Олар осынау тұстағы Отанға оралу жолында асу-асу бел басып, шытырман-шырғалаң жол басқанымен, “ Май табан” атанған ұлы көштің қалай басталып, ілкі күнге қалай ұласып жатқанын баяндағанда бір-біріне алма –кезек ауысқан егіз кітаптай елестейді. Осы жерде отырғандар Сағаттың балалары Мұхтар, Алтын,Бақыт, екі бауыры Сайт пен Сәулехат Сайттың келіншегі Ақбал, Аятханның бәйбішесі Тәтті,балалары Жанар, Ернар, Назгүл, Дидар, күйеу жігіт Қуанышбек және Сағаттың немерелері- кішкентай сәбилер.Мынау салтанатты да сағынышты кең дастарханда біздің Қазақстанда кездесе бермейтін сары уыздан ұйытқан маңызы күшті бір дәм балқаймақтың басқа бір түрі шақпақ қантқа ұқсаған төрт бұрышты құрт, уылжыған күрең түсті ірімшік дейсіз бе, сонау алыста ғасырлар бойына ғұмыр кешкен бауырлар тұрмысы мен салт-дәстүрінен хабар беретін, қазақы дәм-тұздар сықасып тұр.Осының үстіне олардың атамекен топырағын басып, арманына жеткен айрықша қуанышын қоссаңыз жан балқып, жүрек тебіреніп, көзге жас орала береді. Сағат сөйлеп отыр. Бұлардың барлығы дерлік жоғары білімді адамдар. Сағат-экономист. Мәскеудің халық шаруашылық институтын бітірген. Аятхан да солай.Өзгелері Киев, Одесса технологиялық институттарын тауысқан. Сайт тері илеу, үлгірту жөнінен кандидаттық диссертация қорғаған. Бәрі де аяқтарынан тік тұрып, қызмет етіп жүр. Былай қарасаң өзіміздің күнде көріп жүрген туыстар секілді, барынша бауырмал, қарапайым, мамандықтарының әртүріне қарамастан бәрі де қазақтың әдебиеті мен музикасын он саусағындай біліп, санап айтып отыр. Бізден айырмашылығы осы.
-Менің жолдасым Дүрбітхан,-дейді Сағат жүзіне сәл көлеңке тоқтап. –Моңғолиядағы қазақтардың арқа сүйер ағасындай аяулы азаматы еді… Ол Премьер-министрдің кеңесшісі болып, жоғарғы қызметте отырды. Оған дейін де талантты басшы ретінде үлкен жұмыстарда болды. Обалы не керек моңғол басшылары, үкіметі аз ұлтсың деп кемсітпей, ақылына білімі сай қазақтарды бағалап, іс басқартып келді.
Бұл дәстүр бәлкім сонау Тұрар Рысқұлов заманынан қалған шығар. Ол Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі болған. Уақытында моңғолдың жаңа жас мемлекетіне көп еңбек сіңірген. Тіпті астанаға” Уланбатыр” деп ат қойып кеткен де сол кісі деседі. Қазақтың ішінен өте талантты мемлекет қайраткерлері шыққанын шыға беретінін олар біледі.Міне, сол Дүрбітхан моңғол үкіметінің басшылары арасында ықпалын жүргізген кісі еді.”жазмыштан озмыш жоқ “ деген сол, нағыз жайнап тұрған кезінде, сонау түпкі арманына енді-енді жетем деп жүргенде, тұтқиылдан өмірден баз кешті.(Осы кезде оның көзінен жасы құйылып кетті) … Менің бақытыма мынау отырған Аяғаң нартәуекел, қиын сапарға шылбыр тастап, дізгін қосып бірге шықты. Бұл уақыт-1989-1990 жылдар еді. Сіздердегі демократия бізге де келіп,әркім өз ойындағы мақсатын еркін айтатын, еркін қимылдайтын кез туды. Күйеуім Премьер-министрдің ең сенімді серіктерінің бірі болған соң да, көп жыл араласып, жолдас болып кеткендіктен, ол кісіге мен ойымды, сезімімді, жасқанбай айта беретінмін…
Біз Аякең екеміз іске кірісіп кеттік. Алдымен жастарды тілектестерді жинап, халық ішіне шыға бастадық.Қаншама елдің білікті кісілері, сыйлы ақсақалдарымен кеңестік.Не айтары бар сірескен сеңді бұзу өте қиынға соқты.Моңғолдар өзінше бір басқа, алдымен қазақтардың өзі неше бөлікке бөлінді.”Ол жақта қалың орыс қырып тастайды, тілін де білмейміз, үйренген моңғолым жақсы’’ дейтіндер басымдық ала берді.Дегенмен келе-келе “көшеміз” “көшпейміз” деген негізгі екі топ шықты…
1990 жылы алғаш рет біз шолу, барлау мақсатымен Алматыға келдік.Тиісті орындардың қабылдауында болдық. Онша қарсылық та, онша қолдау да көре алмадық. Бізге негізгі айтқандары: Кеңес, Моңғолия мемлекеттерінің өзара келісімі болмаса, жай беталды көше жөнелудің жөні келмес. Жүйелі, жоспарлы шара қарау керек. Онысы да дұрыс еді, екі жақтың тиісті орындары мүдделі министрліктері бас қосып,” уһ” дегенде келісім табылды-ау.Айта берсе сөз ұзаққа кетеді. 1991 жылы көштің алды қозғала бастады. Алдымен көшті ұйымдастыру штабы құрылып, оның басшылары ретінде өзіміз келдік…
Сөзге Аятхан араласты.
-Қазір 42500 адам,8 мыңнан астам жанұя келіп жетті.Республиканың біраз облысына тарап, әркім өз мамандығымен жұмысқа кірісіп жатыр.Қазақстан Еңбек министрлігінің бұл жөніндегі жұмысы әжептәуір жолға қойылатын секілді.
Заманның таршылық, қымбатшылық, дағдарысты кезеңіне тап болып әрі жаңа ғана дербестік алған қазақ мемлекетінің де шын мағнада тәуелсіз болуы үшін қыруар іс туындап жатқанын жақсы білеміз. Ал жалпы көшіп-қонып жатқан елдің бәрі бұл жағдайға түгел түсіне бермейді. Әлгі сағынып келіп сандалып қалдық деген өкініш содан шығады.Оның үстіне бар жерде бірдей қолында дәрмені аз болғанымен, көңілі дұрыс ағайындар кездесе бермейді.Оның үстіне жергілікті туыстар көшу дегеннің азап бейнетін ұмытқалы қашан.Өз Отанында өсіп-өнгендер сол Отанды сағыну сезімдерін біле бермесе керек.
Байырғы қазақтың бауырмалдылығы осы кезде ауадай қажет.Бір ғана Қазақстан-аталар Отаны, соған жетіп өлсекарман жоқ деген мақсат үшін қаншама адамдар жол азабын шекті, қисапсыз шығынға батты, адам құрбандары да бар, соның бәрі болашақ үшін, ұрпақ үшін, ұлттығын,тілін сақтап қалу үшін адам айтқысыз арпалыс кешуде.Сол қиындықтардың бәрін жеңіп тұрған “Отанымыздың топырағын бастық” деген ұлы сезім, ұлы мақтаныш бар.
…Бұл көшіп келіп жатқан бауырлар алдымен бізге Отан-Қазақстан деген мақтаныш, әулие сезімді алып келіп жатыр.Екіншіден, соншама уақыт қызғыштай қорып сақтаған таза тілді, шұрайлы сөзді, нелер көне күйді сазды, қазақтың таза мінез ибадат пен инабат, сұлу сыпайылықты алып кеп жатыр.Моңғол қанша айтқанмен тұрмыс- салты ұқсас, далалық кәсібімен мінезі ұқсас, қашаннан тарихы бір халық болғандықтан қазақтардың өзін өзі сақтауына қиянат жасамаған сияқты.Ауыл аралас ,қой қоралас, күнделікті тіршілігі бірдей, болған соң, әрине белгілі мөлшерде бір-біріне жасайтын ықпалынсыз болмайды.Мінез әрекет жөнінде де солай болмақ. Мұндай құбылыс санадан да тысқары тұрған нәрсе, байқатпай жұғады.Мысалы, Қытай, Ауған ,Иран, Түркия қазақтарының жалпы өркениет тарихындағы даму, қалыптасулары туған, өскен ортаға байланысты мінез-құлқы, дүниеге көз қарасы әртүрлі екені бірден көзге шалынады. Бәрін байланыстырып тұрған қазақтың қан мен ортақ жалғыз тілі ғана.Осылардың бәрі, ала-құлалақтар кейін бір ғана мемлекетке ұласқанда тез-ақ жойылып кететін айырмашылық.Мәселе ұйымдасуда бірлікте көбеюде болып отыр.”Көп қорқытады ,терең батырады” деген мақал кәзір есімізге жиі түсуі керек…
Шынымды айтайын мен осы көріністі көріп,осы әңгімелерді тыңдап отырып біздің кейбіреулеріміздің ұғып жүргеніміздей бұл көшу жәй орын іздеп, пана іздеп босып жатқан ел емес,қазақтың атамекеніне тарихи ұлы көші, біржолата орнығу дәуірі деп қарау керек екені есіме түседі.Бұл қазақ егемендігі атты ұлы кітаптың ұлы бір тарауы болмақ.
Сондықтан бұған қоса қамқорлық, адамшылық, жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен қарау керек.Олардың отан аңсаған ғазиз жүрегін ардақтай білу керек.Кейбір санасы саяз, ақылы сұйық қазақсымақтың “Өзіміз жарымай отырғанда … “деп күңкілдейтіндерінен қорғау керек.”Көш жүре дүзеледі “деген данышпан ата сөзін олар жақсы біледі, сондықтан қазіргі барға қанағаты мол. Ия, көштерің оң болсын бауырлар, мына ақ сапар, тарихи жолда талай кездесуге жазсын.
“Халық кеңесі” газеті
1993 жыл. 24 маусым.
Атамекен аясында
Қазақ халқы үшін бір ел болып, шаңырақ көтеріп, бір жерге жиналмай ұрпақ тағдырын шешуге болмайтынын бәріміз түсіндік. Содан Қазақстанға көшудің жолын 1990 жылдан бері қарастыра бастадық. Мәскеуге осы мақсатпен арнайы барып, осы жылғы 24 науырызда Алматыға келіп, «Қазақстан қоғамының» төрағасы Шәңгерей Жәнібеков мырзаға мәселе қойдым, осы кісінің қолдауымен және жол көрсетуінің арқасында ҚазССР Еңбек министрі Саят Бейсеновтың қабылдауында болып арғарай мемлекеттік хатшы Қаратай Тұрысов, ҚазССР Премьер министрі Ұзақпай Қарамановқа дейін барып мәселені егжей тегжейлі таныстырғанымыздың арқасында Ұлы көштің жолының ашылуына мүмкіндік туындады. Ол кезде Моңғолияда да Қазақстанда да Көші-қон заңы жоқ еді. Алғашында Қазақстанның жұмыс күшіне мұқтаж мекемелерімен Еңбек келісім-шартын жасадық. Моңғолияда жұмыссыздар көп еді.Моңғол үкіметі оларды қалайда жұмыспен қанымдау мәселесін күн тәртібіне қойған.Біздің Қазақстанға келіп жұмыс жасаймыз деген талаб-тілегімізді қайтарған жоқ. Мен 1990 жылы 19 шы желтоқсан күні Моңғолияның Еңбек министрлігінің жанынан жаңадан ашылған Шетелдерге барып жұмыстағысы келетін азаматтардың жұмысы жөніндегі Бюроның номері бірінші жолдамасымен келіп, Талдықорған облысы Кербұлақ ауданының әкімшілігімен 200 адам әкелуге Еңбек келісім-шартын жасадым.Осы келісім бойынша, 1991 жылы 17- ші наурыз күні Аятхан тұрысбекұлы екеміз Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына 96 адамды алып келіп, ауданның барлық шаруашылықтарына малшы, жұмысшы ретінде орналастырдық.Бұл арғарайғы Ұлы көшке жол ашқан монголия қазақтарының алғашқы легі еді. Осы адамдардаң ішінде отбасымен көшіп келген Ауіпбайдың екі отауы болды.Көштің жолын кеңейту үшін мен Монголияның Премьер министрі Дашийн Бямбасүреннің екі мәрте қабылдауында болып, атамекенге келгісі келген ағайындардың тілегін жеткіздім.Екі елдің де үкімет басына дейін мәселені жеткізе түсіндіргеннің арқасында ,1991 жылы маусым айының 24-ші жұлдызында Монголияняң Еңбек министрі Ц.Цолмон мен ҚазССР ының Еңбек министрі Саят бейсенов бастаған екі ел делегациясыАлматы қаласында бас қосып,Монголиядағы қазақтардың өздерінің тарихи отаны Қазақстанға Еңбек келісім шарты арқылы қоныс аударып жатқанын мақұлдады, және 1991 жылы қыркүйек айында осы мәселе туралы Улан –Батор қаласында екі жақ кездесіп келісімге қол қойылды.Мұнда:Көшті арғарай Еңбек күші ретінде жалғастыру мәселесі бекітіліп, от басымен келіп жатқан адамдардың зейнет жасындағы адамдарына Монголия мен Кеңес одағының арасында 1981 жылы жасалған Келісім негізінде, Қазақстан жағы зейнетақы беруге келісілді.Зейнет ақы мәселесін, біз алғашқы көш келген кезден бастап қолға алып, ҚазССР ының Әлеуметтік қамсыздандыру министрі Зәуре Жүніс қызының қабалдауында болып оңтайлы шешім алғанымыздың арқасында маусым айынан бастап беріліп келген енді, ол енді екі ел арасындағы келісім арқылы бекітілуі заңды негіз алып, жаңа қарқын алған көштің кері қайтпауына үлкен әсерін тигізді. 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздігін алғанға дейін Еңбек келісім шарты негізінде Қазақстанға 11800 адам өз күштерімен , өз қаражатымен қоныс аударды. Оларға келісімде көрсетілген міндеттемелер бойынша шаруашылықтар ақшалай көмек ,және мал беріп, жұмыс берді. Балаларын оқу орындарына бөгетсіз қабылдады. Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1991 жылы 31 ші желтоқсан күні Қазақстанның Алғашқы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев телеарна арқылы халқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап сөз сөйлегенде: “…Алыстағы ағайын өздерінің тарихи отаны Қазақстанға келеміз , десе құшағымыз ашық…”,деп ізгі ниетін білдірді.Осыдан кейін Қазақстан үкіметі көші-қон жұмысын өз қолына алды .Көшті кім жүргізеді деп сұрағандарға, Қазақстанның Еңбек министрі Саят Бейсенов: “ Киіз кімдікі болса ,білек соныкі,өзіміз көшіріп аламыз”,- деп ақпарат арқылы жауап берді. 1991 жылы Монголияның астанасы Улан-батор мен оның маңындағы аймақтардан басталған Ұлы көш, 1992 жылы Монголияның Баян-Өлгий аймағынан жалғасын тапты. Күніне 8-10 ұшақ 300 дей автобуспен адамдарын тасып, 2000 шақты тіркемелі КАМАЗ олардың жүктерін тасыды.Мұндай салтанатты Ұлы көш, бұрын соңды дүниеде , ешбір ұлттың пешенесіне бұйырмаған болуы керек !… Арғарай Қазақстанда Көші-қон Агенттігі құрылды. Көшіп келген адамдар Келісім шарт бойынша бес жыл мерзімімен берілген Монголия азаматтығының паспортымен отырғандықтан Моңғолия Еңбек министрлігінің Алматы қаласында Тұрақты Өкілдігі ашылды. Өкілдіктің бастығына мені( Сағат Заханқызы) орынбасарына Аятхан тұрысбекұлы тағайындалды. Өкілдік, көшіп келген адамдар Қазақстанның азаматтығын алғанша,олардың тұрмыс тіршілігі, жұмыс жағдайына байланысты шешімін табуға тиісті мәселелерді тиісті мекемелерге жеткізіп, шешімін табуға қолқабыс жасап отырды. Атажұртқа көшіп келушілердің саны 1992 жылы 23мың адам қоныс аударды. Қазақстанға келгісі келетін адамдарға бөгет болған емес.
Қоныс аударушылар алғашында үй мүлкімен көшсе, соңғы кезде малын да алап көшті. Қазақ халқын ұлт ретінде сыйлап, бостандығына шек келтірмей, халықтың өмір бойы жиған-терген дүние – мүлкіне қол тигізбей, бөгетсіз жіберіп отырған Монголия өкіметіне қазақтар шын ықыласымен разы.
Көшіп келген халық жергілікті ағайындардың ыстық ықыласына бөленді. «Көш жүре дүзеледі» деген ғой. Ұлттық мәдениетті арқау еткен өркениетті елдердің бірі болармыз деген үмітпен келген ағайындарымыз өздеріне тапсырылған жұмысты жан аямай тындыруға әзір.
Атамекеніне келгісі келгендерге ыстық ықылас білдіріп, қол ұшын созып, миллиондаған сом қаржы босатып, қамқорлықтарына алған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа , Министрлер Кабинетінің төрағасы Трещенкоға шын жүректен алғыс айтамыз
Сағат Заханқызы, АятханТұрысбекұлы.
Монголия Еңбек министрлігінің
Қазақстандағы өкілдері
« Шалқар» газеті қыркүйек , 1992 жыл
Ата мекен аясында
ЕЛГЕ КЕЛГЕН БАУЫРЛАР
- Сағат Заханқызы, Моңғолиядағы ағайындардың көш басы
Қазақстанға бұрылғалы бері Шалқар газеті де бұл қуанышты шартарапқа жеткізіп келеді.Газет бетінде сіздердің өз лебіздеріңіз де, жүрек жарды жырларыңыз да жарияланды.Бір өкініштісі- газеттің 19-санындағы сіздердің суреттеріңізді түсіндіруде өрескел жаңсақтық жіберіп алдық. Оның салқыны сіздерді мазалағанын білеміз. Сұхбат алдында осы айыбымызды алдыңызға сала отырып, сіздерден де, оқырманнан да кешірім сұрауға тура келіп отыр.
Сағат Заханқызы:-Біз кешіреміз ғой, ел кешірсе. Дегенмен өкінішті іс болды. Жә, бұл жайды қоялық та, өзіміз атқарып жүрген ісімізге оралайық. Көшіп келгендердің арасында зиялылар да бар.Олардың мұнда мамандықтары бойынша орналасуы қиын боп тұр. Талдықорған облысының Сарқант ауданына Абай Мауқараұлы семьясымен көшіп келді. Ол Баян-Өлгий аймағына танымал дәрігер-гинеколог еді. Сарқант аудандық ауруханасында бос орын болса да, жұмысқа қабылданбады. Аудан облыстың , облыс Алматының жауабын күтті. Әңгіме ҚазақССР Сыртқы істер министрлігіне дейін жетті. Министрлік-МХР мен ҚазақССР дипломдарының күші бірдей екендігін хабарлады. Бұл жайды ҚазақССР Денсаулық сақтау министрлігі Москваға мәлімдесе, ондағылар араласпайтындығын айтыпты. Сонда егеменді Қазақстанның Москваға жалтақтауының не керегі бар еді?
- Келушілердің бірталайы Абралы ауданына қоныстанып жатқанын естігенде апыр-ай, туыстарымызды түйнекке тыққанымыз ба деп біз де күйзелдік. Сағат Заханқызы, осы мәселенің егжей-тегжейі қалай, Өкілдіктер арасында мұндай келісім болып па еді.
Сағат Заханқызы:-Бұл жағдайды ести сала МХР Еңбек министрлігінің қызметкері Пүрүвбатыр мені Баян-Өлгийге жіберді. Баян-Өлгий өкілдері мен мұндағы жергілікті басшылар арасында ондай уағдаластық болған екен.Радиациасы көп жерге халықтың баруының қажетсіздігін айтып түсіндіргенмен, нәтиже шықпады. Көшіп келгенде басқаша жағдай кездесті. Баспана да жұмыс та болмады. Халық жанжаққа тарап кетті. 320 үйдің қайда екенін әлә біліп болған жоқпыз.
-Айтуыңызша Монғолия үкіметі шетелге жұмысқа баратындар үшін 5 түрлі аймаққа қоныстануға рұқсат етілмейді. Олар:ерекше радиациалы, саяси қақтығыстар болып жатқан жерлер, тропикалық аймақтар, теңіз флоты Теңіз флотына бармау себебі Моңғолия халқы теңіз климатына үйренбеген. Бұл шарт неге бұзылған?
Сағат Заханқызы:-Абыралы болмаса бұл шарт қолданылатындай аймақ Қазақстанда жоқ. Көші-қон қиыншылықсыз болмақ емес, оның бәрін бадырайтып, ондағы мұндағылардың көңіліне қаяу салудың қажеті жоқ. Ерекше жағдай жасауды талап етпейміз. Тек туысқандық қол ұшын берсе үйлесіп, жерлесіп кетуге жәрдемдессе, балалардың оқудан қалмауына, тілі мен әдет-ғұрыптың сақталуына жағдай жасаса болғаны. Тілі мен әдет-ғұрып, көне салттан олар да құралақан емес. Атамекенде сол жалғасын тапса дейміз.
-Совет Одағындағы, соның ішінде Қазақстандағы бүгінгі экономикалықдағдарыс әмбеге мәлім. Халықтың әлеуметтік жағдайлары да төмен. Көш осындай ауыр кезеңмен сәйкес келді. Бұған тек сезім мен төзім ғана төрелік етпек қой. Жекелеген басшылардың білместігі үшін ел өкпелемес.
Аятхан Тұрысбекұлы:-Тоқырау заманында атамекенде жұмыс істеуге келгенді қойып, командировкаға келіп-кетудің өзі үлкен арман болатын. Қазір ерік бостандығы тиді. Мұның өзі үлкен жеңіс. Қиыншылықсыз өмір бар ма?Бәріне төзіп, ауыртпалықты іспен жеңуге тиіспіз.
- Әңгімелеріңізге үлкен рахмет!
Б.Сәрсенбина. Алматы.
“Шалқар” газеті 1991 жыл.
АТАМЕКЕНДІ АҢСАҒАН АҒАЙЫН БАР АЛЫСТА…
Қазақстан егемен ел болғалы шетелдердегі қазақтарды елге қайтару мәселесі дұрыс жолға қойылды. Әсіресе осынау шараның іске асырылуыбарысында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қомақты үлесі бар.”Атамекенге ораламыз деген шеттегі ағайынға есігіміз ашық” деген Елбасының жүрек жарды ықыласын ести сала, шетелдердегі қандастарымыз атамекенге ат басын бұра бастады.
1991 жылдың көктемінде “Еңбек келісім шарты” негізінде атажұрт топырағына табан тіріген Моңғолия қазақтары ұлы көшті бастаған болатын.Ол кезде екі елде де көші қон заңы болмағандықтан, ҚазақКСР-інің ауылшаруашылығы ұжымдарымен “Еңбек келісім шартын” жасауға тура келді. Cоның нәтижесінде Қазақстандағы колхоздар мен совхоздар өздерінің экономикалық дағдарыста отырғандығына қарамастан, жұмыла көтеріліп өз күштерімен Моңғолия қазақтарының көшіп келуіне ат салысты.
Соның арқасында 1991-1992 жылдары 42 мың адам еңбек келісім шартымен көшіп келіп қоныстанды. Оларға ауылшаруашылығы ұжымдары жұмыс беріп, мүмкіндігінше баспанамен қамтамасыз еткен болатын.Атамекенге оралған қандастарымыз жергілікті халықпен тез үйренісіп,еңбекке етене араласа бастады.Балаларын оқытып тәуелсіз еліміздің өркендеп-өсуіне өз үлестерін қосып келеді.Олардың арасында бүгінде өз кәсібін үйіріп әкетіп, шаруаның ыңғайын жете меңгеріп алғандары да аз емес. Мысалы, Алматы облысы мен Алматы қаласының маңында тұратын Захан Сәдірбайұлы,Мархаба Шыңғышбайұлының отбасы сияқты жүзден астам шаңырақ кәсіпкерлікті кәсіп етіп, үй жиһазын жасаумен айланысуда. Олардың қатарында паралон зауытын ашқан азаматтар да бар.Көші қон туралы заң қабылданып, көш мәселесін мемлекет өзі қолына алғаннан кейін, квотамен көшіп келушілер қатары да көбейді.Оларға Қазақстан тарапынан берілетін бір реткі жәрдем ақы, баспана жайы дұрыс жолға қойылды. Алайда соңғы жылдары оралмандар баспанадан қиыншылық көріп отыр.
Бүгінде еліміздің экономикасы дамып,әлемнің озық елдері қатарына қосылу бағытында мақсатты шаралар іске асуда. Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында әлеуметтік- экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағыттылған игі шаралар қолға алынды. Елімізде көптеген өндіріс орындары, кәсіпорындар қатары көбейіп, ел экономикасына үлес қосар азаматтар саны күн санап өсіп келеді.
Жетістік бар жерде кемшіліктердің болмай қалмайтыны шындық.Сондықтан да игі істермен қатар әлі де қолға алып,шешімін табатын мәселелер жеткілікті. Олардың қатарында демография мәселесін айтар едім. Елімізде тұрып жатқан қазақтардың үлесін көбейтудегі басты күш шетелдерде тұратын қазақтар екендігін Елбасының өзі қадап айтып жүр. Олай болса, алдағы уақытта шетелдерде тұрып жатқан қазақ ағайындардың елге қайтуына жағдайлар жасалынуға тиіс Бүгінде сол шетелдерден атамекенге көшіп келуге дәрменсіз отырғандар алыстағы ағайынның көші-қон жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі деген үмітте. Осы мақсатты шаралар барысында мына бір жайттардың басты назарға алынғаны құба-құп болар еді. Біріншіден, оралмандарды бейімдеу орталығын ашып, сол жерде көшіп келушілерді құжаттандырып, оқытып, үйретіп арғарай еңбек майданына бағыттап отырса, екіншіден, жаңадан ашылып жатқан өндіріс, кәсіпорындарда әсіресе ауылшаруашылығын өркендетуге байланысты жұмыстарына оралмандар көптеп тартылса, үшіншіден, көшіп келуге нақты мекен-жайлар анықталып, оған ағайын туыстарымен, тіпті бүтіндей ауылымен көшіріп әкеліп орналастыру мәселесі қолға алынса. Осы шараларды іске асыруды Үкімет тікелей бақылауына алып, нақты тапсырмалар берілсе, көші-қон жұмысы жеңілдей түскен болар еді.
Сағат Заханқызы
“ Президент және халық” газеті
2006 жыл. қыркүйек.
КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН ДЕСЕК…
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті мен Еңбек министрлігінің назарына
Қазақстан өз алдына дербес ел болып тәуелсіздігін жариялағалы бері, құдайға шүкір, осыдан жарты ғасырдан да көп уақыт бұрын дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен қандас бауырымыздың атамекеніне емін-еркін ат басын тіреуіне, тіпті, біржола қоныс аударуына тамаша мүмкіндіктер туды. Бұған мысал ретінде Түркия, Иран, Ауғанстан сияқты шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан бірлі- жарым қазақтарды қоспағанда, іргелес жатқан Моңғолия мемлекетінен өткен жылдың жазында бері қарай бұрылған көшті ерекше атауға болар еді.
1992 жылы республика басшылығының ұйымдастыруымен Моңғолиядан Қазақстанға 8711 от басы, яғни, 42507 азамат көшіріліп алынды. Арғы бетте туған елге жетуге зар болып отырған туыстарымыздың саны әлі де 100 мыңға жетіп жығылады.Алла қосса таяу күндерде уақытша тоқтатылған көш қайта қозғалмақшы. Бір елден екінші елге біржолата қоныс аудару ауызекі айтуға оңай болғанымен, оның сан-салалы проблемалары болады екен.
Ал алғашқы көште жіберген олқылықтардың орнын толтырмай жатып, оны арығарай жылжыту асығыстық болар еді. Осының бәрін ескере отырып,газет тілшісі Моңғолия Еңбек министрлігінің Қазақстандағытұрақты өкілдері Аятхан Тұрысбекұлы мен Сағат Заханқызына арнайы жолығып, ұлы көштің кейбір өзекті мәселелері төңірегінде жан-жақты әңгімелеп беруін өтінді. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына аударып отырмыз.
***
-Осыдан үш жыл бұрын басталған көш әлі жалғасуда. Ал осы үрдістің нақты бір жүйеге түсуіне қандай мемлекеттік ұйымдар, лауазым иелері ықпал етті деп ойлайсыздар?
Сағат ЗАХАНҚЫЗЫ:-1990 жылы, көші-қон мәселесі сіздерде енді қолға алына бастаған кезде осындағы “Отан” қоғамына келіп ел ағаларымен ақыл кеңес алмастық.Соның нәтижесінде 1991 жылғы 17 наурызда Моңғолиядан 100 отбасын Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына алып келдік.Бірден атакәсәпке байланысты жергілікті басшылықпен еңбек шартын жасастық. Бұл істе аталмыш ауданның әкімі Тілеужан Садықұлов, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Нұрбай Жантілеуов үлкен батылдық көрсетті. Сөйтіп осы облыстың он ауданымен келісім-шарт жасасып, 1200 отбасын бері қарай тағы да көшіріп жібердік. Ол кезде кеңес өкіметі бар еді. Моңғолия Еңбек министрлігінің хатын Қазақстанның Еңбек министрлігіне алып бардық. Алайда Қазақстан Республикасының Еңбек министрі Саят Бейсенов екі елдің арасында нақты келісім болмайынша, Моңғолия қазақтарын қабылдай алмаймыз, Мәскеу рұқсат бермейді,-деді. Бұл пікірді Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Қаратай Тұрысовта қайталады. Көп ойланбастан Моңғолияға сапар шегіп, сол елдің үкіметі мен Еңбек министрлігіне мәселені тіке қойдық.Обалы не керек, олар Қазақстанның Еңбек министрі С.Бейсеновты өздеріне шақырды. Өкінішке орай Саят ағамыз күдік шырмауынан шыға алмаған соң 1991 жылы 10 маусымда Моңғолия Еңбек министрі Цолмон Қазақстанға келді.Бірақ та сапар нәтижелі болмады.Көш стихиялы түрде жүре берді.Бұл іске Қазақстан Еңбек министрлігі қыркүйектен бастап қана араласты.1992 жылы арнайы көліктер бөлініп,ұйымдастырылды.Еңбек министрлігі жанынан көші-қонды реттеп отыратын департамант ашылды.Осы арада бір айта кететін нәрсе департамент дербес болмағандықтан көп шаруаға өз бетінше араласа алмады. Таратып айтқанда, аталмыш департамент министрліктер мен облыс, аудан әкімдеріне сөзін өткізе алмайды, аса маңызды үлкен келісім-шарттарды өздігінен жасауға құдыреті жетпейді. Мәселен Ресей Федерациасы территориясын басып өткені үшін орасан зор транзиттік шығын талап етіледі екен. Бұл негізінен, екі елдің сыртқы істер министрліктері келісіп шешетін мәселе Айта берсе мұндай проблемалар жетеді.
Тоқ етерін айтқанда, көші-қон мәселесін әр сала бойынша реттеп, бір арнаға тоғыстырып отыратын мемлекеттік дәрежедегі арнайы Көші-қон комитетін құратын кез жеткен сияқты.
-Сонда қалай, аталмыш департаменттің көші-қон мәселесін толық қанағаттандыра алмағаны ма?…
Аятхан ТҰРЫСБЕКҰЛЫ:- Әрине, солай демеске шараң жоқ. Департамент өзге министрліктерді былай қойғанда, бұл іске бірден-бір жанашыр болатын Еңбек министрлігіне де нақты талап қоя алмауда. Ал Еңбек министрлігінің жайбасарлығынан істелмей отырған шаруалар шаш-етектен. Атап айтқанда министрлік қоныс аударып келген азаматтарды мамандығы бойынша қызметке орналастыра алмауда.
Былтырғы көш тиімсіздеу болды. Еңбек министрлігі көшіп келушілер үшін жаңа өндіріс орындарын ашуға, оларды баспанамен қамтамасыз етуге ықпал ете алмады.Мәселен, Моңғол мемлекеті қоныс аударушы қазақтардың өзімен бірге мал-мүлкін алып шығуына бірден келіскен- ді. Обалы не керек, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Б.Тұрсынбаев бұл мәселені тездетіп қолға алу жөнінде нұсқау берді. Бірақта тиісті құжатқа 30 маусымда ғана қол қойылды. Бұл кезде көштің басталғанына оншақты күн өтіп еді. Әттең, бір ай бұрынырақ қимылдаған да бәрі басқаша шешілер ме еді. Моңғолия тарапынан әрбір қоныс аударушы отбасына 2 жылқы құлынымен, 8 қойдан бергі бетке алып өтуіне рұқсатетілген ді. Өкінішке орай, екінші жақтың-Қазақстанның кейбір жауапты орындарының қырсыздығынан қоныс аударушылардың алғашқы легі бұл жеңілдікті пайдалана алмады. Себебі ол кезде бәрі де кеш еді.Алдыңғылардың тап болған сәтсіздігін қайталамас үшін Моңғолияда болған 40 күндік іс сапар барысында қолдан келгеннің бәрін істеп бақтық. Соның нәтижесінде 1500 жылқы, 5 мыңдай қойды бергі бетке алып шықтық. Ал тиістісі 24700 жылқы, 241000 қой болатын. Бұйырғаны болар деп барды қанағат тұтып жүре беретін көнбіс халықпыз ғой. Сөйтіп жүрген де бұдан да сорақы жағдайдың күтіп тұрғанын қайдан білейік. 1992 жылғы 15-20 тамызда көшіп келгендердің малын “Скотоимпорт“ Мекемесі арқылы Семей, Зырян қалаларының ет комбинаттарына өткізуге мәжбүр етті. Мал өткізушілердің қолына бір-бір жапырақ (квитанция) қағаз беріп, өздеріңіз көшіп барған жерлеріңізден малдарыңыздың ақшасына мал аласыздар деп сендірді ондағылар. Осы бір қауырт кезеңде Еңбек министрлігі мен “Скотоимпорт” жедел түрде есеп айырысаалмағандықтан малдың жыры күні бүгінге дейін созылып отыр. Сондай-ақ экономикалық дағдарыс, бағаның күн санап өсуі мал өткізуші қандастарымызға кеселін тигізіп-ақ тұр. Мәселен, Скотоимпорт мекемесі өткен жылғы бағамен бір қойға – 700 сом бір жылқыға -5 мың сомнан төлейміз дейді. Ал кәзіргі баға бойынша бір қой 25 мың, бір жылқы 150-200 мыңға дейін барады екен. Сонда ұтылып отырған тағы да өзіміздің қандастарымыз болып шығады.Тағы да бір мысыл:өткен жылы 200 қой, 56 жылқы өткізген азамат қазіргі баға айырмашылығы бойынша есептескенде 4 жылқы, 8 қой ғана алады екен. Мұны барып тұрған әділетсіздік десек артық емес. Қоныс аударушылар болса тек қана басына-бас қайтаруды талап етуде. Меніңше, олардың талабы өте дұрыс.
-Осыған орай үкіметіміз тарапынан ұйымдастырылған нақты шаралар болды ма?
Аятхан ТҰРЫСБЕКҰЛЫ:- Болғанда қандай! Бұл жөнінде Б.Тұрсынбаевтың 1992 жылғы 13 мамырдағы117 нөмірлі бұйрығы да бар.Әттең Еңбек министрлігімен “Скотоимпорт” мекемесі бұйрықты орындамады. Жоғарыда тілге тиек еткен келеңсіз жағдайдың басты себебі осы. “Скотоимпорт” мекемесі осындай оңтайлы сәтті епті пайдаланып, өз алдына жеке кәсіп орын құрып алды. Сөйтіп алшысы оңынан түскен олар Моңғолиядан бері өткізілген малды өрзан бағаға сатып алып, араға біраз уақыт аралатып, басқа мекемелерге қымбат бағамен қайта өткізуде.
Б.Тұрсынбаевтің бұйрығы орындалмаған соң оның орынбасары А.Құсайынов 1992 жылдың 29 қарашасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына арнайы хат жолдады. Дегенмен, бұл да елеусіз қалды. Меніңше осы мәселені кезінде үкімет деңгейінде шешу керек еді. Дер кезінде қолға алынбағандықтан күн өткен сайын экономиканы жайлаған инфляция әсерінен малдың бағасы көтеріліп кетті.Ал мал иесіне тиесілі малын қайтару үшін баға айырмашылығын кім төлейді? Бұл мәселенің түйініншешу әзірше қиын болып тұр.Өткенде Еңбек министрлігі жанындағы көші-қон шаруасына тікелей жауапты департамент пен Ауылшаруашылығы министрлігіндегі жауапты азаматтар Президентке барыңдар деген кеңес айтты. Президенттің одан да маңыздырақ мәселелерді шешуден қолы тие бермейтінін олар түсінгісі келмейтін сияқты. Биылғы көш жуық арада басталады. Соған дейін осындай маңызды мәселелерді тездетіп шешіп алуға Министрлер кабинеті тарапынан ерекше назар аударылмаса, жағдайдың қиындай түсетіні сөзсіз.
-Көшіп келіп атамекенмен сағына қауышып жатқан қандас бауырларымызды қазіргідей өтпелі кезең қиыншылықтарының айналып өтпейтіні белгілі. Олай болса елім деп келген азаматтардың еңсесі түсіп, тауы шағылмауы үшін қандай нақты шаралар жүргізілуде? Дәл кәзіргі кезде оларды қандай проблемалар көбірек толғандыруда?
Cағат ЗАХАНҚЫЗЫ:-Құдай қаласа Моңғолия қазақтарының атамекен топырағын басқанына үш жыл болып қалыпты. Алайда, басты-басты екі мәселе шешілмей тұр. Оның біріншісі- азаматтық, екіншісі- жекешелендіру мәселесі болып табылады. Кезінде, алғашқы үрдісте еңбек шартымен бері қарай өткен қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауы созылыңқырап кетті. Екіншіден олар бері қарай үдере көшкенде моңғол елінде шаруашылықтарды жекешелендіру енді ғана қолға алынып жатты. Ал мұндағы жекешелендіруге олар ілінбей қалды. Сөйтіп атамекенін аңсаған бауырларымыздың екі жақтан да өзіне тиесілі үлесті алаалмайтын түрі бар.
Сондай-ақ зейнеткерлерге зейнетақы төлеу мәселесі де бір жүйеге келген жоқ. Мәселен Моңғолияда төрт балалы ана 20 жыл еңбек стажымен зейнет демалысына шыға беретін-ді.Мұнда мүлдем басқаша екен, яғни, мейлі төрт, мейлі он балалы екеніне қарамастан аналар 55 жасында ғана зейнет демалысына шыға алады екен.Ол жақта сонымен қатар әскерилер де еңбек демалысына ертерек шығушы еді. Қоныс аударушыларды осы жағы да қатты толғандыруда.
-Өздеріңіз жетекшілік жасап отырған Моңғолия мемлекетінің Қазақстандағы өкілдігінің қазіргі күй-жайы, жұмыс жоспары қалай?
Аятхан ТҰРЫСБЕКҰЛЫ:- Сөздің шындығына келгенде қазіргі жағдайымыз онша мәз емес.Былтыр мемлекеттік бюджетті пайдаландық.Биыл Министрлер Кабинеті Еңбек министрлігінің көші-қон үлесінен бізге тиісті сыбағамызды беруі туралы шешім қабылданған ды. Алайда оның да нәтижесі болыңқырамай тұр. Әйтеуір жүрегі “Елім” деп соғатын арқалы азаматтардың арқасында күн көріп отырмыз.Тығырыққа тірелген кезде астанадағы “Жәнібек-Тархан” өндірістік-коммерциялық фирмасының директоры Ерболат Төлегенов қол ұшын берді. Көлік, қаржы мәселесін шешуге көмектесіп жүрген осы азамат.Тіпті көшіп келуші қазақтарға тұрғын үй салу мақсатында Атақоныс атты жеке кәсіпорын ашып үлгерді. Мұндай бауырмал, халқы үшін жаны ауыратын бизнесмендердің саны күнсайын көбейе беруіне тілектеспіз.
Жалпы адамгершілік тұрғыдан қарағанда Моңғолияға да, Қазақстанға да ешқандай ренішіміз жоқ. Мәселен алыстағы атамекенге біржолата қоныс аударамыз дегенде Моңғолия мемлекеті басшылығы тарапынан қарсылық болмады. Керісінше олар қолдан келген мүмкіндіктеріне қарай жеңілдіктерін жасауға, көштің дұрыс ұйымдастырылуына баса назар аударды. Ал Қазақстан Президенті мен Үкіметінің тарапынан да Моңғолиядан көшіп келуші қазақтарға ерекше назар аударып, перспективалы шаралар жүзеге асып жатқаны көңілді марқайтады. Әрине кез келген ізгі шараларды жүзеге асыруда оның жетістіктерімен бірге сәтсіздіктердің де уақыт талабына сай көтеріліп отырғанын дұрыс түсінгені абзал. Егер де осы сөзіміз жоғарыдағы ел басшылары назарына қайталап жетіп жатса, жуық арада басталатын биылғы көштің көптеген өзекті мәселелері нақты шешімін табар еді. Қалғанын уақыт төрешінің еншісіне қалдыралық.
-Ашық-жарқын әңгімелеріңіз үшін шын жүректен рахмет айта отырып, біздің де тілейтініміз – ”көш көлікті болсын!” демекпіз.
Сұхбатты жүргізген
Жаңабек Тойбазаров,
“Халық кеңесінің” арнаулы тілшісі.1993 жыл.
ҮЛКЕН ІСКЕ ҮЛЕС
Қазақ елі егемендігін өз қолына ала бастағаннан-ақ еліміздің тұңғыш Президенті Н,Ә.Назарбаевтың Өзінің тарихи отаны –Қазақстанға келгісі келетін аайындарға есігіміз ашық деп ізгі ниетін білдіруінің нәтижесінде, өткен ғасырларда тағдыр тауқыметін арқалап, атамекеннен үдере көшіп, шет елдерге барып қоныстанған қандастарымыз атажұртқа бет бұрып, қайта орала бастады.
Тоталитарлық жүйенің тоңы жібіп, демократиялық кезеңнің таңы жаңадан ата бастаған 1990 жылдың басындағы бұл қозғалыс Моңғолияда тұратын қазақтардың Қазақстанға жаппай көшуінен бастау алып, одан әрі қарай Қытай, Түркия, Ауғанстан, Пәкстанда тұратын ағайындарымыздың көшіне жалғасып, ата-баба ұрпағын атамекенде тоғыстырған ұлы көшке айналды.
Шеттегі қазақтардың өзінің тарихи Отанына оралу мақсатының жүзеге асуы қазақ елінің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігі мен осы бағытта қызмет атқарып келген үлкен лауазым иелері Шәңгерей Жәнібеков, Қалдарбек Найманбаев, Алтыншаш Жағанова, Өмірбай Мусаев, Сайлау Батыршаұлы, Саят Бейсеновтің қажымас еңбегі жәнеде халқымыздың арқа сүйер ақыл ой, рухани тірегі –Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Нұрлан Оразалин, Төлен Әбдіков сияқты азаматтардың Қамқорлығының жемісі деп білемін.
Дүниежүзінің қазақтары әртараптан келіп, тарихи мекен-Түркстан жерінде, өзінің тарихи отаны- тәуелсіз Қазақ елінің көк туының астында екінші рет бас қосып отыруы осы ұлы көштің баянды болуының бұлжымас белгісіндей. Бұл-бабалар армандап кеткен ұрпақтың бір мүдде, бір мақсатпен атажұртта тоғысуы.
Осы ұлы жиын тойға әр елде тұрып жатқан қандастарымыздың өкілдері әр алуан пікір, алғыр оймен келері сөзсіз. Олардың, шаңырағын жаңа көтергенімен, бүгінгі өркениетті елдердің қатарынан өз орнын алып үлгерген Қазақ елінің бүгінгісін одан әрі көркейтіп,келешегін кеңейту жолында тындырар ісі де аз емес.Себебі, ағайынның ауылы алыста болғанымен, көңіл-ниеті әрқашанда атажұртта. Бүгінде олардың атажұртқа келгенінен келері,бергенінен берері көп екені де даусыз.
Заман ағынына сергек қарап, ұрпақ қамын ойлап, ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтап, бірігіп бір ел болу, жас мемлекетіміздің шаңырағын ағайынмен бірге көтерісу,мақсатымен, атажұртқа бет алған осы көшті бастап жүргізу біздің буын өкілдерінің маңдайына жазылған жауапкершілігі мол тарихи да абыройлы міндет еді.Осы міндетті атқару барысында Моңғолияда тұратын қазақтардың мақсат-тілегін Моңғол үкіметінің басына дейін түсіндіре таныстырып, олардың ықтиярын алып, өз халқымның атажұртқа оралуына себепші болып, осы тарихи процестің куәгері болуым, қолыма қалам алып, болған уақиғаны нақтылы деректер негізінде қағазға түсіруіме түрткі болды. Сондықтан оқырманға ұсынып отырған Бақыт Дөрбетханқызы екеміздің Ұрпақтар тоғысы деген кітап жазып, бұл еңбегіміздің Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы қарсаңында жарыққа шығуы, аз да болса біздің тойға арнаған шашуымыз деп есептейміз.
Сағат Заханқызы,
Моңғолиядан келген оралман.
“Егемен Қазақстан” газеті
2002 жыл. 23 қазан.
IV.БӨЛІМ.
БАЯН-ӨЛГЕЙ АЙМАҒЫ ҚОСТАҒАН ҚАЗАҚ КӨШІ
БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ КӨШІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
1991 жылы Монголия елінің астанасы Уланбатыр қаласы оған жақын орналасқан Налайх, Дархан, Эрдэнэт, Баганур қалалары мен ішкі моңғол аймақтарындағы қазақтар, негізінен қопарыла көшті. Оған негізгі себеп атамекенге деген алып ұшқан сағыныштары болса, Моңғолия үкіметінің кең пейілділігінің арқасында шектеу қойылмай, адамдар өздерімен бірге үй мүлкі заттарын өз отырған жерлерінен Қазақстанның түпкір-түпкіріне вагондармен еш кедергісіз, кеден салығынсыз жеткізуге мүмкіндік болғаны өте қуанышты жағдай еді.
Ал, Темір жол қатынасы жоқ жәнеде қазақтар ең көп шоғырланып орналасқан Баян-Өлгей және Ховда аймақтарындағы қазақтарды көшіріп алуға Қазақстаннан Баян-Өлгей аймағының орталығына барған Камаз авто машиналары, автобустар, Самолеттердің әсері қазақ көшінің нағыз байсалдылығы, Қазақ елінің қандастарына деген қамқорлығы, Моңғол ағайындар мен бірге басқа ұлт өкілдерінің есінде мәңгі қалғанына ерекше тоқталуға тиістіміз.
Баян-Өлгей аймағы Моңғолия қазақтарының кір жуып кіндік кескен туған жер-алтын бесігі. Моңғолия жеріндегі сол кездегі 175 мың қазақ Баян-Өлгей аймағы оның 12 сұмыны (аудан)-нан тараған болатын. Баян-Өлгей қазақша Бай-Бесік, Бай-Өлке деген мағына береді.
Баян-Өлгей мен Ховда аймақтары ел астанасы Улан-Батордан 1760 шақырым шалғай, Моңғолияның батыс таулы өлкесінде орналасқан. Бір кездері Қазақ елімен шекаралас болған. Кеңес одағы заманында біраз жері Ресейдің Таулы-Алтай өлкесіне қаратылуына байланысты Моңғолия қазақтарының Қазақстанмен қатынасатын 40-50 шақырымға жуық төте жолы жабылып қалған деседі.
Қазақстанмен тура қатынасатын авто көлік жолы жоқ. Тек Ресейге жүк тасымалдауға арналған Таулы-Алтай мен Баян-Өлгей аралығындағы шекарада «Қызыл үй», «Ташанты» кеден бекеті бар.
Бұл бекеттің жүргінші жолаушыларды өткізетін құқығы да мүмкіндігі де шектеулі.Ташанта шекара бекетінен көшке жол ашу мәселесін шешу де оңайға түспеді. Мәселені шешу үшін Баян-Өлгей аймағының басшылары Моңғолия-Ресей-Қазақстанның жоғарғы төменгі дәрежелі қаншама басшыларының қолдауын алу үшін орасан зор еңбектеніп, көп жүгіргендерінің арқасында бізде барынша өз пікір ұсыныстарымызбен ат салыстық. Алғашқы көш басталғанда Баян-Өлгей аймағынан көшкісі келген қазақтарға төте жол ашу үшін бұл мәселені біз өз тарапымыздан Моңғолия елінің Үкімет басшысы Д.Бямбасүрэннің қабылдауында болып таныстырып ықтияр қолдауын алған едік. Содан кейін Монголия елінің Еңбек министрі Ц.Цолмон Алматыға келіп көш мәселесі жөнінде алғашқы ҚазССр Еңбек министрімен кездесу өткізді. Осы жолы шекара мәселесі ҚазақССР Министрлер Кабинетінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа таныстырылып ұсыныс енгізілді. Оған Баян-Өлгий аймағының әкімі Мизамхан мырза және басқада жеке адамдар да ат салысты. Соңында екі елдің Үкімет басшылары Ұ.Қараманов пен Д.Бямбасүрэн мырзалардың Ресеймен келісуінің арқасында 1991 жылы 25 қыркүйекте «Қос-Ағаш»ауданында Еңбек министрлері С.Бейсенов пен Ц.Цолмон және «Таулы-Алтай» Республикасының өкілі А.Алчугаев үшеуі «Ташанта» шекара бекеті арқылы көш өткізу туралы протоколға қол қойды. Осы игі іске Қазақ ССР достық қоғамының төрайымы Жібек Әмірхан қызы мен Баян-Өлгей аймағының әкімі Мизамхан мырзаның ерекше сіңірген іс әрекеттері жемісті болып нәтижесінде Алматы мен Баян-Өлгей аймағы арасында жолаушылар тасымалдайтын ұшақтар ұшуға мүмкіндік туды. Осылайша Баян-Өлгей мен Ховда аймағының қазақтары көшіне төте жол ашылды. 1991 жылғы алғашқы көш кезінде біраз отбасы Баян-Өлгей аймағынан Улан-Батыр қаласына өз қаражаттарымен көшіп барып Улан-Батырдан-Новосибирск-Қазақстан бағытына темір жолмен ұзақ сонар жол жүріп еді. Мұндай ауыртпалығы көп шытырман жолды Ховда аймағының қазақтары да бастарынан өткізген.
1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын қазақ КССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711қаулысы шықты. Осы қаулы Баян-Өлгей аймағынан шығатын қазақ тіліндегі газет, журналдарда басылып халықтан біздің Өкілдікке сұраныс, өтініштер қарша жауып кетті. Көптеген жеке адамдар өз қаражатарымен келіп тұрақты қоныстанатын елді мекендерін көріп, ел жермен танысып сабылысып бізге келісім шарт жасасып беріңдер қайда барамыз қашан көшіп келеміз мал мүлкімізді сатып буынып-түйініп дайын отырмыз деген өтініштерін айтып тыныштық бермеді.
Біз, Өкілдіктің атынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің назарына ашық хат жолдап, көш мәселесіне халық қалаулыларының назарын аударып көшті № 711 қаулыға сәйкес жандандыруға ат салыса кірістік. Бұл хатымыз «Егеменді Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 22 қаңтардағы нөміріне «Қандасымыз қамықпасын» деген атпен жарияланды.
Министрлер Кабинетінің № 711 қаулысын іске асыру тапсырылған Еңбек министрлігінің есігін тоздырдық десекте артық болмас. Еңбек министрі С.Бейсенов мырзаның құзыры көші-қон ісіне қатысты басқада министрліктерге көп ықпал ете алмайтынын да түсінгендей болдық.
Мақсатымызға жету үшін алға ұмытылудан басқа амалымыз қалмады. Министрлер Кабинетінің орынбасары әрі Ауылшаруашылық министрі Балташ Тұрсынбаевқа 1992 жылы 30 наурызда № 08 хатымызды жолдадық. Ұзамай ол кісінің қабылдауында болып нақты деректерге сүйене отырып көптеген істерді назарына жеткізе алдық. Балташ мырзаның да ерен еңбегі көшке өте әсерлі болды. Осындай қазақи қанды ағаларымыздың елі, ұлты үшін батыл іске бара алатындары бабаларымыздың бата тілектері қабыл болғаны деп білеміз. Б.Тұрсынбаев мырзаның еліне келіп қосылар қазақтарға деген сенімі біздің мақсат тілегімізбен ұштасқанына алғысымыз шексіз.
1992 жылы 15 сәуірде Б.Тұрсынбаев өз кабинетіне көшке қатысты барлық Министрліктермен бас басқармалардың басшыларын жинап кеңес өткізді. Кеңеске Аятхан Тұрысбек екеуімізді де қатыстырды. Сөз кезегін бірінші болып маған берді. Үкімет отырысының мәртебелі жиыны болғандықтан менде 1991 жылы көшіп келген ағайындардың тұрмыс тіршілігі жұмысқа орналасуы, жаңа ортаға бейімделіп тірлік етіп жатқан жағдайларына қысқаша тоқтала келіп, көшке ерекше жанашырлық танытып қолдау көрсеткен Мырзатай Жолдасбеков, Шәңгерей Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Зәуре Жүсіпқызы, М.Құсымжанов, Шаяхмет Шайсұлтанұлы, Памир Камалиев сияқты лауазым иелеріне Моңғолия қазақтарының атынан, Өкілдік атынан, өз атымнан шексіз алғысымызды білдіріп, алыстан келген ағайындардың атажұртқа сіңісіп қоныс теуіп кетулеріне мардымды көңіл бөлмей отырған кейбір билік өкілдеріне де назымызды айтып талқыға салдым. Сөз соңында Баян-Өлггей аймағынан көшіп келуге дайын отырған ағайындардың жағдайын жеткізе келе, көш жұмысын уақытылы жүргізуге үлкен көңіл бөліп жедел ұйымдастырып беруге ықпал етуін Б.Тұрсынбаев мырзадан өтіндім.
Б.Тұрсынбаев мырза көшке қатысыты барлық лауазым иелеріне протокол негізінде жеке-жеке нақты тапсырмалар берді.
Осы жиынға қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеттің төрағасы Ізбасқанов Қылышбек Сатылғанұлы және Ішкі істер министрінің орынбасары А.Ақмади т.б. мырзалардың бізге ерекше ілтипат білдіріп, қандайда бір мәселелер туындаса келіңіздер қабылдап шешімін бірлесіп табамыз, деген шынайы сезім пейілдерін білдіргендері біздің алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімділік ұялатты.
Кезінде, ата-бабаларымыз, би-төрелер бас қосып мәселенің мән жайын дереу талқылап шешіп отырған үрдісі, осылайша өмірден өз орнын тауып, құндылығы тарихта таразыдай болып қалғанының бір куә көрінісі болды десек те артық айтпағаным болар.
Б.Тұрсынбаев мырзаның тапсырмасынан кейін Еңбек министрлігінде жайында әрбір министрліктердің міндеттері айқындалып, нақтылы жұмыс кестелері бекітілген бағдарлама жасалғаны көштің көркін келтірудің қағидасы болды.
Еңбек министрлігінің бөлім меңгерушісі Памир Камалиев пен Аятхан Тұрысбекұлы көшті басқарып ұйымдастыру үшін Баян-Өлгей аймағына аттанып кетті.
Баян-Өлгий қазақтарының көші басталысымен ерекше қарқын алып, жалпы халықтық сипат алды. Қазақ елі нің көшке деген ерекше ықыласының нәтижесінде Қазақстанның барлық облыс аудандарының күші жұмылдырылып, тәулігіне Баян-Өлгийге 8-10 ұшақ ұшырылып адамдарын тасыса, шаруашылықтар өз техникаларымен үй мүлкін, жүгін тіркемелі камаздармен әкеліп, жеткізіліп иелерінің қолдарына табыс етіп жатты. Малдарын айдап әкеліп бұрынғы ”Скотоимпорт” мекемесіне тапсырып адамдар көшіп келген жерлерінен орнына мал алатындай ғып ұйымдастырылды.Откен жылғы Улан-Батордан поезбен көшкен азғана қазақтың көшімен салыстырғанда Баян-Өлгийден көшкен іргелі елдің көшін қалыпты жүйеге түсіру өте салмақты болды. Улан-Баторда жұмысты оншақты адамы бар Еңбек бюросы атқарып еді, ал мына жұмыстың негізгі орталық штабы болып Өлгий қаласының қонақ үйінің бір бөлмесіне орналасқан Памир Камалиев, Марат Тоқсанбаев пен Аятхан Тұрысбекұлы атқарды.-Сағат минутпен есептелген кесте бойнша ұшып-қонып тұрған ұшақтарға алыс жатқан қонысы шалғай Хобда аймағынан тартып, Баян-Өлгийдің аудан ауылдарынан үздіксіз қоңырау шалып, келіп жатқан адамдардың документін реттеп, олардың қай күні қай ұшаққа отыратын кезектерін анықтап, қонар жері жоқтарын күнбе күн ұшаққа сиғызып, жіберу және баратын облыс, аудандарына қарай рет-ретімен жүргізіп отыру, шамалары келсе тездетіп көшуге асыққан елдің әптігі басылмай тұрғанда, күздің суығы басталып кетіп көш тоқтап қалмай көшіп үлгергісі келген халықтың абыр-сабыр тірлігін қолма-қол реттеу, жүк артуға келген мыңдаған камазды, адамдардың баратын облыс аудандарына қарай үйлестіріп, бір камазға бірнеше үйдің жүгін тиейтіндей ғып бөліп аудан ауылдарға жіберіп, жүктерін тиеп қайтып келгендерін есепке алып, Қазақстанға жіберіп отыру қанша қиын айғай –шу, аласапыран жұмыс болсада, елге ел қосылып жатқан игі іске қызмет етіп жатырмын деген киелі ой, тың серпін беріп, жігеріңе жігер қосып адамды рухтандырып отырады екен. Ешқандай келеңсіздікке жол бермей, жұмысты жүйелі атқарып отыруға барлық ынта- ниетіңмен кірскенде шаршағаныңды білмей де қалады екенсің! Көш керуен сәтімен жүргізілгеннің арқасында атамекеніне қоныс аударып келген ел құтты қоныстарында арқа-жарқа ғұмыр кешуге мүмкіндік алды,- дейді Аятхан Тұрысбекұлы.
Қазақс КССР еңбек мінистрлігінің қызметкерлері Марат Қонақбаев, Бақберген Шықабаев үшеуіміз Алматыда көші-қон жүмыстарын үйлестіруді, келген адамдардың тиісті елді мекендеріне уақытылы жеткізу жұмыстарын жүйелеумен айналыстық.
Көш қарқын алғаны соншалық М.Қонақбаев пен Б.Шықабаев екеуіде Алматыдан 75 тіркемелі Камаз машиналарын ұйымдастырып, Баян-Өлгей аймағына аттанып кетті.
Моңғолия елінің астанасы Улан-батырда басталған Ұлы көш осылайша қазақтар шоғырланып орналасқан Баян-Өлгей аймағында жалғасып, көш қарқыны арта берді. Көштің сән-салтанатын, ауқымдылығын, бүгіндері сөзбен айтып жазумен жазып жеткізу мүмкін емес. Мұндай көңіл шалқытып, ой толқытқан, сағыныштан еңіреген елдің етегі көл болған көз жастары, көңіл күйлерін тек музыкант, өнер адамдары толық қанды жеткізіп өрнектеуі мүмкін деп ойлаймын!
Көштің барлық қаражатын дағдарысқа қарамай Қазақ елі өзі көтеріп алғаны әлем елін таңқалдырған таңғажайып тарихи оқиға болды. Мүмкін кино режисорлар соңында тамаша да тартымды киноны өмірге әкелетініе сенімдімін. Рөлдерін сомдауға ат салысар ағайын арамыздан табылатынына кепілдік бергім келеді..
Көшіп кеушілер саны артқан сайын Баян-Өлгей аймағына Қазақ елінен ағылған камаздардың санына, адамдарды жеткізуге арналған автобустардың қаз қатары көрік берсе, аспанда ұшақтар рейісі қосылғаны дұшпандары болса құтын қашырды деуге болар еді. Оған себеп, 1991-1992 жылдары Кеңес одағы тарағаннан кейін Ресей және Моңғолия елінде де көптеген қиындықтар туындап ел еңсесі түскен заманда Қазақ елінің қандастарына көрсеткен қамқорлығының арқасында, әр күн сайын күніне 8-10 ұшақпен Баян- Өлгей аймағынан адамдарды Өскемен облысына одан әрі басқа облыстармен қалаларға жеткізіп жатты. Қазақ елінің қандастарына деген жомарттығына ыстық ниет пейіліне тек қазақтар ғана емес моңғол ағайындарымыз сүйсіне қарады. «Іздеуші, қамқоршыларың бар қазақтар қандай бақытты едіңдер» деп моңғол отандастарымыз қимастықпен қош айтысып қонақ жайлылықпен дастархан жайып шығарып салып жатты. Көшуге қамданбаған ол туралы ойланбаған адамдар да аяқ астынан шешім қабылдап, малы, үй мүлкінің сатылғанына да қармай тастап, көшіп кете барғандары болды.
Қазақ деген халық үшін «Көш» киелі ұғым. Атам заманнан бері қазақ күн көрісінің негізі болған бес түлік малдың қамымен, судың тұнығын шөптің шүйгінін іздеп жаз жайлау мен қыс қыстаудың арасына жылдың төрт мезгілінде отарлап көшіп келсе, табан астынан келген жауға ерлері тойтарыс беріп қарсы шапқанда, отбасы бала-шағалары қауіпсіз жерлерге жедел көшіп кетіп отырған. Енді міне алыста қалған атамекеніне қопарыла көшуде.Соңғы бір ғасырға жуық уақытта туып өскен құтты мекенін бейбіт заманда тастап кету оңай болмады. Бірақта болашақ ұрпақ қамы үшін орайы туып тұрғанда өз отанына жетіп алу мүмкіндігінен айырылып қалғысы келмегендер ештемеге де қараған жоқ.Сол кездегі адамдардың сана сезімі көңіл күйі малы мен жан жануарлардың өзіне қатты әсер еткені байқалған-ды.
Ал қазақтың мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық болған жылқы малының сезімталдығын көріп сай сүйегіміз сырқырады дейді Аякең..Байдолда деген ақсақал туыстарынан қалмайын деп аяқ асты көшуге бел байлап, келіп тұрған дайын камазға жүгін артып алған соң, байлаулы тұрған екі атын босатып қоя береді. Көш жылжи бастағанда екі ат қатарласа шауып кісінеп, машинаның алды-артын кескестеп орағытып барып тауға ғарай құйындата шапқанда көзіне жас алмаған адам болмады…
Ал, малын бағып, аңын аулап беретін, адал дос ақылды иттердің азасын айтсаңызшы…Әскерханның үйінде үлкен қабаған көкжал төбет бар еді .
Ол көш қозғала машинаның артынан еріп жүгіре-жүгіре сілесі құрып қалған еді. Кейін көшкен жұртында дода-додасы шығып шалқасынан аза тұтып жатқанын көргендерден естігенде бұзылған көңіл күйі түйін-түйін болып, егілгені естен кетпей жүрді..
Баян-Өлгей аймағына келген камаздар шекаралас Ховда аймағында тұратын қазақтарды көшіріп алуға да жетті. Нағыз моңғол ағайындардың қызығушылығын солар туғызды десек болады. Өйткені ол аймақта халықтың 90 пайызы моңғол ағайындар тұратын еді.
Кіндік кесіп кір жуған, туып өскен елінде қалып бара жатқан ағайындар мен атамекеніне көшіп кетіп бара жатқан туысқандардың және моңғол ағайындардың қимастықпен қоштасқан көңіл назын ақын Мұрат Пұштайұлы былай жырлаған еді:
Үш Ойғырдың басынан ел көшкенде-ай,
Қара желі Ховданың желдеткені-ай.
Бейбіт күнде бөлініп ағайыннын-ай,
Ойда күдік, бойды мұң меңдеткен-ай.
Керей, Уақ, Найманым,
Бұзылмаған қаймағың.
Кімге тастап барасың,
Баян-Өлгей аймағын.
Ел көшкенде қимаймын сүйікті елім-ай,
Аққан бұлақ, асқар тау биіктерін-ай.
Неге ғана мен ылғи көше берем-ай,
Көше беру еншіме тиіп пе еді-ай.
Уранхай мен Дөрбетім,
Дөңгеленген келбетің.
Ел көшкенде – жер жетім,
Мен кеткенде – сен жетім.
Көшкен жұртта шашылып мүлкің қалды ай,
Сай-салада шұрқырап жылқың қалды-ай.
Жанды жомарт моңғолдар, бауырларым,
Тумасақта болып-ек туыскандай-ай.
Көшуге бел байлаған,
Көліктерін сайлаған.
Ағайынға ақ сапар,
Ата жұртқа қамданған.
Бұл қазаққа тілегім,
Айтайын деп жүр едім.
Қоштасудың қиын-ай,
Қақ айрылды жүрегім.
Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін,
Ата мекен шақырды, ашты есігін.
Көшкен елге тілерім құтты қоныс,
Сенде аман бол, туған жер, бақ бесігім.
Алыс кетіп жүдеген,
Сығынышы үдеген,
Ағайынға бұл әнім –
Амандығым тілеген.
Найман, Уақ, Керейім,
Үстем болсын мерейің.
Түзу ұшсын түтінің,
Одан басқа не дейін.
Ал, Атамекен жеріне алғаш рет табанымыз тиген кезде менің ойыма төмендегі шумақтар келе берді:
Асып келдім Алтайдың асқар белін,
Шөбі шүйгін, суы бал мекен жерін.
Атамекен, ағайын, Алты алаш,
Аманбысың, ардақты Қазақ елім.
Ақ құсың ем аңсаған шалқар көлді,
Тынысы кең, жері бай туған елді.
Алыс кеткен адасып ақ боранда,
Ақ ботаңмын айналып тапқан елді…
Киелі Ала-Таудың бөктеріне атақты Бұтақты- Бутаковка жайлауына алты қанат ақ ордамыздың шаңырағын көтергенде тағыда төмендегідей өлең жолдары ойға оралды:
Киелі ата мекенім!
Деуші едім қашан жетемін,
Атажұрт асыл ағайын,
Тіледім жарқын ертеңін,
Бұйырды қоныс жеріңнен,
Мен бақытты екенмін.
Атадан қалған ақорда,
Алтайдан тасып әкелдім,
Киелі қара шаңырақ,
Іргесін көрген шет елдің.
Әйгілі ақбас Алатау,
Бауырына тігіп көркейдім.
Қара қазан ошақты,
Тойыңа арнап көтердім.
Қазақстан отаным,
Өзіңдеп мәңгі өтермін.
Мен бақытты екенмін,
Мен бақытты екенмін.
Кейіннен ойға келген өлеңдердің бір екеуін де осы тұста келтіре кеткенді жөн көрдім;
Нұрлы жол
Сөзі мен әнін жазған Сағат Заханқызы
Желбіреген көк туы күн астында
Еркін самғап қыраны шың басында
Айқындап болашақтың нұрлы жолын
Елбасы жол тартады нұрлы асуға
Қайырмасы
Жайқалған атырабы
Есілдің шалқып әні
Ақорда жарқырайды
Паш етіп ел еңсесін бар әлемге
Нұрлы жол шақырады
Қосылғанда елге ел құт келеді
Егемендік елітеді ескен желі
Алтайдың аржағынан бастау алған
Төгіліп төрт бұрыштан көш еледі
Қайырмасы
……………………………………………………………………….
Қайыңды арал
Сөзі мен әнін жазған Сағат Заханқызы
Ойға оралды махаббаттың көктемі
Нәзік сезім әз жүрекке төккен нұр
Арасынан арман қуған жастардың
Жарқыраған асыл бейнең тек сенің
Қайырмасы
Қайыңды арал,
Қайыңды арал,
Хобда өзеннің жағасы
Жасыл кілем ақ қайыңдар арасы
Су бетіне түсіп тұрды бейнеміз
Қос жүректің лүпілімен таласып
Алыс кеттік арман жүгін арқалап,
Алға ұмтылдық бізге оралды барша бақ,
Сағындырды ерке күндер естегі,
Сырласатын ақ қайыңды аралап.
Қайырмасы
НЕ ЖЕТСІН АРҚА СҮЙЕР АҒАҢ БАРҒА
( Пікірталас немесе сынға сын)
“Үнэн” газетінің тілшісі О.Қақар осы газеттің биылғы 132-санында жариялаған “Біз моңғол отанымызға борыштымыз” деген мақаласында аймағымызағы “жұмыссыздар саны он мыңнан азаятын түрі жоқ.Бұрынғы жайымыз бүгінде бәз баяғы қалпында” деп қынжылуы әбден орынды.
Расында , оның кеміп азаюынан ешбір белгі көрінбейтіні түңілдіреді.Бірақ “үмітсіздік сайтанның ісі” деген үлағатқа бағып, жаңа жаңа жұмыс орындарын тудыруға құлшыныс жасап,кемді уақыт шет елге шығып дегендей, бұл тақаршылықты да моңғол отандастарымызбен бірге көтере жатармыз деп көңіл алдартамыз.
Сонда жұмыссыз ағайындарымызды шетелге, Қазақстанға шығару жолы қаншалық күдірге соғып келеді десеңші!Ең аяғы қалатын ағайындардың етегінен тарту әрекеттері мен Қазақстан туралы лақап сөздері көбінің көңілін шайлықтырады. Енді ол “Хиссалар” үй арасының өсек аяңы болудан қалып, әлгі көрнекті жұрналисіміздің ой елегінен өтіп, қағаз бетіне түсіп, “Үнен” газетінің бетінен бірақ шыққанын қайтерсің!Содан да ол мақала жұмыссыз ағайындарымыз жайлы емес, жалпы ұлттығымыз жайлы дау туғызып,еріксіз сөзге тартып отыр.
Мақаладан жұрналист ініміз Моңғол отанының адал перзенті, птриот екені, өз туған халқын да жөнсіз шашыратуды қаламайтыны, оны тұтас күйінде көңіліне медеу, көзіне қарашық санайтыны көрініп-ақ тұр. Содан да көшіп жатқандардың басым көпшілігі жұмыссыздар емес, инженер, экономист, дәрігер,мұғалім қатарлы жоғарғы маманның адамдары болған соң, онда барғанда да бәз-баяғы жұмыссыз қалып, олқысынбағандары мал бағып, енді бір тобы қаладан қалаға кезіп “қаңғып” жүргенін ашып, үкіметімізді мықтап сескендіріп, мұндағы мамандыларымызды мейлінше үрейлендіріп қойыпты.
Мақалада “Қазақстан ғой, моңғолия қазақтарының ата жұрты болған емес, болуға да тиіс емес “ деп кесіп айтылған.Сонда, Қазақстанның Қызылжар өңірінде туып, 90 жас ғұмырының 60 тан астам жылын Қызылжар, Маманай, Тобылдан, Ертіс, Іле, Баркөл, Еренқабырғаға дейін басқыншыларға қарсы соғыста өткізген, Елім-ай дастаны мен әнін жаратушы ақын, әнші білтелі мылтық, найза, қанжар соққан зергер,өзіміздегі Шұбарайғыр руының киелі ұранына айналған алып батыры Қожабергенді қайда қоямыз? Ол өзіміздің керей батырларының нарқасқасы, дәл сол қожаберген екені дау туғызбақ емес.
Сондай-ақ өз қазағымыздың екі бірдей үлкен тарихшы доктор, профессор ғалымдары “Ардын эрх “ газетінің 1990 жылғы 68-санында “ МХР азаматы қазақтардың көбінің ата-бабалары тегінде Қазақстанды мекен еткені кім-кімге де мәлім” деп, жалған жазбаған шығар.
Тілшіміздің бейнелеуінше, бізден барғандарды қоныстандырып жатқан жерлер жан-пенде тұрақтауға келмейтін елсіз өңір, мүлде артта қалған елді мекен, атом сынағының улы қатері жайлаған алқап, жазы жан төзгісіз ыстық, қысы одан бетер суық түрінде суреттеліп, зәрені алыпты.
Орта және жоғарғы оқу орнын қазақша тәмамдап, ондаған жылдары орталық беделді газетте тілшілік істеген, өресі кең көрнекті жұрналистіміз өз ұлтының іргелі елінен осынша безінуге жеткенін, ол ғана емес, өзге де бір қаншамыздың қазақ затымыз ғана қалып, рухымыз осынша моңғолданып кеткенін сезсекші! Осынша отаншыл патриот бола тұра, оның есесіне осынша ұлтсыз боп шыққанымыз қандай өкінішті!
Доктор Қ.Зардыхан ғылми жағынан тәптіштеп дәлелдеген “солшыл” коммунизмнің кесірі бізді осынша аздырып жібергенін мойындамасқа қалай болмақшы?
Демек, біз ұлтсызданудың иі мен бояуын әбден қандырған елміз.Күні кешеге дейін халқымызды, қазақтығымызды алға тартудан сескендік. Ол отбасынан озбағандыққа, өресі тар оқшаулыққа теңелді.Ал ұлттығымызды сөз ету оңашаланғандыққа , ынтымақ-береке бұзғандыққа, бөлініп жарылуға әрекеттенгендікке саналды.Бір тұтас моңғол ұлтының құрамында “кемелденген” ұлттыққа жетеміз дестік. Мұның аты- ынтымақ, интернационализм болады дегенге дейін бардық.Алғашқы бес жылдықтардың ауыр салығынан, бірлестіктендіруден қайыршылыққа ұшырағандардың, тіпті 1960-1988 жылдарда жаңадан қайыршыланғандардың ішкергі жақтағы өндіріс ошақтары мен кен орындарына, малшылық пен егіншілікке ағылып қоныс аударуын еліміздегі социалистік құрылыс ісіне атсалысып, үлес қосу, отандық патриотизм, ерлік деп түсіндірдік.Сөйтіп, азғантай халқымыздың ұштен біріне жуығы ішкері немесе көршілес аймақтар мен қалаларға тоз-тоз боп қоныс аударып тынды.Олардың ұрпақ жұрағатының алды елу жыл, соңы 5-10 жыл бойы ана тілінде оқусыз қалды.Ал Баян-Өлгий дегілері кластардың көпшілік сабағы моңғолшаға көшіріліп, қазақ тіл сабағының сағат саны жарты есе азайтылды. Заман сол қалпында тұрса, “Отан алдындағы борышымыз” бізге одан да сорақыны істететін еді.Тағы өзге осындай сорақылықтың ешқайсысы жайында журналист ініміз екеуміз бірде рет қалам тартып көргеміз жоқ.Мен өз басым халық ағарту саласында 32 жыл еңбектенгенде, 12-15 қазақ баласы үшін ашылған мектеп көргем жоқ. Тілшіміз ондай мектеп кезіктірген болса онда кімдер оқитынына басын қатырмағаны. Өйткені бұл жай көшкендердің мұндағы тоқшылығының садақасына да тұрмайтын тәрізді.
Бірақ, әлгі қобалжыған қазақ ағайындарымыз тойғанға тоқтының еті топырақ татығанынан сол тоқшылыққа қолын бір-ақ сілтепті.Ұрпақ жұрағатының болашағы үшін алдымен сол ішкергі қазақтар қоныс аударыпты.Олар бірлі- екілеген зиялылардың азғырындысынан боп, дүрліге ауып кеткені енді айқын болды. Өрендерінің қамы үшін барып, құрылыс жетекшісін олқысынбаған, яки мал бағуға да тәуекел еткен бұрынғы министр, бас инженер, экономист, мұғалім, агроном, зоотехник зиялыларымыздың, соның ішінде елдің алдыңғы тобын бастап барған Зуха, Оразхан, Аятхан, Сағат, Қуан қатарлы іні-қарындастарымыздың асыл адамгершілігінен, туған халқына деген жанашырлығынан айналып кетсекші.
Сол ішкергі аймақ, қалаларда өмір кешіп, сөйлеу тілінен жұтап, өз ұлтының ұл-қыздарымен ұғысып-жұғыса алмаған қазақ жастарының өздері ұғысып-жұғысатын моңғол ағайындардан үйлеріне келін түсіріп, күйеу бала ертіп келулері ерсілігі жоқ көрініске айналды. Мұның аты ұлттар достығы дедік.
Өзге ұлттармен мұндай аралас неке де демография ғылымында дәріптеуге тұрмайтын құбылыс көрінеді. Өйткені олардан таза қазақ емес, екі аралықтағы бала туатыны анықталған. Аздаған жұбайлар болмаса, аралас некенің көпшілігі жүре келе, әсіресе 40 тан асқан жастарында бұзылатынын да көріп жүрміз.Бұл ерлі –зайыптылардың өзара силастығына ғана емес, өмір мен өлімге, өзгеше қатынасқа, қайын жұрт пен ұлттық ғұрып-дәстүр сыйластығына да байланысты болатыны айтпасақ та түсінікті.
Кәзіргі орта және аға буын өкілдері сондай аралас некелесу көрінісі өз отының басынан ұшырасқанда ғана ,мұның өзі халақтар достығы емес, жастардың үлкен ұлт пен тоғысып азғындағаны екеніне көзі жетті. Олардың қазағын, өз ұлтын көксеп лоблығуында, тіпті арғы ата жұртына қарай қайта қоныс аударуында осындай да құпия сыр жатса керек.
Ұлтсыздандыру әлеметінен жастарымыз өз руын, ата тегін айырудан қалды. Жас демограф ғалымымыз Ж.Смағұл айтқандай “бұл жай рулас, қандас адамдардың өзара тұрмыс құруына әкеліп соқты…Олардың екінші үшінші ұрпағы өз ара үйленгенде, жағдай қалай боларын ойласаң, төбе шашың тік тұрады… Ендеше қай ұлттың да топтасып, бірігуі ерсі емес, демография заңдылығы екенін мойындау керек“.
Халқымызды діннен бездіру-ұлтсыздандырудың тиімді тәсілінің бірі болды. Сөйтіп, жаппай дінсіз, имансыз, ұлдарымызды сүндетсіз қалдырдық. Мұны атеистік тәрбие деп марапаттадық.Жастарымыздың дінге шалдықпай бос қалған қуыс кеудесін арақпен , темекінің түтінімен толтырдық. Мұның залалы діннің кінәратынан әлдеқайда асып түскені дәлелдеп жатуды қажет етпейді.
Осы айтылған өксік- өкініштердің іздері кеңестік Қазақстанда айпарадай боп тұрса, ол “солшыл “ коммунизм төрелері мен жандайшаптарының жақыннан сілтеген темір шоқпарынан түскен тыртықтар екені даусыз.Ал тәуелсіз елге саналатын Моңғолияның еті мен сүйегінде оның қалтырған таңба, тыртықтары бұдан титтей де кем түспей, үңірейіп тұрғанын бүгіндері айқын көріп отырмыз. Тілші екеуміз бұлар жайлы да тіс жарып көргеміз жоқ.
Қазақстан мен Моңғолия екеуінің бүгінгі серпілісі, нағыз егемендік пен тәуелсіздікке деген ұмтылыстары екеуін ұлттық озық өркеніске жеткізіп қана қоймайтыны, екеуінің әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарына шарапатын тигізері әбден айқын боп, оларға туысқандық жанашыр құшағын ашып, кеңестік Қазақстан кәзірдің өзінде кел бауырымдап отырғаны қандай ғанибет. Егер ұлтымыздың ондай қарашаңырағы болмаса, оның ағайынға қолұшын берер шама-шарқы мүлде сарқылып қалған болса, кім көшіріп, ерулігін ала жүгіріп, кім қорасынан енші бөліп, бәйек боп жатар еді? Не жетсін арқа тұтар ағаң барға , қазағым!
“Үнэн” газетінің бетіндегі жоғардағыдай қорланпаздық пен боянпаздықтың ерсілігі есепке алынбаған соң мен де ақиқат пен жорамалымды төтесінен сөйлетуді ерсі көргім келмейді.
-Сонда не айтпақсың деші! Ұлтымыздың қарашаңырағының жанашырлығынан несін тартынамыз? Орысқа бодан болмау үшін бе?
Ендеше өз еліміздің бағдар сыңайына көз жүгіртсе, айнала екі ұлы көршісінің қолтығындағы қандастары есебінен қатарын молықтырып,таза моңғол державасын құру арманы айпарадай аңғарылады. Онсыз ұланғайыр моңғол даласының асты үстіндегі қазына байлықты игеру-екі-ақ миллион халыққа жеңілге соқпайтын жүк.Бұл жайлар, әсіресе ұлы Қытай мен аға –інідей табысып, ұғысып, жұғысқанда ғана мүмкін болмақ.
Өйтсе, Моңғолия ерте ме, кеш пе, өз еркімен бе, еркінен тыс па өзге бір елдің ырқында қалмасына қандай кепілдік бар?
Олай болса мұндағы азғана қазаққа Қазақстандық қандастарымен қауышып, жаман-жақсы болсын, әлі де 70 жыл дәм тұзымыз араласқан, машина-техникасын көлік қып, барқыт пен дәйлімбісін үстімізге жапсырған ұлы орыстың ырқында болғанымыз артық.
Енді біздің отан алдындағы борышымызға келсек, моңғол жұртшылығының борышынан түкте өзгеше емес. Біз борышымызды олардан кем өтегеміз жоқ.Қайта өндіріс ошақтары мен ауыр кен орындарында, құрылыстарда қазақтар өзінің сыбағалы сан мөлшерінен әлдеқайда көп мөлшерде өгізше жегілді. Ал ішкергі аймақ, сұмын, бригада, топтарға жұмысқа тағайындалған қазақ зиялылары шалғайда қалған ата-ана, аға –бауырына қол ұшын бере алмай, бірқаншасы уақытылы жар құшып, бала сүие алмай жүріп, бар білім, талантын, қуат жігерін сарқа еңбектенді. Қайсыбіреуі тіпті моңғол боп кете жаздады. Жаугершілік кездерінде қанымыз да кем төгілген жоқ.
Енді осындағы қазақтардың жан санына екі қозылы қой, түтін басына бір бұзаулы сиыр мен құлынды бие ғана аталуы олардың Моңғол отанымен еліне сіңірген еңбегін кәдір тұтқаннан гөрі қолындағы ақ- алал меншігіне таласқан мен бірдей. Жолың болсын дегенге жалғыз атын текке беретін қазағым, қорасындағы мал дәулеті мен басындағы ыстық үй,қора-қопсысын текке жуық саудалап немесе ағайынға қалдырып кетіп жатқаны қандай аянышты.
“Үнэн” газеті тудырған бұл дау оның өз тұрпатын да нақтап танып алуды қажет етеді. Айталық, ол ұзақ жылдар бойы ұлтсыздандыру саясатын орнықтырып, жүзеге асырудың жаршысы, оның басты құралы болып келді. Тарихымызды боямалап, азғана халқымыздың қазақ рухын сөндіруге, мына біздің өзімізден тартып зиялыларымыздың бір бөлігін мәңгүртке айналдыруға басты себепкер болды. Кейін оған “Ардын эрх” газеті қосылып, 1990 жылы екеуі екі жақтан кемді уақыт қазаққа қарсы қайдағы лақап -өсек шағым-жала мен жарамсақ сөздерді қарша боратты. Ал халқымыздың нақты кешкендері мен көкей тесті мұрат-мүдделерін қозғаған мақалаға ол газеттер өз беттерінен орын бермейді.Бұл алалық алты әлем мен елімізде демократия самалы есіп тұрған кезде болған жайлар екенін еске сала кету керек. Кәне енді, бір толғанып көрші!
-Еліңе емекситін шамаң бар ма, қазағым?
-Бар,-дейтіндер де табылар. Бірақ батыл айта алмайсың.
Ж.Арғынбай, ақын жұрналист
Баян-Өлгий қаласы “ Жаңа өмір” газеті,
1991 жылы қарашаның 15-ші жұлдызы.
Сол жақта Сағат Заханқызы. Алматы. 1995 жыл.
Оң жақтан, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев,………. Сағат Заханқызы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойында.
Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары Сайлау Батыршаұлы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза.
Қазақстан қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібеков шет елдерден келген қазақтар арасында 1990 жыл. Алматы.
Абай Құананбаевтың 150 жылдық мерейтойында. Семей.Сол жақтан Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Сағат Заханқызы, Шәңгерей Жәнібеков.
“Қазақстан” қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібеков, Моңғолия Еңбек министрлігінің Қазақстандағы Өкілі Сағат Заханқызы Қазақстанның Тәуелсіздігіне арналған салтанатты мерей тойда. Алматы. Абай атындағы Опера және балет театры. 1991 жыл. 16 желтоқсан.
Моңғолия Мемлекеттік Баға және Стандарт комитетінің жетекші бөлімінің ұжымы. Алдыңғы қатарда Х.Шалхаасүрэн, З.Сағат. С.Дабаадорж.Уланбатыр 1985 жыл.
Атақты күйші,сазгер, дрижор Ахмерұлы Қабікей, Қазақ телевидениесінде қонақта.1998 жыл.Алматы.
Бибігүл Төлегенова, Марфуға Айтқожина Біздің шаңырақта қонақта. 1995 жыл.Алматы. Бутаковка жайлауы.
Алматы қаласы Науырызбай ауданының Ардагерлер кеңесініңмүшелері біздің шаңырақта бас қосты. Солдан, Әділбек Жұмаділов, Төкен Рақымбеков , Сағат Заханқызы, кеңес төрағасы Кәркенов Мәдениет Тастанбекұлы, ақын Шекербек Садықанұлы, Жәңгір, Ләзәт Орынбетовтар,Исланбек Қамажанов,, Орынбасар, Сқақбек, Бекжан. Алматы 2015 жыл.
Халықаралық кеңеске қатысқан үкімет басшылары. Алдыңғы қатарда ортада премьер-министр Д.Содном, Д.Моломжамц, П.Жасрай. Артқы қатарда оң жақта Дөрбетхан Тотилаұлы. Москва. 1984 жыл.
Үкімет басшысы Д.Содном, Мемлекеттік жоспарлыу комитетінің төрағасы П.Жасрайды 50 жылдық мерейтойымен құттықтауда. Ортада Т.Дөрбетхан.
Алдыңғы қатарда ортасында П.Жасрай, Д.Содном, Кеңес Одағының МХР- дағы өкілетті елшісі, артта оң жақтан үшінші Дөрбетхан. Үкіметтің жауапты басшыларымен бірге.
Үкімет басшысы Д.Содном шаруашылықтардың жұмыс жайымен танысуда. солдан екінші Дөрбетхан, оң жақта Ауылшаруашылық министрі А.Гунгадорж. Зүүнхараа. 1984 жыл
Оңжақтан екінші Т.Дөрбетхан, Моңғолияның Кеңес Одағындағы елшісі Д.Гүрбадам, Премьер министр П.Жасрай 1985 жыл.
КСРО-ның Бүкілодақтың Стандарттау Комитетінің төрағасы Бойцов пен МХР Баға және Стандарттау Комитетінің төрағасы Д.Бямбасүрэн келіс сөзге қол қоюда.Арт жақта оңнан екінші Дөрбетхан. Уланбатыр.1982 жыл.
Стадарт және Баға коитетінің төрағасы Д.Бямбасүрэн, КО-ның Баға комитетінің төрағасы Глушков БО тық Стандарттау комитетінің төрағасы Бойцовтардың ресми кездесуі.Оң жақтан үшінші Т.Дөрбетхан.Уланбатыр.1983 жыл.
АҒАЙЫН ТУЫСТАР
Сағат Заханқызының әкесі Сәдірбайұлы Захан және
анасы Садуақасқызы Әпіш. 1968 жыл.
Әкімшілік басшысы Захан Сәдірбайұлы,
ағасы Қошпан Құйқабайұлымен бірге Хобда, Бұлғын сұмыны.1958 жыл.
Захан Сәдірбайұлының ұрпақтары,Оң жақтан Асидолда, Назира, Қонай, Сағат, Сайт, Саяхат, Сәулехат, Наград, Кәуира, Ясира. Алматы. 1993 жыл.
Сағат Заханқызы, Дөрбетхан Тотилаұлы. Студеттік жылдар. Москва.1968 ж.
Т.Дөрбетханға қойылған ескетркіші алдында Оң жақтан Мұхтар Дөрбетханұлы, Сағат Заханқызы, мектеп директоры
Болатхан отбасымен .2012 жыл. Өлгей Қаласы.
Аятхан Тұрысбекұлының от басы, жұбайы ТәттіОдынайқызы,балалары Жанар, Ернар, Назгүл, Дидар, Бақытжан.
Сәрсенқабыл Қиялұлы мен Бақыт Дөрбетханқызының неке қию салтанат кезі.Сол жақтан Д.Алтын, Д.Мұхтар, Д.Бақыт, Қ.Сәрсенқабыл, Н.Мәуейхан, Т.Қиял.Уланбатыр. 1990 жыл.
Дөрбетханұлы Мұхтар, Белжанқызы Айнаштың үйлену тойы, Солдан Б.Айнаш, Д.Мұхтар, Дастан, З.Сағат, Д.Бақыт, Д.Алтын, Қарлығаш. Алматы. Неке сарайы.
Жаңалық Қаһарманұлының әулеті: Нұрбек, Жаңалық, Еркегүл, Жәнібек, Тиянақ, Индира. Алматы. 2013 жыл.
Алатау. Бутаковка жайлауы С.Еркегүл,З.Сағат. 1996 жыл.
Бутаковка жайлауы Аятхан Тұрысбекұлы қонақтармен бірге.1996 жыл
Немерелерім С.Ақерке мен С.Жансерік. Алматы 2013 жыл.
Немерелерім, Жан Мұхтарұлы және Айдана Мұхтарқызы
Немерем Еркегүл. С. Алматы. 1999 жыл.
АТАМЕКЕН АЯСЫНДАҒЫ ТОЙЛАР
Марияш Ноғайқызы мен Съезд Сейітұлының мерей тойында. Алматы. 2006 жыл.
Бақыт Дөрбетханқызы, Сәрсенқабыл Қиялұлы достарымен бірге.
V. БӨЛІМ.
БІЗ НЕ ДЕДІК, ЕЛ НЕ ДЕЙДІ!
Моңғол Халық Республикасында тұратынҚазақ ағайындардан Қазақстанға көшіп келіп, мекен-жай ұстап,отар алып, орналасыпжатқаны туралы хабар жалпақ жұртқа мәлім. Бұл-Қахақстан мен МХР Еңбек күштері комитеттерінің өзара келісімі бойынша жүзеге асып жатқан игілікті шара. Ата мекенге келіп, орын тебе бастаған сол ағайындардың түрлі шаруаларына бас-көз болып, Сағат Заханқызы дейтін қарындасымыз жүр. Ол МХР Еңбек министрлігінің ресми өкілі. Ата-баба мекеніне бет алған салқар көштің шаңына оралып, сан алуан шаруасын үйлестіріп, екі ел арасында дәнекер болып жүрген қарындастың қажыр жігеріжан сүйсіндіреді. Моңғол орыс тілдерін жетік білетін, өзек жарды сөзін өз тілінде жеткізіп айтатын Сағат кейде сезімдерін өлеңмен де өрнектеп тастайды екен.Төменде Сағаттың екі өлеңі ұсынылып отыр.
МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН
Мен қазақтың қызымын еркін өскен,
Кәмшәт бөрік үкіден самал ескен.
Ақмаңдайым айменен аймаласып,
Ақ дидарым күнменен күлімдескен.
Мен қазақтың қызымын парасатты,
Ақыл-оймен болжаған болашақты.
Ізглікті тұндырған сезіміме,
Асыл ниет, ақ көңіл дара салтты.
Мен қазақтың қызымын ар сақтаған,
Кездессе де қиындық тайсақтаман.
Ащының да тұщының дәмін татқам,
Қапы кетсем қайтадан қайраттанам.
Мен қазақтың қызымын ұрпақ деген,
Ұрпақ үшін ауырған құрсақ-денем.
Ұрпақ қамы сыздатып жүрегімді,
Жайғасып жай таппаймын бір сәтте мен
Мен қазақтың қызымын жерім деген
Секемденген жандарға сенім берем,
Қиыр шетте мекендеп өссемдағы,
Атажұрттан қиялым бөлінбеген.
Мен қазақтың қызымын елім деген,
Елім үшін еңбектен ерінбеген.
Құлшынып кеп құмменен шағылдарын,
Қажет болса суарам терімменен.
Мен қазақтың қызымын ұлтым деген,
Ештеңеден ұлт үшін іркілмеген.
Ұлт тағдырын ағайын бүгін ойла ,
Қапы қалар бүгін бір сілкінбеген.
АҒАЙЫН АЙТАР СЫРЫМ БАР
Қызымын мен Заханның атым Сағат,
Өсірген әкем, анам ұлға балап.
Көзі ашық ата-ананың арқасында
Жасымнан ізденумен еттім талап.
Арғы атам Сыпырынды әкем Захан,
Болатын досқа жақын қасқа қатаң.
Халқының мұң-мұқтажын мойнына артып,
Күрескен соларүшін етпей жалтаң.
Туғызған Әпіш еді шешем аты,
Кәдімгі қарапайым арғы заты.
Өзара алысты да туыстырған,
Елгезек елге ұнаған парасатты.
Ата-анам мәпеледі бұлаңдатып,
Сеніммен келешекке үміт артып.
Еркелік, еркіндікпен қанаттанып,
Өмірге құштарлықпен өстім шалқып.
Жолдасым құдай қосқан Дөрбетхан-ды,
Халқына қайрат берген өршіл жанды.
Танылған еңбегімен ел-жұртына,?????????
Сүймеген бос айқаймен құр мақтанды.
Ақ ниет пәк көңілмен сүйдім жарды,
Ер көңіл ел айнасы шүйгін жанды.
Қадірлеп қасиетін бал сезімнің
Әлпештеп аяладым ішпей барды.
Ата-ана, сүйген жарды жүрген силай,
Айырып ерте әкетті тәңір қимай,
Солардан маған қалған арман қиял,
Жанымды мазалайды ішке симай.
Шашырап тарап жүрген шет жердегі,
Қазақтың салт-санасын көтергелі,
Жеріне ата мекен жолдама алып,
Аттандым бір бірлікке әкелгелі.
Халыққа үміт артып қызып салтқа,
Өзек қып үмітімді міндім атқа.
Ағайын ақыл айтар ардақты елім,
Санама сенбестікпен мені жатқа.
Қондырып көкейіме ел тілегін,
Талпынып қанат жая мен түледім.
Құттықтап қолпаштаған ел ағасы,
Қолда деп елжірейді ет жүрегім.
Мен меншіл жан емеспін өзін мақтар,
Ізгі істі әр қашанда халық жақтар.
Мойнына ел тағдырын арқалаған,
Ақылшы-Аятхандай азамат бар.
Мәз болып кейбіреу жүр тапқанына,
Алданып жеке бастың бақ қамына.
”Жандар” деп- ел бүлдірген жала жауып,
Шағынып жүгіреді жатқа, ана.
Кейбіреу мәз болады мәнсәбіне,
Бүгінгі көз салады өз сәніне.
Кейбіреу арақ ішп алшаң басар,
Сезінбей уланғанын жан тәніде.
“Жандарға жайды білмес жәрдем бер” деп,
Жанымды жай таптырмайды арман кернеп.
Көзсіз ой, ойсыз құлақ ұға алар ма,
Даңғойсып, далбасалап қылмақ ермек.
Сағат Заханқызы. Моңғолия.
“Шалқар” газеті 1991 жыл.
ЗИЯЛЫ БОЛУ, ТЕК ЗИЫНДЫ АДАМҒА ТӘН ҚАСИЕТ!
Тағдыр тауқыметімен бір кездері атамекеннен алыстап Моңғолия жеріне барып мекендеген ағайындарды атамекенге оралтудың ауыр жүгін арқалап, шырғалаң жолын кешіп жүрген аяулы
қарындасымыз Сағат Зақанқызының еңбегіне тек қана риза боласың. Моңғолия қазақтарының алғашқы боп атамекенге көш басын бұрған ұлы көшке тікелей басшылық жасап, осы көшке байланысты Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ресми кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыру шараларын ер азаматтармен бірлесе жүріп атқарған З.Сағаттың тарихи деректерге негізделген «ҰРПАҚТАР ТОҒЫСЫ» кітабын оқи отырып, қарындасымыздың сұңғыла экономист, ұлтжанды саясаткер,ақын жүректі азамат екенін аңғарамыз.
Өмірзақ Озғанбай, тарих ғылымдарының докторы.
«Отан отбасынан басталады» деген ұғымды өзіне үлгі еткен шет елдегі этникалық қазақтар арасынан отанына көшіп келіп тұрақты қоныстанған қандастарымыздың ұлы көшіне 2016 жылдың 17-ші наурызында «25» жыл толады. Көш басшысы кімдер және елге оралу деген арман мақсат қалай туындады оның жолындағы қиыншылық кедергілердің оңтайлы жолын кімдер қалай жүйелеп шешкені жайында Сағат Зақанқызының «Ұрпақтар тоғысы» кітабындағы деректерге сүйене отырып зерделеп көрейік.
ОТАНҒА ОРАЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН!
Зиялы адам, зиялы қауым өкілі деп кімдерді айтамыз? Әрине бұл мән-мағнасы өте терең де күрделі мәселе. Елі мен халқының мүддесі үшін толғанып, тартымды салиқалы ой-пікір айта білетін, парасатты, талғамды, қабілетті, сабырлы, дарынды азаматтарды елі, халқы жылдар өте келе үлгі тұтып, құрметтеп жатады. Десе де әр адамның тағдыр тауқыметіндегі жайсаң тірлік қасиеттері зиялылығының куәсі іспеттес..
Сағат Зақанқызы: өз кітабында, «Заман ағымына сай ұрпақ қамын ойлап, ата-бабадан жалғасып келген ұлттық дәстүрді, тілімізді, дінімізді сақтау мақсатымен қызыл империяның ыдыраған кезіндегі басқа өркениетті халықтармен бірдей қозғалып, заман талабына сергек қарап, өзіміздің тарихи отанымыз-Қазақстанға қайта оралып, атажұртпен ұрпақты тоғыстыру біздің буын өкілдерінің маңдайына жазған жауапкершілігі мол тарихи міндет екенін біз жан жүрегімізбен сезінгенбіз. Ұрпақ алдындағы осы міндетімізді абыроймен атқаруды арман етіп, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстап, батыл қадам жасауға бел байладық. Егер аяғымызды шалыс бассақ, бір нәрседен мүлт кетсек, бұрын-соңды қазақ боздақтарының басынан кешкен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болуымыз да әбден ықтимал. Тек халықтан қолдау тауып, өкіметтің ықтиярын алсақ болғаны» - деген ұлы мақсатты алға қойып және оны шешу жолында 1990 жылдары Моңғолия-Ресей-Қазақстан елдерінің арасында болып жатқан саяси экономикалық жағдайға да қарамай өзінің ұтқыр да ұтымды ойларын жүзеге асыра алғаны, елінің, халқының қамы үшін күресіп ел басқарып жауға да қарсы тұра білген қазақ қыздары бүгінгі қоғамда да бар екенін көрсете білгені.
Сағат Зақанқызы 1989 жылы Кеңес одағы Совет Үкіметі дүркіреп тұрған кезде жұмыс күші ретінде Қазақстанға келмек болып Мәскеуге өтініш жазып жауапсыз қалған ісін жалғастырудың оңтайлы сәті келгенін сезініп,1990 жылы 19 наурызда Моңғолиядан Мәскеуге іс сапармен келгенін пайдаланып Алматыға барып келуді жоспарлаған. Бірақта, Алматы жабық қала. Оған алдын-ала не мақсатпен баратынын хабарлап, Ішкі істер бөлімінен рұқсат алмаса, шетелдің адамын өз бетімен жібермейтіні кедергі болады. Өзінің іскерлік қайсарлығымен С.Зақанқызы Кеңес одағының Моңғолиядағы елшісінің хатшысы Қ.Тәжібаев мырзаның көмегімен 1990 жылы 25 наурызда Алматыға өз қаражатымен ұшып келеді.
Шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамының төрағасы Ш.Жәнібековтың қабылдауында болып, ол кісіге әзірге көшу мәселесін ашық айтпай, еңбек күшін алатын мекеме болса, солармен Еңбек келісімшартын жасап көшіп келсек деген ой-пікірін жеткізеді. Шәңгерей Жәнібеков мырза мұндай мәселеге ат үсті қарауға болмайтынын түсіндіре келе биыл күзде ҚазССР-нің құрылғанына 70 жыл толуына байланысты торқалы тойға келіңіздер, біз оған дейін еңбек күшін алатын мекеме, кәсіпорындар болса қарастырып, сөйлесіп қояйық-деген ақыл кеңес береді.
Дәл осы күні ұлы көштің ұлағатты жолының тұсауы «Отан» қоғамында кесіліп негізі қаланғаны көш жолындағы тарихи деректің бірі болмақ. Қазақ қыздарының, ер адамды қадірлеп қастерлейтін қасиетін бойына дарыта білген Сағат Зақанқызы «Отан» қоғамында, қоныс шалу, ел көшіру мәселесін ер азаматтар басқарып келген. Менімен ойы ортақ, елге белгілі азаматтар Аятқан Тұрысбекұлы мен Сайт Зақанұлының атына шақыру беріңіздер деген өтініш жасағанының өзі қазақтың ұл-қыздары ұлы іске ұлағаттылықпен қарайтынын паш етуімен бірге қазақтың парасатты ақылды қыздары ер азаматтарды өрге тартуға келгенде өзгеге үлгі бола білетіндігі.
Сонымен Аятқан Тұрысбекұлы мен Сайт Зақанұлы 1990 жылдың күзінде Қазақ ССР-ның 70 жылдық мерей тойына қатысып жиында Аятқан Тұрысбекұлы сөз сөйлеп егер мүмкіншілік туса, моңғолия еліндегі кейбір қазақтар өзінің тарихи отанына көшіп келуге ниеті бар екенін мәлімдейді. «Отан» қоғамының жауапты қызметкері Ә.Омаров мырза Аятқан мен Сайт екеуін Талдықорған облысы Кербұлақ ауданының әкімшілік басшысы Тілеужан Садыққұловпен кездестіріп ол кісінің қолдауына ие болған қос азамат ауызша келісім жасасып кетеді.
С.Зақанқызы 1990 жылы сәуір айында Кеңес Одағының Моңғолиядағы елшісінің кеңесшісі Қ.Омаровтың қабылдауында болғанда М.С.Горбачевтың өзі елшіліктен «Моңғолия қазақтары Қазақстанға көшкелі жатыр деген қауесет распа екен?» – деп сұрағанын, Қ.Омаров өзі Баян-Өлгейге барып көптеген адамдармен жолығып сөйлескенін көш туралы ой қазақтардың түсіне де кірмепті-деп М.Горбачевке хабарлағанын біледі.
Сондықтан көшті, еңбек келісімшарты бойынша Қазақстанға жұмыс күші ретінде апарамыз деген мақсатпен жалғастыруға шешім қабылдайды. Отанымызға бір жолата көшеміз десе орыстар шекараны жауып тастауы әбден мүмкін деп сыр сақтап қалғанының өзі болар кедергіге тосқауыл қояа білгендігі.
1990 жылы 19 желтоқсанда Моңғолияның Еңбек Министрлігінің жанынан жұмыссыздарды шетелдерге шығарып жұмыстату мәселесін реттейтін бюро құрылып, С.Зақанқызына Қазақ ССР-на барып Еңбек келісім шартын жасауға құқық берілген «№ 01 жолхаттын» береді.
Бірақта Моңғолия жағынан жол шығынын көтеруге мүмкіндік болмай тұрғанын ескертеді. С.Зақанқызы өз қаражатымен Алматы қаласына «Отан» қоғамына келіп қолдау табумен Талдықорған облысының Кербұлақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары В.М.Колупаев және ауыл шаруашылық бірлестігінің төрағасы Нұрбай Жантілеуовтермен алғашқы Еңбек келісімшартқа 1990 жылы 27 желтоқсанда Сарыөзек кентінде қол қояды. Бұл Моңғолия қазақтары үш елдің шекарасынан өтуге шетелдік төлқұжат алуларының негізін қалаған ресми құжаттың дүниеге келген күні.
Бұл келісімшарт арықарай ҚазССР-ның барлық өңірлерінде еңбек келісім шартын жасасқанда үлгі ретінде қолданылғаны моңғолия елінен атамекеніне оралған қазақтар көші тәуелсіз Қазақ елінің кең даласына тарауының негізін қалаған ресми құжат болып саналады.
Сағат Зақанқызы өзінің Үкімет құрамындағы баға комитетінде 20 жыл табысты қызмет атқарғанын, 1987 жылы дүниеден өткен, экономика ғылымдарының докторы жолдасы марқұм Дөрбетқанның Моңғолия Республикасының Стандарт және баға жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын басқарғанын, Моңғолия Республикасының Премьер-министрінің экономика жөніндегі кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған бет беделдерімен 1991 жылы 20 ақпанда Моңғолия Республикасы Үкіметінің премьер-министрі Д.Бямбасүрэннің қабылдауына кіріп көш жолына Үкімет тарапынан қолдау көрсетуге жазбаша өтініш береді.
Шындығында бұл әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі мәселе абыройлы іс еді.. Премьер-министр Д.Бямбасүрэн «Еңбек министрлігіне, С.Зақанқызының Советтік Қазақстанға адамдарды жұмыстату туралы бастамасын қолдап сонда жұмыстатайық» деген тапсырмасы бойынша Еңбек министрі Ц.Цолмон 1991 жылғы 14 наурыздағы № 67 бұйрығымен С.Зақанқызын Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкіл ретінде тағайындайды.
Осылайша ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы атамекен, атажұрттарына келіп кетуге зар болған асыл армандарын қазақтың бір өжет қызы орындап олардың ұрпағын тарихи Отанына жеткізудің сара жолын Моңғолия Үкіметінің келісімін ала отырып заңды түрде жолға қойғаны зиялы адамға тән қасиет деуден басқа не айтуға болады.
Орайы келгенде айтылатын және мойындауға тура келетін іс, көш басшысы Сағат Зақанқызы ақылшылары бірлесіп жүйелі қызмет атқарған Аятқан және Сайт ағаларымыз екені. Ал С.Зақанқызының бұйрығымен тағайындалған немесе халық өзі сайлап 100-300 отбасына жетекшілік жасаған азамат, азаматшалар өзіне жүктелген міндетті атқарған яғни бастау алған көшке ат салысқандар болып көш тарихында өз есімдерін қалдырған жандар.
1991жылы 12 наурызда Моңғолиядан Қазақстанға 96 адам көштің алғашқы қарылғаштары болып көш бастап бес күн жол жүріп 1991 жыжы 17 наурызда түскі сағат 15 те Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіне келеді.
Бұл, қаншама ғасыр өткеннен соң өз еріктерімен тарихи отанына оралған қандастарымыздың көші алғаш атажұртына келген ерекше тарихи тамаша күн. Көшті сән салтанатпен қарсы алуды ұйымдастырған аудандық атқару комитетінің төрағасы Тілеужан Садықұлов, Нұрбай Жантілеуов бастаған жауапты басшы қызметкерлер, көркем өнерпаздар, ауылдың қариялары мен жастары алыстан келген қандастарына құшақтарын айқара ашып, ескі таныс туыстарындай шұрқырасып қарсы алған Сарыөзек кентінің халқы да ағайындардың мәңгі есінде қалғаны қазақтың қонақжайлылық қасиеті мен ынтымағы жарасқан ұлт бірлігінің ұлылығы.
Қиын қыстау заманда қаржылық тапшылықтарға да қарамай көші-қонға қатысты адамдардың тағдыры, әлеуметтік жағдайы, дүние мүлкіне қатысты сан алуан мәселелердің шешімін жолға қою үшін С.Зақанқызы, А.Тұрысбекұлы, С.Зақанұлы үшеуі қаншама облыс, аудан әкімдері, ауыл шаруашылық басшылары, екі елдің қаншама министр, елшіліктерінің жауапты қызметкерлерімен ресми келіссөз жүргізеді. 1991 жылы 12 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза мырзамен де кездеседі. Шерағаңның тапсырмасына сәйкес журналист Әмірхан Меңдекенің «Жақыныңды жат етпе» деген мақаласы газеттің сол күнгі нөмерінде жарық көргенін мақтанышпен жазады.
1991 жылы 30 сәуірде Моңғолия Үкіметінің премьер министрі Д.Бямбасүрэннің қабылдауында екінші рет болып Қазақстанға барып жұмыс жасауға ынта білдіріп отырған адамдар отбасымен бірге үй-мүлкін бірге алып кету және шекарадан кеден салығынсыз алып шығу мүмкіндігіне ие болды. Осыдан бастап Моңғолиядағы әрбір қазақ Қазақстанға бару – бармау, ол елдің азаматы болып қалу-қалмау сияқты өздерінің ұрпақ алдындағы міндеттерін өздері шешу мүмкіндігіне ие болды.
Моңғолия Үкіметі, жұмыс күшін пайдаланушы қазақстандық шаруашылық кәсіпорындары нарық заңына сәйкес, жұмыс күшін пайдаланғаны үшін төлейтін төлемі негізінде барған адамдардың әлеуметтік сұранысын қамтамасыз етуді өздері шешсін деген ұсыныс білдіреді.
1991 жылы 19 щілдеде Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің шешімімен Алматы қаласында Моңғолия Еңбек министрлігінің Өкілдігін ашуға рұқсат беріледі. Өкілдік Қазақ ССР-ның Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі жанында тіркеледі. Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмонның бұйрығымен өкілдіктің төрайымына Сағат Зақанқызы орынбасарына Аятқан Тұрысбекұлын тағайындайды.
Бұлар Қазақ ССР-ның Еңбек министрлігінің қызметкерлері Памир Камалиев және Марат Қонақбаевтармен бірлесіп жұмыс жасайды. Нәтижесінде Қазақ ССР Министрлер Кабинеті 1991 жылы 18 қарашада № 711 қаулысын шығарады. Қаулы бойынша шетелдерден республиканың селолық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын қоныстандыру, оларды тасымалдау, келген жерлерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру халық депуттатары жергілікті кеңестерінің атқару комиттетеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына жүктеледі.
Мінеки Сағат Зақанқызының қыруар еңбегі қайтпас қажыр жігері ұтымды ұсыныс-пікірлерінің жүйелі жүзеге асуының жемісі екі ел Үкіметінің назарын оңға бұрып Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің-деп айтқанындай дұшпанды күйіндірген, досты сүйіндірген құтты көш болды. Бұл ауған ел қайта оралған, айырылған ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады» – деп бағалаған көштің сара жолын осыдан 24 жыл бұрын қазақтың бір қызы осылай бастаған екен. Құдай қаласа келер жылы Ұлы көшке 25 жыл толады.
Сағат Зақанқызының жолдасы Дөрбетқан Тотилаұлы жайында жоғарыда қысқаша айтылды. Десе де қарапайым қызметкер қазақ қызын бір елдің Премьер-министрі екі рет қабылдап өтініштерін қанағаттандырудың маңыздылығы бұл кісілердің отбасының ынтымақ бірлігі, татулығы, сыйластығы әйел адамның отбасына ұйытқы бола білуі, дастархандарының ырысы мен тағамдарының дәмділігі деуге толық негіз бар.
Дөрбетқан марқұм жайында Моңғолияның премьер-министрі Д.Бямбасүрэн өзінің «Таңғы ызғар» деген тарихи-деректі, аса құнды еңбегінде: «Мен, социализм тұйыққа тіреледі деген пікірді алғаш рет талантты жас ғалым Дөрбетқан Тотилаұлынан естіп едім» – деп жазғаны бұл отбасының тектілігін бағалап тұрғандай. С.Зақанқызы елінің еңсесін көтерер азаматтарға қолдау көрсетіп біреудің қамқорлығына іліктіруге де көңіл бөліп жүретіні өз кітабында толыққанды баяндалған мына бір дерек көздерінен білінеді.
1990 жылы Орталық партия комитетінің жанындағы әлеуметтік ғылыми-зерттеу институтының «Социалистік құрылымының қисын мәселелері» бөлімінің меңгерушісі тарих ғылымдарының докторы Зардықан Қинаятұлы жайында кітабында жақсы пікір айта келе ол кісіні жоғарғы лаузымды мәртебелі басшымен өз отбасының дастарханында таныстыра алғаны кейін Зақаңның білікті де білімді азамат ретінде қызметі өсуіне себепкер болды деп жазады. Мұндай өжеттікпен ер азаматтарға деген құрмет ниетін адалдық қасиетпен көрсете білудің өзі тектілік қасиетке бейімділік болар.Дастархан басында отырғанда З.Қинаятұлы Премьер-министрге өзін Партияның бас хатшысы, Халық Ұлы Хуралының төрағасы Ж.Батмөнх мырзаның қабылдауына кіргізуін өтінеді. Бірнеше күнде тілегі қабыл болады.
С.Зақанқызының ақыл кеңесін алған талай жандардардың еңбектері өрге тартып, қилы-қилы тағдыр жолында табысқа кенеліп бақытқа бөленген әңгімелері бір басқа..
Құрметбек Сансызбайұлы,
саясаткер көш-қон үрдісін зерделеуші.
Алматы облысы, Талдықорған қаласы.
АҒАЙЫННЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ
Монголиядан көшіп келген туыс ой толғайды
Заманның бетін байқап, болашағын болжап,дүниенің төрт бұрышынан қылаң берген, мына тапшылық таршылықты алдына ала сезініп, енді жат жарылқамайтын, өз өлтірмейтін заман теңселе басып келе жатқанын ойлай білген, халақ үшін қамқоршы болуды көздеген көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы ұл-қыздар Монголия қазақтарының атажұртқа қоныс аударуына ұйтқы болды, көш бастады. Олар – Зақан қызы Сағат, Тұрысбек ұлы Аятхан.
1990 жылы Қазақстанның 70 жыдығына ресми өкіл ретінде Аятхан, халық әртісі Хабылаш, ғылым кандидаты Сайттер қатысты. Аятхан сөз алып, осы жайлы пікір тілек қойды. Қазақстан үкіметі жылы қабылдап ақыл-кеңестер берді. Моңғол үкіметінің ұйғарымын күтті, осы істің дәнекершісі болып, Аятхан, Сағат екеуі 3-4 жыл мазасыз ізденіс жасауының нәтижесінде 1991 жылы көш бастап, атамекенге қайта қауыштырып, орналастырудың мүмкіндігін қолға келтірді.
Бұл іс айтқанға оңай, істеуге қалай екендігін барша қауым өзі түсіне жатар. Неде болса, бәз біреулердің осы істі өзінікі болғызып бет-бедел тауып, атақ-абырой алу үшін бүгіндерде жанталаса ізденіс жасап,екі ел арасына, зиялылар ортасына шоқ тастауға кірісіп жүрген жылпостар баршылық. Жатып ішер ас жанға тыныш. Тарихта оп-оңай қазақ басын біріктіруші Абылай ханның шәкірттері бола қойғысы келіп, ұмтыла жүгіргендері де баршылық. Оларға жандары шығып кетсе де: “Ел ішіне іріткі салмаңдар, оңалған көшті жыл бойына тоқтатып, бөгет, кедергі жасап, халықтың бағын байламаңдар! Көш киесіне жолығасыңдар!- Дегенді ескертпекпін.
Бұлай ашынуымның өзіндік себебі бар. Өткен екі жылда 40 мыңнан астам адам келді. Одан да мол, аудандап келетін еді, Жоғарыдағыдай кейбіреулер Аятхан мен Сағатты елге мүлде басқаша таныстырып, насихаттады. Бұларды қара басының қамы үшін үй, жұмыс іздеп жүрген қаңғыбас ел бүлдірушілер етіп көрсетті. “Онда тіршілік жоқ. Әуелі азамат соғысы шыққалы жатыр. Бір жапырақ ет тапайсың, өлгенің көмусіз, жаназа-схатсыз қалады. Көзбен көріп, құлақпен естіп келдік,”- деп ақылгөйсіп жүрген зиялы, басшы адамдарды мен көзбен көріп, сөзін өз құлағыммен естіп келдім. Олар екі үкіметтің басшыларына дейін жағынып, ізденіп те көрді. Бірақ сөздері өтпеді, жолдары болмады.
Содан барып, өз бетін өздері күйелеп: “Көшкен жұртта көрінгір! ”- деген бабаларымыз сілесінің кейіпкері болуға тақады. Енді келуден беті күйіп, қалудан жаны шошып жүрген жайлары бар. Оларды өңдеп, түстеп, қайтейін, өз іштері білетін шығар. Сонымен мен өз басым, ауылыммен атамекенге келіп қоныстандым. Кәзір Алматы облысының Нарынқол ауданында, Абай совхозында тұрмыс жасап жатырмыз.Қайда, қай елге барсаң да, нарықтық қатынас бас көтергендәуір. Кей жағынан тапшылық та жоқ емес. Ел-жұрт ағайынға бас иеміз. Жан-жақты жәрдем көмегін беріп жатыр.Сол ел қатарлы тіршіліктеміз.Ұлттың сезімі оянған, қан тамырында ұлт сезімінің жылуы бар, ағайындық борышын сезіне білетін, оны жергілікті шаруашылық мүмкіндігімен ұштастыра білетін Есен Хонаев секілді ұжым басшылары жөнін тауып көмек қолын созып жатыр. Ал жылуы аз басшыларға төңірегін мекендеген туыстардың өкпе-наздары да естіліп жатады.Біз өзіміз, тәуба, деп шүкіршілік етеміз.
Ендігі бір айтайын дегнім: Жақсы тіршілік жасау үшін келушілердің өзі де талпыныу керек. Әзір ас жоқ. Қолың қимылдаса аузың қимылдарын ұғыну жөн. Тіл табысып, бірлесіп еңбектену, тіршілік жасау дұрыс демекпін. Сондай-ақ қанша соны жерге қонсаң да, төл жұртқа қашады. Оны ысылған бақташы ғана ие болып,бағатынын директор, әкімдер тәлім етсе бап болар еді. Өз басым әлем қазақтарының бас қосқан құрылтайына өкіл болып қатыстым. Атамда көрмегенді ботамда бір көрдім.Тіріде көрер ұжымақ болса, соның ең таңдаулысы болды дер едім. Қазақтың өлгенін-тірілгенін көрдім, өшкенінің маздап жанғанын көрдім. Қазақтың әсіресе жасатардың ұлттық сезімі оянып, жалындап жанғанын сезіндім. Шүкіршілік еттім. Оңалармыз. Далам бай, қазына мол. Тек береке-бірлік, ынтымақ, тыныштық болсын!
Қазақ қанша тарыдай шашылсақ та, тамырлай өскен халықпыз. Қанша тозып, көшіп-қонсақта , ата салтынан айрылмаған төзімді де, көнбіс, ер жүрек халықпыз. Осы игі қасиетімізді топтасқан атамекенде игілікке жаратайық,..ағайын!Береке бірліктің келуі аяң, кетуі желісқой.
Иә, сонымен біз әзірше екі елдің, бүгіндер осы елдің тұрғынымыз. Сол үшін мына бір толғаныс, пікірлерді ортаға салып, артығы болса кешірім сұрағым келеді.
Көшіп келушілерге пәтер тегін беріліп, купонға қамтыса! Қалған ағайын туыстар өзіміз келген ауданға, мүмкіндігі болса, совхоздарға келсе, қайта көшу басталмас еді.
Екінші айтарым: “Бағы қайтар ел – бастығымен алысады”, – дейді халық. Нұрекеңмен алыспайықшы ағайын! Ағайын! Сұранып шыққан би, суырыла соққан жел қатерлі болады. Екеуінен де сақтану ләзім. Ал Нұрекең сұранып шыққан жоқ, сұрап алдық қой. Қызығын көрейік. Ал Нұрекең тұрғысынан тілерім: Хан аса қатігез болса ашынамыз. Хан аса мейірбан болса, басынамыз.Екеуінің бірінсіз бірінің күні жоқ. Екеуі тең ұштасса, бақыт елге тез ұялар деп, өз басым сенеді.
Үшінші бізде жастар тәрбиесі әлсіз. Демократия, жариялылық дегендерді желеу етіп, бұзылып барамыз.әке тәрбиесін ұнатпаған ұл, шеше тәрбиесін ұнатпаған қыз, « аштық “ жариялайтынды бастады.Сол үшін ата ана тәрбиесі шапалақ, алты таспа қамшы ұмытылмауға тиіс. Және ең күшті құрал дінге үйретіп, құдайын таныту. Сол үшін 3- кластан 10- класқа дейін арнаулы программамен мектепте дін оқуын енгізуді ұсыныс етпекпін.
Төртінші, нарыққа сай жекелену жүріп жатыр. Феодальдық дәуірді шақырып, бай мен құл иеленушілікті туғызып алып, байлар мен құлдар көтерілісін жаңғыртудан құдай сақтасын. Сөйтіп, азып-тозып қалмаудың тәсілін бүгіннен ойластырсақ абзал болар еді.
Нәби Медекейұлы, Нарынқол
Алматы облысы, Нарынқол ауданы
«Заман Қазақстан» газеті. 23.04. 1993 жыл.
КЕНЕТ БАСТАЛҒАН КӨШ
…Біркүні бізде жүргізуші болып істейтін Файзолла ұлы Айдос деген жігіт өзін жұмыстан босатуды өтінген өтінішін алып келді. Мән жайды сұрастырсам, «Ағайын-туыстарыммен бірге Қазақстанға көшпекпін» деді.
Сөйтсем Сағат Заханқызы Баганур қаласына жақын орналасқан Баяндэлгэр ауылында тұратын туыстарына, «Қазақстанның Еңбек министрлігімен келісім шарт жасадық. Бірлі жарым үй әсіресе жастар жағы барып Қазақстанға еңбек етуге қалай қарайсыздар?» дегенін естіген сол маңайдағы қазақ ауылдары түгелдей «Көшеміз» десіп жатқан көрінеді.
Дереу Ұланбатырға Сағат апайға телефон шалдым.Ол кісі, «Талдықорған облысына еңбек шартымен біраз қазақ жастарын апармақ оймен Қазақстанның Еңбек министрлігімен жуықта ғана келісім шарт жасасқан едік. Бірақ біз күтпеген жағдай болып, Баяндэлгер, Тэжээлдегі қазақтар түгелдей көшеміз деп дүрлігуде. Алды көшсе артын тоқтата алар емеспіз. Сенен несін жасырайын ертерек білдірмегеніміз істің беті теріс бағыт алса, өсіп келе жатқан сендердің обалдарыңа қалмайық дегендік еді. Әлі де шешілмеген мәселелер көп. Ол жақта да жағдай оңып тұрған жоқ. Ертең Тэжээлге барғалы отырмын,мүмкіндігің болса сонда кел. Халыққа шындықты айтып түсіндірейік,көнсе дүрліктірмей рет- ретімен көшіру жағын қарастырайық» деді.
…Ертеңінде Сағат апаймен Тэжээлде кездестік. Ол кісі өзінің Алматыда болып қайтқанын, көші-қонға байланысты әлі де көп мәселенің шешілмегенін, ал кеңестік Қазақстандағы экономикалық әлеуметтік жағдайдың күннен күнге ауырлап бара жатқандығын айта келіп, мұндағы ел жылы орнын суытпай әуелі жастарды жіберіп, өздері асықпай-аптықпай көшулерін көпшіліктен өтінді…
Бірақ атадан балаға жалғасып, әрбір қазақтың жүрек түкпірінде ұялап жатқан ата жұртқа деген сарқылмас сағыныш, кенет өрттей лаулап, теңіздей толқып жүре берген еді. Ал бұл сезімге қарсы тұру тіпті мүмкін емес-тін. Сағат қаншама ақылға шақырып, ол жақтағы болатын қиыншылықтарды тілінің жеткенінше тәптіштеп айтқан сайын, көпшіліктің қазақтың сайын даласына деген сағынышы одан ірі желді күнгі өрттей үдей түсті.
Беу, дүние-ай!. Кезінде кездескен кейбір қиыншылықтарғы төзбей, «Қатын бастаған көш оңбады» десіп, Сағаттай қыздарын сырттай жазғырған жерлестеріміз де болды-ау!
Ал Сағат болса жаратылысы нәзік қыз бола тұра екі азаматтың бірінің қолынан келмейтін елім деп еңіреген ердің ісін істеді. Біз мұны мойындауымыз, тіпті сол ұшін де оған алғыс айтуымыз керек шығар.
Сағат келіп кетісімен Баяндэлгэр, Тэжээл, Баганурдың қазақтары алды-артына қарамай үйін, малын сатқанын сатып, сатпағанын тастап, қалған дүние мүліктерін вагондарға тиеп, жапа-тармағай көше бастады. Бұл жөнінде қойын дәптеріме:
….Бірінен бірі жасырып,
Ағайын көшті асығып.
Үйлері қалды қаңырап,
Дүние-мүлкі шашылып.
Қора-қора мал қалды,
Былайғы жұрт таң қалды.
Жинап терген байлығы,
Жау тигендей ол қалды.
Оты қалды жағулы,
Түндігі қалды жабулы.
Алды артына қарамай
Атажұртқа ағылды… деп жазыппын.
Көшке ұзамай Баганурдан үш жүз шақырым жердегі Хэнтий аймағының Чандаган қазына шаруашылығында тұратын қазақ ауылдары қосылды. Ал көшіп кеткендердің соңынан іле-шала, «Ойбай, Қазақстанға барғандар қаңғып қалыпты. Бәленшекең жолда тоналыпты. Түгеншекеңнің шешесі поезда қайтыс болған екен, жерлеуге мүмкіндік болмаған соң, вагон терезесінен сыртқа лақтырып кетіпті!» деген адам нанғысыз қауесеттер қаулап жүре берді…
Мұның өзі бүгін ертең көшем деп отырған жұрттың көңіліне қобалжу салғаны сөзсіз еді.
Мұхит Жақсылықұлы, Павладор қаласы. «Дария дәурен» кітабы, 216-217 бет.
ҰЛТТЫҢ ҚАМЫ – ҰЛЫ МҰРАТЫМЫЗ
Еліміздің өткенімен бүгіні толғандырып, оның нұрлы болашағы – іргесі берік, ырысы мол, орны ырықты, өркенді ел болуы үшін жар құлағы жастыққа тимей жүрген айтулы, ардақты азаматтарымыз баршылық.Қайталанды десекте, айта бергеннің атқарылар іске септігі тимесе, көптігі болмас. Онда бір арнадан тоғысқан ойлардың тілек-мақсаты да бір болғаны. Ниеттің ақ , тілектің бірлігі ғана елді көгертеді. Ала болып ауыздағыны беріп, енжарласып ел-жұртты күйзелту қашаннан оңға бастамаған.
Шашырап, шалғайлап кетсек те адал ниет , ақ тілегіміз бір, еншіміз бөлінбеген алаштың азаматымыз. Тағдыр тауқыметін арқалап тау асып, мұхит өтіп кетсек те, атамекен есіңнен шықпайды. Арың мен атамекенің егіз. Арыңды қандай сақтасаң, атамекеніңді де сондай қарғап, жүрегіңе ұялатасың. Шіркін атақоныстың еміренген мейірімі аһ ұрғызып сағындырып, сарғайтады да жүреді. Торғыннан шұлғау орап, қамқа тон жамылып, қарынды қанша қампайтсаң да рухани жақтан меңдеп, бөтен елдің шаңырағына қарағыштап, емеурінін бағып, еңсе көтере алмайсың. Өмірдің қатал тезіне түсіп, жан төзбейтін ауыр азабын бастан кешірдік. Сондағы түйгенім-жер басып тірі жүргенде еркіндік,азаттықтан, өзгенің бәрі жалған, алданыш тұл дүние. Кенезең кеуіп, рухани тапшылықтан,саяси бостандық болмаудан ауыр қасірет жоқ. Діліңді соққылап, діңкелететін үлкен дерт- осы.
Қазақ халқы нені көрмеді. Зауалды күннің аспанын екі бұршақ жауса, соның бірі соры арылмаған қазақтың төбесін ойды. Ғасырлармен саналатын жылаулы ғұмыры бодандықпен өтті. Ата-бабаларымыз өмір бойы мойнына бұршақ салып еркін өмір тілеп, алаштың туын көтеріп атқа қонса да маңдайы тасқа ұрылып, аяусыз езгіге ұшырап, темір тұсау, қанды тегеуріннен құтыла алмады.
Енді міне, Жаратқан жар болып, ата-баба аруағы қолдап, бүгінгі ұрпақтың маңдайы жарқырап, бағы ашылды. Тәуелсіз қазақ елі болып әлемге танылды. Бұдан үлкен қуаныш ,бұдан биік мәртебе бар ма?Қазақтың тәуелсіз ел болғанын көзімен көрген бүгінгі иісі қазақ- бақытты қазақ. Кәзіргі кезеңде кеудеден итеріп, қабырғаны қайыстыратын қым-қуат қайшылықтарды, қиындықтарды елдік пен ерлікті таныта отырып, жеңіп шығу міндеті тұр. Бұл мерзім аса күрделі әрі нәзік. Байыптылықты да, батылдықты да бірдей талап ететін үлкен күрес кезеңі саналмақ.
Қылдай жіңішкеріп, өліп-өшіп барып,тәуелсіз ел болғанда біздің ең алдымен атқаратынымыз – қазақ ұлтының қамы. Бұдан Қазақстанның көп ұлттылығын, оның достасып өмір кешуін ескермегендік келіп шықпайды. Қазақстандағы ұлттардың ынтымақтығы – еліміздің бейбіт өмірінің кепілі. Достасып өмір сүру- Қазақстандағы ұлттардың барлығына ортақ міндет.Әрі солай тірлік кешу заңдылық. Оны қаламайтындар қазақтан мін іздемей, өздерінің дайын мекен, күреулі қонысына ың-жыңсыз кете беруіне де жолы ашық, әрі әбден ерікті. Қазақ ұлты ұлт ретінде жойылу кезеңінде, қауіпті жардың ернеуіне өңі бозарған, жұлыны үзілер халге жеткенде, бармақтай бағымыз бар екен, тәуелсіздік алдық. Бұған мың тәубе, мың шүкірлік! Өткенді еске алмай, алдымызды, бағдарымызды айқындай алмаймыз. Отаршылдарды жіктеп, ағы өктем, қызылы жақсы деу ақылға симайды. Олардың түрі, отарлау айла-шарғылары әр алуан болғанымен бәрі де озбыр, отаршыл, шапқыншылар. Олар азаматтың, ұлттың қаскөй дұшпандары. Ашығын айту керек, ақтардың аласапырандатып, қылышын қанға бояп, қазақ жерін зорлықпен жаулап алуы алғашқы адым ғана. Коммунистік өктемдік – қызыл өкіметтің келуі. Оның айла –шарғылы, алдамкес, сиқырлы билігі, Голощекиннен Колбинге дейінгі қанқұйлы арам ниеттілігі қазақ халқының дінін жойып, ділін алды, ар-ұят, имандылықтан бездіріп, араққа телміртіп,әлсіздікке баулыды, тілін жойып,шәлдуар-шүлдірге айналдырды. Қазақтың қасиетті, қастерлі салт-дәстүрі,шаңдаққа сүйреткен тулақтай түтесі шығып, пұшпағы ғана қалып, тозып бітті. Енді сол жойылып кетуге шақ алған қазақ ұлтын бәз-баяғы қалпына келтіріп, қаз тұрғызу үшін не істеуіміз керек?
Ең алдымен қилы тағдырдан қиандап, қиырлап кеткен қандастардың атамекенге басын қосып, сан жағынан елдікті танытар, есе кетірмес орынға көтерілуіміз керек. Бұл – бір күнде емес, біртіндеп атқарылатын абыройлы жұмыс.
Құдайым қуат, ақ жол беріп, ақ тілеуін қабыл етсе, ұлы мақсатты үлкен көш басталып кетті. Өткен қой жылы Моңғолияда тұратын керей елінің алғашқы көшін Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлы қатарлы азаматтар бастап келіп, атамекенге кереге жайды. Бұл “Елім-айлап”, “Қайран Алтай, Марқа көл, қалды –ау кейін қайран ел” деп зар жылап, ел, жерімен қоштасатын көш емес. Сол еңіреп-егілгендердің сиреп қалған көзі тірілері мен қалың ұрпақтарының елдікті, еңсе көтеруді мұрат тұтып, әлемге танылған бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің қара шаңырағына мықты бір уық болып қадалуды көздеген ең соңғы қуанышты көші. Бұлар көшкенде моңғол елінен қорлық-зорлық көріп, қуғынға ұшырап, пана таппай, үркіп келіп жатқан жоқ. Моңғол-қазақ ұзақ жылдар достасып,сыйластықпен тату-тәтті бейбіт өмір кешті. Енді, міне, атамекенді аңсап, іргелі ел болу қамын, ұрпақтың болашағын ойлап, байлығының шайқалып, ырысының ортайғанына қарамай, жылы орнын суытып, келіп жатыр. Келгенде қандай! Кілегейі бұзылмай, қазақтың байырғы ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрімен бірге келе жатқанына ел болып қуануымыз керек.
Үкімет, басшылардан бастап жергілікті әкімдерге дейін, бүгінгі көштің мәнін адал ниет, риясыз көңілмен жете түсініп, ыстық ықылас көрсетулі. Мұның өзі тарихи абыройлы міндет саналса керек. Алыстан жеткен ағайындардың дені лайықты көмектерге қолы жетіп, алаңсыз ірге тебе бастады. Ішінара жерлерде “Сендерді кім шақырды” деген сыңай да, қабақ түнертетіндер де ұшырасатын көрінеді. Келімсектерді кердең бастырып, төрімізді таптатып, хан көтеріп, төбемізге шығарып, тоқинақ алдырып та көрдік. Енді, міне, ұлы мақсатпен жеткен өз ағайындарымызға шетқақпай нысанын танытып, ерулікке сараңдық жасасақ, не болғанымыз?! Бұған байланысты айтылар тілек аз емес.
Көшіп келушілерді бытыратпай, оларға оңтайлы облыс, аудандардан әжептәуір көлемді бірыңғай қоныстар белгілесе екі жаққа да өте тиімді болары анық. Кәзірге нарыққа көшудің заңдылық ағысы екпіні – бүкіл елді белгілі уақыт ықтатып,қиын-қыспаққа соқтыратын құбылыс. Атамекенге бет бұрған ағайындардың да осы өтпелі кезеңді дұрыс түсінгені абзал. Бірер жыл ірге көмгенше алакөңіл болмай, жарма құртты жарып жеп, сыйласқанға не жетсін!Келушілердің де бірден күрп етіп , ырғынға кіре кетпедік деп қыжырланып, өкпе бұртыңмен жерден-жер таңдап қоныс жақпай кезе беруі лайықсыз. Алдын ала жете ұғысып, жергілікті орындармне келісім жасасып,көңілге ұнаған қонысына байырқалап қалса, өз майөкшесіне –түбегейлі ірге беріктеуіне пайдалы.
Бір ескеретіні-“ елім” деп келгеy ағайынға сыпырмайым жұмыс күші ретінде қарап малшы, қосшы баласың деу ақылға сыйымсыз. Олардың ішінде әртүрлі мамандықтың иелері, зиялылар аз емес. Бұларға баспана, белгілі көмектен тыс мамандығына қарай жұмысқа орналастырылуына, талап тілегін қанағаттандыруға байырғы халықпен бірдей құқықта болуға, жеке меншік енші беруге неге болмасқа?! Ғылымның әр саласының білгір мамандары, ғалымдар мен жазушылар, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет өнер саласының иелері де аз емес. Міне, осыларды астана және қалалы жерлерден тұрғын үймен қамтамасыз етіп, мамандығына сай жұмысқа орналастыру – шұғыл шаруа. Еліміздің өркендеу қадамында олардың қосатын үлесі де зор екеніне сенім арту дұрыс. Азаматтық төлқұжат беруді де жеделдеткен жөн. Келушілер арасындағы зейнеткерлер мен тұрмысы нашар отбасыларына баса назар аударып, айрықша қамқорлық көрсету, алатын зейнетақысының толығымен беріліп тұруын қамтамасыз ету керек.
Ұлтымыздың қамы – оның ұлы мұратын ескерсек, анатіліміздің абыройын өсіріп,беделін арттырып, орнықтырып, одан әрі,дамыту-бұлжымас парызымыз.Бұл туралы қаулылар алынып, тармақ-тармақ тәртіптер белгіленгенімен арқауы босап, іріп-ыдырауға тап болған қасиетті ұлттық тіліміз қым-қуыт бөгеттер салдарынан тез оңалып, бір жүйеге түсіп, биік тұғырлы елдік тілге оп оңай айналып кетеді деп айта алмаймын. Оны сезініп те көзбен көріп те жүрміз. Әртүрлі себеппен ана тілін, жазуын білмейтіндерді кіналау әбестік. Алайда олар заңда белгіленген тармақтағы уақыт ішінде курстерде оқып не өздігінен ұмтылыс жасап, тілді жетік үйрену талабын орындап шығуы қажет. Қазақтың елдік тілін елемеу, мазақтау, менсінбей қарап, үйренуден бас тарту,көрнеу немесе жасырын түрде қарсылық жасау әрекеттерін жасаушыларғы шара қолдану керек.
Ұлттық тілдің мәртебесін биіктету үшін мемлекет басшыларынан бастап, билік басындағы қазақ азаматтары жиындарда ана тілінде сөйлеп, соның мүддесін қорғауы – басты парызы. Өз мүддесі жолында өзгені құрбандыққа шалып, ұлтын сатып кетуге әзір тұратындарға заң жүзінде тиым салар кез жетті.
Өз ұлтына, ұлтынан шыққан белді, беделді азаматтардың, соны құртуға құмарту, өзінің ғана қамы үшін өзгені азапқа салып, бақытқа жетпекші болу – өзімшіл азғындардың ортақ қасиеті. Ұлтымызды көркейтіп, көгертеміз десек, осындай арам шөп, улы құрттарға мықтап тиым салу керек. Ол үшін үзілді-кесілді тосқауыл болатын, жаныған болат қылыштай қиып түсер өткір заң шығаратын уақыт жетті.
Халқымыздың қастерлі, қасиетті жақсы салт-саналарының көбі көміліп, көлегейленді. Қалғаны ескерусіз күйге ұшырап,жұтаң тартты. Алайда өзіміздің ата-бабадан жалғасқан мәдениетімізді жоғалту парықсыздық қана емес,өкінішке соқтыратын опасыздық. Ұлттық салт-дәстүрін көзінің қарашығындай қорғап, ұлттық киімдерін де тастамай, киіп жүргендер мәдениетсіздік жабайылық болама? Өзбек ағайындар ала тақиясын, ала шағи көйлегін, қырғыз бауырлар ақ тымағын тастамай киіп, ұлттық спортын, көптеген жақсы салттарын түлетіп, дамытып келеді. Қазақта әр жүз, рулардың бір-біріне ұқсамайтын сәнді, тамаша киімдері, қастерлі ғұрып әдеттері, хас өнерлері болған. Мұны көктемгі гүлдей неге жайнатпасқа?
Қазақтар қызық халықпыз. Еліктеуге келгенде есіміз қалмай, өзімізді ұмытып, жінігеміз келіп. Амал не?Орыс болғанша асығып, әуре-сарсаңға түскеннің қасыретін аз тартып отырғанымыз жоқ. Қытайда сонау бір кезде ағылшынға еліктеушіліктің шектен шыққаны сондай, мұрнын үтіктетіп, қысып таңғызып, биік кеңсірікті, қошқар тұмсықты боламыз деп азаптанғандар да аз болмаған.Оған күлер жөніміз болмас. Еліктеуге келгенде бізде соның кебін киіп бақтық. Қара шаштарын сарымен боятқан, көз етіне көк сүрме сүртінген қаракөз қыздарды не деуге болар?! Шашын өзгертсе де көзін өзгерту қолынан келмей қиналып жүр. Қазақтың қыз жігіттері көшеде талтайып тұрыса қалып, құшақтасып сүйіскенде еріксіз теріс айналып кетесің. Ол аздай, орыс боламыз деп арақ ішті, шылым шектік. Жай ішкеміз жоқ, баладан кемпір-шалға дейін соғыстырып іштік. Сорақысы сол, мәйітті жерлеп келіп, марқұмға арнап құран оқып, қайғырудың орнына жағамызға түкіргенше арақ сіміріп, көңіл көтердік. От басында отырып бір үйлі қазақ орысша сөйлесетін болдық. Сонда оның ұрпағына қалай сын тағасың?! Ел басшылары орысша сөйлеуге құмартса, басқа ұлттарға қазақ тілін үйреніп, жұмыс істе деп, тілімізді құрметте деп қалай айта аласың?!.
Ұлттық салт-дәстүрдің жақсы жақтарын қайтадан қалпына келтіру – елдік қасиет.Ол үшін ұлттық ойын түрлерін, той тойлау, өлім шығару, әдеп ибалылық, бала тәрбиелеу, ұлттық киім ,ұлттық ойын түрлерін насихаттап,қалыптастыруымыз керек. Атадан жалғасқан ұлттық мәдениет, құнды мұра, ардақ тұтар асылдарымызды жаңартып, жарқыратып, биіктете кәдеге жарату елін сүйер иісі қазақ азаматтарының арқалар үлкен міндеті болса керек.
Қазақ мемлекетінің өзінің ұлттық армиясын кешеуілдетпей құрып, қорғаныс қуатымызды күшейту мен шекараны бекемдеп,қамсыз қарауылдар, қадағалаушылар орнын орнату жөн-ақ. Сырттан келетін қауіпті былай қойғанда, шекарадан өз білгенінше кіріп-шығып,байлығымызды, қолда барымызды қымқырып әкетіп жатқандар азба?Не істесең өзің біл деп, айналасын ашық тастап, бейғам отыратын дербес елді жұмыр жерден кездестіре алмаймыз. Тәуелсіз ел болған соң қайтсе де өзінің ақшасы болуға тиіс. Бұл-елдік белгі. Ресей ақшасы бізді матап- көгендей бермесе көгертпейді. Бұл да шұғыл атқарылар келелі іс ретінде тұр. Саясатшы, экономист болмасақ та толғақты ойлар жетелей береді. Қазақ ұлтының ұлы мұратын ойлайтын күшті заңдары, ұлттық армиямыз, өз ақшамыз болмай, төрт құбыласы тең тәуелсіз ел болуымыз қиын. Көп ұлтты Қазақстанда білікті “ Қазақтың азаматтық қоғамы” керек. Бұл қоғам мәдени қарым-қатынас шеңберінде ғана емес, қай елде жүрсе де қазақ азаматын қорғайтын, пайдаланатын барлық азаматтық еркіндік құқығына толық кепілдік ете алатын, ұлттық мұратына сай жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп отыратын болса.
Атамекеннен алыстап кеткен қазақтардың дені қазақ-араб жазуын қолданады. Олардың жай-күйіне сай талабын ескеріп, 1940-шы жылдардың басынан бастап қазақ-араб әрпінде Қазақстаннан “Қазақ елі” жұрналы басылып таратылған.Ол Шығыс Түркстан халқының мүддесі үшін кезінде үлкен рөл атқарған. Кейін 1950-жылдың басында желдің ығына жығылатын, қабаққа қарағыш жалтақ кезде “ Жаңа өмір” болып аты өзгертілді. Қазіргі “Шалқар” газеті қыруар жұмыстар тындырып, шетелдегі қандас бауырлар үшін біршама еңбек сіңірді Меніңше “Қазақ елі» жұрналын қайтадан шығару керек. Түйіп айтқанда байсалды боламыз деп кешігіп не өкініп қалудың, әудемде бәрін жөнге келтіріп, ойлағанды оңай тындыра саламыз деп көзсіз көбелектеніп,отқа түсудің қай-қайсысыда опа келтірмейді. Ұлт қамы үшін байыпты да батыл қимылдап жұмыс істеу қажеттілігі туып отыр. Қазіргі қазақ үшін рушылдық, күндестік күншілдікті, өзімшіл тар өрістілікті, арызқой жалақорлықты тастап, бір кісідей жұмыла ілгерілейтін кезең –осы кезең. Ұлттың қамын жеу-ұлы мұратқа ұмтылғандық. Еліміздің нұрлы болашағын есте ұстағандық болмақ.
Сейтхан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,жазушы
Егеменді Қазақстан 1992 жыл.
Көшкен адамдардың Қазақстанға қоныс аударғаннан кейінгі өмір тіршілік жағдайы әр түрлі болуына байланысты, көш бастаушылардың атына алғыс пен қатар реніште көп айтылғанымен, уақыт өте келе ел орнығып, жаңа жердегі тірлік оңала бастағаннан алғыстың дені басым түсіп,бірте-бірте халықтан ризашылыққа толы лебіздері мен ықыласқа толы өлең жолдары баспа бетінен жиі кездесетін болды.
АРНАУ ӨЛЕҢДЕР
“ШАПАҒЫН ШУАҚ ШАШҚАНДА”
(Сағат Заханқызына!)
Ісін жалғап мейірлі даналардың,
Тағдыры үшін болашақ балалардың,
Мейіріміңді халқыңа үлескен ең,
Шапағатын жайғандай аналардың,
“Тон пішердей қыз едің ана көрген.
Әке үлгісін көп тұтып сана бөлген,
Қаршадайдан бұлақтың көзін ашып,
Балалығың тауда өтіп, далада өрген.
Қанат етіп арманды ,талпынысты,
Білім қуған қиялың қалқып ұшты.
Озық жүріп оқ бойы құрбылардан,
Көп атқардың өнеге жарқын істі.
Өтінде өстің еңбектік сара жолдың,
Қауымыңа танылып, дара болдың.
Махаббаттың тербеліп бесігінде,
Бала сүйіп, жар құшып ана болдың.
Пәк жүрегің тап болып шайлығуға,
Түсіргендей көлеңке жайлы ұғымға.
Арсыз ажал жарыңды ерте алып,
Бастан кештің қасірет қайғыны да.
Әлдекімше боркемік мүжілмедің,
Жазын күткен өмірдің күзін көрдің
Салмағына тағдырдың мойынсұнып,
Әйелдікпен өзгеге сүзілмедің.
Танымақ жұрт алаулап жанбай кімді,
Жыр тербеткен жамылып балдай күнді.
Ақындықпен танылған сәттерің жаз,
Өлең жазып серпідің жан қайғыңды.
Өр мінезбен алтайдың тағысындай,
Өрге жүздің Бұлғынның ағысындай.
Ақыл қостың ұлт сүйген ұландармен,
Сыралғылы жанашыр абысындай.
Бұғып жатқан өмірдің қатпарында,
Тарихаттың бір кезең шақтарында.
Атқа қондың халқың мен қаның үшін,
Ер істемес тың істер атқаруға.
Тап болғанда тәуелсіз шақтарға әлем,
Алау атқан көзіңнен шоқтар көрем.
Дәнекер боп екі елдің арасына,
Елші атқармас үлкен іс атқарған ең.
Теңегім бар теңесем бар асылға,
Жұртың балап өзіңді жанашырға.
Моңғол менен егемен Қазақстан,
Шарт жасадың алғаш кеп арасына.
Біледі жұрт ойыңның бекемдігін,
Ол елге де сездірмей бөтендігін.
Ұзап барып сара жол сен бастаған,
Ұлт ұлтына ұғындық жетерлігін.
Ұлттық сана, мақсаттың жолы бар мың,
Көш бастадың батырдай қолы бар мың.
Атажұртқа алғашқы керегені
Өзің жайдың дедің де «Толығармын»
Таусылғанда қазақтың жан шыдамы,
Өр жүректі намысың қамшылады.
Көш бұйдасын қолға алып,бағыт алдың,
Шапағатын тигізді таң шуағы.
Тараптарды ақылмен көндіргесін,
Оралмандар бекітті енді іргесін.
Айғаныммен зәре апаң сияқтанып,
Алып келдің аудырмай елдің көшін.
Шер- шеменмен шет жүріп көгермедік,
Зар-запыран жұтындық не көрмедік.
Сен бастаған шапақты көш жолымен,
Мен де келдім ел келді бөгелмедік.
Жырақ көшіп Моңғолдан ерді қазақ,
Атамекен көрді де жерді ғажап.
Қандасына жеткізіп ұрпақтарын,
Жаңа мақсат, соны ой жеңді ғажап.
Өзің әлі сол көштің басындасың,
Бұған неге көңілім тасынбасын.
Өлең емес поема жазсам дағы,
Кейіпкерсің тұрарлық татымға шын.
Немерені жылуың алаулайтын,
Әжедесің шапақтан таңы аумайтын.
Ұланғайыр жасадың жұмыс солай,
Жүз еркектің біреуі бара алмайтын.
Сен құрғаттың шыланған жанарды шын,
Сомдалғандай құрыштан қалар мүсін.
Мың-мыңдаған оралман ағайынның,
Осы өлеңмен жеткіздім ақ алғысын.
Зуқай Шәрбақынұлы. Алматы 2008 жылы.
Аспанның асты кең мекен» кітабынан. Алматы 2008 ж.
АЛТАЙДЫҢ АЙДАЙ АРУЫ
Жеріне жер жетпейді,
Ежелгі ата-бабамның.
Сарғая еске ап өткенді,
Сағынып жүрген адаммын.
Мейлі қайда жүрсемде,
Бәрібір сені табармын.
Өйткені мен өзіңнің
Ақ ботаңмын, Балаңмын.
Сағынар жалғыз мен емес,
Салт-сана, дәстүр ғұрпыңды.
Кешігіп жатыр неге көш?
Ойлантар осы бір түрлі.
Арманым көшу- бас болып
Бастап елді- жұртымды.
Қарсы алып Ата-қонысым,
Берер ме екен қол ұшын?
Жемісті болып келісім,
Ұлғаяр деп өрісім
Үлкен үмітпен қолға алдым,
Игі істі сол үшін.
Тыңдашы, тыңда, Ата жұрт
жүректің мына соғысын!
Бұл істің қиын екенін
Айтпай-ақ көзің жетеді,
Оқысаң «Ұрпақ тоғысын»
Депті ғой, дейді бір ақын,
Алтайдың айдай аруы.
Шалқытар шабыт қуатын
Қолдағы қалам-қаруы.
Зеректіктің белгісі,
Бұл іске батыл баруы!
Шынықтырып ол өзін
Қайратан тасқа жануы.
Жұмсайтын іске ақылын
Сұлуы әйел затының.
Аямайды жалынын
Бойдағы махаббатының.
Бұл-өзіңнің туысың,
Бұл-өзіңнің жақының!
Қарасаң бойда бір мін жоқ,
Қабағыңда кірбің жоқ.
Моңғолиядан келіпті,
Алматыға тұрғын боп.
Айналайын Сағатжан,
Сұрастырып білдім көп,
Көрсетер сенің үлгің көп.
Ел үшін еңбек сіңіру
Ойға да, қырға жүгіру,
Абыройлы бұл міндет!
Қызықтарды да көп көрдің,
Қиындықтарды да көп көрдің.
Осының бәрән ел үшін
Атқарған ісім деп келдің.
Арманы бар ма осылай
Дегеніне жеткеннің.
Өйткені сені білемін,
Ұрпағысың текті елдің.
Көңілін елдің көтердің
Жігеріне от бердің.
Сен үшін қызық бұл күндер,
Сен үшін қымбат өткен күн.
Аңсаған Атамекенге
Қош келдің Сағат, қош келдің!
“Жақсыда жаттық жоқ ”деген
Сыйласа білдің көппенен.
Сырласа білдің көппенен,
Мұңдаса білдің көппенен.
Қаламды қолдан тастамай
Жүресің жазып отты өлең.
Ойыңды еркін айта алдың,
Арманың енді жоқ дер ем.
Ерінбегеннің ешқашан
Еңбегі зая кетпеген.
Тілегім менің саған зор,
Аманбол сәке, аман бол,
Ару қыз –алтын, ақберен!!!
Шекербек Садықанұлы. Алматы 2015ж.
АҚ ТІЛЕК!
Моңғолиялық Сағат Заханқызының «Ағайын айтар сырым бар» деген өлеңін оқып алғысымды жыр жолымен «Шалқар» газеті арқылы жеткізуді жөн көрдім.
Арнадым Сағат қызға елден сәлем,
Атырау, Арал, Балқаш көлден сәлем.
Жүректен жұдырықтай шыққан сөзді,
Сеніммен қабыл алсын мына әлем.
Көтердік еңсемізді қазақ болып,
Тәуелсіздік тұрған соң қолға қонып.
Сәт сапар, ниетіңе тілектеспін,
Сағат жан дәл осындай тойда жолық.
Қазақтың кең даласы ұланғайыр,
Дүниеден кетті талай айтқыш шайыр.
Өлгенге иман, тіріге береке боп,
Бәрінің болғаны жөн түбі қайыр.
Қашанда атамекен –алтын бесік,
Туған ел құшақ жайды қызым десіп.
Ақ сүтті ақтай туған ақ жолтайым,
Жігітше жүр екенсің түйіп шешіп.
Адамға ақыл пайда, қиал зиян.
Басқаға қимағанды сізге қиам.
Оқ жонар әке көрген деген барғой,
Аямас жақсылығын ұшқан ұяң!
Сағым Сәрсенбайұлы, Талдықорған облысы.
«Шалқар» газеті 1991 жыл.
САҒАТ ЗАХАНҚЫЗЫНА!
Жарқын жүзді Сағатым,
Кәдірлеп қолға тағатын,
Мөлдірлігі бұлақтай,
Таудан құлай ағатын.
Әдемілік сізде бар,
Әдептілік сізде бар.
Көзге түсер алмадай
Пісіп жеткен күз де бар.
Айналайын өзіңнен,
Мөлдіреген көзіңнен
Нәр алады барша жан,
Әрбір айтқан сөзіңнен.
Талай адам силаған,
Жамандыққа қимаған.
Көрпесіндей сұлудың,
Қабат-қабат жинаған.
Сізде барғой қасиет,
Сізден алар өсиет.
Іздеп келіп алдыңа,
Талай адам бас иеді.
Кәдірлісің ардақты,
Өнегілі салмақты.
Көп адамнан ілгері
Білімдісің жан жақты.
Жақсылардың бағы асар,
Не айтсада жарасар.
Барлық жағы жарасқан
Әйел жоқ сізбен таласар.
Әйел емес ағасың,
Әділ баға аласың
Мен де берем Сағаттың,
Дәл осылай бағасын.
Кеңес Байтереков Сайдалы
Алматы. 2001 жыл.
САҒАТЖАН СЕНІҢ БАРҒОЙ АҚЫНДЫҒЫҢ…
Ақын адам басқадан болар зерек,
Артында ақындардың қалар дерек.
Айтқан сөзі қажетке жарап жатса,
Жақсының жақсылығын айту керек.
Сағатжан сенің барғой ақындығың,
Ақындыққа менің бар жақындығым.
Көрсең де дүниенің тауқыметін,
Бар екен жасық емес асылдығың.
Өзіңе не айтса да жарасады,
Жамандар иттей болып таласады.
Жақсының жақсылығын айтсаң егер,
Көңілің ақша бұлттан әрі асады.
Сағатжан мына сені мақтағаным,
Құдалықты алдыңда ақтағаным.
Атадан мирас болып бізге қалған,
Жолдарын ақындықтың сақтағаным.
Еңбек етіп маңдайды терлете бер,
Биік шыңға санаңды өрлете бер.
Сағатжан саған айтар ақ тілегм,
Адам жанын өлеңмен тербете бер.
Кеңес Бәйтереков Сайдал Алматы.2002 жыл.
АҚСҰҢҚАР АНА
(Моңғолия Қазақтарының Атажұртқа беталыс
көшін бастаған Сағат Заханқызына арнау.)
Шұбырған ел шулаған бала-шаға ,
Бақыт қайда бәріне бара сала.
Егемен ел бағытын енді дүзеп,
Жатқан шақта басқамен санаса ма.
Әлди әнін әжесі салған жерден,
Балалығы адасып қалған жерден,
Кету деген ешкімге оңай емес,
Кірін жуып кіндік қан тамған жерден.
Қадағандай тұс- тұстан сұғын қайғы,
Жаралы жұрт жанарын сығымдайды.
Елге жетсең ұмытасың ертең-ақ деп,
Кеңес беріп бәріне шырылдайды.
Баян-Өлгей баянды болмайтынын,
Әркімдерге айтады алмай тыным,
Құс біткеннің әуелі өз аспаны,
Болғанда ғана еркін самғайтынын.
Түлік шулап, ит үлып ел бүлініп.
Бір басына түскенде ендігі үміт.
Ұлы көшті Ұлы ана кетті бастап,
Қайдасың деп Атажұрт белді буып.
Ертеңі үшін елінің еңіреген,
Көк жаулығы көк тудай желбіреген
Асыл ана арттағы туған өлке,
Сағынышын дариға-ай жеңді немен.
Қандай ұлы даналық күшті ерлік бұл,
Қандай ғажап батырлық іскерлік бұл.
Ердің жасын барады әйел сүртіп,
Деп ойлады кейбіреу түс көрдік бір.
Қопарылды ел солай Хобдадан да,
Абақ ана аруағы қолдағанда.
Дана ұран шақырды даласына,
Ана қыран қанатын қомдағанда.
Бүгін міне арайлап таң атқандай,
Білу қиын биікті қанат талмай.
Бақытына өзінің жаратқандай,
Білді ағайын ақ сұңқар- Сағат қандай.
Түсінді ел бәрінде кешегінің,
Атажұртта жайнатты неше гүлін,
Әйел бастар көш оңбас деп айтылар,
Арты ашылды ауылдың өсегінің.
Арулары таң болып атқаны үшін,
Атажұртта ел шалқып жатқаны шын.
Көшің болсын баянды елің аман,
О менің Алатаудай мақтанышым.
Серік Әбіл. 2014 жылы
«Көк бөрінің сүті» Өлеңдер жинағы.
Бахат Манаптың “Әңгіме үш арыстан бастау алған” деген Аятхан Тұрысбекұлы және оның тегі туралы толғаудан ұзінді.
ТЕРЕҢГЕ ТАМЫР ЖАЙҒАН ТЕКТІЛІК
…Ұрпағы жылқы ішінде қара көктің ,
Ту ұстап тұлпар мінген асыл тектің.
Керейге үлгі болған ел арысы,
Атанған алтай таудың жолбарысы-
Әубәкір Оспан батыр нағашысы.
Анасы Оспан батыр алып адам,..
Әубәкірдің бірге туған қарындасы.
Ананың алыптығы осы емеспе,
Бақанмен түн ішінде аю соққан…
Аятхан- Әубәкірдің ұрпақтары,
Өз тұсында бұл дағы тек жатпады.
Арқалап елдің жүгін мойынына
Тосыннан бейбіт күнде көш бастады.
Аятхан қоныс алды Самал сайдан,
Алатау бөктеріне қанат жайған.
Тай сойып, бие байлап,ақ дастархан,
Алдына туған елдің дәнін қойған.
Керейдің ақ ордасын әкеп тігіп,
Асырды дәрежесін талайлардан…
Сенімді халқы артқан бұлда ақтады.
Ескетіп, ел жұрт аң-таң болған кезде,
Шекара асып, ”шарт” жасап көш бастады.
Серік боп Сағат ханым қасына ерді,
Қазақтың жерін шалып қоныс көрді.
Жетісу,Жоңғар тауын қолайлы деп,
Жол сілтеп көштің басын солай бұрды.
Халқым тозып күйзеліп кетпесін деп,
Аралап хал жағдайын біліп тұрды.
Үзеңгілес Сағат пен Аяш мырза,
Шарықтап еңбектері шықты қырға.
Халқыда дән риза Сағатпен Аятханға,
Ел басын біріктіріп жол ашқанға…
Халқының қамы үшін ой тастаған,
Жеріне қазақ елдің жан баспаған.
Бұлыңғыр болашағы бейбіт күнде,
Тосыннан тәуекелғып көш бастаған…
Аяштың бір қанаты Сағат ханым,
Келтірген серкесіндей көштің сәнін.
Халқының маңдайдағы бақ жұлдызы,
Жеткізді атажұртқа тегіс бәрін.
Мендағы осы көштің ішіндемін
Игі ісін қаламмен пішіндедім
Бетіне тарихтың таңбаланып,
Басылып қалатынын түсінгенмін
Сағатқа!
Сызылтып бұлбұл құстай салған әні
Қолға алып домбыраны толғағаны,
Тәтті күй бойды билеп шымырлатып,
Жорғалап кейде төмен сорғалады,
Саржайлау елі көшіп құлазыған
Бұлдырап көз ұшында торланады.
Шарықтап қыран құсша көкке самғап,
Түйіліп қанатымен қомданады.
Үзілген үміт жібі баяғыда
Тұтанып от боп жанып жалғанады.
Бұлғынның суда ойнаған құндызындай,
Жайқалған асқар Алтай қырмызындай.
Кекілін желден басқа сипамаған,
Арда емген асау кердің құлынындай.
Бағы боп маңдайдағы аз қазақтың,
Аспанда жарқыраған жұлдызындай.
Талайдың қолы жетпес арман болған,
Айналдым келбетіңнен қор қызындай.
Нәр алып туған жерден қызыл гүлің,
Өзгеріп құлпырады нұрлы жүзің.
Алыста артта қалып бара жатыр,
Бұрынғы от жалындай жастық кезең.
Асылдың ақ дидарын көрді көзім,
Баурады бәрімізді ыстық лебізің,
Толғауын тоқсан түрлі сөзбен шешіп,
Қағазға түсіруге келді кезім.
Атадан қалған біраз дарын еді,
Өзімше жарқыраттым сөздің жезін.
Бахат Манапұлы.
”Әңгіме ұш арыстан бастау алған”
поемасынан үзінді.
Алматы қаласы. 2013 жыл.
МАЗМҰНЫ
Алғы сөз……………………………………………………………………………………………………..
I.Бөлім Кіріспе
1. Автордан алқиса………………………………………………………………………….. 4
2. Жолдасым Дөрбетханның құлагер ғұмыры…………………………….. …10
3. Сағат Заханқызы кім еді… десеңіз?
Көш басымен көрікті ……………………………………………………………………….17
4. Сағат Заханқызы жайында ой толғау! ………………………………….. ……25
II.Бөлім. Көш қалай басталды.
5.Моңғолиядағы қазақ зиялылары не ойлады,
мен не ойладым, көш қалай өрбіді ……………………………………………………29
6.Москва-Алматы-Москва-Уланбатыр-Алматы іс сапары…………….36
7.АлғашқыЕңбеккелісім-шартының жасалуы және
Моңғолияпремьер-министрі Бямбасүрэннің қабылдауы………….39
8.” Қазақстан” қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібеков мырзаға
айтар алғысымыз шексіз!………………………………………………………………43
9.Жақыныңды жат етпе……………………………………………………………………..46
10.Ел Ақсақалы Д.А. Қонаевпен кездесу…………………………………………..49
11.Көшті Моңғолия Үкіметі қалай қолдады, ел ынтасы
қандай болды …………………………………………………………………………………..51
12.Қазақ елінің зиялылары көшті қалай қолдады, Моңғолия елінің
Қазақстандағы тұрақты Өкілдігі қалай ашылды
не істей алды…………………………………………………………………………………..54
13.Екі елдің Үкімет делегацияларының Алматыдағы кездесуі…………80
14.Біз қалай баспаналы болдық ………………………………………………………….86
III.Бөлім.
Қазақ елінің көшті қолдауы баспа беттерінде!
15.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алыстағы ағайындарға ақ тілегі!………90
16.Отанға оралудың оң жолы…………………………………………………………………91
17.Киіз кімдікі болса, білек сонікі…………………………………………………………..93
18.Қандасымыз қамықпасын ………………………………………………………………..96
19.Төрт бұрыштан төгіліп көш келеді…………………………………………………..100
20.Атамекен аясында ……………………………………………………………………………103
21.Елге келген бауырлар………………………………………………………………………..
22.Ата мекенді аңсаған бауырлар бар алыста………………………………………107
23.Көш көлікті болсын десек…………………………………………………………………111
24.Үлкен іске үлес………………………………………………………………………………….116
IV. Бөлім.
Баян-Өлгей аймағы қостаған қазақ көші.
25. Баян-Өлгейдегі қазақ көшінің ерекшелігі …………………………………..119
- Фото суреттер топтамасы ………………………. ……………………………………137
V. Бөлім.
Біз не дедік, Ел не дейді!
27.Мен қазақтың қызымын………………………………………………………………. 184
28. Ағайын айтар сырым бар……………………………………………………………. .185
29.Зиялы болу, тек зиынды адамға тән қасиет!
Отанға оралудың оңтайлы жолы қалай басталған ……………………. 189
30.Ағайынның аялы алақаны ……………………………………………………………195
31. Кенет басталған көш ……………………………………………………………………. 197
32. Ұлттың қамы-ұлы мұратымыз ……………………………………………………. 199
АРНАУ ӨЛЕҢДЕР
Шапағын шуақ шашқанда …………………………………………………………… 206
33. Алтайдың айдай аруы ………………………………………………………………….. 209
34.Ақ тілек! ………………………………………………………………………………………. 212
35.Сағат Заханқызына! ……………………………………………………………………. 213
35. Сағатжан сенің барғой ақындығың. ……………………………………….. 215
36. Ақ сұңқар ана …………………………………………………………………………… 216
37. Тереңге тамыр жайған тектілік……………………………………………………..218
РЕДАҚТОРЫ АЯТХАН ТҰРЫСБЕКҰЛЫ
ТЕХ-РЕДАКТОРЫ АҚЕРКЕ СӘРСЕНҚАБЫЛҚЫЗЫ
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ . 2015 жыл
kerey.kz
Пікір қалдыру