|  |  |  | 

Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚОЛ БАСШЫЛАРЫ

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚОЛ БАСШЫЛАРЫ 4- бөлім.
———————-
Мұхтар Мағауин.
Екінші кітап ІІІ тарау ТЕМІР ТҮМЕНДЕР Әскер құрамы
Тарих Рашид-ад-Дин 1300 – 1311 жж дерегі бойынша.
——————————————-12119194_900911373333184_6478839029917035411_n

М ұ қ а л ы. Жалайыр. Шыңғыс ханның әйгілі Төрт күлігінің бірі (қалған үшеу – Бауыршы, Борағұл, Жылауқан). Еке Ұлыстың Сол қанат әскерінің бас қолбасшысы. Әуелде Жүркін бірлестігі, Сашы бек пен Тайжудың ғұзырында болған, Темужінге қарсы соғысқан. 1197 жылы, Жүркін біржола жанышталғаннан соң, інісі Бұқамен бірге Темужінге құлдық ұрады. Көп ұзамай-ақ сенімге кіріп, өрге басқанын көреміз. 1199 – қой жылы Найман Бұйрық ханмен арадағы соғысқа қатынасады және 1202 жылғы Үшінші Татар жорығында Темужіннің ежелгі серіктері Борағұл, Бауыршы нояндармен қатарлас аталады. 1206 жылғы үш тарап шекаралық әскер бөлісінде Шығыс беттегі Сол қанат түмен нояны. 1211 жылы ашылған Шүржен майданында жетекші қолбасылардың бірі. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғыс хан Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады. Міне, осы кезден бастап жергілікті жұрт және шектес Шүржен, Сұң әкімшілігі Мұқалы-ноянды го-ваң деп атай бастаған сияқты. Қытай тіліндегі мағнасы – ұлық әмірші, Сұң рәсімінде императордан кейінгі екінші дәреже. 1217 жылы Шыңғыс хан бұл мансапты Мұқалыға ресми түрде бекітіп береді, дыбыстық ыңғайы бойынша гойон (басқаша бір оқылымдар бойынша – гояң, куянк), біздің тілге көшірсек, ұлыс бегі болар еді. Енді бір қытай деректерінде Мұқалы-ноянның «цюань хуанди» аталған жағдайы бар екен (Н.Мункуев бойынша), нақты мағнасы – императорды алмастырушы. Қайткенде де, өкімі зор, ерен тұлға. 1218 – барыс жылы, Хорезм-Сартауыл жұртымен арада амалсыз басталмақ жаңа жорық, үлкен соғыс қарсаңында Шыңғыс хан Мұқалы-гойонды осы уақытқа дейін жауланған Шүржен шегіндегі ұлыс бегі және әлі де тоқталмаған Шүржен майданындағы бас қолбасы етіп белгілейді, бұл тарапта өзімен теңдес өкілет бұйырып, қарауына: бір түмен оңғыт, бір мыңған құрама, төрт мыңған ұрұт, үш мыңған жарлұқ-қоңырат, екі мыңған икерес-қоңырат, екі мыңған жалайыр, бір мыңған маңғыт – байырғы жұрттан жиырма үш мың әскер, оған қоса бір түмен қидан, бір түменге тақау шүржен – жиыны елу мыңдай әскер бөліп береді. Шүржен және Сұң елшілері әскери Ордасы Пекинде болған, бұл өңірдегі билігі шектеусіз Мұқалыны го-ваң, толық өкілетті мемлекет әміршісі деп ресми таныған. Еке Ұлыстың қарулы күштерінің негізгі бөлігі Хорезм майданына кеткен алмағайып заманда Мұқалы-гойон өзіне жүктелген міндетін мүлтіксіз атқарады. Шүржен шебін ғана емес, Таңғұтпен аралықты да берік ұстайды. Шыңғыс ханмен қайыра көріспеген; сартауыл соғысы аяқталар қарсаңда, 1223 жылы көкек айында, елу үш жасында дүниеден өтеді. Шыңғыс хан Мұқалының орнына оның үлкен ұлы Боғолды бекітіпті. Кейінгі ұрпақ-жұрағаты да әманда үлкен құрметте болған.
————————–
Н а я қ (Найа, Наяқа). Барын. Әуелде Тарғұтай-Қырылтұқ жағында, Темужінге қарсы соғысқан. 1200 жылы, Тайжуыт одағының негізгі күштері талқандалған соң, әкесі Шіргету-Ебуген, інісі Алақпен бірге Темужіннің ғұзырына келіп жығылады. Кешірім алып, қатарға қосылған. 1206 жылғы Ұлы Құрылтайдан соңғы әскер бөлісінде Орталық түмен егесі. Кейінде Сол қанат әскерінің бас қолбасшысы Мұқалы-ноянның орынбасары (саңғұсын). Наяқ Темужін туғанда, шілдеқанасында болған екен, Шыңғыс ханнан соңғы Өкетай қаған, Күйік қағандарды өткеріп, Мөңке қағанның тұсында, жүз жиырма жасында дүниеден өтеді.
—————————-
О ң ғ ұ р. Қият-бөржігіт. («Жинақты тауарихта» баяуыт деп жаңсақ жазылған.) Есугей-бахадұрдың інісі Мүңгеду-Қиянның ұлы, яғни Шыңғыс ханның немере бауыры. Темужінге 1189 жылы мамырда, ел айрылған Түнгі көш үстінде, өзінің ғұзырындағы шаншығұт және баяуыт руларымен келіп қосылған. Далан-Балжұтта Сегізінші күренді бастап соғысады. Ұлыстың әуелгі құрылымында хан дастарқанын жабдықтайтын бауыршы. Жақын туыс қана емес, сенімді қосшы екен. Есугейдің інісі Дәрітай және басқа да немере, шөбере ағайындар бұра тартқан, айнып, қарсы бетке өтіп жатқан қилы кезеңдердің өзінде үнемі адалдықтан айнымайды. Әуелден-ақ қарауында біршама жұрты болған қолбасы Оңғұр 1206 жылғы әскер бөлінісінде мыңған ноян деп жарияланады. Кейінде Шүржен жорығында, Пекинді алуға қатысқан.
——————————-
Ө г е л е-ш е р б и. Сүнит. Бауыршы-ноянның інісі. Темужінге Түнгі көште келіп қосылған. Ұлыстың әуелгі құрылымында әскербасы үш қоршының бірі, жасауыл торғауыт тобының басшысы. Кейін, Шыңғыс хан қаған көтерілгеннен соң, күндізгі күзет – Сол босағадағы торғауыт мыңдығының нояны. Шыңғыс ханның заманында, Төле бастаған қалың қол құрамында Шүржен соғысына қатысқан.
————————————
С ү б і т а й-б а х а д ұ р. Ұраңқай. Темужін-Шыңғыс ханға 1189 жылы, он төрт жасында, ел айрылған Түнгі көш кезінде келіп қосылған. Кейінде жүзбегі, мыңған ноян, түменбасы, жоғарғы қолбасшы. Шыңғыс хан заманындағы және одан кейінгі Өкетай қаған тұсындағы барлық соғыстарға белсене қатысқан. Шүржен майданында, Сартауыл жорығында жеке түмен бастайды. Жебе-ноянмен қоса, екі түмен әскермен Хорасан, Мазандеран, Түстік және Терістік Қапқазды жайқаған, Армян, Грузин патшалықтарының негізгі қарулы күштерін талқандап, Қыпшақты ығыстырып, ақыры 1223 жылы 31 май күні Қалқа өзенінің бойында Орыс пен Қыпшақтың ұзын саны өздерінен үш-төрт есе артық қалың қолын қиратып жеңген, қайтар жолда Бұлғар жұртын ойсырата шапқан әйгілі жорығы барлық тарихтан мағлұм. Сүбітай-бахадұр Бату ханның Шығыс және Орталық Еуропаны бөріктірген зор майданында (1237-1242) бас қолбасы міндетін атқарған. Ақиқат білгір тарихшылардың бағамында әлем соғыстары шежіресіндегі ең ұлы қолбасы деп есептеледі. 1248 жылы, жетпіс үш жасында дүниеден озыпты. Сүбітайдың ұлы Ұраңқадай-ноян Түстік Қытай – Сұң империясына қарсы соғыстар қаһарманы, өз кезінде бахадұр әкесіне тетелес даңққа жеткен.
——————————————-
С ү т ү. Қонқотан. Мөңліктің ұлы. Мыңған ноян. Басқа дерегі жоқ.
——————————————–
Т е м у д е р. Сүнит. Кейінде, Өкетай қаған таққа отырғанда торғауыт мыңдығының нояны ретінде бекітілген. Тәрізі, Шыңғыс хан тұсында да осы тарапта.
—————————————-
Ұ д а ш ы. Ұраңқай. Рәшид-әд-Диннің айтуынша, Шыңғыс ханның асыл сүйегі қасиетті Бұрқан-Қалдұн тауына, өзі аңшылықта жүргенде әлдеқалай еру жасап, айрықша тыныс алған және сол сәтінде атап көрсетіп кеткен аңсағай, салалы, алып еменнің түбіне жерленеді. Бұл өзгеше орын Еке-Қорық деп атанған және бүкіл аудан-аумағын қоршалай берік күзет қойылады. Күзетке Ұдашы-ноян бастаған ұраңқай мыңдығы бөлінеді және алдағы уақытта басқадай қызметке жегілмейтін, әскер қатарына қатыспайтын өзгеше пәрменге ие болады. Кейінде Еке-Қорыққа Шыңғыс хан ұрпақтары: кенже ұл Төле, одан соң Мөңке қаған, Арық-Бұқа қаған, Құбылай қағандар іргелесе жерленеді. Еке-Қорық күзетін бұрынғыша, енді Ұдашы-ноянның ұлдары мен немерелері бастаған ұраңқай руы атқарып тұрыпты. Бұл құрметті және айрықша қатаң күзет Юань әулеті 1368 жылы биліктен тайғаннан соңғы әлейім-тәлейім, оған жалғас бұлыңғыр кезеңде жоққа сайса керек. Тіпті, аталы, қастерлі қабірстан бұдан көп бұрын, 1260 жылдан тартып, тура қырық жылға созылған ғаламат қырғын – Екінші Азамат соғысынан соң, байырғы Татан Даласы мүлде қаңырап, иесіз қалған кезден бастап тозғындады деп шамалар едік. 1294 жылы өлген Құбылайдан кейінгі Юань императорларының ешқайсысының Еке-Қорыққа жамбасы тимеуі – дәп сондай тұспалға толық негіз береді. Қазірде Шыңғыс хан мен оның біраз әулеті тыным тапқан Еке-Қорық түгілі, заманында Татан жұртындағы бүкіл түрік қауымы әулие тау санаған Бұрқан-Қалдұнның өзінің қай жерде қалғаны беймәлім.
————————————
Ұ қ а й-Қ а л ж а, Қ а р ж у (Баржу). Жалайыр. Ағайынды нояндар. Есугей-бахадұрдың өзінің қызметінде жүрген екен. Шыңғыс хан екеуінің ескілікті еңбегіне орай ұлық әмір жасамақ болғанда қатарымен бас тартыпты, әкең Есугей-бахадұр бізге қой басын қадағалауды тапсырып еді, артық мансаптың қажеті жоқ, дейді. Шыңғыс хан мейлінше риза болып, қарт нөкерлеріне хан Ордасына тиесілі отарға иелік етуге бұйырады, әрі екеу-ара бір мыңдық әскер бөліп береді. Бұлар Сартақ-ноянның әкесі (шындығында үлкен әкесі болуға тиіс, – М.М.) Сабамен бір нәсілден деп көрсеткен Рәшид-әд-Дин. Тәрізі, жай ғана рулас емес, жамағайын туыс. Баяғы, меркіт тұтқынынан босатылған Бөртені Оң ханнан алып қайтатын Жалайыр Саба ғой. Жиналып келгенде, бәрі де біздің Қадырғали Жалайырдың арғы аталары болып шығады.
——————————————-
Ұ қ а р-Қ а л ж а, Қ ұ д ұ с-Қ а л ж а (Құтұр-Қалжа). Барын. Есімге жалғас «Қалжа» анықтамасы – қалжыңбас, әзілқой мағнасында деп айғақтаған Рәшид-әд-Дин. Сартауыл соғысының түйінді кезеңі, 1222 – жылқы жылы күзде, арнайы қосынды бастап барып, Пәрван түбінде жеңіліске ұшыраған Шікі-Құтұқы сәтсіздіктің негізгі себепкері – осы екі Қалжа деп біледі, «Қуақы кісі бейсауатта өзін батыр санайды, ал майданға түскенде ер емес, ез болып шығады», – деп арызданған Шыңғыс ханға. Бұдан соңғы Синд шайқасында екі Қалжа да Жәләл-әд-Дин әскерін дарияның жағасынан ысырып, қоршауға алуда қағанның нұсқауын ойдағыдай атқарып шығыпты. Құдұс-Қалжаға қатысты біршама дерек «Қастерлі шежіреден» ұшырасады. Темужінге Түнгі көш кезінде келіп қосылған. Ұлыстың 1204 жылғы жаңа құрылымында белгіленген жетпіс кісілік торғауыт жасағының Өгеле-шербимен ақылдас екінші басшысы. 1206 жылғы Ұлы Құрылтайдан соң мыңған ноян.
——————————————
Ш і к у-к ү р і г е н (Джигу-гурген). Қоңырат. Алжу-ноянның үлкен ұлы. Шыңғыс ханның Тұмалұн деген қызын алған мәртебелі күйеу. Шүржен соғысына қатынасқан. Бұдан кейінде Шыңғыс хан төрт мыңдық жасақпен Тибетке жібереді, бұл әскер қазір де сонда орналасқан, деп жазады Рәшид-әд-Дин. Өкімі зор, мыңған нояндарын өзі тағайындайды екен.
—————————————————-
Т у ғ а н-в а н ш а й. Шүржен. Ваншай – түменбасы деген мағнада деп айғақтаған Рәшид-әд-Дин. «Жинақты тауарихқа» түсініктеме жазған Б.Панкратов сөздің нақты таңбасы – «юань-шуай», бас қолбасшы, әскербасы деп көрсеткен. Нақты есімі – Ту-хуа. Туған-ваншай Шыңғыс ханның ғұзырына өз еркімен өтті, және кезінде қағанға бағыныш білдірген шүржен әскерінен құралған түменді басқаруға тағайындалды, үлкен әмірлер қатарында, айрықша құрметті болды, түмендегі мыңған нояндарын өзі белгілеп отыратын деп жазады Рәшид-әд-Дин. Сартауыл жорығы тұсында Мұқалы-гойонның қарауында, Шүржен шебінде қалған. Ұрпақтары да кейінгі қағандар қызметінде, құрметті әмір, ұлықтар қатарында депті.
——————————————————–
Ұ я р-в а н ш а й. Қидан. Шыңғыс хан Шүржен шегіне басып кіргенде бұрнада Терістік Қытайда патшалық құрған, енді басыбайлы жағдайдағы қидан жұрты дүрк көтеріледі. Қидан-Ләуо мемлекетін қайтадан қалыптау ниеті де болған. Осы бастапқы кезеңде Шыңғыс хан жағына шыққан қидан аламандарынан тұтас бір түмен жасақталады. Әскербасы Ұяр-ваншай (У-йер юань-шуай) өзінің адал қызметімен сенімге ие болып, құрметке жетті, дейді Рәшид-әд-Дин. Кейінгі ұрпақтары да ұлұғ әмірлер қатарында, түмендегі мыңған нояндарды өздері тағайындайды, депті.
—————————————-
Рәшид-әд-Дин түзіміндегі Оң мен Сол және Түпкі мыңдық – барлық әскердің жиын саны – бір жүз жеті мың; әскербасы елу тоғыз ноянның есім-жөні нақты айтылады, қидан мен шүрженнен басқа, дербес жасақтар құрамындағы, атаусыз қалған тағы отыз бес мыңбегі бар, сонда мыңған нояндардың ұзын саны тоқсан төрт болып шығады. Өз заманында әлемдегі ең озғын генералитет.
———————————————————
«Жинақты тауарих» дәйектеген әскер құрылымы және соған сәйкес мыңған нояндар түзімі нақты қай жылға тиесілі екенін тап басып айту қиын. Әлде Сартауыл жорығының қарсаңы, әлде Шыңғыс ханның соңғы жылы. Рәшид-әд-Диннің өзі: «Зерттеу, тану нәтижесіндегі нақты айғақтар және «Алтын дәптер» жазбалары бойынша анықтадым», – дейді, яғни, атаулы тұлғалардың ақиқатына күмән болмауға тиіс. Сонымен қатар, ғұлама тарихшы арада қаншама уақыт озуы, әрі патшалық шегінің ұлан-байтақ, шалғайлығына қарай, көп жағдайлар күңгірт, белгісіз қалу мүмкіндігін де теріске шығармаған. Демек, әуелгі және аралық замандағы біраз есімдер таңбадан тыс қалуы да ықтимал екен. Әлбетте, Шыңғыс хан толық өкімге жеткен 1206 жыл мен дүниеден көшкен 1227 – тынымсыз ұрыс-соғыс, жорық-аттаныстарға толы тұтас жиырма бір жыл бойында біреу көтеріліп, біреу өтіп жатуы, алмасу, жаңару өз алдына, сол заманда әскер бастаған барлық ноян, бахадұрларды белгілі бір ғана тізім аясында, теңдей, түгелімен қамту мүмкін емес; Рәшид-әд-Дин тарихында ресми қатарда аталған және аталмаған әйгілі қолбасылардың іс-әрекеті, атқарған қызметі әр кезеңдегі әр қилы оқиға барысына сәйкес, тиісінше баяндалып отырады, бәрін түгендесек, тек мыңған нояндардың өзінің саны әуелгіден әлдеқайда асып түсер еді, сондықтан біз қайталап, пысықтаған ғұзырлы әскербасылар тізімі белгілі бір кезеңге ғана сәйкеседі деп білуіміз керек. Соның өзінде жекелеген сауалдар алға шығады. Мәселен, бұл құрметті қатардан Жебе-ноянның есімін ұшырата алмаймыз. Шыңғыс ханнан бұрын, 1224, әлде 1225 жылы өтіп кеткен. (Р.Харапачевскийдің жаңа дерегі бойынша, біршама кейін, 1231 жылы қайтқан.) Алайда, 1223 жылы өлген Мұқалы-ноян бел ортада жүр. Одан әлдеқайда бұрын, 1217 жылы қазаға ұшыраған Борағұл-ноян да ұмыт қалмапты. Керісінше, тәрізі, ол да ілкіде өтіп кеткен Құбылай-ноян атаусыз қалған. Сондай-ақ, Шүржен майданында, Сартауыл соғысында көзге түскен кейбір қолбасылар жалпы тізімнен ұшыраспайды. Бір сөзбен айтқанда, «Жинақты тауарихта» арнайы атап көрсетілген мыңған нояндардың ешқайсысына күмән жоқ, сонымен қатар, бұл түзім толық емес, немесе кейбір ретте бұрынғылар мен соңғылардың ара жігі нақты ажыратылмаған деп білуіміз керек.
——————
Жалғасы бар. Суретте Құбыла ханның кәрістерді жеңген сәтті.

Related Articles

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: