|  | 

Әлеумет

Қарғалының Сертайы

Sertay

Он жетінші тамыз еді. Григориан жыл санауы бойынша 1981 жыл өтіп жатқан. Назары ең алдымен Қарғалы өзеніне түсті. Бастауын таудан алатыны бірден аңғарылады. Алдағы өмірі осы тау өзеніндей тұнық та арналы болатынын жиырма төрт жасар жас дәрігер ол кезде, әрине, білген жоқ. Содан бері міне, арада отыз бес жыл зымырап өте шығыпты. Ол әрдайым осы өзеннен нәр алды, осы елдің өз баласына айналды. Әрбір күні мен жылы Қарғалының арнасымен бірге ақты. Қазір де өз үйінің іргесінен жүз қадамға жетпейтін тұстан өтетін Қарғалының ерке даусын естіп жатып мүлгиді, таң алакеуімде Қарғалы сарынын естіп оянады.

…Алтын, мырыш, мысы көп, уран мен қорғасынға да аса бай полиметалды кен орны Риддерде өскен Сертай әуелде дәрігер болам деп тіпті ойламаған. Өйткені айналасындағылардың бәрі кенші еді. Содан ба екен, мұндағы әрбір ұл өзінің болашақта кен өндіруші инженер болатынын көз алдына ерте елестететін. Негізі Бесқарағай ауданынан болса да, ерте жетім қалуына байланысты Алтай өлкесінің Волчиха деген жерінде, жастайынан балалар үйінде өскен өз әкесі Сейфолла да шахтада проходчик. Енді бұл кенші болмағанда кім болмақ.
Лениногорск қаласын мекен еткен алпыс жеті мыңнан астам тұрғынның дені орыстар еді. Үш пайызы, яғни екі мыңға жуығы ғана қазақтар болатын. Осындағы 3-ші ықшамауданда №14 орта мектепті бітіргендер арасында Сертай да асыр салып өсті. Қазақша сабақ мүлде өтпейтін. Оның орнына мұғалімдері орталарына доп тастап, футбол ойнататын. Тұрғыластары да мектепті бітіре салып, Ресейдің Омск, Томск, Новосибирск қаласындағы оқу орындарына түсуге асығатын.
Сол жылы Сертай жеткіншектің жолы оңғарылып, Алматы медицина институтының стоматология факультетіне қабылданды. Бір қызығы, өзі қатты жүрексінген физикадан – 5, шығарма мен биологиядан – 4, осы пәнді өте жақсы білемін деп ойлаған химиядан – 3 деген баға алып, жалпы орташа үлгеріммен студент атанды.
Жасынан жігерлі жігіт жаз айларында студенттердің құрылыс отрядында ширақтығымен бірден көзге түсті. Әуелі Ақтөбе облысының Қобда ауданына комиссар, келесі жылы Байғанин ауданына да комиссар, ал үшінші жылы Алматы облысының Ұйғыр ауданына отряд командирі болып барды. Осы жалынды жылдарда ол әр қырынан шыңдалды, адал еңбектің қаншалықты тәтті болатынын, кішкентай бір ұжымның өзін басқарудың соншалықты оңай еместігін түсінді. Ал нағыз білікті дәрігер болып қалыптасу одан да қиын екенін жақсы білетін. Бұған институтты тәмамдар кезде екі жылға жуық өзі маманданған жақ сүйек және бет хирургиясын жетік меңгеру үшін Алматыдағы №5 қалалық ауруханада жұмыс істеген кезінде көзі анық жеткен. Бес жыл оқыған теориялық оқуы өз алдына, ал тәжірибе барысында алғашқы ұстаздарының бірі саналған Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының (АМКБ) бөлім меңгерушісі Семен Хаскиннің табиғатынан «қолы алтын» хирург екені әр операция сайын таңғалдыратын. Сынған жақ сүйегін, флегмондарды (май жасушаларының қабынуы), гайморитті, одонтогендік ауруларды емдеуде алдына жан салмайтын осынау дарынды дәрігер кейін Израильге көшіп кетті. Бағына қарай, Семен Павловичтің қарамағында бір жылдай қызмет істеген Сертайдай жас дәрігер одан біраз нәрсені үйреніп, маманданған стоматолог-хирург атанды.
Әрине, сол кезеңде жас маманның бір салада сатылап өсуі де, кезекке тұрып Алматыдан үй алуы да қиынның қиыны еді. Оның үстіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде лауазымды қызмет атқаратын нағашы ағасы Қылышбек мұның қызметті төменгі сатыдан бастағанын жөн көріп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы жіберген ауданына бар деп кеңес берді. Ағаның ұйғарымына тоқтаған жас маманды облыстағылар Жамбыл ауданына бағыттады. Жазмыштың дәргейі деген қызық қой кейде, осы Жамбыл ауданы бірнеше жылдан кейін Сертай Сағиевтің нағыз Отанына айналарын облыс басшылары белгісіз бір түйсікпен тап басып білген сияқты көрінеді.
«Жас келсе – іске» деген, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының сол кездегі бас дәрігері Қадыр Омаров Сертайды Қарғалыға жіберген 1981 жылғы тамыздың 17-сі сөйтіп оның мәңгі есінде қалды. Қарғалы ауруханасының бас дәрігері Сақыпжамал Қайсарова да жас дәрігерді жылы қарсы алып, риясыз көмек көрсетті. Мұнда тұратын жері, туыс-туғаны жоқ жас маманға аурухананың бір бөлмесін босатып берді. Салт атты, сабау қамшылы Сертайдың Қарғалыдағы тіршілігі осыдан отыз бес жыл бұрын осылай басталып еді.
Бір күні бас дәрігер жас маманды шақырып алып, хал-жағдайын сұрап, «Ақыры, осы жерде тұрып жатырсың, ауруханадағы дәрігердің түнгі кезекшілігін қосымша жүктесек, қалай қарайсың? Бір жағы айлығыңа да сеп» деп ақылдаса келе, шешім шығарады.
Бір жылға жуық аурухананы мекендеген кезінде Сертай түнгі кезекші дәрігердің міндетін зыр жүгіріп жүріп атқарды, кейбір аурудың қалай туындайтынын, оған ең алдымен қандай ем-дом жасау керектігін жіті аңдады. Сол кезекшілік барысында ол талмай ізденді, талпынды, тәжірибе толықтырды. «Мен негізінен тіс дәрігері емеспін бе, мамандығымызға сай зерттейтін нысанымыз бөлек. Бұрын Алматының іргелі ауруханаларында біраз тәжірибе жинақтаған кезде жақ пен тістің айналасынан тыс аурулардың жайына көп үңіле бермеген екенбіз. Мәселен, шұғыл түрде аяқ астынан ұстай қалатын инфаркт пен инсульттің не екенін мен осында келгенде анық көрдім. Одан адамды дер кезінде қалай сақтап қалуға болатынын күнделікті іс жүзінде меңгердім. Сол үшін де Сақыпжамал Нұрмұханбетқызына деген алғысым шексіз» дейді Сертай ағынан ақтарылып.
Иә, сонымен арада екі жыл зу ете түседі. Осы ауруханаға қызметке келген еліктің лағындай Салтанат Сәмідінқызымен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Жан жарының мамандығы – терапевт. Шаңырақ көтерген соң Сертайдың ісі де ілгерілей берді. Ол 1986 жылы аудан орталығы Ұзынағаштағы стоматология бөлімінің меңгеруші, бір жылдан кейін тіс емханасының бас дәрігері болды. 1992 жылы Шығыс Қазақстанда тұрып жатқан әке-шешесі Сейфолла мен Рыстыбаланы өз қолына көшіріп алды. 2005 жылы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, 2009 жылғы желтоқсанның 5-де «Қарғалы ауылындағы аудандық ауруханасы» МКК-ның директор-бас дәрігері болып тағайындалды. Міне, содан бері жемісті қызмет етіп келеді. Ол қазір Қарғалы, Үмбетәлі, Шолаққарғалы, Қасымбек ауылында шыр етіп дүние есігін ашқан әрбір нәрестеден бастап, барлығы қырық мыңға жуық адамның денсаулығына жауапты мекеменің тізгінін ұстап отыр.
Күнделікті тынымсыз қызметтен қолы қалт еткенде әлі күнге дейін стадионға барып футбол ойнайды. Білімді адамдармен араласып, пікірлескенді жаны қалап тұрады. Бала кезінде әкесі Сейфолла балқарағай жаңғағын теруге апарғаны есінен кетпейді. Сондықтан шығар, Алтайдың жұпар ауасын аңсаған сәттерінде Кішісаз жайлауына шығып серуендеп қайтқанды ұнатады. Бүгінде Сертай Сейфоллаұлы жан жары Салтанат Сәмідінқызы екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған бақытты отбасы.
Иә, Қарғалының Сертайы отыз бес жыл орайында осы елдің бел баласындай бекем орнықты. Жамбыл ауданының құрметті азаматы атанды. Отыз жылға жуық басшылық қызмет тізгінін ұстаған медицина саласының үздігі. Шипалы емінен сауыққандар санында есеп жоқ, жан шуағынан шапағат көргендер де көптеп саналады. Аудан тұрғындары құрмет тұтады, еңбегін бағалайды. Көпшіліктің ақ алғысын арқалап, үнемі ауыл азаматтарының арасынан табылатын елгезектігіне елі риза. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, бір ауыз жылы лебізімізді білдіру бізге де парыз болса керек.

Көгедай ШӘМЕРХАН

Related Articles

  • Жер сілкінді, ал санамыз сілкіне ме?

    Бірінші, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады, ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген, оған құмалақ ашып жаңалық айтудың керегі жоқ. Орталық Азияның қауіпті сілкініс белдеуінің бір жолағы Қазақстанның біраз аймағын қамтып жатыр. Жер кеше сілкінген, бүгін сілкінді, түптің түбінде ертең де сілкінеді және сілкіне береді. Жер- күнәнің көптігі үшін сілкінді деп аңыраған жұртқа құрғақ ақыл айтатын қаймана уағыз қай қоғамда болсын табылады, жер- атеист пен тәңіршілге “Аллаһты еске салды” дейтін міскін ой, асығыс тұспал қай жамағатта болсын табылады, бірақ табылмай тұрғаны ҒЫЛЫМ, мән берілмей тұрғаны да осы. Екінші, жерді кім сілкісе де мейлі, маңыздысы ол емес, онсыз да сілкініс белдеуінде тұрып жатырмыз, “ұйқыдағы” сілкініс пен жанар тау бізде онсыз да баршылық. Мәселе

  • Әйелдің бағы бес елі екен. Өйткені ол АҚШ-та тұрады…

    Полицейдің жуан білегіне қолын сүйеп, басын иіп шексіз ризашылықтың ишарасын білдіріп тұрған мына әйел күн бұрын дүкеннен бес жұмыртқа ұрлап, қолға түседі. Оқиға орнына жеткен Уильям Стейси ұрының қолына кісен салып, қамаудың орнына бес жұмыртқаға бола басын қатерге тіккен бейбақты сөзге тартады. Сұрай келе үйінде төрт баласы ашқұрсақ отырғанын, екі тәуліктен бері нәр татпағанын біледі. Шиеттей бала-шағамен айына 120 долларға ғана жан бағатынын, оның өзін біреуге ұрлатып алғанын естиді. Мән-жайға қаныққан офицер сол жерде әйелді босатып, үйіне жеткізіп салады. Күдігін сейілту үшін отбасының жағдайымен танысып, байғұс ананың алдамағанына көз жеткізеді. Кетерінде ұрлық жасау – тығырықтан шығар жол еместігін айтып, бұдан былай заң бұзбауын ескертеді. Бие сауым уақыт өткен соң ашқұрсақ

  • Талдықорғанда дәрігерлерге ескерткіш ашылды

    Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Аяулы алақан» аллеясы ашылды. Жетісудың бас шаһары Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, қаланың көркіне-көрік қосатын тағы бір жер орын тепті. Бұл мекенде ақ халатты абзал жандарға деген алғыстың нышаны ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылған. Жоба авторы, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Мүсінде адамзаттың қос алақаны бейнеленген. Ал екі уыстың арасында жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр. Бұл жан жылуының әр тіршілік иесіне өмір сыйлай алатынын бейнелеп тұрған ерекше сәулет өнері. «Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда алдыңғы қатарда күрескен – медицина қызметкерлері болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» ескерткіш – аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген

  • Жетісуда 60 жуық жанұя баспаналы болды

    Талдықорғанда алпысқа жуық отбасы баспаналы болды. “Болашақ” шағын ауданында берілген көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. “Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн”,- деді облыс әкімі Амандық Баталов. Жаңа пәтер кілтін алғандардың арасында қартаналар, көп балалы және әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасылар да бар. “Балам

  • Талдықорғанда жаңа эко-автобустар қолданысқа берілді

    Бүгін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс орталығының Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығы аясында айтулы оқиға өтті. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылды. “Жетісу” ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынады, олар тасымалдаушыларға 7 жылға лизингке беріледі (жылдық 4% – бен). Оның 32-сі қала тұрғындарына пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында орталық алаңда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен “Ютонг” маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын-тапсыру салтанаты өтті. Қалған 23 автобус (14 ПАЗ және 9 “Ютонг”) жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді. “Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары-8,5

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: