ҚАЗАҚҚА ТИІСКЕН АДАМНЫҢ ТҮСІНЕ ҚАСҚЫР КІРЕДІ
Сақарада еркін жортқан көк бөрі бетпақ даламызды тастап кетті.
Сындық!
Қазақы интеллигенция – сағы сынған интеллигенция.
Жалтақ зиялы қауым кісі бетіне тура қарауды үйрене алмапты.
Үнсіздік те – айқын позиция.
Деп жаздық. Кезінде, 1997-1998 жылдары.
Қара орман халық бәрін көріп отыр, деп жалғастыр-дық ойымызды. Халыққа үйдегі сөздің керегі шамалы. Не айт, не үндеме! Мінбеге шықтың ба, туралғанша айт, тура айта алмайсын ба, мінбеге шықпа.
Қасиеттің қасірет шегіп, тауқымет тартқанда ғана келетінін меңзедік.
Жалпы, бүгінгі зиялы қауымды халық атынан сөйлеу хұқынан айыру қажет, зиялы қауым – әкім-қараның суын тасып, отынын жарады, деп те қатты айттық.
Күл шығарып, от жағады, дедік.
Бірақ, зиялы қауым, жалпы, өмірде кездесе ме, жоқ па, адам түсінігінде бар ма, жоқ па, ойланбадық.
Қазір интеллигенция деген сөз кешегіден қалған, Кеңес Одағы идеологиясынан туған ұғым-түсінік тәрізді көрінеді.
Интеллектуалдар бар. Қасқырдай жалғыз жортқан ойшылдар бар.
Дей тұрғанмен… қазақтың бойындағы қасқыр өлген. Рухымыздың бастауындағы бөрі оққа ұшқан. Кімнің қасқыры тірі? Бізге қасқыр қажет. Қайдасың, қасқыр бабалар? Серік Ақсұңқарұлы. Әмірхан Балқыбек, қайдасың қасқыр құдай болған кез, дер еді.
Мүмкін, түрте берсек, түртпектесек, халықтың бойындағы қасқыр қайта тірілетін шығар. Қасқыр тірілсе, оның не Махамбет, не Сыздық төре, не Мағжан, не Сұлтанмахмұт, не Бауыржан, не Мұқағали, не Жұматай, не Қайрат бейнесінде келетінін білемін. Сол кезде қыр астынан ана қасқырдың қатты ұлыған дауысы шығады.
Дабысы қыр даланы дүрліктіреді.
Қыр астынан қасқырды күтіңдер, жас ұрпақ, рухтың белгісі сол! Көксерек қайта айналып соғады.. Өздеріңді қайдам, мен әйтеуір осыған қатты сенемін. Көксерек! Көксерек!
Пікір қалдыру