Ит жетелеген әйел (әңгіме)
Қаланың осы ауданына жақында ғана көшіп келгендіктен әрі жұмысқа ерте кетіп, кеш келетіндігімнен көршілермен әлі танысып үлгермедім. Менен гөрі әйелім олардың біразын танып қалыпты. Соның айтуымен көршілеріміз туралы ақпаратқа сырттай қанып жүріп жаттым.
Бір күні жұмысыма күндегіден жай жиналдым. Далаға шыққанымда ауладағы шағын көгалда итін жетелеп жүрген әйелден өзге жан баласы көзіме түспеді. Ақтөс сары ит мені көрген жерден үріп, иесінің қолындағы қарғыбауға байланған базар шылбырын жұлқа тарта, маған қарай тап-тап береді. Қапелімде сасып қалдым да, іле:
- Шық ей – деп итті жасқай сөйлеп, бұрыла бердім.
- Қорықпа, ол ит адамды қаппайды -деді әлгі әйел орыс тілінде. Мен оған амандасуға оқталып, жүзіне қарадым. Жүзіне ағартып бетмай жаққан, еріндерін жас қыздардай қызылға, шашын сарыға бояған егде жастағы әйел екен.
- Саламатсыз ба апай ? – дедім. Ол естісе де, естімеген жандай:
- Саламатсыз ба ?-деді орыс тілінде. Мен одан артық тілдесуді құп көрмедім де өз жолыма түстім. Кешке келген соң осы көргенімді әйеліме айттым.
- Е, ана апайды айтасың ба, ол қазақ болғанымен, орысша сөйлейді. Анау бір күні балаларды ойнатуға есік алдына шықтым, аздан соң көрші келіншектерде жиналды, содан әңгімеміз жарасып тұр еді, сол апай келді, қолында жетелеген иті бар. Итінен балалар қорқып, жасқанып еді. Ол орысшалап:
- Қорықпаңдар , ит көрмеп пе едіңдер? -деп балаларды зекіп тастады. Өзі тағы бізбен біраз сөйлесті. Алайда, иті оның көп тұруына көне ме, апайды тартқыштап ала жөнелді, өзінің шамасы итіне зорға жететін көрінеді. Ол кісі кеткен соң қасымдағы келіншектерден сұрап едім, осы үйде ұзақ жылдар тұрып келе жатқан Сәуле:
- Бұл бір жесір әйел, күйеуі осыдан 5-6 жыл бұрын өмірден озған. Күйеуі үлкен ғалым адам көрінеді, лауазымды қызметтер атқарыпты. Бір ұл, бір қызы бар екен, бірақ балаларымен араласпайды-деді. Оның сөзін Айман қостап:
- Өзі бір қызық адам, әнеу күні осы жерде Арман мен Арайды ойнатып отыр едім, менің қасыма келіп, біраз шүйіркілесті. Бірақ ол күні қасында жетелеген иті болмады. Содан болар жарты сағат көлемінде сөйлестік. Маған, осы бала дегеннен шаршамайсыңдар ма? Осылар ертең сендерге опа бере ме ? онан да өздеріңді күтсеңдерші, өмір деген тым қысқа, рахатын көріп қалу керек емес пе?-деп біраз лекция оқып кетті. Үлкен кісі болғандықтан көп ештеңе айтпадым -деді езу тартып. Келіншегім өзінің естігендерін осылай айтып отырғанда менің көз алдымда таңертең көрген қартаң әйелдің бейнесі бір сәт кетпей тұрды.
Осыдан бір-ер ай өткен соң, күндегі әдетіммен жұмысқа баруға жиналып, үйден шыққаным сол еді, көгалда қойылған ұзын орындықта шалқасынан жатқан апайды көрдім. Иті көрінбейді. Бұл кісіге не болды екен, жағдайын білейін, Құдай қосқан көрші әрі жалғыз басты пенде ғой деп жанына жеттім. Апайдың екі көзі жұмылып, ауызы бір жағына қарай қисая ашылып қалған екен. Ол кісіге бірдеңе болғанын білдім де бірден жедел жәрдемге қоңырау шалдым да, өзім сол жерде тұрып, олардың келуін күттім. Жұмысыма кешігіп келетінімді ескертіп қойдым. Көп кешікпей жедел жәрдемде келді. Менен жағдайды ұғынған соң апайды өздерімен бірге алып кетті. Қай да апаратындарын біліп мен де өз жөніме кеттім. Арада біраз күн өткен соң, жағдайын білейік деп әйеліміз екеуіміз ол кісі жатқан емханаға бардық. Ол бізді көріп қатты қуанды. Жастығын биіктетіп, еңсесін тіктей отырды. Бұрынғыдай емес, жүзі солғын, көздері кіртиіп кетіпті. Бізде онысын елемегендей хал-жағдайын сұрадық. Ол кісі жағдайын, ем-домын, емхананың тамағын бәрін-бәрін айтып жатты. Енді бір сәт көршілері есіне түскендей оларды түгендеп шықты. Біздің балаларымызды да сұрауды ұмытпады. Кетерде менің қолымды қатты қысып ұстап:
- Ұлым, мен саған разымын… ол осыдан өзгені айта алмай булығып қалды. Мен ол кісіні жұбатып, қолымды ептеп тартып едім оның қос қолы тастай жабысып қалғандай жіберер емес. Аз-кем үнсіздіктен соң ол:
- Мен өте, өте өкінемін, әттең, өмірім қайта келсе, мүлде басқаша жасар едім. Биік мансап, байлық пен атақ адам көзін байлап тастайтын сияқты. Нағыз құндылықты ескермей, жел айдаған қаңбақтай күн кешіппін.
- Сіз нені нағыз құндылық деп айтып отырсыз? – дедім іштегі шерін тарқатсын деген ниетпен ой ұштап.
- Нағыз құндылық ол – отбасы, балалар, ұрпақ содан соң ұлтыңның мінезімен өмір сүру екен. Ол осы сөздерді сабырлы, салқын үнмен, көзін бір нүктеден алмаған күйі өзіне жаттанды тілмен айтты. Сөзінің соңын ала өлеусіреген жанарынан тамған жас тамшылары, сарғайған жүзін бойлап ағып, иегінің ұшынан барып, аз кідірді де төсіне тамып кетті. Мен не деп жұбатарымды білмедім, әйелімнің де көз жасқа малынып үлгіріпті. Мен еңкейіп барып қарт ананың маңдайынан сүйдім. Сүйгенде де сондай бір ыждағат пен аялай сүйдім.
- Ұлым, мынау менің ұлым мен қызымның телефон нөмірлері, олар алыста, тым алыста тұрады. Қолың тисе соларға хабарласшы. Ол осыны айтып, қолымды босатып жастығының астынан бір тілім қағазды маған ұсынды әрі менен көзін алмаған күйі сөзін сабақтады:
- Олар, екеуі азамат жасына толған соң, бірінен соң бірі сол жаққа оқуға кетті де, үйленіп қалып қойды. Балалы-шағалы болды. Алайда сонша жылдар ішінде тек бір-ақ рет келді. Әкесі қайтыс болғанда. Содан болар, мен оларға өкпеледім, шынымен өкпеледім. Бұрын ренжісем де жүрегімнің түбінен сағынатын едім, кейін сол сағынышым жек көруге айналып кеткендей болды. Мен содан баланы, одан туған немере дегендерді жек көрдім, жек көрдім. Ол енді көздерін менен тайдырып, бөлменің төбесіне тікті. Аз кем үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғастырды:
- Мен бәрі-бір ет жүректі пендемін, анамын, әйелмін, бойымдағы махаббатымды, мейірімімді балаларыма төккім келтін. Алайда, олар менен бойларын аулақ салғасын, сол мейірімімді адам баласынан көрі, итке арнадым. Ит дегені болмаса, иесіне адал ғой олар. Өзіңді қаба жаздаған итті күшік күнінен асырадым. Барымды, жылы-жұмсақты соның аузына тостым. Сонымен сөйлесіп, сонымен сырластым. Сөйтіп ол менің ең жақын жаныма айналды. Мен онсыз өмірімді елестете алмайтын дәрежеге жеткенімді өзімде сезбей қалдым. Адамдарды түсінуден қалып, ит жанды болып кеттім…. ол осыларды айтып, әлде не есіне түскендей болымсыз езу тартты. Оның езу тартуы көңіл қошынан емес, өкініштен, ащы бір мысқылдан еді. Ол біраз жатты да назарын қайта маған аударып:
- Саған рахмет, айтпақшы “алғыс, шексіз алғыс”-дегенді қазақша қалай айтады- деді сәл езу тартып. Оның сөзі әзілге жуық болсада, шынында да жүрек сөзі еді. Біз оның сөзін қазақша аударып бердік. Ол іштей дайындалып жатқандай бір сәт үнсіз жатты да:
- Саған алғыс, шексіз алғыс-деді таза қазақ тілінде. Ол осыны айтты да кемсеңдеп жылап кетті. Әйелім ұсынған қол жаулығымен көзінен сорғалаған жасын сүртіп қарт әйел өз төсегінде қала берді. Балаларына хабарласатынымды айтып, біз қош айтыстық. Есікке жете бергенімде ол соңғы күшін бойына жинаған жандай дауысын көтеріп:
- Оларға айт, мен оларды сағындым, оларды жақсы көремін-деді кемсеңдеп.
- Иә, айтам апай-дедім мен де нық сеніммен. Аузыма “Апай”-деген сөз қалай түскенін өзімде сезбей қалдым. Бәлкім аялағаным әлде жалғыздықтан зар жылаған жан-дүниесін түсінгенімнен болар.
Біз үнсіз үйге қайттық. Еңсемді басқан бір жүк, өзім де анығын білмейтін бір мұң, бір сырлы сарын жүрегімді езіп көпке дейін көңіліме маза бермей жүріп алды.
Берген уәдем бойынша ұлы мен қызына сөйлесіп, анасының жағдайын, оларды сағынғанын, көргісі келетінін айтып, мүмкін болса тездетіп келуін өтініп телефон шалдым. Осыдан тура бір апта өткенде шетелге білім асыруға бір айлық оқуға кеттім. Қалама оралас сала, үйіме жетуге асықтым. Таксиден түсе көзіме бір топ баланың бір итті таяқтап қуып жүргені шалынды. Барлай қарасам көрші апайдың ақтөсі екен, бұрынғыдай жүні жылтырап, еркелеп, арсылдап жүрген бейнесі мүлде ғайып, көздері жапақтап, жаутаңдап көрінгенге бір қарайды, араша іздейді, бірдеңе береме деп көздері сүзіле үмітпен қарайды. Балалардан итті арашалап алып басын сипадым, ол менің аяғымды искелеп, бірдем алдыма, бірдем артыма өтеді. Бұның иесі қайда екен деп жан-жағыма қараймын, ол көрінбейді. Осы сәт үйден шыққан балаларым мен әйелім қуаныштарын жасыра алмаған бейнеде маған қарап жүгіріп келеді екен. Мен олармен қауышып болған соң әйелімнен апайдың халы қалай деп сұрадым. Әйелімнен бұрын балам жауап берді:
- Апай қайтыс болды, анау таудың бөктеріне апарып жерледі-деді. Бұны естіп жүрегім мұңайып сала берді. Әйелім шәй үстінде ол кісінің мен кеткен соң шамасы екі жетіден соң сол емханада көз жұмғанын, балаларының келіп, үйін сатып қайта кетіп қалғанын айтты. Кенет әлде не есіне түсіп:
- Айтпақшы, ол кісі мені бір күні телефон шалып шақырды, барып едім, тым жүдеу екен. Сені сұрады, оқуға кеткеніңді айтып едім, әжеп-тәуір мұңайып қалды. Кетерімде мынаны күйеуіңе бер-деп маған бір түйіншек берді. Әлі ашып қарамадым, қазір – деп жатын бөлмеге кіріп кетті де біраздан соң бір ақ матаға оралған шағын ғана түйіншек затты менің қолыма ұстатты. Ата-бабамнан қалған ескі бір бағалы затты алақаныма алғандай іштей толқып қалдым. Ептеп ашып едім, түйіншек ішінен иттің қарғыбауы шықты. Ол осы қарғыбаумен итін жетелеп жүретінді, сол бейнесі көз алдымнан бір сырғып өтті. Кенет санамда жарқ еткен жасын ой өнбойымды дүр еткізді. Орнымнан атып тұрдым да, далаға шығып, ақтөсті іздей бастадым. Бір үйдің бұрышынан айнала бере бір топ адамды көзім шалды, артында шұбырған балалар даурығып:
- Әне қашты, міне шықты -деп әлде ненің ізіне түскендей шұбырып жүр екен. Осы балалар көрді ме екен, солардан сұрастырайын деп солай қарай беттегенім сол еді, тарс етіп атылған мылтық дауысы кешкі тынық аспанды тіліп өткендей болды. Жүгіріп жетіп едім, көзіме қан-жоса болып жатқан апайдың иті шалынды. Бойымды бір түрлі ашу кернеп кеткенін өзімде сезбей қалдым, дауысым да қатты шығып кетті:
- Қайсың бұл итті атқан, не үшін, не үшін атасыңдар!? -дедім. Осы сәт әлде кім иығыма қолын артып, өзіне қаратты. Орта жасар ер адам екен. Ол бір сәт үнсыз қарап тұрды да:
- Біз қаңғыбас иттерді әкімшіліктің бұйрығымен ұстап, көнбегендерін атып жатырмыз, соңғы күндері қаламызда қаңғыбас иттердің балаларға шабуылы жиілеп кетті. Бір баланың тіпті өмірін жалмай жаздады. Солай жасамасқа амал болмай тұр.
- Жоқ, бұл қаңғыбас ит емес, тек қараусыз қалды – дедім мен оның жүзіне тіке қарап. Ол әнтек миғынан күлді де:
- Қаңғыбас пен қараусыз қалудың айырмасы шамалы, мағаналас ұғым, тек біреуі анайы, ал енді бірі сыпайы айтылғаны болмаса. Ол осыны айтты да атылған итті машинаға салуды бұйырды. Мен осы сәт қолымдағы қарғы бауды апарып ақтөстің мойнына байлап, басын сипадым да, іштей “Қош апайдың адал серігі, кешіккенім үшін кешір”-дедім де орнымнан тұрып, үйіме қарай аяңдадым. Көңілім жабырқап құлазып келемін. Кенет алдымнан “Әкелеп” жүгіріп келе жатқан балаларымды көрдім. Шамасы оларда мен далаға шыққан соң артымнан ере шыққан болар, қайтсын енді жаңа ғана орталарына оралған әкелеріне әлі мейірлері қанып үлгірмегені білініп тұр. Аяғын енді еркін басып үйренген кенжемнің жүгірісі тіпті ерен, бір орында екі аяғымен кезек секіріп тұр ма, жоқ әлде жүгіргенсіп келеме ол жағы анық емес, әйтеу көтерілген аяғы жерге тиер-тимес қайта көтеріледі. Көңілі шалқар теңіздей, екі көзі жайнап, езуі құлағына жетердей ақсиып күліп, мәз болып келеді. Маған жетуге сонша асық. Оларды көріп көңіл даламнан батуға шақ тұрған жүрегімнің жұлдызы жарқ етіп санамның аспанына бірақ шықты.
(соңы)
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педпгогикалық университеті,
Елтану және туризм кафедрасының доценті
Қастер Сарқытқан
Пікір қалдыру