Бақытқа бөлеген бесік
Бақытқа бөлеген бесік
(ертегі)
Көне заманда бір қазақ ұстасы бесік ойлап тауыпты. Бесік жасаймын деген ой оған қажеттіліктен
туыпты. Қазақтар мал бағып, көшпелі халық атаныпты. Біздің ата-бабаларымыз көктемде – көктеуге,
жазда – жайлауға, күзде – күзеуге, ал қыста қыстауда қыстайды екен. Кейін ағаш шеберлері бесікті
қарағай, қайың, талдан иіп жасапты. Нәрестені бөлеуге арналған бұл төсек жеңіл, ықшамды, көшіп-
қонуға ыңғайлы болыпты. Сәби бесікте жатқанда таза жатып, алаңсыз ұйықтайды екен. Бесік
нәрестені маса, шыбын-шіркей, жел, шаң-тозаң, күннің көзі мен суықтан қорғапты.
Күндердің бір күнінде қазақ жерінде аспанмен тілдескен, бастары бұлтқа тиген үлкен қалалар пайда
болыпты. Бұл кезде адамдар бесікті қолданбай, балаларға жеке бөлмеге төсек салып беріпті. Олар
бесікті ескінің көзі, сәннен қалған бұйым деп есептеп, пайдаланбай қойыпты. Тіпті, ауыл адамдары
да бесікті қораға шығарып тастап, менсінбепті. Тек бір әйел ғана елдің сөзін тыңдамай, апа-әжелері,
енесі ұстаған бесікті аса қадірлепті.
Әйел бесік шабақтарының үстіне ши төсепті. Жұқа киізден талдырып басылған жөргекті салыпты.
Оның үстіне құс жүні салып, құс төсек жасапты. Баланың енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні
толтырылған кішкен жастықты басына жастапты. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні,
арасына мақта салынған көрпені қыстыгүні қолданады екен. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне
бірнеше кепіл жастықшалар қойыпты. Құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісін тізесінің
үстінен биязы жіптен тартпа бау байлапты.
Отағасы саудагер болыпты. Ол үйде көп тұрақтамай, апталап, айлап, сауда-саттық жасауға сапар
шегіп кетеді екен. Әйел үйдегі тоғыз баласын біренен соң бірін бесікке бөлеп өсіріпті.
Бір күні қыста әйел түнде ойнып кетеді. Көзін ашса, мұрынына ыстың иісі келіп жатыр. Сөйтсе,
түнде пештің мұржасы бітеліп қалып, кешке жаққан от кейін қайтыпты. Пештен шыққан көк түтін
үйдегі бар бөлмелерді еніп кеткен екен. Әйел жалма-жан орнынан атып тұрып, есі шығып,
балаларын оятып, бірінен соң бірін далаға шығара бастайды. Балалары ұйқыларын ашып, суықтан
қалтырап, дірдек қағады. Бәрі үрпейісіп аналарына қарап қалыпты. Біреулері бақырып жылап жатыр.
Әйел көк түтінді шыртқа шығу үшін үйдің сырты есігін ашып тастады. Ауызы-мұрнын шүберекпен
тұмшалап, пештің ішіндегі ыбырсып жатып жатқан отынды далаға шығарады. Сосын түнде
шатырдың үстіне шығып, мұржаны тазалайды. Жерге түсіп, тынығып отыра кетпек болғанда есіне
бесікте жатқан баласы түседі. Жүрегі зырқ ете қалыпты. Бұл кезде жарты сағаттай уақыт өтіп кеткен
еді.
- Балам! – деп әйел жалма-жан түтіні сейілмеген үйге қайта кіреді. Бірақ балам өліп қалған шығар
деп ойлап, жүрексіне аяғын басады. Бесікке жақындай бергенде таныс үнді естиді! Ананың көзінен
жас ағып, қатты қуанып кетеді. Әйел бесікті көтеріп, далаға алып шығады. Жабуды ашып қараса,
нәрестенің көзі түнгі аспандағы жұлдыздардай жарқырап жатыр екен. Бұл оқиға бүкіл қазақ
даласына тарап кетеді. Содан бері аналар қайтадан бесікті қадірлеп, сәбилерін жатқызып, тербетіп,
бесік жырын айтатын болыпты.
Ең текті қалыңдық
(ертегі)
Ерте заманда қазақ даласында текті ханның жалғыз ұлы болыпты. Ол «Елдегі ең текті қызға
үйленсем ғой, шіркін!» деп армандайды екен. Ол Атырау мен Алтай, Жетісу мен Сырыарқаны
шарласа да өзіне лайықты қыз таба алмапты. Сұлу да көп, сылқым қызда көп, сұлтан олардың
қайсысын таңдарын білмей, әбден басын қатырыпты.
Содан кейін ол қарамағындағы бектер мен шонжарларды, байлар мен көпестерді,
ақсүйектер тұқымынан тараған игі жақсыларды жинап:
- Уа, ағайындар! Кеше сіздердің көз алдарыңызда өскен бала едім, міне ат жалынын ұстайтын
ер жігіт болдық. Жар сүйіп, текті ұрпақ өрбіткім келеді. Маған хандықтағы ең текті қызды
таңдауыма көмектессеңіздер деймін. Текті қыздың белгілерін айтсаңыздар, – дейді сұлтан.
- Сұлтаным, қыпшақ аруларының бәрі қарақат көзді, қиғаш қасты, тал шыбықтай бұралаған
арулар. Бірінен бірі өтеді. Сізге лайықты текті қызды таңдау қиынға соғады, – дейді бас уәзір.
- Қазақ қыздарының бәрі ұяң да инабатты, сыпайы, жүріс-тұрысы салмақты, өздері сызылып
тұрады, – дейді бектердің бірі.
- Етегі ұзын, кең көйлек киген, басына бөркі бар арулар жөнсіз, әдепсіз сөйлемейді. Орынсыз
жырқылдап күлмейді, – дейді шонжарлардың жуаны.
- Салт-дәстүрден аттамаған, үлкен-кішіні сыйлаған, – дейді байлар.
- Кешқұрым жалғыз жүрген қызды көрмедім. Қазақ қыздары менен опа-далап алып, шектен
тыс боянбайды, – дейді көпес.
- Иә, расында маған лайық аруды табу қиын-ау! – дейді сұлтан. – Игі жақсыларым, ақыл-
кеңестеріңізге мың алғыс! Барша жұртқа жар салайық, хандықтағы жақсы деген қыздарды
сарайға шақырыңыздар, лайықты жар табылып қалар, – деді сұлтан.
Сөйтіп, хан сарайының маңындағы ақсүйектер өз қыздарын сұлтанға жар болғанын қалап,
ханмен құда болғысы келіп, әрекетке көшіпті.
Ең бірінші болып бас уәзірдің қызы Күнімай қыз сарайға келіп, сұлтанға жолығыпты. Қыз
алтын жалатылған табаққа толған апорт алманы ұсынып:
- Әкемнің сізге беріп жіберген сыйы еді, қабыл алғайсыз, сұлтаным! – дейді Күнімай.
- Әкеңіз беріп жіберді ме? Бірақ мен… – Сұлтан ойланып қалады.
- Сізге сыйлығым ұнамай қалды ма? – деп шыдамсыздана сұрайды ару.
- Әке-шешемнен басқа ешкім менің сөзімді бөлмеп еді, сыйлығыңызды кері алып кетіңіз, -
дейді сұлтан қабағын шытып. Күнімай мүлт кеткенін сезіп, тілін тістеп алады.
Екінші болып бектің қызы Айбегім келеді.
- Сұлтаным, хандығымызды гүлдендірген хан иемізге мың алғыс! Әкем сізге мына сыйлықты
беріп жіберіп еді, – деп ыдыс толы қара балықтың уылдырығын ұсынады. Сұлтан сыйды алуға
ұмтылып, қолын ұмсына бергенде қыз маужырап, есінеп қоя береді. Сұлтан тіксініп қалады.
- Адамға қарап есінеген әйел затын көрмеппін, – дейді ол қабағын түйіп. Қыз сасқалақтап,
қолымен ауызын жаба қояды.
- Әкеңіздің сыйлығын қабыл ала алмаймын, – дейді сұлтан. Қыздың екі беті нарттай қызарып,
теріс бұрылып, сарайдан шығып кетеді.
Үшінші болып байдың Айжүзік деген қызы сұлтанға келеді.
- Алтыннан ардақты, қорғасыннан салмақты сұлтаным, әкемнің кішкене сыйлығын қабыл
алғайсыз, – деп жүзім толы себетті ұсынады. Осы кезде сұлтанның ақ мысығы қыздың аяғына
оратылып, еркелей береді. Қыз шыдамай мысықты аяғымен нұқып қалады. Мұны байқап
қалған сұлтан:
- Жүзім көз тартарлық болғанымен, өзі ащылау екен деп әкеңізге айта барарсыз, – дейді
сұлтанның көңіліне кірбің түсіп.
- Бірақ сұлтаным, сіз жүзімнен дәм татып көрген жоқсыз ғой, – деп таңырқайды бай қызы.
- Тірі жанға ықыласыңыздан-ақ адамның көңілі қалады екен. «Әуелі тамағыңды емес,
қабағыңды бер» деген мақалды біліп жүргейсіз. Мысық та адамның өзіне қарай қараса, солай
қабылдайды, – дейді сұлтан. Мысық қыздан аулақ кетіп, сұлтанның алдына келіп жатып
алады. Сұлтан мысықты сипап еді, жануар рахаттана пырылдап, еркелей бастады. Оңбай
қателескенін білген байдың қызы төмен қарап, есіктен шығып кетіпті.
Төртінші болып шонжардың қызы Сырғалым бағын сынауға келіпті. Бұл кезде сұлтан түскі
асын ішкелі жатыр еді, сұлу қызды өзімен бірге тамақтануға шақырады.
Сырғалым әкесі секілді тамақты апыл-ғұпыл, асап жейді екен. Мұны көрген сұлтанның
қайбір тәбеті тартсын! Ол аз болғандай қыз сұлтанның алдында сылаң қағып, қылымси
сөйлейді-ау! Батылдық үшін қымыз құйып, өзі бірінші болып сіміріп салыпты. Сұлтан шошып
кетіп, орнынан атып тұрды! Жанында тұрған күтушілердің өзі сабырлы сұлтанның ешнәресе
жемей, үстел басынан оқыс тұрып кеткеніне таңырқап қалды. Тіпті, сүйікті асы – асылған етті,
қазы-қарта мен жал-жаяны әкелсе де дәм татпады. Күзетшілеріне:
- Мына қызды үйіне апарып тастаңдар! – деп бұйырды. Екі қарауыл қызды екі қолынан
сүйреп, сарайдың сыртына шығарып, күймесіне отырғызып жіберді.
Сұлтан сылқ етіп орындыққа отыра кетті. «Бүйтіп қалыңдық таңдағаным бар болсын!» деді
іштей. Осы оқиғадан соң ешбір қызды қабылдамай қойғанын ішіңіз сезіп отырған шығар.
Ертеңінде таң атпай жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда қарапайым киініп, жанына
күзетшілерін ертпей, жаяу сарайдан шығып кетеді. Қараса, өзіне келмек болған ақсүйектердің
қыздары базарда сауда жасап, әңгімелесіп тұр екен.
- Қыздар, естідіңдер ме, сұлтан өзіне қалыңдық іздеп жүр екен, естуімше оған бас уәзірдің
қызын айттырғалы жатыр екен, – деп қыздар сыңғырлай күлді. Жақын жерде тұрған сұлтан
қыздардың айтқан сөзін тыңдамай-ақ қояйын деп еді, бірақ әңгіме өзі жайында болған соң
жұрттың пікірін білгісі келді.
- Сұлтанның қалыңдығы болуға мен лайық емеспін бе? – деді дуанбасының қызы – Меңгүл
тәкәпарлана мұрнын көтеріп.
- Ибәй, сенен басқа қыз таусылып қалды ма? Мына маған қарасайшы, түр десе түрім, бой
десе бойым бар, мен бас уәзірдің қызынан да әдемімін. Ол қыздың адам сүйсінер қылығы жоқ,
соны айтпаңдаршы, суқаным сүймейді, – дейді базар бастығының қызы – Пәтигүл.
- Оны қойшы, ана күзет бастығының қызы – Жұлдыздың суыт жүрісі ұнамайды, – деп қыздар
оны жамандап, өсектей бастады.
Сұлтан бұл қыздардың сөзін одан әрі тыңдағысы келмеді. Базар есігінің алдында бір
байшыкештің әйелі күйеуіне шапылдап ұрсып жатқанын көреді. «Тәңірі сақтасын, – дейді
жігіт іштей. – Бұл әлгі маған қызын жіберген бай ғой. Шешесі би, әкесі құл үйден қыз
алмаспын. Күйеуін сыйламаған анадан қайбір жақсы қыз тусын!».
Кенет себелеп өткінші жаңбыр жауады. Сұлтан ұзыннан ұзақ созылған базарды аралайды.
Адамдар ханның алым-салықты азайтқаны дұрыс болғанын, диқандарға тегін жер бергенін
айтып жатыр екен. Сұлтан ашық аспан астында біреудің бидай сатып отырғанын көреді.
- Жаңа ғана жаңбыр жауды ғой, сіздің бидайыңыз неге құп-құрғақ? – дейді сұлтан.
- Жаңбыр жауғанда астығым су болып қалмас үшін бетін қалың киізбен жауып қойдым, -
дейді саудагер. Сұлтан саудагердің сөзіне сенбей, жейдесінің жеңін түріп, қолын мөшекке
батырып жібереді. Расында, бидай құп-құрғақ екен. Сұлтан саудагердің адалдылығы тәнті
болып, бір алтын ділда беріп, астығын түгел сатып алады. Бір қап бидайды тұрмысы төмен,
көпбалалы ананың отбасына сыйлап жібереді.
Сұлтан базарды аралап келе жатып бал сатып отырған әйелдерді жағалап жүрген бір
жұпыны киінген бір баланы көреді.
- Апайлар, бір қасық бал беріңдерші, анам ауырып жатыр еді, – дейді бала. Саудагерлер балын
балаға тегін бергісі келмейді. Сұлтан балаға көмектескісі келеді; бірақ базарда бал сатушылар
тым көп екен. Ол қай сатушының балы таза болса, баланың анасына ем қонарын түсінеді.
Барлық құмырадағы бал толы екен де, біреуінікі жарты құмыра ғана екен. Бір қызығы, бағасы
бірдей болып шығады.
- Сіздің балыңыз басқа сатушылардан аз болса да бағасы неге бірдей? – деп таңдана сұрайды
қарапайым көрінген сұлтан.
- Құмырамның балға толмағынына уайымдамаймын. Омартамнан шыққан бал осы ғана. Бірақ
балымның таза екеніне күмәніңіз болмасын, – дейді сатушы әйел.
- Балыңызды таза екенін қайдан білемін? – дейді сұлтан.
- Ол оп-оңай, – дейді сатушы әйел балдың бір түйірін сұлтанның қолына жағып. Сол сәтте бал
жабысқақ болмай, теріге оңай сіңіп кетеді.
- О, мынауыңыз керемет екен, әйтсе де балдың бәрі теріге сіңуі мүмкін ғой, – дейді сұлтан.
Әйел бір қасық балды табақтың ортасына салып, үстіне екі есе таза су құйып, шайқай
бастайды. Табақты қанша шайқаса да, су балмен араласпапты.
- Охо, мұндай кереметті бірінші рет көріп тұрмын! Таза балды тағы қалай тексеруге болады? –
дейді сұлтан. Әйел күнге табақты шығарып, шайқай бастағанда су балдың бетін шайып, ар
жағынан араның ұясына ұқсас алты қырлы ұяшықтар пайда болыпты. Сұлтан жанында бал
сатып тұрған басқа сатушыларға:
- Сіздер осылай жасай аласыздар ма? – деп сұрағанда ешқайсысы үндемепті. Бал сатушы
әйелге риза болған сұлтан үш алтын ділданы қалдырып, балды балаға беріп, ауырып жатқан
анасына шипа болсын деп тілек айтады.
Базардың бұрышында бір әдемі қыз сүт сатып тұр екен. Оның сүтін жұрттың бәрі таласып
сатып ала бастапты. Мұны қызғанған басқа сүт сатушылар қызға «Біз секілді сүтіне аздап су
қосып қой, сонда пайдаға кенелесің» дейді.
- Мен олай жасай алмаймын. Өйткені Жаратушыдан қорқам. Егер мен елді алдасам,
сиырымның сүті азайып кетеді. Өзім де абыройсыз боламын. Жаратқан сиырымды берекелі
қылып, сүтін мол етті. Мен осыған қанағат қылуым керек, – дейді қыз тартыншақтап.
Сұлтанға қыздың жауабы ұнап қалды. Қыз сүтін сатып үйіне қайтқан кезде соңынан жігіт те
ілеседі. Қыз үйінен заттарын апарған соң табиғат аясына барып, құстардың құйқылжыта
салған әнін тыңдамақ болады. Өзен жағасына келіп, беті қолын жуып жатқан сүйкімді қыздан
көзін алмаған сұлтан оны ұнатып қалды. Қыз өзенде жүзіп жүрген аққуларға жем шашып,
құстардың жұбы жазылмай бірге жүргенін қызықтап жүр екен. «Шіркін, осы қос аққу секілді
менің де арқасүйер азаматым болса ғой..» деп армандай бастады. Жігітке мұндай сұлулардың
талайы кезіккен, бірақ бұл қызды сұлу дегеннен гөрі перизаттай сүп-сүйкімді деуге болар.
Жігіт қызды сырттай бақылап, қайтып келе жатқанда алдын бөгейді.
- Қарындас, «қыздың жолы жіңішке» деген, жолдан алдымен сіз өтіңіз, – дейді. Қыз ер адамға
тік қарамай, басын изеп амандасып:
- Ер адамның алдынан кесіп өтпеуші едім, – деп қыз сыпайылық сақтап, жігітке жол береді.
- Екеуіміздің барар жолымыз бір екен, – Бірге жүрсем қайтеді?
- Атай көрмеңіз, – дейді қыз беті мен құлағының ұшына дейін қызарып кетеді. – Әке-шешем
көрсе, оңдырмас. Мен сіздің соңыңыздан жүре берейін.
- Охо, – деді жігіт күлімсіреп. – Қалауың білсін, сұлу қыз!
Жігіт қызға күлкілі әңгімелерді айтып беріп еді, қыз жырқылдап күлмек түгілі, ауызын
ашқан жоқ! Тек ботаның көзіндей жәудіреген көздері ұшқын ата, күлімдеп қана қойды. Біраз
жүрген соң қыз үйіне кіріп кетеді.
Сұлтан жаяу жүріп шөлдеп қалып еді, қыздың үйіне бас сұғып, су ішіп алмақшы болады.
Қараса, қыздың әке-шешесі бағана өзі бидай мен бал сатып алған саудагерлер екен. Сұлтан
қыздың шешесі ас ішердегі тазалық, киім киісі тиянақты, әңгіме айтқанда зейінді, жүрісі
ұқыпты екенін байқайды. Олар су сұраған жігітке сүт беріп, қонақ қылып күтеді. Сол кезде
сұлтан «шешесін көріп, қызын ал» деген мақалды есіне түсіреді. Үй иелеріне алғыс айтып,
сарайға қайтады. Қарапайым киімдерін шешіп, сәнді киініп алады.
Сарайға келген сұлтан әкесіне:
- Әке, мен өзіме лайықты қалыңдық таптым, – дейді.
- Бәрекелді, балам! Ол қыз інжуге тағылған лағыл болса, мен неге қарсы болайын. Саған ол
қыздың қандай қасиеті ұнады? – дейді хан.
- Ол қыздың шешесі өте сыпайы екен. Әкесі ақкөңіл, жарқын жүзді жан екен.
- Сенің отбасын құрып, ұрпақ өсіргенің дұрыс. Ол қай ақсүйектің қызы екен? – дейді хан.
- Әке, ол шаһар имамының қызы – Имангүл, – дейді сұлтан. Хан ойланып:
- «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген балам. Мен бұған бүгін көз
жеткіздім. Сен тумай тұрғанда, жас күнімде сол қызды саған атастырып едім, арада талай
жылдай өтіп, есімнен де шығып кетіпті. Жас күнімде жаныма нөкерлерімді ертіп, аң аулауға
шықтым. Аңның қызығына түсіп, серіктерімнен адасып қалдым. Жолда маған бір топ аш
қасқыр шабуыл жасады. Атымды қоршап жан-жағынан тартқылады. Ат тұрмақ, өзіме қауіп
төнді. Сол кезде бір кісі мені қасқырлардың қоршауына түскенімді көріп, қол ұшын берді.
Болмысы бекзат, өзі діндар адам екен. Осы жақсылығы үшін әрі жақсы адаммен құда болғым
келді. Сол кезде ханшайым шешеңнің аяғы ауыр еді. Әлгі адамға «Егер әйелім ұл туып, сенің
жұбайын қыз туса, екеуін аттастырайық» деген едім. Міне, сол текті қалыңдықты өзің де іздеп
тауыпсың, қолыңды жай балам, батамды берейін, – деп хан ақ тілегін арнапты. Сөйтіп, сұлтан
имамның қызына үйленіп, бақытты өмір сүріпті.
Теңгебай
(ертегі)
Ертеде бір кедей отбасы өмір сүріпті. Ерлі-зайыптылар бір күн тоқ жүрсе, бір күн аш
жүреді екен. Отағасы ауылдың маңындағы өзеннен балық аулап күнелтіпті. Олар тамақтары
бар кезде Жаратқанға шүкірлік қылып, ауқаты аз болса – қанағат, ал мүлдем жоқ кезде сабыр
сақтапты.
Ерлі-зайыптылардың отасқанына тоғыз жыл уақыт өтсе де баласы болмапты. Бір сәби болса
үйдің іші шаттық пен берекеге толып, бақытты өмір сүрер еді. Сөйтіп, олар көріпкел бір
тәуіпке жолығыпты.
- Сендердің келетіндеріңді біліп едім, – дейді көріпкел тәуіп. – Нәрестелі болғыларың келеді
екен. Сендердің кішкентай кездеріңде аяқтарынан суық су өткен. Ата-аналарыңды тыңдамай,
суық суды жалаң аяқ кешіп, зор кеселге ұшырапсыңдар.
- Сонда мұның емі бар ма? – дейді отағасы.
- Болғанда қандай! – дейді тәуіп. – Аяқтарыңды жылы ұстаңдар. Сосын биенің сүтіп ішіп, етін
жеңдер! Наурыз көже жасап ішіңдер!
- Сол-ақ па? – деп таң қалады әйел.
- Иә, бар болғаны сол-ақ, бірақ сендер баланы Жаратқаннан сұрауларың керек. Сонда не
болатынын өздерің көресіңдер, – дейді көріпкел тәуіп.
Ерлі-зайыптылардың тәуіпке беретін ақшалары болмай, бір ірі балықты тарту етіпті.
Сөйтіп, олар үйге келген бойда Жаратқанға дұға жасап, ризық-несібелерін көбейтуді, бір
перзент беруін жалынып сұрайды. Көп кешікпей отағасының табысы берекелі бола бастайды.
Арада жарты жыл өткенде отағасы аулаған мөшек-мөшек балығының ақшасын жинап, бір бие
сатып алыпты. Қайтар жолда ұлан-асыр бір той болып жатқан ауылға сусын ішпекке түседі.
Шөлін қандырған соң делебесі қозып, теңге алу жарысына кірісіп кетеді. Атымен зулап келіп,
жерде жатқан теңгелердің бірін қалдымай қағып түсіп, жеңімпаз атанып, бір үлкен қошқар
ұтып алады.
Үйіне келіп, бие байлап, әйелі екеуі сүтін ішеді. Қошқарды сойып, наурыз көже жасап
ішіпті. Арада жыл өтеді. Балықшының отбасы кедейлерге ақшаларын үлестіріп, қарындарын
тойдырыпты. Балаларға әдемі киімдер сатып әперіпті. Бір күні кедейлер бүкіл ауыл
тұрғындарына сыйлық алып, үйлерінде жалғыз қара бақыр теңгесі ғана қалыпты. Сол түнде
ғаламат оқиға болады. Жер сілкініп, үй ішіндегі жиһаздар қозғала бастайды. Сөреде тот басып
тұрған бақыр теңге сүт құйылған құмыраның ішіне түсіп кетеді де, жарқырап, үйдің ішін
нұрға бөлейді. Көз қарықтырар жарықтан ерлі-зайыптылар оянып кетеді. Олар ыдыстың
жанында басы теңгеге ұқсас, қол-аяғы бүтін, кішкентай сәбиді көреді. Бір кереметі – баланың
басы күн секілді жарқырайды екен.
- О, Жасаған-ау, бұл кім болды өзі? – деп әйел баланы алақанына салып алады.
- Бұл біздің теңге ғой. Қалайша адамға айналып кеткен! – деп ері қайран қалады. Олар үйде
молшылық болсын деген ниетпен нәрестенің атын Теңгебай қояды. Бірақ арада бір сағат
өткенде Теңгебай сәби қалпына келіп, тіл қатады:
- Мен сендерге бала болғым келмейді. Мен үлкен кемелерге мініп, әлемді саяхаттағым келеді,
- дейді Теңгебай тентек мінез көрсетіп.
- Балам-ау, сен әлі кішкентайсың. Сен біздің Жаратқаннан тілеп алған баламызсың. Сен үлкен
болып өскен кезде саяхаттайтын боласың. Саяхат жасау үшін ақылың толып, көп білім алуың
керек, – дейді әке-шешесі. Анасы оған сәнді киімдер тігіп беріпті.
- Жақсы, мен сыртқы шығып ойнап келейін, – деп шынашақтай Теңгебай анасының бетінен
шөлп еткізіп сүйіп, далаға шығып кетеді. Есік алдындағы ит пен мысық, тауықтарды
қызықтап, әбден зерігеді. Теңгебай бұл үйде қалудың еш реті жоқ деп шешіп, түнде терезенің
саңылауынан қашып кетеді. Теңгебайдың басы түнде қатты жарқырайды екен. Оған жарық
қоңыздар үйір болып алды.
- Ой, бұл кім өзі? Өзі біз секілді жарқырайды екен, – деп қоршап алады.
- Теңгебай деген саяхатшы болам, – дейді ол мақтанып.
- Саяхатшы дейсің бе? Мына түріңмен қалай жалғыз саяхатқа шықпақшысың? Жолға тамақ та
алмапсың, – деп жарық жұлдыздың үлкені достарына қарап: – Қалай ойлайсыңдар, мүмкін
мұны өзімізбен бірге алып кетерміз?
- Алып кетейік!
- Бізбен бірге жүрсін!
- Оған керемет өлкені таныстырамыз! – деп жарық қоңыздар шулап қоя берді.
- Ыз-зы-ыз, келістік, үлкен көлге дейін алсақ ала кетейік. Бүкіл әлемді шарлауға шамамыз
жетпес. Бұл өзі жеңіл бала екен, бізге салмақ сала қоймас.
Сөйтіп, үлкен жарық қоңыз оны арқасына мінгізіп алды. Түн ортасы ауғанда Теңгебай
есініп, қалғи бастайды. Ай сүттей жарық еді. Төменде шырылдауық шегірткенің ән салуы,
бақаның балаларына бақырғаны естіліп жатты. Қоңыр салқын жел есіп, бала қабығы жылтыр
қоңыздың үстінен ауып түсіп, жерге құлап кетеді. Жарық қоңыздар оны байқамай да қалады.
Теңгебай топ етіп ұзын қоғаның басына құлайды. Қоға желмен теңселіп қалғанда бала сау
етіп, жапырақпен суылдай сырғып түседі. Теңгебайдың кішкентайлығы соншалық, қоғаның
жапырағы оған бесік болып, үстіне бақбақтың үлпершегін құс төсек қылып төсеніш қылады.
Үстіне қияқ шөпті жамылады. Теңгебай таңертең бақалардың ән салуынан оянып кетті.
- Куак, куак, куакс! Қараңдар, бұл кім болды өзі? – деп көл бақалары шуылдап кетті. Теңгебай
суға иіліп тұрған құрақтың басына барып, беті-қолын сумен жуды. Судың бетінде қалқып
жүрген жап-жасыл түйенің табанындай жапырақтардың үстіне жайғасқан бақаларды көрді.
Осы мезетте бір балық шолп етіп, дене тұрқы күн сәулесіне шағылысып, жарқырап шоршып
түсті. Теңгебайдың қарны ашты. Ата-анасын тыңдамай, үйден рұқсатсыз кетіп қалғанына
өкінді. Жан-жағына қараса, қып-қызыл бүлдіргендер самсап тұр екен. Сондай қуанып кеткені.
Біреуін зорға жеп тауысты. Бұл неткен керемет жер десеңізші! Жанына келіп, бір бозторғай
құйқылжытып, ән сала бастады. Бір ғажабы, осында ұшып келген сары шымшық, бөдене, қаз-
үйректердің бәрінің көмейінен «Һуд! Һуд!» деген дыбыстар шығып жатты.
Теңгебай жаңа ғана құстардың барлығы өз дауысында ән салып жүр еді, енді неліктен
хормен бір сөзді сан мәрте қайталап жатыр деп ойлады. Олар сәл дамылдаған сәтте Теңгебай:
- Сендер қандай өлең айтып жатырсыңдар? – деп сұрады.
- Біз – осы керемет табиғатты, күллі әлемді жаратқан Жаратушыға алғысымызды білдіріп
жатырмыз, – деді құстар. – Біз – ерекше жаратылған мақұлықтармыз.
- О, сендер аспан әлемінің көркі екенсіңдер! Сендер қалайша көкке жерге суылдай сорғалап,
бауырларыңмен жер сызып отырып, қайта көкке көтеріле аласыңдар?
- Һуд, Һуд, Һуд! Біз ерекше жаратылған құстармыз. Сен бала үйіңе қайт, әке-шешең алаңдап
жатыр, ертең күн жаңбырлы болады, – дейді олар.
- Шіркін, мен де сендер секілді қанатым болса ғой, сонау көкке самғап, жер бетіне саяхат
жасар едім.
- Құр қанатпен ұша алмайсың. Бізді құлатпай ұстап тұрған бір тылсым күш бар, – дейді
құстар.
- Ол қандай күш? Мен неге оны көрмей тұрмын, – деп сұрайды бала.
- Сен әлі кішкентайсың. Кейін өскенде бәрін білетін боласың.
Бала ойланып қалады. Оның есіне әке-шешесінің «Әлемге саяхат жасау үшін білім керек»
дегені еске түседі. Расында, ол тіл білмесе, басқа адамдармен қалай сөйлеспек? Нан да сұрап
жей алмайды ғой.
- Құстар дұрыс айтады, – дейді шыңдарын ақ қар басқан тау. – Мынау жарқырап тұрған Күн,
сәулесімен аймалайтын Ай Жаратқанға алғыс айтып тұрады. Өйткені, Жаратушы адамдар
үшін күндіз адаспау үшін шырақ, түнді нұр ретінде жаратып қойған. Жан-жағына қарашы,
мына өскен мәуелі бау-бақша, өзен-сулар адамдар игілігі үшін емес пе?
- Сонда бәріңіз сіздерді жаратқаны үшін жаратушыға алғыс айтасыздар ма?
- Әрине, бұл біз үшін әділетті болар еді. Жаратушыны үнемі еске алып, әлемге бейбітшілік
тілеп тұрамыз, – дейді таулар. – Бізден мөп-мөлдір бұлақтар мен өзендер ағады.
- Қойнымда балықтар шоршып, өсімдіктің бәрі нәр алады, – дейді өзен-көлдер.
- Жасыл желек жайқалып, күн ыстықта көлеңке боламыз, адамдар таза ауамен дем алу үшін
тынымсыз жұмыс жасаймыз, – дейді бұта-ағаштар. – Біздің басымызда құстар ұя салып, өмір
сүреді.
- Һуд, һуд, һуд! Біз таң сәріден күн шыққанша алғыс айтамыз. Бізге Жаратқан ризық береді.
Қазір аш болсақ, кешке бөтекемізді жемге толтырып қайтамыз, – дейді құстар.
- Керемет! Тамаша! – деп дауыстайды бала. – Сонда сендердің адамдарға қандай пайдаларың
бар? Сен айтшы?
- Мен бе? – деп жан-жағына қараған Бәбісек.
- Иә, иә, сен…
– Мен адамдар шөл далада қаталап су іздеген кезде жер асты суын шығару үшін қай жерді
қазу керек екенін айтып беремін, – дейді Бәбісек.
- Бұл деген керемет қой! – деп қолын бұлғап, шаттанған Теңгебай. – Құстар, сендер мені
әлемнің төрт бұрышын шарлап, саяхаттап келуге көмектесесіңдер ме?
- Сені жер бетін көрсетуге қуана-қуана келісер едік, бірақ біздің балалармыз аш қалады ғой.
Егер сен бір мақсатқа жетер болсаң, өзің әрекет жасағаның дұрыс, – дейді құстар.
Теңгебай аспандағы аппақ бұлттарға қарап:
- Бұлттар, бұлттар, сендер сондай әдемісіңдер, аспанда жеп-жеңіл жүзесіңдер, – дейді
Теңгебай. Сонда бұлттар:
- Біз жеңіл емес, өте ауырмыз. Жердегілерге жеңіл қалқып бара жатқан секілді көрінеміз. Бір
шөкім бұлттың салмағы 500 келіге дейін жетеді, – дейді бұлттар күлімсіреп.
- Ой, не деген ауыр едіңдер, менің басыма бір тамшы тисе, құлап қалатын шығармын, – дейді
Теңгебай. – Мен өскенде әлемнің қалай жаралғанын зерттегім келеді.
- Ол үшін сен көп оқып, көп еңбектенуің керек. Ақылың толысып, үлкен азамат болғанда өзің-
ақ әлемді шарлайсың. Табиғаттың құпия сырларын ашасың. Міне, бізді көрдің бе? Адамдар
бізді қозғалмайды деп ойлайды. Ал, біз бұлттар секілді үнемі көшіп жүреміз, – дейді таулар.
Теңгебай өзінің тым кішкентай ғана емес, өте аз білетініне ұялып қалыпты. Ол үйіне қайтып
оралып, әке-шешесімен қайта қауышыпты. Анасы оған әріптерді үйретіпті. Қазір ол
ертегілерді өзі оқып, мазмұнын інілері мен қарындастарына айтып береді екен.
Асхат Өмірбаев
Kerey.kz
Пікір қалдыру