|  |  | 

Тарих Қазақ шежіресі

«Октябрь төңкерісінің зұлматы мен шарапаты тең»


Тарихшы Қайдар Алдажұманов.

Тарихшы Қайдар Алдажұманов.

Бүгін Октябрь революциясына ғасыр толды. Азаттық тілшісі тарихшы Қайдар Алдажұмановпен Октябрь революциясының Қазақстанға не бергені және қандай нәубет әкелгені туралы әңгімелесті.

Азаттық: – 1917 жылы қарашаның 7-сі күнгі (ескі календарьмен қазан айында болған ) Ресей империясында болған Октябрь төңкерісінің дүмпуі қазақ даласына қанша уақыттан кейін жетті? Қазақстанда төңкеріс болғанын дәл сол күні білді ме?

Қайдар Алдажұманов: – Совет заманының өзінде «Совет үкіметі қалай орнады?» деген сауал төңірегінде тарихшылар арасында айтыс болған. Тіпті сол кездегі, яғни 1920 жылдардағы қазақ басшыларының өздері «Октябрь революциясы Қазақстанға тек телеграфпен келіп орнаған» деген принципте болған. Оған кейбіреулері қарсы шығып, тіпті кешегі 1960 жылдарға дейін ғалымдардың өзі «жоқ, қазақтар бірден қолдаған, қазақтардың көзі ашық болған» деп келді. Шындығында олай емес. Лениннің кім екенін Сәкен Сейфуллиндердің өзі 1918-1919 жылдары естігенін айтады (Сейфуллин 1920 жылдары Қазақстан халық комиссарлары кеңесі төрағасы болған – ред.). Сондықтан қазақ даласына Қазан төңкерісі (Октябрь революциясын айтады – ред.) келген кезде қазақтар оның не екенін білмеді, түсінбеді және қабылдаған жоқ. Кейін, онда да азамат соғысы жеңіп, Кеңес үкіметі (Совет үкіметін айтады – ред.) барлық жерде бірдей орнағаннан кейін барып жаңа мемлекет екенін мойындады.

Оқи отырыңыз: Өзі құрған өкімет Сейфуллиннің өзін де аямады

 

Сәкен Сейфуллин.

Сәкен Сейфуллин.

Азаттық: – Қазақ даласында Совет үкіметі қай жылы толық орнап бітті?

Қайдар Алдажұманов: – Совет мемлекетінің толық орнап біткен кезі – 1921 жылдың көктемі. Себебі, азамат соғысының қимылдары сол кезге дейін созылды. Ал Қызылорда секілді темір жол бойындағы жерлерде 1918 жылдың көктеміне дейін орнап бітті де, қайтып құламады.

Азаттық: – Октябрь революциясы Қазақстанға қандай нәубет әкелді, жақсылығы не болды?

Қайдар Алдажұманов: – Қазан төңкерісінің ұтыстары мен ұтылыстарын таразыға салып қарайтын болсақ, бергені мен алғаны бірдей болуы мүмкін. Себебі, революцияға дейін Қазақстан халқының саны бес жарым миллион болған. Соның 2 миллимон 200 мыңы аштық жылдары қырылды. Оның 1 миллион 750 мыңы – қазақтар. Аштық 1936 жылға дейін жалғасты. Осыдан үш жыл бұрын Мәскеудегі орталық мемлекеттік архивтен халық санағының жабық материалдарын, сосын 1931 жылдан бері қарайғы аштық мәселесіне қатысты Украина құжаттарын қарадым. Өйткені Украинада 3 миллион адамның аштан қырылғаны белгілі.

Ашаршылық кезіндегі босқын қазақтар.

Ашаршылық кезіндегі босқын қазақтар.

Сонда олар халықтың өсімі мен өліміне қатысты әр ұлтты жеке жазған. Солардың арасында қазақтарға да жеке бағана арнаған. Яғни, мынанша қазақ өмірге келді, мынанша қазақ өлді деген ақпараттар жүр. Ондай ақпараттар тек Запорожье облысында емес, Архангелск, Мурманск, тіпті қиыр Шығысқа қатысты халық санында арнайы бағаналармен көрсетілген. Әбден ашыққан, орталық Қазақстаннан ешқайда шыға алмай қырылған ауылдардан басқа, шамасы жетіп, теміржол жағалағандар сталиндік бес жылдықтарда салынып жатқан зауыттарға қара жұмысқа жалданған. Оларға тек карточка жүйесімен тамақ берілді. Онан кейін 1933 жылдан бастап ашаршылық зардаптарын жоямыз деген қаулы шығарды. Онда жаңағыдай жалданып, анау Камчаткаға дейін барған қазақтарды еліне қайтару керек екені айтылған. Осы қаулы негізінде жалданып жұмыс істеп жүрген қазақтардың барлығы жұмыстан шығарылған. Бірақ олардың ешқайсысына қайтар жолына қаражат берілмеген. Солардың барлығы дерлік Мәскеудің теміржол вокзалында қырылып қалған. Осындай фактілер бар. Яғни, қазақтың аштығы 1936 жылға дейін жалғасқан. Бұл – Кеңес үкіметінің (Совет үкіметін айтады – ред.) қазаққа әкелген ең үлкен трагедиясы. Мұнан басқа, қазақ териториясын жер аударылғандардың отаны етті. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Қазақ тілінің аясы тарылды.

АШАРШЫЛЫҚ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ГЕНОЦИДІ БОЛҒАН БА?

 

Азаттық: – 1930 жылдардағы ашаршылық негізінен Украина мен Қазақстанда ерекше болды. Тіпті ашаршылықтан бас сауғалаған қазақтар көрші Қырғызстанға, Сібірге, Қытайға босты. Қазақ даласында ашаршылықтың қатты жүруі билікке ұмтылған «алашордашылар» әрекетімен байланысты ма, әлде жергілікті басшылар әсіреқызыл белсенділігі кесірі ме?

“Алаш” һәм “Алашорда”

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған “Алаш” партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

“Алаш” партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар “Алаш” автономиясы мен “Алашорда” үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. “Алаш” партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары “Алаш” партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа “Алашты” Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

Қайдар Алдажұманов: – Аштық пен «Алашорда» арасында байланыс жоқ. Ашаршылықтың басты екі себебі бар. Біріншісі, біз айтып жүрген Сталин мен Голощёкин. Бірақ бұл тек ішкі фактор ғана. Екінші – патшалық Ресей аграрлық ел болды. 135 миллион адамның бес миллионнан басқасы шаруалар еді. Сонда артта қалған аграрлық Ресейді алға шығарамыз деп Кеңес үкіметі (Совет үкіметін айтады – ред.) жоспар жасағанымен, оған қаражаты болмады. Бұл Қазан төңкерісінің негізінде орнаған мемлекет ерекшелігі еді. Яғни, [Совет Одағы] мемлекеттік меншікке негізделген ел болды. Бұдан қорыққан Батыс елдері Кеңес үкіметін жаппай блокадада ұстады. Тек қана астық сатып алып отырған. Осы кезеңде Қазақстан Кеңес үкіметінің көзіне таусылмас қазына болып көрінген. Мәселен, 1929 жылы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 47 миллион мал басы болған екен. Сол малдан 1934 жылы қаңтардың 1-інде төрт-ақ миллион қалған. Өйткені, азық-түлік үшін керекті етті Қазақстаннан жаппай тартып ала берген. Сонымен қатар, жергілікті басшылықтың да кінәсі бар. Өйткені Қырғызстан да мал шаруашылығымен айналысатын ел. Олардан да мал алды. Бірақ басшылары біздегі секілді ұрда-жық, солақай саясат ұстанған жоқ. Халқын қорғауға тырысты.

Қараңыз: Қазақстандағы ашаршылық туралы неміс тарихшысының пікірі

 

Азаттық: – Ал қазақ басшыларының бірлігі болмауына не себеп болды?

Қайдар Алдажұманов: – Ақпан төңкерісіне (1917 жылы ақпанның 27-сі күні Ресейде патша құлап, уақытша үкімет орнаған) дейін қазақ зиялылары бір бағытта болатын. Кейін Кеңес үкіметін қолдаған Сәкен Сейфуллиннен бастап барлығы қазақ комитетінде болды. Ал бұлардың айырылатын жері – 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен алғашқы жалпы қазақ сьезі. Сол сьездің төрінде кімдер отырды?

Қазақстандағы репрессия

Ежовтың 1937 жылы шығарған №447 бұйрығында репрессияны 1937 жылы тамызда бастап, төрт айда аяқтау, Қазақстанда 2500 адамды ату, 5000 адамды қамау туралы пәрмен берілді. Қуғын-сүргін төрт ай емес 1938 жылға қарашаға дейін – 15 ай жалғасты. Кей деректер бойынша, Қазақстанда 120 мыңға жуық адам сотталып, 25 мың адам атылған.

1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде патша әскерін ертіп жүріп, өздерінің қазақ ауылын қырғызған болыстар мен билер отырды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин «Кеше халықты қанаған паң Нұрмағамбеттер баратын болса, онда бұл сьездің құны бізге көк тиын. Онда біз анау ұрандатып, кедейге көмектесеміз деген болшевиктер жағына шығамыз» деп жазды. Міне, қазақ оқығандарының екіге жарылуы осы кезде басталды. Сол кездегі бірінің үстінен бірі жазған арыздардың біразын көрдім. Алаш қозғалысына қатынасқандардың көбі білімі бар адамдар. Ал Совет үкіметіне білімі бар адамдар керек еді. Сол себепті оларды қызметке алды да, кейін сенімсіздік көрсетіп басшылық қызметтерден ептеп ысыра бастады. Оған басты себеп – «мынау кеше Алашордашыл болған» деп үстінен арыз жазған белгілі қайраткерлер де болды. Сөйтіп бірінің үстінен бірі арыз жазған. Мысалы, Нәзір Төреқұлов деген жас қайраткер тек Сәкен Сейфуллиннің үстінен төпелетіп жаза берген. Совет үкіметін қолдаған романтик ақын Сәкен Сейфуллин сол тұста Ленинмен қатар дүрілдеп тұрған Октябрь революциясы жетекшілерінің бірі Троцкий туралы бір өлеңін «Домбыра» деген жинағына енгізген. Осы бір өлеңі өмірінің соңына дейін үстінен жазылған арыздарға арқау болды.

 

Азаттық: – Сіз Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінде ұзақ отырдыңыз. Олардың арыздарын көрдіңіз. Неге жарияламасқа? Қазақстан азаматтары сол кезеңді әділ түрде таразылауға мүмкіндік алуы керек емес пе?

Қайдар Алдажұманов: – Мен осы мәселені айтып жүрмін. 1990 жылдары үлкен эмоциямен «Алашорда» қайраткерлерін бірыңғай мақтадық. Совет кезінде әспеттелген адамдарды керісінше, таптай бастадық. Тіпті кейде болмаған нәрселерді теліп жібердік. Мәселен, «Алашорда» қазақтың тұңғыш тәуелсіз мемлекетін жариялады» дейді. Шындығында олай емес. «Алашорда» «автономия сұраймыз» деген. Керек десеңіз, одақтас таңдаған кезде қазақты қырған Анненковпен де, Дутовпен де ауыз жаласты. Қазақтың «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісовті ақтарға ұстап берді.

Азаттық: – Ондай қиын шешімдерді, ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді сол аласапыран кезең әкелген нәубет делік. Ал бұл төңкерістің жақсылығы қандай болды?

Желтоқсан оқиғасы

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ ССР орталық комитеті басшылығынан Дінмұхаммед Қонаев алынып, орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Бұған наразы студент және жұмысшы қазақ жастары желтоқсанның 17-сі күні Алматыдағы Брежнев алаңына (Республика алаңы) шықты. Түрлі деректерде алаңға ондаған мың жастардың шыққанын жазады. Наразылық шеруін совет билігі күшпен басып-жаныштады. 99 адам түрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.

Қайдар Алдажұманов: – Қазақ хандығы құлап, Ресей қоластына кіруге мәжбүр болған кезден бастап тұңғыш рет, 1920 жылы қазақ мемлекеттілігін қайта құрып берді. Яғни, Қазақ Автономиялық Советтік Республикасы құрылды. 1936 жылы желтоқсанның 5-і күні Қазақстан одақтық республикаға айналды. Сол Совет мемлекетінің кезінде айқындалған этникалық территориясы, әкімшілік шекарасы сақталып, 1991 жылы тәуелсіз мемлекет болып шықтық. Онан басқа, қазаққа жаппай білім берді. Ғылым академиясын құрып берді. Совет үкіметі тарағанда Қазақстанда 43 ғылыми зерттеу институты болыпты. Біз эмоциялық кезеңнен өттік. Сондықтан 1917 жылғы Қазан төңкерісінен (Октябрь революциясын айтады – ред.) кейінгі қайраткерлерге жоғарыдан қарайық. Соларға обьективті түрде, мақтамай, даттамай дұрыс бағасын берейік.

Азаттық: – Бұрынырақ советшіл пікірлеріңізді байқайтын едік. Қазір Совет үкіметі әкелген қасіреттерді де айтасыз. Совет Одағына көзқарасыңыз қай кезден өзгере бастады?

Қайдар Алдажұманов: – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын көзбен көрдік. Бұл біздің әуелгі ой-пікіріміздің өзгеруіне себеп болған еді. Кейін алты жарым ай архивте отырып, барлық құпия жазбаларды көргеннен кейін, көзқарастарым толық өзгерді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

Верныйда совет үкіметі қалай орнап еді


Октябрь революциясы күрескерлеріне қойылған Алматыдағы ескерткіш. 1967 жылы "Октябрьге - 50 жыл" (қазіргі Рысқұлов) даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысына орнатылған ескерткіш әкімдік шешімімен қаланың батыс бөлігіне - Family Park-ке көшірілген. Паркте Ленин, Горький, Калинин, Фрунзе және Виноградов ескерткіштері бір жерге жиналған. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

Октябрь революциясы күрескерлеріне қойылған Алматыдағы ескерткіш. 1967 жылы “Октябрьге – 50 жыл” (қазіргі Рысқұлов) даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысына орнатылған ескерткіш әкімдік шешімімен қаланың батыс бөлігіне – Family Park-ке көшірілген. Паркте Ленин, Горький, Калинин, Фрунзе және Виноградов ескерткіштері бір жерге жиналған. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

Кей зерттеушілер қазіргі Алматы территориясында большевиктер үкіметі «классикалық» жолмен емес, бірнеше саяси күштердің жұмылуымен орнады деп санайды.

САЯСИ ЖАҒДАЙДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Верный қаласында совет үкіметі Петроградтағы Октябрь революциясынан соң шамамен төрт айдан кейін ғана орнады. Мұның себебін Верный қаласы мен Жетісу облысының Ресей империясының сол кездегі астанасынан шалғайлығымен түсіндіруге бола ма? Болмайтын сияқты. Өйткені Верныйға қарағанда, Ташкент пен Петроградтың арасы сәл қашықтау, бірақ ол жақта совет үкіметі 1917 жылы қарашаның 1-і (14-і) күні – тіпті Мәскеудің өзінен бір күн ерте орнаған болатын. Негізгі себеп әсте жер шалғайлығында емес, аймақтағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайға байланысты болатын. Ал Верныйдағы жағдай қиын болып тұрған еді.

1917 жылдың орта шеніне дейін большевиктердің қала мен облыстағы позициясы саяси қарсыластарындай мықты болған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, Верный мен казак стнцияларында меньшевиктер партиясы мен эсерлердің, ал қазақ ауылдарында «Алашорда» ықпалы күшті болған. Басшы құрылымдары Верныйға іргелес Үлкен Алматы станциясында орналасқан Жетісу казактары да үлкен күш болатын. Бұдан бөлек, Совет үкіметі жеңген аймақтардан офицерлер мен юнкерлер сияқты «контрреволюциялық элементтер» Верныйға ағылып жатты.

1975 жылы 28 панфиловшылар атындағы паркке орнатылған Даңқ мемориалының бір бөлігі Совет үкіметін орнатқандарды еске түсіреді. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

1975 жылы 28 панфиловшылар атындағы паркке орнатылған Даңқ мемориалының бір бөлігі Совет үкіметін орнатқандарды еске түсіреді. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

Майдангер солдаттар мен тыл жұмыстарына жұмылдырылған қазақтар елге орала бастаған 1917 жылғы жазда өлкеде революциялық көңіл-күй мен большевиктердің ықпалы күшейді. Верныйдың солдат және жұмысшы депутаттары советі жанында, кейбір әскери бөлімдерде, типография мен почта-телеграф конторасында большевик топтар құрылды. Жоғарғы атамандарымен салыстырғанда ықпалы әлсіз болған большевиктерге әсіресе казак станицаларында қиын болды.

Петроградта революция басталар сәтке қарай өзге жерлер сияқты Верныйда да қос үкімет орнады. Бір жағынан – екі түрлі облыстық советтер (солдат және жұмысшы депутаттар мен шаруа депутаттар кеңесі). Екінші жағынан – Уақытша үкімет комиссарлары.

Петроградта революция басталар сәтке қарай өзге жерлер сияқты Верныйда да қос үкімет орнады. Бір жағынан – екі түрлі облыстық советтер (солдат және жұмысшы депутаттар мен шаруа депутаттар кеңесі). Екінші жағынан – Уақытша үкімет комиссарлары. Қазанның 27-сі өткен Жетісу облысы ұйымдарының шұғыл отырысында совет депутаттары Петроград пен Ташкенттегі көтерілістерді айыптады. Бірақ большевиктердің жиында сөйлегенінің арқасында казак атамандарының өкілдері ұсынған большевиктерге қарсы қарар өтпей қалды.

Қарашаның 2-сі биліктен қуылған Уақытша үкімет өкілдері Орест Шкапский мен Мұхаметжан Тынышпаев өздерін Түркістанның жоғарғы билігі деп жариялап, Жетісуда соғыс жағдайын енгізіп әрі қоғамдық қауіпсіздік комитетін құруға тырысты. Олар Жетісу казактары бөлімдері мен мұсылмандар негізгі тірегіміз болады деп үміттенді. Бірақ әлгі «төңкеріс» сәтсіз болып шықты. Уақытша үкімет комиссарларының әрекетіне қарымта ретінде станцияларда бүкіл билікті әскерлер кеңесі алды, ал атқарушы билік жаңа құрылым – әскерлер үкіметіне берілді.

РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ҮГІТ ПЕН ҚУДАЛАУ

Әскерлер үкіметі Верныйдағы соғыс жағдайының күшін жоймақ түгілі, оны бүкіл Жетісу облысына енгізді. Уақытша үкіметтің бұрынғы Түркістан комитетінің мүшелері Шкапский мен Иванов Орынбордағы атаман Дутовқа Жетісудағы билікті Әскерлер үкіметі мен «Алашорда» комитетімен бірлесіп ұстап тұрмыз деп Верныйдан телеграмма жолдады.

Ал бұл кезде большевиктер революциялық үгіт-насихатты күшейткен болатын. Мысалы, қарашаның 1-іне (14-іне) жетпей Верныйда большевиктік үндеу парақтары тарай бастады. Большевиктердің жетекшілері биліктің әрекеті мен жарлықтарына қарсы әрекет етуге шақырды. Бұл үшін олар қалалық дума мінберін де, 1918 жылғы қаңтарда өткен екінші шаруалар съезі мінберін де пайдаланды. Әлгі съезге әртүрлі саяси партия өкілдері қатысқанымен, большевиктердің Ресейдегі жағдай және билік туралы қарары көпшілік дауыспен қабылданды.

Революция күрескерлерінің ұмытылмайтыны жазылған гранит тас. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

Революция күрескерлерінің ұмытылмайтыны жазылған гранит тас. Алматы. 13 шілде 2017 жыл.

1918 жылғы ақпанда большевиктер алғаш рет билікті басып алуға тырысқан болатын. Ақпанның 14-інен 15-іне қараған түні Верный көшелерінде халықты жалпықалалық митингіге шақырған парақтар жапсырылды. Совет тарихшысы Сүлеймен Жүсіпбековтің жазуынша, ақпанның 15-і және 16-сы күндері большевиктер қала аудандарында митингілер өткізді. Ең көп адам қатысқан митинг ақпанның 15-і Старо-Кладбище алаңында (қазір әлгі орында жерде Амангелді Имановтың ескерткіші тұр) өтті. Жұмысшылар мен қала кедейлерінен бөлек, оған 2-ші Жетісу казак полкының көптеген казактары да қатысты. Митинг Шкапский мен Ивановты тұтқындау және Совет үкіметін орнату туралы қарар қабылдады. Бірақ Әскерлер үкіметіне митингіні қуып таратып, кей ұйымдастырушыларын тұтқындаудың сәті түсті.

Әскерлер үкіметі мен әскерлер ортасында большевиктер ықпалының күшеюіне барынша қарсыласып бақты. Мысалы, Верный советінде большевиктердің ықпалы күшейіп кеткендіктен, 1917 жылғы желтоқсанда оны таратып жіберіп, бірнеше депутатты қамауға алды. 1918 жылғы ақпанда большевиктерге казактар қауымы туралы мәлімет берді деген айыппен екі урядник пен әскерлер басқармасының екі писарі (хатшы) қамалды. Әскерлер үкіметі большевик Березовский редакторы болған «Крестьянская газета» басылымын шығаруға да тыйым салды.

1917 жылғы желтоқсанда большевик Александр Березовский мен Карп Овчаровты қастандықпен өлтіру оқиғасы Верныйды біраз дүрліктірді. Екеуін тұтқындап, әуелі Кіші Алматы станциясына апарған, ал ол жақтан казак күзетшілер София станицасына алып кеткен. Жолда екеуін күзетшілер өлтірген. 1918 жылғы қаңтарда екінші шаруалар съезі Березовский мен Овчаровты өлтіруге қатысты жайттарды дереу тексеріп, қылмысты ұйымдастырушылар мен орындаушыларды жазалауды талап етті.

БИЛІКТІ ҚАН ТӨГІССІЗ АЛДЫ

Тарихшы Татьяна Митропольская постсоветтік кезеңде жазылған кандидаттық диссертациясында 1918 жылғы наурыздың 2-сі болған оқиғаларды былай сипаттайды:

Көп ұзамай барлаушылар полк атынан барғандардың бәрі тұтқындалды деген хабар алып келді. Енді күдік қалмады, полк оларға көмекке аттанды.

«Таңертең екінші [казактар] полкы қарусыз сапқа тұру туралы бұйрық алды… Мұның қақпан болуы мүмкін деп күдіктенген полк өре түрегелді. Мән-жайды анықтау үшін депутаттар мен барлаушылар жіберілді. Көп ұзамай барлаушылар полк атынан барғандардың бәрі тұтқындалды деген хабар алып келді. Енді күдік қалмады, полк оларға көмекке аттанды».

2-ші Жетісу полкы мен запастағы жүздік бөлімше (онда 631 казак болған) қызыл ту астына жиналды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұл полк Персияда болған еді. Кезінде совет тарихшылары полк ол жақтан Верныйға оралып келе жатқанда жол-жөнекей «солшылданды», өйткені Орта Азияның совет үкіметі орнаған аудандары арқылы өткен кезде казактар Совет үкіметінің мақсаты мен міндеттерімен танысып, оларды құптай бастаған деп мәлімдеген. Ал Верныйға оралғаннан кейін әлгі полкта большевиктер қарқынды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кіріскен. Постсоветтік кезең тарихшысы Татьяна Митропольская казактар бар болғаны күші мығымдау билікті – Совет үкіметін таңдады деген болжаммен полк «большевиктеніп кетті» деген тұжырымды жоққа шығарады.

1918 жылы наурыздың 3-і күні Верныйда Совет үкіметі орнағаны және осы жерде Әскери-революциялық комитет ғимараты болғаны туралы жазу. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

1918 жылы наурыздың 3-і күні Верныйда Совет үкіметі орнағаны және осы жерде Әскери-революциялық комитет ғимараты болғаны туралы жазу. Алматы, 18 қазан 2017 жыл.

Совет тарихшылары Верныйда Совет үкіметінің орнауы большевиктердің арқасында ғана мүмкін болды деп жазған. Бірақ іс жүзінде көтерілісті ұйымдастыруға түрлі саяси күштер қатысты. 1918 жылғы наурыздың басына дейін құрылған әскери-революциялық комитетті (ВРК) поручик Павел Береснев (1917 жылғы желтоқсанда Верный түрмесіне түскенге дейін Верныйдағы Георгий кавалерлері одағы төрағасының жолдасы болған) мен аға урядник Трофим Ерискин басқарды. Ол кезде Ерискин көнбістік пен толстовшылдықты (орыс жазушысы Лев Толстойдың іліміне негізделген діни ағым – ред.) уағыздап жүрген болатын. Совет тарихшылары Бересневті коммунисттер қатарына қосқанымен, оның большевизм идеясын қолдағаны күмәнді.

Наурыздың 2-сі күні қызыл гвардия отрядтарын жасақтау басталды. Наурыздың 2-сінен 3-іне қараған түні әлгі отрядтар юнкерлер мен прапорщик топтарының, алашорда жүздігінің қаруларын тартып алып, почтаны, телеграфты, бірқатар мекеме ғимараттарын және бір оқ атпастан қару-жарақ қоймасы орналасқан қамалды басып алды. Тарихшы Татьяна Митропольскаяның жазуынша, сол күні кешкісін Береснев пен Ерискин қызыл гвардия отрядтарына міндеттерді бөліп берген. Екеуі мұны әбден ойластырған, мысалы, Алаш милициясын қарусыздандыруды қазақтардан тұратын жұмысшылар мен майдангерлер отрядына тапсырады. Казактарға қамал мен прапорщиктер мектебін басып алуды жүктеген.

Осындай жолмен құрылған билік пен басқару органы … шын мәнінде бүтіндей советтік емес, халықтық-демократиялық орган болды. Негізі, 1918 жылғы наурызда Верныйда болған оқиғалардың бәрі пролетариат диктатурасының орнатудың классикалық схемаларына онша үйлеспеді.

Наруыздың 4-і мен 5-і халықтың түрлі топтары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің жиналысын өткізу алғашқы қадам болды. Оның міндеті билікке қатысты мәселені түпкілікті шешу еді. Сөз сөйлегендердің бәрі Ресейде орнаған совет үкіметін, яғни халық комиссарлары кеңесін заңды деп тануды жақтап, көпшілігі советтер билігі үшін дауыс берді. Жиында бұрынғы әскери-революциялық комитет пен облыстық совет қосылып жаңа әскери-революциялық комитет құрылды. Бұған қоса, оған облыс көлеміндегі, оның ішінде совет үкіметіне қарсы белсенді күрескен қоғамдық ұйымдардан да екі делегаттан кірді.

«Осындай жолмен құрылған билік пен басқару органы … шын мәнінде бүтіндей советтік емес, халықтық-демократиялық орган болды. Негізі, 1918 жылғы наурызда Верныйда болған оқиғалардың бәрі пролетариат диктатурасының орнатудың классикалық схемаларына онша үйлеспеді» деп жазады тарихшы Татьяна Митропольская.

КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛҒАН РЕВОЛЮЦИЯ МЕРЕЙТОЙЫ

Қазақстанның мемлекеттік музейлері Октябрь революциясының 100 жылдығын ескермегенін айтқан жөн. Мысалы, Қазақстан орталық мемлекеттік музейінің қараша айына арналған көрмелер жоспарында бұл оқиғаға қатысты ештеңе жоқ. Қарашаның 7-сі Жапония мәдениеті күні өтуі тиіс. Қарашаның 10-ы «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деген көшпелі көрме жобасы ашылады. Алматы мұражайында қазір «Алматы – объективте» деген фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр.

2016 жылғы қазаннан бері ресейлік тарихшылар Ресей мен әлемдегі 1917 жылғы революцияға қатысты саяси, ғылыми және қоғамдық реакцияға мониторинг жүргізген болатын. Оның нәтижелері жуырда Мәскеуде жарияланды. Ресейлік Sputnik басылымы мақаласында әлгі мониторинг тобы мүшесі Людмила Готагованың пікірі келтірілген. Ол «постсоветтік елдердің көбі үшін бұл мерейтой онша ұнамды күн емес, өйткені олар өзгелермен бір қатарда болғысы келмейді, әрқайсысы өз революциясын Ресей революциясынан бөліп алып, өзінін дербес тарихи нарративін құрғысы келеді. Сондықтан революцияны бұлай кешенді зерделеу оларға ұнамайды, олар орыс революциясына борышты болғысы келмейді. Бұған қоса, олар өз мемлекеттігімізді құрудың алғы шарттары сонау орта ғасырлардан бастап пайда болған деп мәлімдейді» дейді.

Мақаланы жазу кезінде орыс тіліндегі мына еңбектер пайдаланылды: “Алма-Ата в период Октября и в годы Гражданской войны (1917–1920 гг.)”; “Летопись событий”. Алма-Ата, 1949; Джусупбеков С. “Город Верный” (Алма-Ата, 1980); Алма-Ата. Энциклопедия (Алма-Ата, 1983); Митропольская Т. Б. “Из истории Семиреченского казачества” (Алматы, 1997); Лухтанов А. Г. “Город Верный и Семиреченская область” (Алматы, 2011).

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

  • Чунциндегі кездесу

    Тарихи сурет Уақыты: 28 тамыз 1945 ж.; Орыны: Чунцин (重慶) қ-сы; Түсініктеме: Тарихи суретте АҚШ-тың қытайдағы өкілетті елшісі Патрик Херли және Қытай президенті Чан Кайши мен ҚКП төрағасы Мао. Чунциндегі кездесу кезінде диалогқа келе бастаған қытайлық партия өкілдері алпауыт ел АҚШ пен Совет Одағының “қытай саясатын” жаңа дағдарысқа әкелді. Көріністе азаматтық соғысты тоқтатып бүкілқытайлық мәселені шешу болғанымен үлкен қастандықтың басы содан басталды. Алпауыт тараптар қытай картасын өзгертетін жаңа диалогтарды қызу талқылап жатқанда Шығыс Түркістан аумағында бір уақытта үш бірдей уақытша үкімет өмір сүрді. Олар: Бірінші, отставкадағы Шэн Шицай кланы; Екінші, Ву Чжунсинның уақытша үкіметі; Үшінші, Шығыс Түркістан уақытша үкіметі. АҚШ-тың қытайдағы өкілетті елшісі Патрик Херли Шығыс Түркістан аумағын назарға ала

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: