|  | 

Жаһан жаңалықтары

Кокаин, “Новичок”, құпия құты және ГРУ “торпедасы”

Сергей Скрипальді не үшін өлтірмек болды және ресейлік арнайы қызмет өкілдері Еуропада қалайша жүгенсіз тайраңдап жүр? Тыңшылық қызмет пен ресейлік мафия мүддесі арасында қандай байланыс бар?

“Путинизм” ресурсын құрушы Артем Круглов Солсбери ісін зерттеуге қатысушылардың бірі. “Турист Бошировты” 2001-2003 жылғы әскери училище түлектері арасынан іздеуді де сол ұсынған, соның арқасында полковник Чепига анықталды. Азаттық радиосы Артем Кругловтан сұхбат алды.

- Сіз “Петров” пен “Боширов” және олардың әріптестерінің әрекетін зерттеуге қатысып жатырсыз. Ақпарат жетерлік, бірақ бір-біріне қайшы жайттар да бар. Анықталған дүниені жинақтап бір түйін жасауға бола ма? Қандай күмәніңіз бар?

- Қысқаша айтар болсақ: екі адам Англияға барған, екі күн Солсбериде ары-бері жүріп, күніне 300 шақырым жол жүрген. Қылмыс болған күні Скрипальдің үйіне жақын маңда байқалған (жаяу жүргенде 5 минуттан аспайтын жер), ол жаққа не үшін барғандарының ақылға сиятын себептерін айта алмады. Ол жерді туристік орын деу қиын, өздеріне “ұнаған” собор немесе шпиль басқа ауданда орналасқан.

Олар түскен қонақүйден өте аз мөлшерде болса да “Новичок” затының ізі табылды. Мейлі, ағылшын болсын, орыс болсын – кез келген тергеуші мұндайда іс бойынша күдікті ретінде сол адамдарды атайды және ол бекер де емес.

Оның үстіне, төрт айдан соң сол жерде, Солсбериде у құйылған ыдыс табылып, екі адам кездейсоқ уланып қалды. “Новичок” құйылған құтыны жергілікті нашақор “скипдайвер” (қоқыс іздеуші) Чарли Роули тауып алған. Қай жерді қазғанын өзі де білмейді, бірақ қала орталығындағы қайырымдылық мақсатта заттар жинайтын дүкеннің жәшігінен тапса керек. “Петров” пен “Боширов” қаланың бұл бөлігінде болған.

"Петров" пен "Боширов" Солсбери көшесінде.

“Петров” пен “Боширов” Солсбери көшесінде.

Солайша бір адам қаза тапты (Дон Стерджесс) және төрт адамды өлтіруге әрекет жасалды (Скрипаль, оның қызы Юлия, полиция офицері Ник Бейли мен Чарли Роули). Олардың бәрін қоғамға қауіпті әдіспен өлтірмек болған.

“Торпеда” – бар болғаны лас жұмыстарды атқаратын шығын материал. Чепига – “торпеда”.

Күдіктілердің екеуі де Ресей азаматтары, олар Ұлыбританияға жалған төлқұжатпен барған, біреуінің шын аты-жөні мен шені анықталды. “Петровтың” шын аты-жөнін қазанның 9-ы күні атайды. Ал былайша, Путин мырза айтқандай, “қылмыс дейтіндей ештеңе жоқ”. Жігіттер “оңбағанды” өлтіруге барған, және “оңбағанның” қызының да көзін құртып, оған қоса Британияны қаңғыбастардан тазартпақ болған, расында, онда тұрған не бар?

- Маргарита Симоньянмен сөйлескен “Петров” пен “Боширов” сыпайылап айтқанда, көзі ашық адамдарға ұқсаңқырамайды. Осындай күрделі істі Джеймс Бонд емес, қарапайым біреулерге тапсырғаны ерсі көрінбей ме?

Әскери училищенің құрмет тақтасындағы Анатолий Чепиганың суреті.

Әскери училищенің құрмет тақтасындағы Анатолий Чепиганың суреті.

- Түрме жаргонында “торпеда” деген сөз бар. Қылмыскерлер тобының немесе кәнігі ұрының (“вор”) айтқанын істейтін киллерді солай атайды. Оны “қыздырып”, айқын мақсат тапсырады – біреуді өлтіруі керек, егер қолға түсіп қалса кім жұмсағанын айтпай, айыпты мойнына алуы тиіс. “Торпеда” мәртебесі жоғары санатқа жатпайды, ол бар болғаны лас жұмыстарды атқаратын шығын материал. Чепига – “торпеда”.

“Боширов” немесе полковник Чепига 2001 жылы әскери училищені бітірген, Хабаровскідегі 14-бригаданың арнайы тобында қызмет атқарған, кейін оны Мәскеудегі ГРУ барлау мектебіне алған (Әскери-дипломатиялық академия). Сол жерде №3 “Жедел-тактикалық барлау” факультетіне түскен.

Дөрекілеу естілсе де, олар – диверсант жауынгерлер. Олардың міндеті – жау шебінен өту, қарауылдың көзін жойып, көпірге мина қою, “тіл” алып келу, оның қолын немесе саусағын кесіп, тергеуде сөйлетуге мәжбүрлеу, т.б. Соғыс уақытында өте керек жұмыс.

Бұлар журналистермен сөйлесуге дағдыланбаған, тек журналисті өлтіруге тапсырма алған кезде ғана олармен кездесіп жүрген адамдар.

Жедел барлау факультетінен бөлек оларда стратегиялық агентуралық барлау факультеті бар. Ол басқа жұмыс. Басқа елде қалай жүру керек, Солсберий соборын “Солсберецкимен”, Монбланды “Монбланкпен” шатастырмау, өтірікті ұйқастырып айту және адамдарды өзіне тарта білу тәрізді нәрселерді үйретеді.

“Петров” пен “Боширов” – барлаудың басқа саласының өкілдері. Олардың міндеті – белгіленген жерге бару, өздеріне жүктелген шараны тапсырылған әдіспен іске асырып, тезірек тайып тұру. Қалғаны – операцияны ұйымдастырушылардың проблемасы.

Әрине, бұлар журналистермен сөйлесуге дағдыланбаған, тек журналисті өлтіруге тапсырма алған кезде ғана олармен кездесіп жүрген адамдар. Ондай адамды экранға шығарса – МонбланК пен чепига болады. Дәл сондай жағдай болды да.- “Петров” пен “Боширов” ресми түрде Скрипаль мен басқа да құрбандардың өміріне шабуыл жасады деп айыпталды. Дегенмен, осы қылмыстың күмән тудырарлық тұстары бар ма?

- Әрине, бар. Олар ақпаратты там-тұмдап қана береді ғой. Көп нәрсені түсіндірмейді, тергеу мақсатында жасырады немесе өздері де білмейді. Мен үшін ең жұмбақ нәрсе – құты. Оны әйгілі “Нина Риччи. Бірінші күн” танымал әтір суы сияқты етіп жасаған. Құтысы сондай, бүріккіші басқадай. Қылмыскердің қолы есік тұтқасынан алыс болуы үшін арнайы ұзартылған түтік қойылған.

"Новичок" уы салынған құты.

“Новичок” уы салынған құты.

Құты қорапқа салынған, бүріккіші бөлек жатыр. Ішіндегі сұйық зат – өте улы, олардың биялайсыз жұмыс істеулері екіталай. Операция алдында биялай киіп, қорапты ашып, түтікті бұрап, содан соң сұйық затты бүркіп, одан кейін әлгілердің бәрінен құтылу керек.

Оның бәрі қалай жасалды? Олар түтікті қалай бұрады? Көшеде ме? Содан соң айғақ заттан қалай құтылды, бәрін пакетке салып, пакетті жолқапшыққа салып, қаладағы қоқыс тастайтын орынды іздеді ме?

Сосын келесі сұрақ: Чарли Роули төрт айдан соң жәшік пен қоқыс салғышты қопарып жүріп не тапқан? БАҚ хабарлауынша, қорапта құты жатқан, бүріккіші бөлек болған, соны бұраймын деп қолын былғап алған Чарли өле жаздаған.

Березовка ауылынан шыққан Чепига кәдімгі қоқыс жәшігін қайырымдылық мақсатында зат жинайтын жәшікпен шатастырып алғанға ұқсайды.

Егер адам өлтіру үшін сол құтыны қолданса, қылмыскерлер бүріккішті ағытып алған, “әтірді” бастапқы қалпына келтірген, тек содан соң ғана оны лақтырып тастаған. У салу үшін қолданылатын контейнер үшін бұл тым көп іс-әрекет. Өзің де уланып қалуың ғажап емес.

Енді бір жорамал бойынша, құты екеу болған, Чарли Роули қосымшасын тапқан. Ал пайдаланылған құтыны сол күйі таппаған.

Бірақ қастандық оқиғасынан соң 4 ай өтті ғой. Егер құтыны қарапайым қоқыс жәшігіне тастаса, баяғыда алып кеткен болар еді. Егер көшеге, саябаққа тастаса, қорап суланып, түкке жарамай қалар еді, суретте ол сол қалпы тұр. Демек, айғақты қайырымдылық жәшігіне тастауы әбден мүмкін. Бірақ ол заттар кейін әлгіндей қаңғыбас адамдардың болсын қолына түседі. Демек, кездейсоқ құрбандар болады.

"Новичок" уынан қаза болған Дон Стерджесс.

“Новичок” уынан қаза болған Дон Стерджесс.

Березовка ауылынан шыққан Чепига кәдімгі қоқыс жәшігін қайырымдылық мақсатында зат жинайтын жәшікпен шатастырып алғанға ұқсайды. Англияда ондай жәшіктер көп жерде тұрады, ал Ресейде жоқ. ГРУ академиясында ол туралы айтпаған. Солайша жәшікті шатастырған.

Бұл киллерлер тобын режимге қарсыларды өлтіру үшін дайындамайды. Олар өз адамдарын өлтіреді.

Егер шатаспай, әдейі салған болса, ол “торпеда” емес, терроршы болғаны. Химиялық қаруы бар құтыны лақтырып кету – теракт.

Тағы бір сұрақ: егер қайырымдылық жәшігіне тастаса, ондағы заттарды қанша уақытта алады? “Әтірі” бар қораптың төрт ай бойы жатуы мүмкін бе? Сұрақ көп, оларға ағылшын сотынан жауап алармыз деп үміттенемін.

- Қарапайым адам әлемде адам өлтірушілер тобы жүреді, есіктің тұтқасына у жағып кетеді, “Новичок” уы бар құтыны көшеге тастайды дегенге сене алмайды. Килллерлерге мұндай тапсырма бірінші рет берілмеген шығар?

- 2016 жылы шетелдік төлқұжат алған “Боширов” пен “Петров” расымен де әлемнің түкпір-түкпірін шарлаған. Лас істі орындаушы болғандықтан адам өлтіруге шыққандары қисынды, олардың жұмысы сондай.

Путиндік Ресейде бұл киллерлер тобын режимге қарсыларды өлтіру үшін дайындамайды. Бұл оларға қосымша жұмыс. Ең бастысы – өз адамдарын бақылау, негізінен соларды өлтіреді.

 

ГРУ қол былғаған қылмыс түрі көп. Шакро Молодой ГРУ арқылы күрдтерге қару тасыған. Совет заманынан бері ГРУ сириялық есірткі бароны, Таяу Шығыстағы ірі қару сатушы Монзер әл-Кассармен жұмыс істеген (қазір АҚШ-та ұзақ мерзімді түрме жазасын өтеп жатыр). Әл-Кассар арқылы СССР палестиналықтарды қарумен қамтамасыз еткен.

ГРУ – іс жүзінде ірі наркокартель.

Әл-Кассар көп жыл Испанияда, Марбелья курортында тұрған. Путиннің тұсында ГРУ екеуінің арасында жаңа байланыс орнаған – питерлік танымал “авторитет” Гена Петров та Марбельяға қоныс аударған. Сол арқылы Иранға қару сатқан.

“Авторитет” Гена Петров Анатолий Сердюковті Қорғаныс министрі жасаған адам (олар ескі таныстар, бір кездері Гена Толиктің Питердегі, Морис Тереза даңғылындағы жиһаз дүкенін “қамқорлығына” алған).

Гена Петров (сол жақта.)

Гена Петров (сол жақта.)

1990 жылдардан бастап, СССР құлаған соң ГРУ қару ғана емес, есірткі сатуға да араласқан. Соңғы ширек ғасырда Ресей мен шетелде ГРУ – іс жүзінде ірі наркокартель деп бірнеше рет жазды, 1990 жылдардан бастап әскери ұшақтармен Ауғанстаннан героин, Латын Америкасынан кокаин тасыған.

Иә, мұның бәріне арнайы қызметтің жұмысымен қатар жүретін конспирология деп қарауға болады. АҚШ-та, мысалы, “Иран-контрас” дауы кезінде 1980 жылдары журналистер елге кокаин әкелді деп ЦРУ-ді айыптаған. Сол кезде ЦРУ қаржыландырған Никарагуа көтерілісшілері есірткі сатады (ол шындық болып шықты), ал ЦРУ олардан үлес алады деп жазғаны мәлім (ресми зерттеу жүргізілді, бірақ дәлелденбеді).

ГРУ-дің есірткі бизнесі туралы деректерге конспирология ретінде қараса да болады. Бірақ Ресейдегі соңғы есірткі дауы – Аргентинадан елшілік жүгінде келген кокаинды алайық. Байқасаңыз, онда кокаинды негізінен әскери-ғарыш күштер (ӘҒК) арқылы әкелген. Жылына бірнеше рет Аргентина мен Уругвайға ұшатын әскери-көлік ұшағымен тасыған.

Даркнеттің орыстілді бөлігіндегі Мәскеудегі кокаин саудасына арланған көптеген сайттардың бірі. Онда ең қымбат ескірткі – Боливияда жасалған кокаин деп көрсетілген. 2018 жылдың қазан айының басында жасалған скриншот.

Даркнеттің орыстілді бөлігіндегі Мәскеудегі кокаин саудасына арланған көптеген сайттардың бірі. Онда ең қымбат ескірткі – Боливияда жасалған кокаин деп көрсетілген. 2018 жылдың қазан айының басында жасалған скриншот.

Осы арналардың бәрін бизнесмен кейпіне енген ГРУ полковнигі басқарған, ол құрған ұйым “Латын Америкасындағы орыс православ меценаттарының қоғамы” деп аталған. Кокаинның өзі өте таза, Боливиядан алынған шикізат болып шықты, Синалоа картелінің зертханасында дайын өнімге айналған.

Енді елестетіңіз: қылмыстық бизнес, миллиондаған қаржы айналымы, картельдерден кокаин сатып алу керек (көбіне қаруға айырбастайды), оны тасу үшін СІМ, ӘҒК келісімі керек, ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) тығу керек (меценаттардың өздеріне бөлшек саудамен сатпайсың ғой); түскен ақшаны ортақ қазанға құю керек. Бұған “бейресми жіппен” байланған қанша адам қатысады? Оларды қалай тізгіндеп ұстау керек? Ал оның амалы бар. Егер бірдеңе бола қалса – “Петров” пен “Бошировті” жібереді.

“Торпеда-чепигалар” – ұйымдасқан қылмыстық топтағы тәртіп пен субординациясының кепілі, ГРУ (жаңаша ГУ деп атайды) мен путиндік арнайы қызметтің бәрі сондай. Осындай тоқмейілсіген мафия мемлекетпіз.

- “Петров” пен “Боширов” Англияда өздерін тым жайбарақат ұстаған тәрізді. Солсбериді шарлаған “туристердің” таңқаларлық қамсыздығын бұған дейін болған саяси адам өлтіру оқиғаларынан ресейлік арнайы қызметтің “судан таза шыққанымен” байланыстыруға бола ма? 2015 жылы Стамбулда өлтірілген Абдулвахид Едилгериевтің қазасы еске түседі, оған Чепиганың араласуы мүмкін деседі. Путин режиміне қарсыларды өлтіру туралы басқа да деректер бар. Неліктен Литвиненконың өлімінен олар сабақ алмады? Осындай арсыздық пен өш алудың ерсі әдісін қалай түсіндіруге болады?

- 2015 жылы Стамбулдағы адам өліміне келсек, түріктер қызбалыққа салынып кетті, олардың күдіктісі “Бошировқа” мүлдем ұқсамайды.

“Петров” пен “Бошировтың” Солсбериде “қамсыз” жүргеніне келсек, химиялық қару санатына кіретін уды есік тұтқасына жағып тұрып, өзің уланып қалмау үшін өте сақ, дайындықтан өткен маман болуың керек. Сондықтан олар қамсыз болды деуге келмес.

Оларды танып қойғаны, адам өлтірудің сондай әдісін таңдағаны (жүз пайыз кепілдігі жоқ, бөгде адамдар үшін қауіпті), ойлап тапқан аңыздары мен жасанды құжаттардың түкке жарамай қалуы – осы операцияны жоспарлағандарға қоятын сауал. Арсыздық танытқан – Кремль мен ГРУ бас кеңсесінде отырғандар.

Әрине, осындай жолмен адам өлтіруге рұқсат беру (оны жоғарыда шешетіні жүз пайыз анық) – бұған дейінгі істер үшін жазасыздықтың салдары. 12 жыл бұрын Литвиненко үшін, “Полоний” үшін санкция енгізу керек еді. Сонда “Новичок” болмас еді.

- Тыңшылық тақырыбына қатысты соңғы жаңалық: ГРУ қызметкерлері Мәскеуде бір мекенжайда топпен тіркеледі екен, өздерінің штаб-пәтерінен Шереметьев әуежайына дейінгі сапары туралы қағазды алып жүреді, танысу сайтында өз суретімен профиль ашады, т.б. Кәсібилердің ісіне ұқсамайды, комедиялық фильмнің сюжеті сияқты. Бұған таң қалмайсыз ба?

- Иә, таңқаларлық жағдай. ГРУ офицері Алексей Моренец, сәуірде Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның ғимаратындағы Wi-Fi желісін бұзуға барады… Скрипаль ісіне қатысты соңғы жаңалықтарды қатты білгісі келген ғой. Ғимараттың қасында тұрып, антеннасын үйге бағыттайған, оған күрте жауып қойған. Ұстаған кезде одан Мәскеудегі ГРУ әскери бөлімінен Шереметьево әуежайына дейін апарған таксидің түбіртегі табылған.

Штирлиц туралы анекдоттағы сияқты, артында сүйретілген парашюты ғана жоқ. Екінші жағынан, сол Моренец Клинтонның электронды поштасы мен АҚШ демократиялық партиясы серверін бұзған. Бұзып қоймай, кейін әлгі хаттарды интернетке салып, Трампты сайлауға көмектескен. Мұны комедия деу қиын.

Конспирация кезінде есуастық көрінетін сәтсіздіктерге тап болу – ГРУ-дің басындағы жағдай ғана емсе. 2010 жылы Скрипальді Америкадағы ресейлік сыртқы барлау қызметінің (СВР) жасырын агенттеріне айырбастағаны есіңізде ме? Оларды Мәскеудегі СВР орталық аппаратының бір полковнигі ұстап берген. Ол жерде Канада азаматы, екі баланың анасы, жылжымайтын мүлік жөніндегі агент Трейси Фоли деген болған. Шын мәнінде ол адам – Томскіде туып-өскен полковник Елена Вавилова. Оны 2001 жылдан бастап аңдыған, банк ұяшығын өзіне айтпай тінткен. Полковник ханым ол жерге қыз кезіндегі суреттерінің негативтерін сақтапты.

АҚШ-тағы ресейлік жансыздар туралы сот ісі материалынан үзінді.

АҚШ-тағы ресейлік жансыздар туралы сот ісі материалынан үзінді.

Оған қарап суреттің қайда түсірілгенін анықтау мүмкін болмады. Таспада өндіруші фирманың атауы жазылмаған, бірақ бір негативтен тапқан. АҚШ федералдық тергеу бюросы агенттері “Канада тумасының” жас кезінде Қазан қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді “Тасма” өндірістік бірлестігінің таспасына суретке түскенін көріп, таң-тамаша қалған. Бұл ұсақ-түйек сияқты боп көрінер, бірақ жасырын агент барынша конспирация сақтауы керек. Полковник Вавилова мен күйеуінің бағына орай, оларды тұтқындаған кезде Ресей түрмесінде Скрипаль мен тағы бір-екі тыңшы отырды, солайша оларды айырбастап алды.

- Владимир Путин жақында Скрипаль ісі – назар аударуға тұрмайтын майда-шүйде іс деп мәлімдеді. Бірақ біздің жүйе игере алмай жатқан үлкен дағдарыс бар сияқты. Бұл Литвиненко ісінен де ауқымды деп ойламайсыз ба?

- Иә, солай. Жағдай бақылаудан шығып кетті. Бұл Литвиненко ісінен әлдеқайда елеулі, оған Путиннің іс-әрекеті дәлел. Барлық арнайы қызметтің мүлт кететін кездері болады. Мысалы, 1997 жылы “Моссад” Иорданияда “Хамас” көсемі Халид Машалды өлтірмек болды. Екі агент оны “Хамас” кеңсесі алдындағы көшеде аңдып тұрып, құлағына у шашқан. Әрине, “Новичок” емес, морфийдің бір баламасы, одан есірткіні шектен тыс қолданған сияқты әсер туады.

Машаль бірден көз жұмбай комаға түскен, ал киллерлер кетіп үлгермей, қолға түсіп қалған. Нетаньяху (өлтіруге тапсырыс берген) тұтқындалған агенттердің орнына “Хамас” белсенділерін түрмеден шығарды, оған қоса Машаль есін жиюы үшін уға қарсы дәрі (антидот) берген.

1997 жылы Израиль билігі де қазіргі Путиннің күйін кешті: қателік кесірінен арнайы қызметке қоғамға операцияның мән-жайын түсіндіруге тура келген.

Ол кезде мүлт кеткен агенттерді “тазалау бөлімінде істейтін адамдар”, фитнес индустриясы саласында жүрген готикалық гейлер деп беталды сандырақтаған жоқ. “Иә, біз Хамас көсемін өлтірмек болдық, себебі олтерроршы” деп шындықты мойындаған. “Осы жолы бұтқа жібердік, бірақ түзелеміз” дегенге келтірді.

Ресейдің проблемасы – Путин шындықты айта алмайды. ГРУ-дің жаңсақ басқанын бәрі көріп отыр, бірақ оны мойындаса, “Скрипальді не үшін өлтірмек болды?” деген сұрақ туады. Ол Путинге несімен кедергі келтірді? Путин мен оның арнайы қызметінің қандай құпия істерін зерттеп, батыс барлауы мен өзге де тапсырыс берушілерге қандай кеңестер берген?

Батыс баспасөз құралдарының жазуынша, Скрипаль Ресейдің АҚШ сайлауына киліккені туралы және Путиннің “Трампнаш” операциясын бұзған “Стил ісін” жазуға қатысқан деседі. Скрипаль батыстағы тапсырыс берушілерге Патрушев пен оның 1990 жылдардағы қылмыстық ісі туралы істі жазып, сатқан деген болжам бар. Ол орыс мафиясы туралы істі зерттеуге қатысты испандарға кеңес беріпті-мыс, оның ішінде Петербург бандиттері саналатын Путиннің достары бар екен (Тамбовтық-малышевтік ұйымдасқан қылмыстық топ).

Қазіргі кезде Скрипальді улау себебіне қатысты осындай болжамдар бар. Әлбетте, Ресей билігі ол туралы айтуға дайын емес. Сондықтан Путиннің Скрипаль ісі туралы жұмған аузын ашпағаны дұрыс еді.

- Кремльдің құпия операциясын әшкерелеу туралы күн сайын жаңа дерек шығады. Солардың ішінде болашағы зоры қайсы деп ойлайсыз?

- Мысалы, БҰҰ дерегі бойынша, басқа опиаттарды есепке алмағанда бір жылда Ресей арқылы шамамен 90 тонна ауған героині өтеді. Бұл – миллиардтаған доллар ақша. Путин билік еткен жылдарда транзит сағат тәрізді жұмыс істеп тұр. Оған қоса кокаин, колумбиялық бартер бар ғой – ол жаққа картельдер мен есірткі сататын көтерілісшілерге қару жібереді, олардан кокаин алады.

Бут пен Ярошенко сол үшін қамауда отыр. Осының бәрі Ресей арқылы, оның шектен тыс орталыққа бағынған билік жүйесі арқылы өтсе, демек біреу бәріне қалқан болып отыр. Путиннің есірткі транзитіне қатысты байланыстарыПетербург бандиттері заманынан бастау алады (Литвиненко ісі бойынша тергеу, “СПАГ” фирмасының ісі).

Мафия әлемінде қабылданған дәстүрге сай ақшаны ортақ қазанға (“общак”) құяды. Ол жерде екі үлескер бар: Путиннің өзі және “пацандар” (арнайы қызметтегілер). Бірінші қазан (“общак”) – ВВП өзі мен жақын маңы, бәріне белгілі питерлік “шобла” (“Озеро” серіктестігі, виолончелистер, Ротенбергтер). Екінші қазанды – Патрушев бақылап отыр, елдегі ірі ұйымдасқан қылмыстық топтардан түскен, есірткі транзитінен, ФСБ өкілдерінің бизнеске қорған болуынан түскен пайда – соның бәрі сол жаққа кетеді.

Ол жерде бәрі жасырын, жабық, тек оқта-текте қандай да бір дау кезінде әлдебір полковниктің құны 124 миллион доллар тұратын пәтері бар екенін көріп қаласыз. Немесе Керимов Лазур жағалауынан виллаларды топтап сатып алу үшін миллиард еуроны жеке ұшағына салып апарады. Осыншама ақша ағыны, жер асты патшалығы режимі – зерттеудің ең басты бағыты. Қазір Скрипаль осы іспен айналысқан деп жазып жатыр, мысалы, ол Патрушев ісі бойынша жұмыс істеген делінеді.

- Марк Урбан “Скрипаль ісі” деген кітабында оны советтік зейнеткер ретінде сипаттайды, күні бойы ресейлік телеарналарды көріп, Путинді қолдағандай әсер қалдырады.

- Шеберлік ешқайда кетпейді. Кәрі тыңшы Скрипаль байғұс журналистің миын айналдырып жіберген.

Тіпті Скрипаль кеш бойы сыра ішіп, ресейлік “Бірінші арнаны” көріп, “Крымнаш!”, “Путинге мадақ!” деп айғайласа да, британ барлау қызметі сыйлаған үйде отырды ғой. Кем дегенде НАТО-лық төрт барлауға кеңесші болды, оған қоса Лондондағы “Орбис” жеке барлау фирмасына жұмыс істеді. “Орбисті” Ми-6 орыс бөлімінің бұрынғы басшысы және Скрипаль ГРУ-дағы жансыз болған кезде оның кураторы болған Кристофер Стил құрған.

Кристофер Стил.

Кристофер Стил.

Стилдің фирмасы түрлі құрылымдардың тапсырысымен (оның ішінде ФБР де бар) Ресейдегі мафия мен жемқорлыққа қатысты өзекті мәселелерді зерттеді. Сондай-ақ, Ресейдің 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына араласқаны туралы “Трамп ісін” (“Стил ісі”) жариялады.

Бұл істен соң АҚШ-та арнайы прокурор Роберт Мюллер тергеу бастады. Ал Трамптың ел ішінде проблемасы көбейіп, санкцияны алуға мұршасы келмеді, Кремль болса соған қатты үміт артқан еді. “Стил ісін” жазуға Скрипаль де қатысты.

Стил құжатында "ресейлік барлаудың бұрынғы жоғары лауазымды офицері" делінетін адам Скрипаль болуы мүмкін.

Стил құжатында “ресейлік барлаудың бұрынғы жоғары лауазымды офицері” делінетін адам Скрипаль болуы мүмкін.

Ал сіз оны “кәдімгі советтік зейнеткер” дейсіз. Ол арнайы қызметтің жаһандық күресіне қатысқан адам. Сол үшін де одан өш алмақ болды.

- Сіз айтқан бір нұсқа бойынша, Скрипаль шынымен де Испаниядағы орыс мафиясын әшкерелеуге көмектескен. Скрипаль маңызды деректі білген бе, испандарға қатысты оқиға ресейлік режимге қауіп төндіре ме?

- 1990 жылдары Скрипаль Испанияда әскери атташе (ГРУ резиденті) болған кезде ол жаққа питерлік бандиттер тобымен көше бастаған. Питерден қылмыстық ақша да сонда аударылды. Мысалы, “20-трест ісі” бар. Путин өзі араласқан қылмыстық іс – “20-трест” фирмасы арқылы Собчак екеуі қала мэриясының бюджеттік қаржысын ұрлап, оны Испанияға жіберген. Скрипаль ол туралы білді ме? Онда оны түрмеде отырғанда өлтіріп тастар еді.

“20-трест” ісі мен оған қатысты Собчак ісін Путин билікке келгенде жапты, тергеушіні органнан қуып жіберді. Бірақ Испанияның өзінде ресейлік бандиттерге қарсы көптеген шулы іс көтерілді, оның ішінде Путиннің жақын достары бар: “Оса” операциясы (2005–2006 ж., Шакро Молодой), “Тройка” операциясы (2008 ж., Гена Петров және питерлік тамбовтық-малышевтық ҰҚТ), тагандық ҰҚТ-на қарсы операция (2012 ж.). Тагандық бандиттердің серкесі… Федерация кеңесінің вице-спикері Торшин болып шықты. Басқа да операциялар болған, оның қайсысына Скрипальдің қатысқанын білмейміз. Қорытынды жасауға ақпарат аз.

Скрипальдің орыс мафиясына қарсы испандарға көмектескені туралы дерек 2018 жылы қыркүйектің 6-сы күні “Нью-Йорк Таймс” газетіне шықты ғой деймін. Онда істің анық-қанығы айтылмайды, әлдебір испан барлау офицерінің сөзіне сілтеме жасап, “соңғы жылдары” Скрипальдің елдегі орыс ұйымдасқан қылмыстық топтарына қатысты істі зерттеуге көмектескенін жазады.

Қандай іс екені айтылмаған. Мүмкін ол питерлік бандиттерге қарсы “Тройка” операциясы шығар. Бұл іс 2008 жылдан 2018 жылға дейін он жылға созылды, жақында ғана бітті. Басты тұлғалар – Путиннің петербургтік екі досы Илья Трабер (“Антиквар”) мен Геннадий Петров (“Гена Петров”).

Трабер мен Петров, шын мәнінде, бұл тергеуден қатты жапа шеккен жоқ. Интерполдың іздеу тізіміне кірсе де, уақытында Ресейге келіп тығылып үлгерді. Путин билікте отырғанда оларға ешкім тимейді. Егер олар Испанияның сот залында отырса, Путин үшін ол қауіпті болар еді. Олар тым көп біледі.

Сондықтан Скрипальді испандарға кеңес бергені үшін өлтірмек болды деп ойламаймын. “Стил ісі” үшін көзін құртпақ болуы мүмкін. Путин оған қатты ызаланып, 2017 жылы қаңтардың 17-сі күні осы істің авторларын “моральдық шектеуді білмейтін адамдар, жезөкшеден де жаман” деп айыптады ғой. Айтатын жөні бар, ол Трампқа сонша үміт артқан еді.

- КГБ-ның бұрынғы офицері Борис Карпичков Юлия Скрипальді кездейсоқ улаған жоқ, Мәскеу әкесінің де, қызының да көзін құртпақ болды дейді. Оған не дейсіз?

Юлия Скрипаль.

Юлия Скрипаль.

- Бұл нұсқаны оқыдым. Оның айтуынша, Юлия Скрипаль мен оның Мәскеудегі дереккөздері арасында байланыс орнатқан. “Стил ісіне” қарасақ, Мәскеуде ақылы ақпарат берушілері болғанын байқаймыз. Трамп “ол туралы әшкерелейтін материалдар жинау үшін 12 миллион доллар жұмсағанын” жазған еді. Жұмсаса жұмсаған шығар, бірақ ақпарат беруші Юлия болғанына күмәнім бар.

Ол әшейін әкесіне келді деп ойлаймын. Оны аңдып жүрді, 2018 жылы наурыздың 3-і мен 4-і күні Скрипальдің үйде болатынын білді, киллерлер тездетіп билет алып, жолға шықты. Егер қызымен бірге өлтірмек болса, бұл қорқытып-үркіту акциясы – елден қашқандар мен саяси эмигранттарға “туыстарыңмен бірге өлесіңдер, бізге бәрібір” деген белгі.

- Олег Кашин бірде “ГРУ агенттерін әшкерелеп, шетелдік арнайы қызметке көмектесу – адамгершілікке жат әрекет, оның салдарынан мемлекет қауіпсіздікке миллиондаған қаржы салады” деп жазған еді. Сіз оған не дейсіз?

- Кәсіби журналист үшін бұл оғаштау ұстаным екен. Оның міндеті – қоғамға әлемде болып жатқан жағдай туралы ақпарат беру. Мемлекеттік насихат машинасы жұмыс істейтін, саналы түрде өтірік пен жалған ақпарат тарататын Ресей үшін бұл өте маңызды.

Оның үстіне, Ресей билігі Скрипаль ісіне қатысы барын терістейді. Оның бәрі “британдық арнайы қызметтің арандатуы” дейді. Олай болса, “британдық арнайы қызметті” қазбалаудан неге қорқу керек? Әлде сталиндік прокурор Руденко айтқандай: “Тергеудегі ең маңыздысы – өз адамдарыңды әшкерелеп алмау” ма?

(Дмитрий Волчектің сұхбаты орыс тілінен аударылды.)

Азаттық радиосы

Related Articles

  • Орыстарды Ресейге шақыру және олардың реакциясы

    Санат ОРЫН ӘЛИ «Россия» әуе компаниясы ұшағы жанынан өтіп бара жатқан автобустағы жолаушылар. Көрнекі сурет. Қазанның соңында Ресей президенті Владимир Путин 2019-2025 жылдарға арналған миграциялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, шетелде тұратын орыстарды «Орыс әлемін» нығайтуға шақырды, «көшіп келсе жағдайларын жақсартамыз» деп уәде берді. Бұл туралы Қазақстанда тұратын орыстар мен сарапшылар не ойлайды? Жаңа тұжырымдама туралы Путин қазанның 31-і күні Мәскеуде өткен Отандастардың 6-дүниежүзілік конгресінде мәлімдеді. Путиннің айтуынша, бұл тұжырымдама «жүйедегі бюрократияны жоюға» арналған, қоныс аудару бағдарламасы бойынша қолайлы жағдай жасаудың, елге келу, жұмысқа орналасу және Ресей азаматтығын алудың нақты ережелерін ұсынады. Путиннің айтуынша, өзге елдерде (мысал ретінде Украина мен Балтық елдерін келтірді) орыстарға қатысты «русофобия, ұлтшылдық, ескерткіштермен және орыс тілімен күрес, сепаратизм

  • 100 жыл бұрын Чехия мен Словакия заманауи тәуелсіз мемлекет құрды.

    100 жыл бұрын Чехия мен Словакия заманауи тәуелсіз мемлекет құрды. Прага бұл мерейтойды лайықты түрде атап өтіп жатыр. Сегіз жыл жөнделген Ұлттық музей ашылды. 1945 және 1968 жылдары шетелдік басқыншылар бүлдірген көне ғимарат бүгін көздің жауын алады. Шеберлер реставрациясын қатырыпты. Прагаға келген дос-жар біледі, Вацлав алаңындағы әулие Вацлав князь ескерткішінің арқасындағы алып ғимарат қой. Бүгін күн суытып, жаңбыр жауғанына қарамастан Прага тұрғындары беттеріне тудың суретін салып алып, балаларын жетелеп, ұзын-сонар кезекте тұрып, қайта ашылған мұражайдағы Чехия мен Словакия тәуелсіздігіне арналған арнайы көрмелерді тегін көріп шықты. Бір ғасыр ішінде Чехия тәуелсіздігін нығайта түсті. Қазір Еуропа Одағының беделді мүшесі. 2009 жылы Еуропа кеңесінің президенті болып үлгерген, 2022 жылы тағы да кезегі келеді.

  • Энергетиканың болашақ жолдары

    Украина астанасы Киев қаласында, 2018 жылдың 16-19 қазанының аралығында «Орталық және шығыс Еуропаның тұрақты энергетикасы» атты 10-шы Халықаралық форумы мен көрмесі (Sustainable Energy Forum and Trade Show, SEF 2018 Kyiv) өтуде. Осы жиынға 35 астам елдердің шамамен 500 өкілдері қатысуда. 80 астам мамандар баяндамаларын оқиды, 100-ге жуық компаниялар өз жетістіктерін көрсетуде. Бұндай шараның шеңберінде, «Әлем жел энергетикасы қауымдастығы»-ның Бас хатшысы Стефан Ксангер (Stefan Gsänger) бізге сұхбат берді. Неміс қайраткерінің жауаптарына назар аударайық. Тұрақты энергетикада Қазақстанның мүмкіншіліктері туралы: күн, жел энергетикасында. Мысалы, еліміздің оңтүстік-шығысында таулы аймағы Жоңғар Қақпасы жел энергетикасы үшін өте тиімді. Осы тақырып жайында сіздің пікірлеріңіз қандай? Қазақстан жел энергетикасының болашағы – зор! Теориялық түрде, еліңіз бүткіл әлемді жел

  • Қазақ әліпбиін латынға ауыстыру мәселесі қытайдың назарын аударып жатыр.

    Қазақ әліпбиін латынға ауыстыру мәселесі бүгінгі күні қытайдың назарын аударып жатыр. Қытай Қазақстандағы барлық ақпараттық жаңалықты қадағалап отыратынын ескерсек білдей мемлекет құрушы ұлттың әліпби ауыстыруын назардан тыс қалдырмасы анық. Және ол тек қаріп ауыстыру мәселесі емес, тілдік реформа деп отыр. Қош, енді мына қызықты қараңыз! Қазақстанда латын әліпбиі мәселесі 90-жылдары қазақ тілтанушы ғалымдары (Академик Ә.Қайдаров) жағынан ауызға алынғаны рас, дәл сол тұста қытай бұл ақпаратты жабық күйде талқыға салды, өйткені 90-жылдары қытайда ЕКІ МЫҢнан астам таза қазақ мектебі және Құлжада қазақ университеті, Күйтінде қазақ институты сонымен қатар Алтай, Шәуешек, Санжыда қазақ тілінде білім беретін педегогикалық жоғары білім беру орындары бар-ды және барлық қазақ мектебі, колледж, университет қазақша іс-қағаз қолданатын, қазақ

  • Қытайдың саяси жүйесіндегі саяси командалық топтар мен тұлғалар

    Қытайдың саяси жүйесіндегі жік-жікке бөлінген саяси командалық топтар мен тұлғалар қытайдағы барлық жағдайға тіке ықпал жасайтын басты себеп екені қаймана жұртқа анық. Саяси команда мен олигархтар арасындағы астыртын бақастық пен күрес керек десеңіз ең төменгі атқарушы билікке дейін көрініс беріп жатады. Әр команда өз жақын жақтасының көп әрі білікті, сенімді болуын қалайды. Сонымен бірге қытайдың саяси билікте жік-жікке бөлініп бақас болуының тағы бір себебі- байлық пен билік арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы себеп болып отыр. Қытайда ұлттық капитализм еркін даму жолына түскісі келеді, ал көне сүрдек коммунист билік шет-шетін ернеулеп, ұлттық капитализмнің ағытылып жүгенсіз кетуінен бек қатты алаңдайды және тежеп отырады. Алда жалда капитализмның басы ноқтаға симаса, ол- кәртең коммунисттерді биліктен аластайтыны

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: