|  |  | 

Тарих Тұлғалар

Керей мемлекетінің билеушісі Тоғрыл ханның Шыңғыс ханды тарих сахнасына көтеруі туралы тарихи мағлұматтар

Tugirilhan

Тоғрыл зан Шыңғыс ханның әкесі Есугеймен анда болған Керей
мемлекетінің ұлы билеушісі. Марқұз Бұйрық ханның бес ұлының бірі.
Шамамен 1130 -1203 жылдар аралығында өмір сүрген. Хандық билік құрған
жылдары 1168 – 1203 ж.ж. Тоғрыл хан билік құрған жылдары Керей
мемлекеті ұлы Монғол үстіртіндегі сайын далада өзіндің саяси бағыт бағдар
ұстанған және Еуразия құрлығына аты жайылған іргелі елге айналды. Орта
ғвсырлардағы тарихшыларының жазба деректері бойынша сол кезде Керей
мемлекетінің халық саны оған бағынышты рулар мен тайпаларды қосқанда
тоғыз жүз мыңға дейін жеткен. Енді бір тарихи құжаттарда екі жүз мың жан
болған деп жазылады. Олар ақылды хандарының арқасында алтын шатыр
тіктіріп, алтын кеседен су ішкені жайында тамсана жазды. Сол заманда өте
қуатты әскери саяси күшке айналған Керей ұлысы мемлекеттік сипатқа ие
болып қазіргі Монғолияның астанасы Улан Баторға таяу жердегі
Қарақорымға ордасын тікті. Керей ұлысында белгілі бір шекара болмаса да,
ордасының тігілген орыны, қысқы қыстаулары, жаз шыға мал жаятын
жайылымдары болды. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен аңшылық,
саятшылық болды. Сонымен қатар қол ұстасы мен ағаштан бұйымдар жасау
щеберлігі де дамыды. Сол заманнан бері қазақ арасында «Керейде ұл туса,
ағашқа күн туады» деген аталы сөз қалды. Билікке келген Тоғрыл ханды
туыстарының арасындағы араздықты пайдаланған туған ағасы Еркеқара
наймандардың берген әскери көмегіне сүйеніп тақтан тайдырды. Бірақ арада
көп өтпей Тоғрыл хан монғол қолбасшысы Шыңғыс ханның әкесі Есугейдің
көмегімен хандық билікті қайтадан қолына алды. Одан көп ұзамай әкесінің
інісі Гүр хан екі арадағы тайпалық жанжалға араласып Қарауыл Қыпшақ
деген жерде Тоғрыл ханды шауып билікті тартып алды. Бұл жолы қашып
құтылған оған тағы да монғол ханы Есугей көмекке келіп қол ұшын берді.
Тоғрыл ханның иелігіндегі Керей тайпасы күшейген кезде моңғолдың
Бөржігін руының басшысы Есугей батыр өліп, елі үлкен күйзеліске
ұшырады. Оның артында жетім қалған ұлдары өз туыстарынан қатты қысым
көріп, сатқындықтың дәмін татты. Есугейдің үлкен ұлы Темучин осы кезде
әкесінің андасы (досы) болған Тоғрыл ханды іздеп тапты. Тұғырыл хан бұл
кезде кеңбайтақ ұлы даланың тең жарымын уысында ұстап отырған керей
жұртының ұлы әміршісі болатын. Ол Тоғрыл ханға әкесінің орынына өкіл әке
болуды сұрап, сыйға бұлғын ішікті берді. Тоғрыл хан келісімін беріп, осыдан
кейін Шыңғысханның даланың дара билеушілері арасындағы тартыста саяси
сахнаға көтерілуіне мұрындық болды. Әкесінің орнына әке болуға серт
берген Тұғырыл хан өзінің басывна күн туғанда көмегін аямаған Есугей
досының баласы Темучинге:
Мынау бұлғын ішіктің,
Қолқасына жарармын.
Бытыраған еліңнің,

Басын қоса алармвн.
Қара бұлғын ішіктің,
Қарымжысын қайтарам.
Тозып жүрген еліңді
Тұтастырам қайтадан – деп адал досының аруағының алдында даланың
көкжалына сай келетіндей лайықты ант берді.
- Саспа балам, әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің
ұлым Сенгүн ішімнен шыққан ұлым болса, сен сыртымнан шыққан ұлым
емессің бе. Қайда ол Меркіттер? Сақалдарынан сүйреп сабаларына түсірейін
– деп бүкіл керей ұлысындағы қару ұстауға жарайтын сарбаздарын атқа
қондырып Темучиннің әкесі Есугейдің қара шаңырағын қайтадан қалпына
келтірген екен.
Бұл кезде Шыңғысханның қоңырат тайпасынан шыққан қалыңдығы
Бөртені меркіттер ұрлап әкеткен еді. Есугейдей досының ұлын жауының
табасына тастауды хощ көрмеген Тоғрыл хан 1179 жылы салжуид
тайпасының көсемі Жамұқамен бірігіп меркіттерге орасан зор соққы берді.
Осы жойқын шабуылдың нәтижесінде жеңіске жетіп Шыңғысханға
қалыңдығы Бөртені қайтарып берді және шашылып кеткен елін қолына жиып
берді. Бұл оқиға Тоғырыл хан мен Темучиннің арасындағы достықты одан
әрі нығайта түсті. Темучин 1189 жылы шашырап кеткен елінің басын қосып
Бөржігін әулетінің ханы болып сайланғанда Тоғрыл хан оны
қолдаушылардың бірі болып, ақ тілегін айтып, ақ батасын берді. Осы
уақыттан бастап Тоғрыл ханның қолдауына ие болып, оның қалың жұртына
арқа сүйеген Шыңғысханның тасы өрге қарай домалай берді. Бұд мәселе
төңірегінде моңғол, қытай және араб тарихшылары өздерінің жазба
деректерінде шынайы бағасын бергені анық айтылған.
Аталмыш оқиға жөнінде монғолдың «Алтын шежіресі» мен «Құпия
шежіресінде» толық баяндалады. Араб тарихшысы Рашид-ад-диннің тарихи
шығармаларында да осы жөнінде деректер мен мағлұматтар бар. Оқиға 1180
жылы болған. Бұдан бөлек Рашид–ад-диннің айтуынша: ежелгі заманнан
бастап керей хандығы халқының көптігімен, әскерінің қуатымен және
хандарының атақ даңқымен мәшһүр болды делінген. Моңғол империясының
тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын
тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем
беріп, демеу болған да осы Тұғырыл хан дейді.
Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыс ханннан 32 жас үлкен.
Есугейдің серт байласқан досы. Есугейдің атасы Амбағайды, Тұғырылдың
атасы Марқұзды татарлар мен жүржендер ұстап алып Алтын елі патшасының
қолына тапсырған. Алтын патшасы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген.
Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақыз Бұйрық пен Есугейдің атасы
Қабыл айнымас дос болған адамдар.
1198 жылы Тоғрыл хан Темучинмен бірігіп шүршіттерге аттанды да,
сайын даланы мекендеген іргелі тайпа татарларға күйрете соққы беріп
жеңіске жетті. Осы көрсеткен еңбегін ескеріп шүршіт билнушісі оған Ван
хан, яғни «Ұлыс билеушісі» деген атақ берді. Осы кезден бастап оның

даңқты есімі батыс Еуропаға дейін жайыла бастады. Тоғрыл хан мен
Темучин 1201 жылы салжуид көсемі Жамұқа бастаған Алақай Бұлақ одағына
соққы берді. 1203 жылы тағы да Темучинмен одақтасып найман ханы
Бұйрықты тізе бүктірді. Тоғрыл ханның Нилқа Сәнкүм және Ұйқы атты екі
ұлы болған. Сәнкүм Темучинді өзінен кем санаған. Оның соңы бітіспес
жаулыққа ұласты да, Темучинді өлтіруге әрекет жасады. Салжуид көсемі
Жамұқаның ортаға түсіп арандатуымен бұл оқиға мүлдем шиеленісіп кетті.
Осыдан кейін Темучин алапат соғысқа мықтап дайындалды да 1203 жылы
ақтық шайқасқа шықты. Осы шайқаста керейлер ойсырай жеңіліп тарих
сахнасындағы айшықты орынынан айрыла бастады. Керейлердің жеңілген
қолын Темучин өзіне қосып алды. Жеңілістің ащы жәмін татып, Темучиннан
қашқан Тоғырыл хан баласы Сәмкүнмен бірге найман жеріне қашып бара
жатқан жолда шекара күзетшілерінің қолына түсіп қаза тапты. Оның басын
кесіп найманның Даян ханына әкелді. Оның Тоғрыл хан екендігін таныған
Даян хан мынадай жоқтау айтқан екен:
Уа, Тоғрыл хан, Тоғрыл хан,
Айбатты алып хан едің.
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің.
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің.
Дүйім найман жұрты аза тұтып жылап жатса әлгі бас ыржыңдап күліп
тұғырынан ыршып түсіпті. Даян хан мұны жамандыққа жорыпты. Ақыры ол
шындыққа айналып найман хандығы да Темучиннен жеңіліп тарихи аренадан
жоғалып керей мемлекетінің жолын құшты. Тұғырыл ханның Сәнкүннен
басқа сібірдегі қазақтар Үкі хан атаған Ұйқы, ал, қытай дерегінде Ойху деген
баласынан Тайбұға, Тайшық есімді балалары болған. Осы Тайбұға Шыңғыс
ханның алдына келіп бас иеді. Бір кезде Тұғырыл ханның өзіне жасаған
жақсылығының қарымтасы ретінде Шыңғыс хан оған бүтіндей Сібір жеріне
иелік етіп, жеке хандығын құруға рұқсатын береді. Осыдан кейін сібірде
негізгі халқы керей руларынан құрылған Тайбұға жұрты немесе Сібір жұрты
(орысша Сибирь юрт) ұзақ жылдар бойы өз алдына жеке хандық құрды. Сол
замандағы Керейдің атақты тарихи ұлғасы Көкеш бақсының Шыңғыс ханға
арнаған толғауындағы:
Тәңірден суат алдың,
Тұғырылдан қуат алды.
Найманнан хатшы алдың,
Керейден бақсы алдың.
Қоңыраттан ақыл алдың,
Жалайырдан батыр алдың,
Меркіттен қатын алдың – деген сөзінің түпкі астарында сол замандағы
әлі сыры ашылмаған тарихтың алтын парақтары күні бүгінге дейін барлық
құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Көне тарихтың қойнауына үңілетін болсақ
Тұғырыл ханның немересі Тайбұға әулеттері де ұлан ғайыр Сібір өлкесіне
билігін жүргізді. Шыңғыс ханнан ұлдарына мұра болып қалған Алтын орда

мен Ақ орданың арасында өзінің дербес мемлекеттік саясатын жүргізді.
Шыңғыс ұрпақтарының өзара бақталастығы мен жауласуы салдарынан
Алтын орданың да ірге тасы қопарылып, шаңырағы шайқалып құрдымға кете
бастады. Осындай алмағайып заманда Тайбұға әулеттері жаңадан күш ала
бастаған Мәскеу кінәздігімен елшілік байланыс орнатып, екеу ара ымыраға
келе бастады. Олар ұсынған салықты да төлеуден бас тартпады. Бірақ та
олардың да болашағы бұлыңғыр еді.
1563 жылы Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдан тарайтын Шайбан
тұқымы Көшім Мұртазаұлы қазақ даласынан келген қалың қолмен Қасым
ұлдары Жәдігер мен Бекболатты тақтан тайдырып Сібірге ширек ғасырдай
билігін жүргізді. Шыңғыс әулетімен және Тоғырыл ханның ұрпағы Тайбұға
әулеттерімен арада болған талас пен тартыстың салдарынан Сібір хандығы да
күйреп, біржола тарих сахнасынан жоғалды. Бір заманда өздеріне бас иіп,
етіктерінің табанын жалаған Мәскеу кінәздарының қанды шеңгеліне түсті.
Сібірді мекендеген қазақ рулары Еңсегей бойлы ер Есімнің тұсында қазақ
хандығының құрамна кірді. Көшім ханның ұлдары Әли, Есім, Қанай
сұлтандар, немерелері Әбілкерей, Дәулеткерейлер іргесі шайқалған
хандықты қайтадан қалпына келтіру үшін орыс отаршыларымен қаншама
текетірес қарсылық көрсетсе де Тайбұға жұрты атанған Сібір хандығының
түтітінін түзулеп шығара алмады. Өз заманында үш түмен қолды жинап, кез
келген сыртқы жауға тойтарыс бере алатын хандықтың жұқанасы да
қалмады. Сол кездегі орыс деректерінде, Ремезов, Стоганов, Есипов
жылнамаларында Сібір хандығында жүз елу мыңдай адам болған екен.
Тайбұға әулеттері билік құрған кезеңде Еділ мен Жайық өзендерінің
аңғарында құрылған Түмен хандығы да жойылды. Бүгінде бұл жерлер Ресей
Федерациясының құрамындағы Астрахань, Орынбор, Челябі, Түмен, Қорған,
Омбы, Новосибирск (Құлынды даласы) облыстарының аумағы және Алтай
өлкесінің солтүстік бөлігі. Тоғрыл ханның немересі Тайбұғадан тараған
ұрпақтар бүгінде өздеріне қан жағынан да, салт-дәстүр жағынан да әлдеқайда
жақын және мемлекеттің негізгі тірегі болған керей руларының арасына
сіңісіп кетті.
Әнел Шалқарбек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
аға оқытушысы.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» деректі тарихи хикаясы
2 Мұхтар Мағауини Рашид-ад-дин «Уақиғалар жылнамасы»
3 Шалқарбек Кәрібай, Сібір хандығы немесе Тайбұға әулеттерінің
өркендеуі және күйреуі.

Related Articles

  • Шарқи Түркістан Респубиликасының тарқауы туралы

    1944- жылдың қараша айында Құлжа қаласында құрылған Шарқи Түркістан респубиликасы 1946- жылға келгенде үкіметтің ресми түрде тарағанын және бұдан былай Шыңжаң өлкесімен біріккен коалициялы үкімет құрмақ ниетін білдіре отырып, уақытша үкіметтің орган газеті “Азат Шарқи Түркістанда” арнайы мақала жариялаған-ды. Небәрі бір жарым жыл өмір сүрген Құлжадағы Шарқи Түркістан үкіметі, 1946- шы жылға келгенде ресми тоқтады. 1944- жылдың қараша айында уақытша үкімет жария етілген соң, үкіметтің орган газеті “Азат Шарқи Түркістан” деп аталды. Газет ұйғыр, қазақ, орыс, моңғол және қытай тілінде жарық көрді. Газеттің қазақша бөлімінде Бұқара ТЫШҚАНБАЕВ, Құрманалы ОСПАНҰЛЫ басшылық етті және газеттің редакция құрамында Әуесқан НАРЫНБАЙҰЛЫ, Рахметолла ӘПШЕҰЛЫ, Құрманбай ТОЛЫБАЙҰЛЫ, Әбдібек, Аладияр, Асанбай, Сырайыл, Қали қатарлы кісілер редактор, аудармашы,

  • Англияның Жоңғария қазақтарына озық соғыс қаруларын беруге талпынуы

    Қашқардағы Англия консулы  Англияның Қашқариядағы консуль қызметі 1881- жылдан кейін бастау алады. Англияның түпкі мақсаты Цин империясының солтүстік-батыс аймағы мен Түркістан (орталық азия) даласына өз ықпалын жүргізу еді. Бірақ, бұл тұста патшалық ресейдің де аймақтағы саяси ықпал күшін ескермеу мүмкін емес еді. Патшалық ресейдің әу бастағы мақсаты Түркістан аймағын ендей өтіп Үндістан арқылы телегей теңіз жолына шығу еді. Бірақ, Түркістан даласындағы Түркі хандықтары (Қазақ, тб) бұл мақсатты жүз жылдап кешіктіріп жатты. Ресей енді Түркістан даласын қиыр шығыстан айналып өтіп Қашқария арқылы Үндістанға ұласуды көздеді. Бірақ, ол тұста Қашқария мүлде жабық әлем еді. Дейтұрғанмен де жабық әлемнің түстік қапталынан Англия империясы да келіп үлгірді. Сосын не керек, бұл аймақ Ресен-Англия империясының

  • ӨЛКЕ ТАРИХЫ

    Минго жылнамасының 37- жылы 1-қаңтарда жарық көрген. (біздің жылнама бойынша, 1-қаңтар, 1948.ж) Кітап авторы: Полат Қадіри Кітапты шығарушы баспа: “Алтай” баспа үйі Полат Қадіри (Болат Қадір) 1919-жылы Шыңжаң өлкесі Құтыби ауданында дүниеге келген. 1949-жылы Үндістанға, 1957-жылы Түркияға қоныс аударған. 1940-жылы Шыңжаң институтының (қазіргі Шыңжаң унивеситеті) тіл-әдебиет бөлімін бітірген. 1940-1941-1945 жылдары өлкелік үкіметтің орган газеті “Шыңжаң газетінің” ұйғыр-қазақ бөлімдерінде жұмыс істеген. 1944-жылдың көктемінде қамауға алынған, 1945-жылы “Хан Тәңірі” журналында, 1946-1949 жылдар арасында “Алтай” баспа үйінде, 1947-1948 жылдары “Шыңжаң газетінің” ұйғыр-қазақ бөлімдерінде және 1947-1949 жылдары “Алтай” баспа үйі жағынан шығарылған “Ерік” газетінде жұмыс істеген. “Өлке тарихы” кітабы екі бөлімнен тұрады: Бірінші бөлімде, Шыңжаң өлкесінің ерте заманғы тарихы, шаруашылығы, мәдениеті, түркілердің тарихы, наным-сенімі

  • Шынайы тарих қайда?

    ҚАЗАҚ ТАРИХЫ БҰРЫНҒЫ КОММУНИСТІК ИДЕОЛОГИЯ САЛҚЫНЫНАН АРЫЛДЫ МА? “АЛТЫН ОРДАНЫҢ” ҚҰРЫЛҒАНЫНА 750 ЖЫЛ МА? ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТТЕРІ НЕНІ ОҚЫТАДЫ ? ҰЛТТЫҚ КӨЗҚАРАСТАҒЫ ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ЖАЗЫЛА МА ? ======================= Үнемі көкейден кетпейтін тарихымызға байланысты басты сұрақтар осы. Осыдан шамалы уақыт бұрын “Алтын Орданың 750 жылдығын” атап өтеміз деген сөз естілген. Соған мен таңғалдым. Жошының үлкені Батый 1239- жылы бүкіл Русь княздіктерін, Киевті, Шығыс Еуропаны жаулап алғаннан кейін 1240-жылы Сарайшықта Алтын Орда мемлекетін құрған. Бұл Орыс тарихында да, басқа елдердің тарихында да жазылған, өшпейтін, өзгермейтін тарих. Яғни, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл емес, 780 жыл. Ал, Жошы ханға келетін болсақ, ол Қазақ тарихының басында тұрған үлы Хан. Олай дейтін себебіміз 1219-1220- жылы Сырдариядан

  • Жапонияға жазылған хат

    Eldes Orda Бұл кісінің аты Мақмұт Мұхиди. Шыңжаң өлкесінің Тұрпан аймағында туған. Ағайынды төрт Мұхиди болыпты. Ағасы Мақсұт Мұхиди жаңашыл зиялы кісі. Тұрпанда жәдиттік бағытта ағартушылықпен айналысқан. Мақмұт бала кезінде ағасы ашқан жәдиттік жүйемен біліп алыпты, кейін сауда байланысымен Үрімжі, Шәуешек, Семей, Ташкен және Мәскеу, Петербур қалаларын аралапты. 20- ғасыр басындағы Алаш қозғалысы мен Түркістандық қозғалыс көп ықпал етсе керек, кейін Тұрпанға келген бетте ұлттық рухани құндылықтардың жандануына барынша еңбек етіпті. Соңыра 1931- жылы Қожанияз көтерілісіне белсенді атсалысып, көтерілістің Тұрпандағы ұлт лидеріне айналды. Дұңған Ма Жунгин армиясы мен Қожанияз арасы бүлінген соң өз әскерін бастап Аты Шаһарға аттанған және Қашқар қаласында құрылған ұлттық респубиликаның бас қоманданы болған. Қожанияз өлкелік үкімет

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: