|  | 

Саясат

Қазақстан үкіметіндегі ауыс-түйіс билік ауысуының басы ма?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп отырған Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп отырған Бақытжан Сағынтаев.

Орталық Азия (ОА) елдерінің билігі әдетте көп нәрсені жасырады. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Самарқанға барып, дүние салған өзбек әріптесі Ислам Каримовтің рухына тағзым еткенде де сол жағдай байқалды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримов бейітінің басында жалғызсырап тұрды. Ол екеуінің 30 жылдан астам түрлі кезеңдерді бірге өткергенін айтып, эмоциясын жасырмады.

Каримовтің о дүниелік болғанын түйсінген Назарбаев өз басының және саяси мансабының ақыры таяғанын сезбей ме, ондай күнге әзірленбей ме? Каримов отбасының қайғысы, әкесін жерлеуге қатыса алмаған Гүлнараның жағдайы Назарбаевты ойландырмай қоя ма?

ЖАҢА ҮКІМЕТТІҢ МІНДЕТІ ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР

Бизнестері ашық жарияланбайтын авторитарлық элиталардың аймақтағы саясатына болжау жасауға болар, бірақ ОА елдеріндегі биліктің ішкі ойын түсіну қиын.

Мұндай елдерде биліктің қандай жолмен ауысатынын да ешкім білмейді. Сондықтан, Қазақстанда жақында болған өзгерістер түрлі ойға жетелейді.

Өзбекстан элитасы Каримовтен кейінгі кезеңге өтіп жатыр, ал Қазақстан үкіметі ел экономикасын дағдарыстан алып шығу керек деген уәжбен кейінгі күндері кадрларды ауыстырды.

Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болды, ал бұрынғы премьер Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) басшысы қызметіне барды.

Биліктің жоғарғы сатыларында ұзақ уақыт келе жатқан Иманғали Тасмағамбетов премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Сенат депутаты болып жоғарылады. Бұдан басқа көптеген кадрлық ауыс-түйістер жасалды. Кейінгі жылдары мұндай кадрлық тұрақсыздық үйреншікті жағдайға айналған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева.

Қыркүйектің 8-і мен 13-і күндері Қазақстан үкіметінде болған өзгерістер уақытша деп ойлаймыз. Алдағы бірнеше айда президент өз еркімен отставкаға кетсе, осы жаңа үкімет билікті қолда ұстай тұрады.

Үкіметтегі ауыс-түйістерді спекуляция санауға да болар еді, бірақ негізгі себептерді саралай келе осы жолғы тағайындаулар басқалардан өзгерек деген ой туады. Соның ішіндегі негізгі себеп – уақытты есептеу. Ислам Каримовті жерлеу мен Сағынтаевты премьер етіп тағайындау арасында екі аптадай өтті.

Сағынтаевты үкіметке әкелу үшін бір жылдай дайындық жұмыстары жасалды: бұл кезеңнің Каримовтен кейін Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан билігін қолына алған уақытына сай келуі бекер емес. Мұны жаңа кезеңнің басы деп қарасақ болады.

Назарбаев «жаңа лидерлер дәуірі» деген тіркесті босқа қолданбаса керек. Мұнымен Өзбекстанда Мирзияев режимі басталғанын және Қазақстандағы жаңа үкіметті меңзесе керек. Самарқанға барғанда биліктен кетер уақыты таяғанын сезген Назарбаев соңғы бір немесе бір жарым жылда әзірлеген шешімдерін іске асыра бастаған сияқты. Дариға Назарбаеваны сенатқа тағайындау сол шешімнің бір бөлігі болса керек.

ІЗБАСАРЫ КІМ?

Постсоветтік Орталық Азияның авторитарлық тәжірибесінде кездейсоқ жағдайлар сирек кездеседі. Зерттеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдары еуразиялық саясат туралы пікір таластыра келе аймақ басшылары бір-бірінің авторитарлық ережесін қайталайды деген тұжырымға келді.

Иманғали Тасмағамбетов.

Иманғали Тасмағамбетов.

Демек, режим өкілдері билік жүргізу технологияларының қысқа мерзімдік немесе уақытша тәсілдерін де қолданады. Бұл жолы ел билігін өткізіп беру тәрізді ең маңызды мәселе шешілетін сияқты. Осыдан келіп Қазақстандағы тағайындаулардың екінші себебі шығады. Өзбекстандағы биліктің алдын ала ұйымдастырылған үлгіге сай берілгенін көрдік.

Бұл үлгі Қазақстанда қандай нәтиже береді? Бірқатар БАҚ жазғандай, осы әдіс «тұңғыш президент» кеткеннен кейінгі жағдайға бой үйрету үшін тиімді. Алдын ала келісім бойынша билікті бере тұру – режимді сақтап қалудың бір жолы. Өтпелі үкімет тағайындау – болашақта болатын биліктегі өзгерістерді іске асыруға оңтайлы әдіс.

Каримовтен кейінгі Өзбекстанда ел ішінде беделі бар Мирзияев президент болатыны айтылады, бірақ оның артында «сұр кардинал» Рустам Иноятов тұр. Сол сияқты Қазақстанда да этникалық жағынан мінсіз Сағынтаев премьер болса, ол ҰҚК басшысы Мәсімов арқылы ықпалын күшейте алады.

Ұлттық көңіл-күйді ескере отырып өтпелі үкімет құру Өзбекстандағы билік ауысуы мен Қазақстандағы үкімет алмасуынан байқалып отыр. 2006-2007 жылдары Ниязовтан соң Түркіменстан билігіне Бердімұхаммедов келерде де осындай жағдай болды.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ

Халыққа сүйкімді көрінетін саясаткерді тасада жүретін, бірақ ықпалы күшті тұлғамен нығайтып, билікке тағайындау постсоветтік президенттердің бірінші буынына тән шешім сияқты. Қазақстандағы тағайындаулардың ерекшелігі жаңа басшылардың өмірбаяны, олардың билікке келу жағдайлары мен басқа да көптеген себептерге тіреледі. Қыркүйекте болған өзгерістердің ішінде Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі ауысқаны таңғалдырады.

Бақытжан Сағынтаевтың премьер-министр болғанына аса қайран қалудың керегі жоқ. 2016 жыл бойы қазақстандық БАҚ вице-премьер Сағынтаев туралы көп жазды. Ол Қазақстандағы экономикалық жағдайдың нашарлауы туралы үкіметте жиі бастама көтерді.

Қытаймен сауда қатынастарын жақсарта түсу, Ресейді айналып өтіп, Украинамен сауданы қалпына келтіру үшін «Транскаспий» дәлізін жаңғырту, Қырғызстан мен Тәжікстанға көмектесу, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа Каспий портын салу және басқа да мәселелерді айтып көзге түсті.

Сағынтаевтың саяси өміріне шолу жасаған баспасөздер көп саладан хабардар екенін сипаттайды. Сағынтаев «Лукойл-Нефтегазстрой» жобасы директорының орынбасары болды және «Қазатомпром» мемлекеттік атом компаниясының директорлар кеңесіне кіреді. Қазақстанның солтүстігіндегі Павлодар облысына әкім болғаны, өңірлік даму министрі болғаны және бар. Назарбаев басқаратын биліктегі «Нұр Отан» партиясының мүшесі және партия төрағасының орынбасары.

2016 жылдың мамырында жаңа жер кодексі ел ішінде наразылық тудырды. Сырт қарағанда бейбіт көрінетін Қазақстан қоғамындағы тұрақсыздық осы кезде байқалды. Осы дауға қатысты құрылған арнайы мекеме – Жер комиссиясын Бақытжан Сағынтаев басқарды.

Қазақстанның тәуелсіз тарихындағы ең бір шиеленісті кезеңде режим атынан жауап беру сеніп тапсырылған Сағынтаевтың Назарбаев дәуіріндегі элитаның негізгі мүшесі екені көрінді. Осыдан-ақ Сағынтаевтың премьер сайлануы заңды құбылыс саналады.

Оның әйелі Ғалия 1980-жылдары жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеунік Қаратай Тұрысовтың қызы. Сол жылдары Тұрысов Назарбаевтың ақылшысы болды. Тәуелсіздік алған соң Назарбаев Тұрысовты марапаттап, туризм және спорт министрі (1991-1993) және Орталық сайлау комиссиясының төрағасы (1993-1995) етіп сайлады.

КӘРІМ МӘСІМОВ

Кәрім Мәсімов премьер-министр қызметінен кетіп, Қазақстан ҰҚК басшысы болды. Мәсімов советтік кезеңде де қауіпсіздік комитетінде істеген, тәуелсіздіктен соң да қызмет етті, сондықтан оны бұрынғы кәсібіне қайта оралды деуге де болады.

Қазіргі Қазақстан ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов.

Қазіргі Қазақстан ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов.

Мәсімовтің бірінші орынбасары Самат Әбіш Сатыбалдыұлы – Назарбаевтың немере інісі. Бірақ ҰҚК күнделікті іс-әрекетін бұрынғы басшысы Жұмаханов жүргізеді деген ақпарат бар. Ал Назарбаевқа ұзақ мерзім адал қызмет еткен Мәсімов элита аралық қақтығыстарды болдырмау үшін осы міндетке тағайындалды деген болжамдар айтылып жатыр.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА

Қыркүйектің 13-і күні Дариға Назарбаева сенат депутаты болды. Қазіргі кезде ол Қазақстандағы 47 сенатордың біреуі, бірақ түбінде Сенат спикері болады деген жорамал бар. Президент лауазымдық міндеттерін орындауға жарамай қалса, оның қызметін уақытша атқаратын адам – сенат спикері.

Бірақ Дариға Назарбаева әкесінің орнын басады деушілер аз, дегенмен Назарбаевтан кейінгі Қазақстан билігінде ол жоғары мемлекеттік қызметте қала беруі мүмкін.

БЕРІК ИМАШЕВ

Назарбаев кімнің болашақ президент болғанын қалайды дегенге келсек, Әділет министрінен Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасына айналған Берік Имашев – назар аударуға тұрарлық тұлға. Әділет министрінің ОСК қызметіне ауысуы Қазақстан үшін бірінші рет емес. 2005 жылы Зағипа Балиева ОСК-ден Әділет министрлігіне ауысқанда Оңалсын Жұмабеков осы лауазымды иеленген болатын.

Имашевтің қызы Аида Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиевке тұрмысқа шыққан. Деректерге сенсек, Дариға Назарбаева олардың үйлену тойына бармаған.

Бұрын ОСК жетекшісін ауыстыру үкіметтегі үлкен ауыс-түйістің бір бөлігі болған емес. Оның үстіне, Қазақстандағы келесі президент сайлауы 2020 жылы өтеді деп белгіленген.

Гейдар Әлиев, Сапармұрат Ниязов және Ислам Каримов тәрізді Назарбаев та ажалы жеткенше билікте қалады дейтіндер көп. Дегенмен, Назарбаев қызметінен өз еркімен кеткен күннің өзінде айтарлықтай билігі мен ықпалы болатынын айтуымыз керек.

2000 және 2010 жылдары Қазақстан конституциясына енгізілген «Тұңғыш президенттің» құқықтары туралы өзгерістер Назарбаевқа отставкаға кетсе де билікке ықпал ету мүмкіндігін береді.

НАЗАРБАЕВ ӨЗ ЕРКІМЕН БИЛІКТЕН КЕТСЕ…

«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – ұлт көшбасшысы» заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сай, Назарбаев Қазақстан халқына, парламентіне, үкіметтік мекемелер мен лауазымды тұлғаларға «мемлекеттік құрылым, ішкі және сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік» туралы үндеу жасай алады және елдегі конституциялық кеңес пен қауіпсіздік кеңесі мүшесі болады.

Бұған қоса, тіл тигізу мен тексеруден, қылмыстық қудалаудан қорғайтын көптеген кепілдіктері бар. Назарбаев «Қазақстан Республикасы президенті өкілеттігін атқарған кезде және одан кейінгі іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды».

Одан бөлек, «ұлт басшысы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банк құпиясын сақтау және банк шоттарына тиіспеуге кепілдік берілген».

Президенттің әйтеуір бір күні орнынан кететінін белгілі, өз еркімен қызметінен бас тарта қалған жағдайда бірден, олай кетпеген жағдайда болжалды түрде оның орнына келетін мұрагері туралы мәселе көтеріледі. Назарбаев өзінен кейін кімнің келетініне алаңдайтынын байқатты.

Назарбаев Қазақстанды экономикалық, әлеуметтік жағынан дамыған 30 елдің санатына енгізетін асқақ мақсаттар қойды. 2020, 2030, кейін тіпті 2050 жылға дейінгі стратегиялар қабылданды.

Назарбаев тұсында Қазақстан энергетикалық ықпалын едәуір күшейтті, астық тасымалдаудан негізгі экспорттаушы және уран өндіруден әлем бойынша жетекші елге айналды. Мұндағы жұрттың өмір сапасы мен орташа табысы Орталық Азиядағы басқа көршілеріне қарағанда айтарлықтай жақсарды. Нұрсұлтан Назарбаев өзін ұлт әкесі санайды; «ол табысты мемлекет құра білді» дейтіндер де жетерлік.

Бірақ Жаңаөзен оқиғасынан кейін Назарбаевтың елді сәтті басқарып келе жатқанына күмән туды. Қазақстан билігі өктемшіл бола түсті, дағдарыс ел экономикасын нашарлатып кетті, мұнай өндіру азайып, энергия табысы күрт кеміді. Өмір сүру деңгейі төмендеді, Қазақстанның орталық қалалары мен ауылдарындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылық ұлғайып барады. Енді оның саяси мұрасына қауіп төніп тұрғандай.

Каримовтің қазасынан кейінгі эмоционалдық толқу кезеңінде Назарбаев өз еркімен биліктен кетсе, оның елде де, халықаралық деңгейде де беделі артып, тарихта жақсы аты қалар еді. Қазақстан заңдары бойынша, ол билікті өз қолымен берген күнде де ықпалын сақтайды.

Қазақстандағы өзгерістерге осы тұрғыдан қарасақ және жас элитаның да ықпалы күн санап артып келе жатқанын ескерсек, қыркүйектегі кадрлер алмасуы күнделікті ауыс-түйіске аса көп ұқсамайды.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: