|  | 

Әдеби әлем

ЗӘБІР КӨРСЕҢ, ЗУҚАНЫ ІЗДЕ

mmexport1474631236062

«Торы айғырдың үйірі» дастанынан үзінді 

 

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ

 

САПАР АЛДЫНДАҒЫ СҰХБАТ

…Жайлауға ел жамырап жаңа қонған

көктің исі көмексіз көңілге еніп.

Үйір-үйір шұрқырап оңнан, солдан

жылқы барад тебіндеп өңірге еніп.

 

Бие бауда желіден ағытылған

тырағайлай құйғытып құлын-тайы.

Қайнап жатыр қазанда бағы тұнған

жазғы кештің жасампаз құрылтайы.

 

Бір төбеде түйедей екі тұстас, 

ителінің бұл күнде жас перісі.

Бір-біріне болмысы өте ұқсас, 

ауыз, мұрын, қабағы, бас терісі.

 

Зуха айтады:

– Баркөл деп, бағың сынап, 

жау өтінде жасақсыз жайқаласың.

Шудабай дер:

– Тақ – сынғақ, бағың – бұлғақ, 

сияқты ғой бітпейтін тайталасың.

 

– Жо-жоқ… 

– Солай… солай, ә…

– Табандылық?

– Рас аға, іргемде жауым жақын. 

– Салар бір күн саған да заман құрық.

 

– Оның бетін ары қысын қауымға сын.

 

– Көппен көру… Ұлы той

            көппен көрген,

Тағдыр –

            жазмыш –

                        қазақша өзін арбау.

Бозғылт шашты сияқты бояп өрген,

Бозала таң –

Бейкүнә сезім алдау.

 

– Ажал – арлан әуелі айғырға ауыз

салады екен мен соны байқағаным.

– Қауым – қалың, емес ол, жайбір қауыз

 үсітпейді шымқанса май табанын. 

 

Жолым бұрыс, ал менің дінім дұрыс,

дұрысымды кімге де айта алмын.

Теріс десе ұлықтар Шының, 

Ұрыс!

Қайғысы ғой қазақтың шайқағаным.

 

– Дертсіз дене, болмысқа

                        тән –

                                    сүйеніш,–

дейтін әкем тұғырлы дұрыстығың –

Жатқызбайды кісіні жан сүйген іс, 

атқызбайды киелі кер бұғыны. 

 

– Айланышым құрама бір үйірім: 

шабан, шартық, шаршаған шәлкесі бар.

Байлық деген батырар бір иірім, 

малға масық келеді жан кешті жан.

 

Сағым қуып сандалған дала құмар,

көп малдылық кім-кімнің көксегені.

Ел ғой, шіркін, үйірі ала шұбар, 

күдір мінез көсесі көктегені. 

 

– Пәле тілеп жақыннан басыңызға,

атын сойып неліктен тастадыңыз?

– Тірлік еткен тірнектеп ауласына

тиіспесін деп екінші жасқағаным.

 

Көк тиынға айналып адам құны,

көк сарымсақ, көк жейде белең асты.

Аққан судың болмайды арамдығы, 

адал тауып және де жеген астың.

 

(Сұлу аттың сыпайы қасасындай,

шебер шапқан шүршітте най сәулетті).

– Қажылықтың жолына шашатындай

«қайдан алды,– деп жүр жұрт,– бай-дәулетті?».

 

– Хан қарына, қанына танса тартпай

суайт сөгіп, өсіріп сетер боз жақ.

Ақиқаттың шырайы күйсе нарттай

Ар мен Шынның жолында кетер боздап.

 

Қажылыққа әуелде құлықсыз ем,

қояр емес қолқалап бек, төрелер.

Молда қылу, тұсаулау – ырықсыз ем,

қылықтары құйтырқы ит өрелер.

 

Жылу жиып, жанжақтан бес жүз ұсақ,

пұлға салды бірісі ірі қара.

Ақыл, нәпсі, ар, ұждан, ындын тұсап,

болғызбады Зуқаны жүзі қара.

 

– «Қажылықтың жиғызған жолына арнап

әлгі ұры бар малды жеп қойыпты.

Алла жолы деп алып елін алдап,

етке биыл есерлер бек тойыпты»,– дегені не? 

 

– Естідім, десе десін, 

бір жамалды, ол рас, жалбырларым.

Өзек жалғап, көтеріп меселдесін,

көтеріп мәз, сауаптан жаңғырды арым.

 

 Айтқан жалған деймісің таңдай керім,

«Отырғам жоқ қызылын текке де жеп.

Өз табан ет, өз күшім, маңдай терім, 

апарады көтеріп Меккеге»,– деп.

 

Құба құмның жосыған қоңыр аңы:

Қара құйрық, болмас па

                        құрбан – киік.

Жардың торғын торы түс топырағы,

қан базарда осылар тұрған күйіп.

 

Байлығымен бағалы байтағымның,

барам басқа пұл болар көз көрмедім.

Қайсы бірін тыңдайсың айтағының,

өзі қалып, қаласа өзге өлгенін. 

 

– Естісі бар, бес саусақ бірдей емес.

– А-а, сырдақтың сендағы шетінде ең-ау…

– Бірде асу көрінер бірде белес, 

басты міндет мүддеде, іргеде жау.

 

– Асу – анау алынбас,

Өзің белес –

Міндет – тірлік, күн көріс,

Мүдде – мұрат.

Болмағанда түймедей төзімде ес

қалу мүмкін қайықтан мүлде құлап.

 

Мүйіздіден сондықтан аулақтандым,

жеп қойғысы шайнамай келеді-ақ.

Сөйткен сайын қарланып, аруақтандым,

бел босаса беcті азу кереді жақ.

 

Сен де кеттің сырғақтап, «аш пәледен, 

қаш пәле» деп қиырға, ірге бөліп.

Ұлық жібір ұстатсаң тас пәреден:

бірде көрік, жыртылып бірде бөрік.

 

– Өртеңі өсіп, өңденіп өресі өніп,

өріс кеңіп елімнің төбелі ерді.

Бірін-бірі үлкендер төбе көріп,

төсте өріп, ту тігіп, төбеде өлген.

 

Мал-дәулетін, бөлмеген ат-арқанын,

ақ алмастай қайраты қатал Арға.

Есептеген батар күн, атар таңын,

не айтасыз көне көз Аталарға?

 

–  Ата жолдан айнымас көргенді ұрпақ,

мәйектеніп мақал мен мәтел өрген.

Не айтамыз, Сәбиттен асып тудым,

дей алмаймын асқара әкелерден.

 

Жер өмірден ырзамын жетегіңмен

келгенің де кісілік қоштасуға.

Мұтылмайды болған зат есебімен 

Тізе қосып түскен кез отқа, суға.

 

Кең болғым-ақ қонысты кеп тұрады,

ойым – дала, жеткізбес көкжиегі.

Көкжал тұрмақ замана көк құрағы,

кегежесі кер тартып, кекжиеді.

 

– Күн шығыстан атанып, қол қотарып,

күн түбіне күркіреп жортқан заман,

әдірем қап, қойныңа қолқа салып,

қорғасынмен келді ғой қортқан заман.

 

Айтыңызшы, қай тарап өзгергенін,

қолда мылтық, қорғанар мырыштысыз.

– Желісінде байланған жез керменің,

жерім шалқар, тарылған тынысымыз. 

 

Ертіске еніп, ентелеп егейді еміп,

еркін тірлік кәуірің сүргізбейді.

Қайың сауып, кемірген кедей кемік,

судан шабақ оған да сүзгізбейді.

 

– Ықтай жалдау әл жетпес қалағаның,–

басты арман әділдік бітпейтұғын.

– Есесіне есерсоқ жала қалың, 

бүйідей боп ісініп биттей жұғын.

 

Қарауылға іліндім жақпай қалып, 

қайшы келіп ұлықтың қылығына.

Айналаңа қарашы, жаппай ғаріп, 

дүниенің малтыған былығына.

 

Ас толтырсам ол да айып қазанына, 

азып-тозған жарлы мен батырақтың.

Пайдам тисе, ол – қылмыс қазағыма,

өзі болдым ақыры ақымақтың.

 

– Хүкіметің құлайды жүзі жанбай, 

жақсы менен жаманды айырмаған.

Сайда саны, ал құмда ізі қалмай,

мал далаға кетпес пе қайырмаған.

 

– Ұлықтары сарайын, ұясымен 

алымымен халқының асырайды.

Халық деген ұлы күш, сый-асымен 

құл емес қой билікке басы байлы.

 

– Салық ортақ жалпыға, жала болмақ, 

беріп тұрмыз бәріміз зекет, пітір.

Демейді ешкім келе ғой, ала ғой бақ, 

берді, алдым әзірше бекет шүкір.

 

– Кейде налып ісеген қылығыма, 

кейде өзімді шыныммен жек көремін.

Солай болар сырықты құрығына,

ілінбесең сүресің бек-төренің.

 

Ұзақ ғұмыр жасаған ұстанымның

шақтары бар шалдығып, бұзылатын.

Жала –

айласы жоюдың дұспаныңның, 

дүние ме қу билік қызығатын.

 

Еңкеймейтін қазына басыңызға,

иілмейтін бітеу жон арқа керек.

Өрге қарай ұмтылар тасымыз да,

болса болат, шымыр ой, алқа зерек.

 

Өз билігің шелденіп, мәйектенген,

өзгені де сөзіне иландырар.

Әлін білмей әсіре әлектенген, 

өзін-өзі жәбірлеп, жындандырар.

 

Кеш шешімнен жөн болар тез шешімің,

артын бағып ақсақтың, арыстаным.

Қабылдадым төренің тез кесімін,

жараспас деп жан пида қарысқаным.

 

– Аман жүріп, Ағажан, қош қайтқайсың!

– Көріселік, Шудабай, есендікпен!

Ұлығың мен жарасқан досқа айтқайсың,

жойылды деп Жайырдан кесел күткен…

 

Есінде екен осылай баяғыда

қағыстырып төстерін қоштасқаны.

Сүйенгенше танылмас таяғыңа,

ұзын арқан, кең тұсау, дос қақпаны.

 

АРҒЫ БЕТТЕН АРҒЫНБЕК 

Сөзге құлақ асқанды ұнатады,

алтын түсер «А» десе ақын төкпе.

Сөз тізгінін өзі алған Шудабай би 

енді назар аударды  Арғынбекке: 

 

– Өтті өмірден Алашта Ардың Бегі,

жастық көрмей жасынан жар құлағы.

Апашбайдың ақ тұлпар Арғынбегі,

сөйле сөздің арабы арғымағы.

 

Қиын дейді, естиміз, қызыл дауыл 

тоқтатпапты топырақ, тұрағыңа.

Не күйде екен о жақта аға-бауыр, 

жетіп жатыр жыртық сөз құлағыма?

 

Аянышқа алыстап аңызданған,

берер бір күн Амандық оң бағаны.

Ақық көзден аяусыз ағызған қан,

орыстың да осылар оңбағаны.

 

– Найманның бір,– деді Ақыт,– кеуделісі,

көкейінің маздаған оты мұңда.

Келген еді Арғынбек кеулеп ісі,

орда бұзар керейге отызында. 

 

– Жақсы сөзге, ағайын, жан семірер,

Ақыт аға айтса жөн, қата бар ма?

Жиналған жер керейде паң-перілер,

қызыл сөзде Арғынбек маталар ма?

 

– Олай деме,– деді Би,– жағың күшің,

«Жер – адамның,– депсің ғой,– анасындай»,

Жетті бізге жан езер сағынышың

түңіліктің жабылған азасын-дай.

 

…Кім сағынбас бауыр ет, жерін туған,

Алқабегін, Дерелі, Теректісін,

Желектісін жесір қып елін қуған,

орыс масыл алыпты керектісін.

 

Арғынбектер сар қайрақ сағынышты,

бастаған да ақтаңдақ ақтағандар.

Тағдырлары бас имей бағынышқа

еркіндікті аңсаған ақтабандар!

 

Күңіреніп, күрсініп Жер дегенде,

тұра алады толқымай, шыламай кім.

Көптің күйін қозғады шер-шеменде

мына сөзі шаңия Шудабайдың.

 

Туған жерден тұрлаусыз ажал айдап, 

көкірегіне көк шегір шер байланып. 

Босқанда ел «Елім-ай», «Ағажай»-лап,

сағыныштар – сары өзен әнге айналған.

 

Кер заманға кез болып, кекірекке,

қажыса да қажырдың үгіп түгін.

Жұт қонақтап көшсе де Көкірекке, 

туған елге жалғаған үміт жібін.  

 

Көзден ұшқан көбелек, құсы-дағы, 

белге жетіп, қалықтап, бөгелетін.

Сағынышын сақтаған құтыдағы, 

Ертіс алып батысқа жөнелетін.

 

Тоқымына сап-сары сарық ішін, 

торсылдатып танаудан тамызған-ды.

Ертіске сап еселеп сағынышын,

елге жет деп есен-сау ағызған-ды. 

 

Сағыныштар айналып сар сүзекке,

құсалықтан талай ор қазылған-ды.

Өт-бауыры жарыла жаздап барып

Арғынбек те зәр ішіп жазылған-ды.

 

Оралғанда көктемде тағы құстар,

оранғанда қырмызы қыр сағымға.

Оянатын бақ-бақбақ сағыныштар, 

отау тігіп, ою сап құм, шағылға.

 

Кірен-сызық – қасырет, қарғып өткен

жанарына жазылмас жабысқан мұң.

Асқандарды азаппен арғы беттен,

паналатып туыстай табысқан кім?

 

– Бай таланып кедейіп, жатыр дейме 

ер, әйелді пәлекет теңестіріп. 

Сонда олар еркекті қатын дейме, 

айта отыр ел-жұртқа кеңес қылып.

 

Шетте отырған жеңілтек, тілді-ауызды

әлгі сөзді лып етіп, іліп алып.

Тілі сондай уытты, зілді ауыр-ды,

былай деді, сөз бөліп, киіп-жарып:

 

– Еркектері түйеше тұрған кейпі,

дәрет алмай, түрегеп сиед дейді.

Тоқалдары байлардың өзі сүйген,

жарын тауып, қаласа тиед дейді. 

 

Мұнысы нақ ойлаңыз, кесір анық.

Оу, құдай-ау, осыған таңғалам ба?

Еркектікін жартылай кесіп алып,

қатындарға ұзартып жалғаған ба?

 

– Тәйт!– деп қалды әлде кім,– қылжақтама, 

ер-әйелдің ол айтса еркін айтад.

– Қайдан білем, арзандап қымбат баға,

есек дәме бізге де тиер деген. 

 

– Сөйле десең ал сөйлеп көрейін мен,

ішімнен өрт Сөз қысып қоздағаны.

Арғынбектің шыққан сөз көмейінен, 

қыл қобыздың сияқты боздағаны.

 

– Рас,– деді Арғынбек,– бәрі рас, 

ел құлағы естіген елу деген.

Басталыпты болшабек пәле лас – 

үлкен шеру ескіден жеру деген.

 

Шындық сөзді бұруға, қақым бар ма?

Қаспақ кетпес қазандар қаңсып қалған. 

Өңі түзу, ақ білек қатындарға, 

қызыл әскер жағалы – хан сұқтанған.

 

Айыр таудың ақ иық қос шынары,

жырым-жырым орылған жақтаулығы.

Қаңыраған қора мен қопсылары,

аңыраған айдалып ақ саулығы. 

 

Мұжық, бұзық кешегі мүддені емген, 

зарын айтсам қазақтың нанасың-ау.

Көздің оты көмескі, күрделенген,

әкесіне болыпты баласы жау.

 

Сақау шығып тұлпардың сағағына,

соқыр көзден дейтін кез шықты жасы.

Белгілі жай санасыз, саналыға, 

салқын түспей шөпке де шық тұрмасы.

 

Мына жырды тыңдаңыз: «Алып қашқан,

кешегі тек, бекзаттық мүлдем өлген.

Көз сүрінер айлы түн жарық шашқан,

көмілмеген сай-сайда мүрделерден.

 

Қарт Алтайдың қарқара қалпағы еді,

Мұзды таудың жай түсіп ақты мұзы.

Қатын суға ары үшін алқалы елдің 

ағып өлді алаштың затты қызы.

 

Қараяды алыстан қадау-қадау,

қарлы таулар қазына, құттың басы.

Боз інгендей боздайды қандай жадау

ойнақ салып жататын Бұқтырмасы.

 

Байдың, бардың мал-мүлкін талатқанға,

тағзым етіп тамтықтар ұжымдасып.

Аққан судай кінәсіз қара қанға, 

«аузы түкті» алады қыбын басып.

 

Алақанын алапат теріс жайған,

бауыры тас бұйырған жарты жалған.

Арқа төсі ал қызыл тегіс майдан,

несібесін қазақтың тартып алған.

 

Атқа тақым адамы артпасын деп,

атқан жұмыр аяулы тұяқтарын.

Анау қырдан арыға аспасын деп,

қиған қанат қыранның қияқтарын.

 

Бәйтеректер оталып сұлап жатыр, 

қарағайда белгісіз қала ма айдар.

Қашқан жауға қауқарсыз қатын батыр,  

аймағынан арылды алабайлар.

 

Екі бұтын талтайтып кере енер,

зарың тыңдар ұр да жық ұлығыңа,

қырым тонды қоқиып ере келер,

адам айтса нанғысыз қылығына.

 

Балағыма жармасып, өрген биттер, 

тамағыма «бақ қонып» кеп тығылды.

Көкшіл шолақ көшеде үрген иттер,

көк кептерді көсеулеп кекті қылды.

 

Бағы қайтқан туа сап бала жетім,

Ана кеткен о да жау тұтқындалып.

Жеген ит пе, жегізген адам етін?! 

Азияның төсінде бүтін ғаріп…

 

Қыр мен ойда құрады қызыл сайран,

орған орақ, арысты ұрған балға!

Көрмедім деп көргенін қызыл сайдан, 

толып қалған қашады Құрбандарға!

 

Тастап байды қоқысқа, биді боққа, 

кепшіктерді келеңсіз бұлдандырып.

Кеше бегзат ал бүгін киді ноқта, 

құрып жатыр жаңалап құлдан ғұрып.

 

Жердің үстін түн болса жұлдыз жапқан, 

сайдан, құмнан, жылғадан жарқыраған.

Иығына темірден жұлдыз таққан, 

қызыл қасқа ұқпайтын салтын адам.

 

Міне осындай жай-күйі арғы беттің»,–

деп зарлайды, еңіреп бір пақырың.

Өз сөзі емес бұл әсте Арғынбектің,

осы емеспе орнаған заман ақыр.

 

Ес қалмаған аумалы емендерге,

сана болған сары алтын данышпаным.

Мес жалмаған, дом қонбас шемендерге,

зала болған айбарлы арыстаным.

 

Торғай тоз боп қорғансыз тоңғандарды,

тойындырған түнкелі қормаралым.

Қойны-қоншы, қотаны толған жарлы, 

ойын бұрған: иә, ол – қорған-арым.

 

«Аға шайыр Арғынбек өзім атым,

Сүйегіміз дөртуыл, найман затым.

Қонақ болып құдайы Талдысайда,

көріп едім қажының рахатын.

Қажы Зуқа Абақтың бұлбұл еді,

берсін жанның құдайым саламатын!»….

 

ЗУҚА БАТЫРДЫҢ ОСПАНҒА БАТА БЕРУІ

…Мінген аты жер баспас желісті кер, 

мініс батпас жаз жайлап жетесіне.

Алақандай батырдан егістік жер

бидай алып бір бақыр есесіне:

 

«Берем,– деген,– күзекте екі қап бидай».

Қайтармаған қажы да меселдесін.

Ойлап жүрді жаз бойы Оспан ұдай,

«Ұрындым,– деп,– осы мен кеселге шын».

 

Егін бітік, жаз жайлы, батырға да,

ырза және ырысты топыраққа.

Көңіл – балқаш, көктемдей жасыл ала,

кенелгені кедейдің жалқы баққа.

 

Он қап, мүмкін, орары одан да көп: 

қызыл бидай қызықты қырман басы.

Көктеп кеткен көк орай көңіл де көк, 

шырайланып тер сүрткен кәрі-жасы.

 

Батыр келді ақ қабақ түске таман,

әрі қажы қоп-қою қара сақал.

Деді ме екен: «бермесең күшке салам,

кісі дейтін серт бұзса аса қатал».

 

Қырына алса қоймайтын қыршын тісті,

басады екен дұшпаннан жеп тоятын.

Адамдар ғой асырып кемшін істі

артық айтып артына леп қоятын.

 

Тұрса-дағы тарысын іштен қимай, 

бота-тайлақ емес пе борышты адам.

Өңгерткенде иықтап бір қап бидай,

ілгерілеп тоқтады ол үш қадам.

 

Қағылез ат мінгені қасқа дөнен,

қарау – ғайбат батырдың сағы, түрін.

Шаншылып кеп түсердей тақ төбеден:

«Әкел!– деді,– екеудің тағы бірін». 

 

Ала ұмтылды жалма-жан Оспан бір қап,

былқ етпеді күдір бел қасқа дөнен.

«Берсе тәңір бір қапқа болар ынсап,

бай емес пе басқа да асқа кенен».

 

«Адам,– десті,– діні де десі қатты.

Қай қылығым апырмай, жақпай қалды?».

Ат үстінен төңкеріп екі қапты,

Зуқа батыр аударып тастай салды.

 

«Мұнысы не, сезді ме, ал күндейін», 

жұрт сілтідей, Оспан да қалған тынып.

«Сен бердім де, қарағым, алдым дейін, 

Аллауакпар!». 

Жасалды:

Арлан – қылық!

 

Аяусыздық тізгіні қаңтарылып,

айыққандай бу басқан тұманды аңғар.

Тайып бағы арайлы таң тарылып, 

тулап кетті аң-таң боп тұрған жандар.

 

«Әй, Оспан-ай, ұрынып бұ пәлеге

енді қайтіп екінші жолармысың.

Жарамайтын жосықты бір кәдеге, 

тастай қатты сілейген болар мүсін,–

 

жаңа ғана дескендер,– «пәле келді», 

кері айналып тығылды бетін басып.

«Бәрекелді, пай-пай-пай, бәрекелді!»,– 

жатқандай-ақ жар құлап Ертіс тасып.

 

«Орманым-ай, ортаймас қормалым-ай,– 

құйды, жауды, нөсерлеп мол алғысын:

Өстімесең, өр мінез, қорғаным-ай,

Зуқа, Зуқа, шіркін-ай, болармысың!»…

 

Осыменен күмілжіп бір таң атты,

Сынуға шақ әзер тұр діңке қатты.

Көкірегінің түбіне түн ұялап,

Бата жасап, тарасты өңкей затты.

writers.kz

Related Articles

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

  • МӘҢГІ ҚАЗАҚ(ертегі фэнтези) 

    ҚАЗАҚТАРҒА ЖАСАлып жатқан  ҚИЯНАТ КӨП БОЛҒАСЫН, « Мәңгі қазақ» атты әңгіме жазсам деп жүретін едім. Осыдан бір күн бұрын сол әңгіменің сюжетіне келетін түс көржім. Кешеден бері жазуға кіріссем бе деп жүр едім, сәті бұгін түскен сияқты. ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ Өте ертеде емес, бүгінде емес, ғылым докторлары Санжар мен Балжан институтта қызмет ететін.Өздерінің лауазымдарына қарай қарапайым екі қатарлы жақсы салынған коттеджде тұрды.Интеллигент адамдар өмірдің қиындықтарына көп мін бере қоймайды ғой, Өмірлері мәнді, жайлы өтіп жатты. Жақсылықта көп күттірген жоқ, Санжар мен Балжан ұлды болып, коттеджде шағын той өтті. Неге екенін қайдам, әке шешелері ақылдасып, ұлдарыныі есімін Аңсар деп атаған. Аңсар ертедегідей тез де өскен жоқ, кеш те өскен жоқ. Тәрбиелі жігіт болып

  • СУ ІШКЕНДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗЫУШЫНЫ ҰМЫТПА

    (23 – әңгіме) БАЙАХМЕТ ЖҰМАБАЙҰЛЫ — Біздің заманда сендерше киімнен-киім таңдайтын жағдай қайда, жамап-жасқап, тон, шалбар кисек те жететін. Сөйтіп жүріп аянбай еңбек еттік. Бүгінгі күн басатын жолды ол кезде айлап жүрдік, тіпті бүгінгідей дүниенің төрт бұрышынан хабар тауып отыратын жағдай қайда? — деген қария немересінің жұмыстың қырын білмей, тік қасық болып өсіп келе жатқанына наразы бейнесін аңғартып, өз өмір кешірмесінен кеңестер қозғаған. Немересі: — Ата, сол дәуірде туған өздеріңіздің сорлы болған тәлейлеріңізден көрмейсіз бе? Оларыңызды бізге айтпаңыз, —демей ме. Ашудан жарыларман болған қария: — Е, ондай болғанда «Ұрпақ үшін бақыт-байлық жаратсам» деп тер төгіп, жан қиып, азып-тозған ата-бабаларың сендерге айыпты болғаны ғой. «Теңдік үшін» деп әкем оққа ұшты. Ал

  • Мұхтар Мағауин: ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ…

    яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүдәмалда қалмасын деп. Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: