Көз қарас
Жер мен көктi жалғаған Байқоңыр сауда-саттық орталығына айналмай ма?
Биыл адамзат баласының қазақ жерiнен ғарышқа ұшқан тарихи оқиғасына 55 жыл толды. “Байқоңыр” – адам баласын бұрын-соңды аяқ баспаған жаңа әлемге аттандырған тұңғыш айлақ. Оның тарихы 1954 жылы Кеңес Одағы алысқа ұшатын баллистикалық зымырандарды сынайтын қолайлы орынды табу үшiн Мемлекеттiк комиссия құрған кезден басталады. Кеңестер елiнiң бiрқатар өлкесiн аралаған комиссия сынақ полигонын Арал теңiзiнiң шығысындағы шөлейтте салған жөн деп табады. Оған жартылай шөлейт жердiң тегiстiгi, темiржол мен автокөлiк жолына жақындығы және жыл он екi ай күннiң ашық келетiнi, ал ең бастысы, бұл өңiрдiң зымырандарды ұшыруға Жердiң айналу жылдамдығын қосымша пайдалануға мүмкiндiк беретiн экваторға жақындығы себеп болады. 1955 жылы құрылысы басталған сынақ полигонында екi жылдан соң Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны ұшырылды. Ресми түрде 5-ғылыми-зерттеу сынақ полигоны (ҒЗСП) аталған орынды Кеңес үкiметi ғарыш сапарлары басталғаннан кейiн де, бiраз уақыт әскери мақсаттағы баллистикалық зымырандарды сынақтан өткiзуге пайдаланды. Сондықтан 50-жылдары аумағында алып құрылыс басталған Қазақстанға назары ауған шетелдiк барлау қызметiн алдау үшiн, Кеңес үкiметi Алатаудың солтүстiк сiлемiндегi Байқоңыр дейтiн елдi мекенде ағаштан ғарыш айлағының алып макетiн тұрғызған. Бiр дерек бойынша, кеңес баспасөзiнде жер серiктерiн ұшырған орын ретiнде Байқоңыр атауының қолданылған себебi де содан делiнедi.
1957 жылы 4 қазанда Байқоңырдан ұшқан Р-7 зымыраны жер маңындағы орбитаға әлемдегi тұңғыш жер серiгiн шығарды. Адамзаттың ғарышты игеру дәуiрiнiң тұсауы Байқоңырда осылай кесiлдi. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде таңертеңгi сағат 9 07 минут өткенде Байқоңырдан Юрий Гагарин есiмдi адамзаттың өкiлi тұңғыш ғарыш сапарына аттанды. “Восток” зымыраны 1 сағат 48 минут iшiнде Жердi бiр айналып өтiп, Саратов облысына қонды. Айтпақшы, осы оқиғаға байланысты құжаттарда ғарыш айлағы тұңғыш рет “Байқоңыр” деп аталды.
Байқоңырдағы ең алғашқы iрi апат пен қайғылы оқиға 1960 жылдың 24 қазанында болды. Жаңа құрлықаралық баллистикалық Р-16 зымыранын сынау кезiнде зымыран қозғалтқышының өздiгiнен оталуынан шыққан өрт пен отын уынан 76 адам қаза тапты.
Гагариннiң ғарыштық сапарынан кейiн Байқоңырда стратегиялық мақсаттағы жеңiл, орташа және ауыр санаттағы: “Циклон”, “Союз”, “Протон”, Н-1, “Зенит”, “Энергия” сияқты зымыран-тасығыштар сынақтан өттi. Тұңғыш автоматты планетаралық “Марс”, “Венера”, “Зонд”, “Вега” стансалары да “Байқоңырдан” көкке көтерiлдi. Әлемге танымал орбиталық “Салют”, “Мир” стансалары да “Байқоңырдан” ұшырылды.
Осы уақытқа дейiн ғарышқа жөнелткен жүк көлемi жағынан әлемде Байқоңырмен ешбiр ғарыш айлағы теңесе алмайды.
Кеңес Одағы ыдыраған соң, Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның иелiгiнде қалды. 1994 жылы Ресей қазақ үкiметiмен Байқоңырды 20 жылға жалға алу туралы келiстi. Жалдау ақысы – жылына 115 млн АҚШ доллары. 2004 жылы Ресей Байқоңырдың жалдау уақытын тағы 50 жылға созды.
РЕСЕЙ БАЙҚОҢЫРДАН ҚАНША ПАЙДА ТАБАДЫ?
Ресей соңғы жылдары ғарышқа адам мен жүк жеткiзу жағынан әлемдегi ең iрi “жүк тасушыға” айналды. 50 жыл бұрын құрастырылған “Протон” секiлдi зымыран тасығыштарымен кез келген елдiң жүгiн орбитаға жеткiзiп беруге әзiр. Шетелдiк сарапшылардың есебiнше, Ресей ғарышқа сапардан жақсы табыс табады. Халықаралық ғарыш стансасына бiр шетелдiк ғарышкердi жеткiзу құны кей дерек бойынша 50 млн доллардың көлемiнде және оның оның құны бiрнеше млн долларға өседi деген сөз бар. 2010 жылы Ресей бiр ғана «Протон М» зымыранын ұшырудан миллиард долларға жуық табыс тапқан. Бұл Аэроғарыш комитетiнiң төрағасы Талғат Мұсабаевтың аузынан шыққан дерек. «Зенит», «Союз», «Днепр» секiлдi зымырандармен ғарышқа ұшу бұдан да қымбат. Сонда Байқоңырды 115 млн долларға жалға алып отырған көршiмiз жылына кемiнде 1 жарым млрд доллар пайда көредi. “Байдың асын байғұс қызғандының керi” дей көрмеңiздер, жалға алған айлақтан қанша тапса да өз еркi ғой, тек Ресейдiң қалтасын майлайтын әрбiр ғарыш сапары Қазақстанға сор боп жабысып жатқанын бәрi бiледi. Әңгiме ғарыш тақырыбынан алыс жатқан ауыл қазағына дейiн атын жаттап алған “Протон” зымыран тасығышы туралы. Өйткенi Ресей табысының қомақты бөлiгiн дәл осы зымыраннан тауып отыр.
БIРЕУГЕ БАҚ, БIРЕУГЕ СОР “ПРОТОН”
1967 жылдан берi Байқоңырдан 400-ден астам “Протон” зымыран тасығышы ұшырылған. Ресми дерек бойынша, оның 49-ы апатқа ұшыраған. Кеңес кезiнде тым көп құлаған “Протон” туралы естiп-бiлген жан санаулы болатын. “Протонның” көкке жетпей, желкесi қиылған оқиғалар посткеңестiк кезде де тыйылмады. Солардың елеулiлерiне тоқталсақ, 1999 жылы “Протон” зымыран тасығышы екi рет Қарағанды облысының аумағына құлады. Сол кезде қазақ үкiметiнiң Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру келiсiмшартын қайта қарастыру туралы мәлiмдеме жасағаны есiмiзде. Зымыран ұшырудың алдында қазақ үкiметiнен рұқсат алу, Байқоңырдан ресейлiк әскери зымырандарды ұшыруға тыйым салу талаптары да көтерiлдi. Ол әңгiме ақыры сөзбұйдаға салынып кеттi.
2007 жылы “Протон-М” зымыран тасығышы Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге құлап, төңiрегiн аса улы отын – гептилмен ластады. Дәл сол күнi Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанда болған едi. Қазақстан экологиялық өтемақы есебiнде 60,7 млн доллар талап еткенiмен, Ресей 2,5 млн доллар ғана төлеуге келiстi.
2013 жылы “Протон-М” ғарыш айлағындағы ұшыру кешенiнен 2 жарым шақырым жерде құлап, 600 тонна отынның көп бөлiгi жарылыс кезiнде жанып кеттi. 2015 жылы 16 мамырда мексикалық телекоммуникациялық жер серiгiн геостанционарлық орбитаға шығаруға тиiстi “Протон-М” зымыран тасығышының үшiншi сатылы қозғалтқышы iстен шығып, зымыран мен жер серiгi ауада жанып кеттi.
“Протон М” зымыран тасымалдаушысы 2-шi бөлшегiнiң сипаттамасы Отынымен қосқандағы салмағы – 167 828 кг.
Құрғақ массасы – 11 715 кг.
Отын массасы – 156 113 кг.
“Протон” зымыран тасығышы аса улы отын – симметриялық емес диметилгидразин немесе “гептилдi” жағады. Ол өте улы және қатерлi iсiк тудырушы зат. Гептилмен ауыр уланудан адамның өкпесi қабыну секiлдi дерттерге шалдығып, өлiмге душар болады. Отыны жанып кеткен бөлшектерiнiң өзiнде екi тоннадан астам гептил болады. Олар топырақты ластайды, ал тазарту шығыны тым қымбат. Гептилдiң жерде ұзақ жатып алатыны аздай, топырақ құрамына енiп кететiн қасиетке ие. Ондай жерде өскен өсiмдiк атаулының түсi “қайнатылған” көкке ұқсайды. “Протонда” тотықтырғыш есебiнде қолданылатын азот тетраоксидi су мен топырақты ауыр нитраттар мен нитриттермен ластайды. Осындай улы зат бүкiл елдi ластап бiттi, себебi “Протонның” бөлшектерi Қазақстанның барлық дерлiк аймағына құлайды. “Росавиакосмостың” бұрынғы директоры Юрий Коптевтiң дерегiнше, ғарышқа ұшырылған 250 зымыранның әрбiр оныншысы апатқа ұшыраған. Осы уақыт iшiнде Қазақстан аумағына кем дегенде 2 500 тонна гептил төгiлген. Ғалымдар гептилдiң цианит қышқылынан 6 есе улы екенiн дәлелдедi. Қазiр Қызылорда облысынан бөлек, Қарағанды мен Қостанай облыстары да осы улы отын қалдығымен ластанды.
1999 жылы “Протон” зымыраны құлағанда, Қарқаралы ауданының медициналық тексеруден өткен 50 мың тұрғынының 87 пайызынан түрлi аурулар анықталған. Қызылорда облысының тұрғындарының экологиялық апаттан тапқан дерт саны жағынан алда тұрғаны ешкiмге жасырын емес. Алайда Қазақстан билiгi күнi бүгiнге дейiн гептилден келген кесапаттың шығынын ашық жариялаған да, Ресейден тиiстi өтемақысын алған да емес. 2013 жылдың шiлдесiнде құлаған “Протоннан” 600 тонна улы гептил төгiлгенi белгiлi. Ресей тарабы Қазақстанға 13 млрд теңге өтемақы төлеуi тиiс болғанымен, Кремль қазақтар экологиялық шығынды дәлелдей алмады деген желеумен бақыр тиын да ұстатпады емес пе! “Протонның” зардабын тартқан жандар тiркеуге алынып, оларға тегiн медициналық көмек көрсету жағы да билiктiң ойына кiрiп шықпайды. Кей мамандар Қазақстандағы киiктердiң 40 пайызын құрайтын 90 мың бас киiктiң қырылып қалғанын осы гептилден көредi. Оның анық-қанығын анықтайды деген үкiметтiк комиссияның жұмысы да сиырқұйымшақтанып кеттi. Көршiме зияным тидi ау деп, гептилден бас тарта қояйын деген Ресей көрiнбейдi. Шетелдiк зымырандар отын ретiнде гептилдiң орнына тиiмдiлiгi жоғары сұйық сутегiн қолданады. Бiрақ ол ұшу құнын едәуiр қымбаттатады. Сол себептi де Ресей “Протон” ұшырудан бас тартқысы келмейдi. Ол аз десеңiз, мұндай зымыран түрлерiн 2025 жылға дейiн пайдаланатынын жария еттi. 2016 жылы ұшырылатын 18 зымыранның 12-сi гептилмен ұшатын “Протон” боп шықты.
КӨК ПЕН ЖЕРДIҢ, ЕКI ЕЛДIҢ ОРТАСЫНДАҒЫ БАЙҚОҢЫР
Ресей Байқоңыр ғарыш айлағымен қоса аттас қаланы да 2050 жылға дейiн жалға алған. Яғни, бiз өзiмiз жалға берген үйдiң есiгiн қағып рұқсат сұрап қана кiремiз және ол жақта не боп жатқанынан хабарсызбыз. “Жаман үйдi қонағы билейдi” демекшi, Байқоңыр қаласында теңге мен рубль қатар қолданылады делiнгенiмен, мұнда рубльдiң дәуренi жүредi. Және мұнда теңгенiң құны көршiнiң валютасынан әлдеқайда төмен. Қазақстанға қарайтын қаладағы қазақша оқытатын бiрнеше мектеп тек былтырдан бастап өзiмiзге қайтарылды. Бұған дейiн ол мектептер Ресейдiң оқулықтарымен оқып, салтанатты жиында көршi елдiң әнұранын шырқап, туын көтерiп келдi.
75 мың адамы бар қала тұрғындарының 62 пайызы Қазақстан азаматтары саналады. Бiрақ олардың едәуiр бөлiгiнiң баласы “Байқоңырдан” мыңдаған шақырым қашықтағы “бауырлас” аталатын бөтен елдiң тарихын оқып, идеологиясын сiңiруде. Сөйте тұра, 20 жыл iшiнде Ресей Байқоңыр қаласын дамытуға көк тиын да жұмсамаған. Ғарыш айлағы мен Байқоңыр кешенiнде тұратындар әлi күнге таза ауыз су зардабын тартып келедi. Тұздылығы мен бактериялардың көптiгi жағынан бұл су ешқандай санитарлық талаптарға сай келмейдi. Ғарыш айлағының ауданындағы ең басты iндет – гепатит те сол асқынған күйде. Қала мен оған iргелес екi елдi мекендегi барлық құрылыс Қазақстанның қаржысына салынған. Экологиялық мәселелердi шешуге қажет қаржы Қызылорда облысының қазынасынан бөлiнедi. Асыңды iшiп, аяғыңды тепкен деген осы емес пе?
ҒАРЫШТЫҚ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
Тәуелсiз Қазақстанның тарихында елдiң үш азаматы ғарышқа ұшты. Былтыр британ әншiсi Сара Брайтманның ғарышқа ұшудан бас тартуына байланысты, Роскосмос 20 млн долларға үшiншi қазақ ғарышкерi – Айдын Айымбетовтi ғарышқа екiншi борт-инженерi есебiнде ала кеттi. Ресми дерек бойынша, Айымбетов бiрқатар отандық ғылыми-техникалық бағдарламаны орындап қайтқан. Бiздiң есiмiзде ғарышкерiмiз Халықаралық ғарыш стансасындағы ғарышкерлерге тамақ әзiрлеп бергенiмен есте қалды. Миллиондаған долларға жасалып, ақырында ғарыштағы “қоқысқа” айналған ҚазСаттың алғашқы сәтсiздiктерi туралы езгiлеудiң қажетi жоқ шығар. Қарапайым көлiк құрастыру қолдан келмей жатқанда, орасан зор ғылыми-техникалық әлеует пен ғылыми кадрларды талап ететiн саланы игеретiнiмiз туралы көпiрме сөзiмiзге сырт көздiң күлетiнi анық. Сондықтан әңгiменi ғарышты игеруге салған қаржымыздың қайда жұмсалатынына аз-кем тоқтала кетейiк.
Қазақстанның ғарыштық бағдарламалары мен жобаларына көз салсақ, ең бiрiншi кезекте олардың коммерциялық мақсатқа бағдарланғанын байқаймыз. Әрине, бiрқатар ғылыми-зерттеу бағытындағы жобалар қолға алынып, ғарыш саласындағы нысандар салу қолға алынған. Бiрақ былтырдан берi оларға бөлiнетiн қаржы сұйылып кеттi. Экономикалық дағдарыс қазақ билiгiнiң ғарыштық амбициясын жерге түсiрдi. Дегенмен, билiк ғарышты қосымша табыс табу көзi жағынан игеруге құлшына кiрiскен секiлдi. Отандық деп айдар таққан, iс жүзiнде Ресейде жиналған жер серiктерi негiзiнен “майда-шүйде” ақылы қызмет түрлерiн көрсетуге арналған. 2004 жылы Ресеймен бiрлесiп құрылған “Бәйтерек” ғарыш зымыран кешенi де бiрiншi кезекте ғарышқа адам мен жүк тасудан пайда көрудi көздейтiнi жасырын емес. Ресейдiң “батасын” алған қазақстандық шенеунiктер Байқоңырды “ЭКСПО-2017”-нiң туристiк бағдарламасына енгiзiп жiбердi. Ақысын төлегендер ендi ғарыш айлағына саяхаттап, зымыранның қалай ұшатынын көзiмен көредi.
Бiр аңыз бойынша, кеңестiк космонавтиканың атасы саналатын Сергей Королевтен шөл далада не салып жатқандарын сұрағанда ол: “Стадион! Әлемдегi ең үлкен стадион салып жатырмыз” деп жауап берiптi. Сол сөздi Королевтiң аузына құдай салғандай: стадион дегенiңiз сауық пен думан өтетiн орын емес пе? Қазақ билiгi ғарышты игеру дәуiрiнiң символы – Байқоңырды кезкелген ақшасын төлеп, қызығын көретiн үлкен стадионға айналдыруды армандайтындай көрiнедi. Несi бар, бiзде кезiнде дүрiлдеген зауыт-фабрикаларды ойын-сауық, сауда-саттық орталығына айналдырудың мол тәжiрибесi бар емес пе?
Дәнеш ҰЗАҚ
zhasalash.kz
1 пікір
قاينار قابىل ۇلى
مەن قىتايداعى قازاق جەرىنىنەن، وسى كەرەي كز عا، كىرىپ ماقالالاردى وقىپ كوپ حابار- وشار يەلەدىم. كەرەمەت ەكەن. جولدارىڭ بولسىن.