Зуқа батыр 150 жыл Руханият Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
Зуқа батырдың қажылық сапары және Түркістандағы ұлы құрылтай
Екі ғасырға жалғасқан Қазақ-Жоңғар соғысы қазақтардың жеңіуімен аяқталып Ер Жәнібек бастаған Абақ керей елі ата қоныс Алтайға келіп қоныстанды. Сол кезеңдегі саяси жағдайдың қажетімен Абақ керей еліне Көгедай хан болды. Қазақ хандығының рухани тұтастығын ту еткен , Абылай хан ордасынан дін таратуға арнайы келген Уәлдан хазірет Елікбай атаның ауылына келіп түседі. Елге Хазірет келді дегенді естіген Ер Жәнібек пен Бұқарбай батыр құрметті қонаққа келіп амандасады.Ел болашағы сөз болған келелі кеңес таңға жалғасады. Ертесінде, Хазірет сынамаққа жас бала Нұрмүхамедтен түндегі кеңес жәйін сұрайды, Нұрмүхамед үлкендерге осы кеңесте болған барлық сөзді қайталап айтып береді. Жас баланың зеректігіне тәнті болған Хазірет бірден шәкірттікке алады. Нұрмүхамет кейін елге танымал абыз болады.
Абыз атаның баласы Сәбиттіде 9 жасында Уәлдан хазірет өзімен бірге алып кетіп тәрбиелейді. Сәбит 25 жасында мол біліммен елге оралады. Алтай-Тарбағатайда алғаш мектеп-медіресе ашып елге танымал түлғаларды тәрбиелеп шығарады. Ордада қазылық қызметтерді қоса атқарады. Ғұламаны ел құрметтеп Сәбит Дамолла деп атаған.
Зуқа батыр 1903-1906 жыл аралығында қажылық парызын өтеп қайтты.Қажылық сапары батырдың саяси өміріндегі ең маңызды кезең еді. Сол кездегі Қытай үкіметінің Зуқа батыр соңынан шам алып түсуі осы сапарға байлаысты.Сапар 1903 жылы басталды. Батырға арнайы ел ағалары мен байлар жиып берген қаражатты халыққа таратып жіберді, осы арқылы үкімет күмәнін азда болса сейілтті.
- Зуқа батырдың ұстазы әрі нағашысы Мумин Ишан, 1900 жылынан бұрын Өзбек туыстарымен бірге Ыстанбулдағы Өзбектер Тәкиесіне келіп жатып қажыға барған екен. Анадолыға келген Мевлана және Хажы Бекташ сынды Қожа Ахмет Яссауинің ізбасарлары секілді Мумин Ишан да дәстүрлі түрде Анадолыға келіп діни салада қызмет етуді көздеген. Қазақтың Қожа руынан. Ертеде “Сәййіт Тобы” деп те аталған. Осы дін қайраткер Анадолыда “Алып-Ерен” делінеді.
1901 жылында Мумин Ишан тағы бір рет қажыға барғанда Халифа Сұлтан оған қаржылық жағынан қолдап, қажылардың басшысы етіп, Ыстанбул арқылы Меккеге қажы апарып-әкелу жұмысын берген. Сонымен 1903 жылғы қажылық мерзімінде жиені Зуқа батырды ертіп Алматы арқылы жүріп, Шымкенттегі Түркістан қажыларымен бірге Ташкент, Бұхара қажыларын қосып алып, Казанға қарай жол тартып Одесса портынан кейін Ыстанбулға келеді. Сонда Халифа Сұлтан оларды қарсы алып, Йылдыз Сарайына қабылдайды.
Діни сенім бойынша қажылық сапарынан бұрын ұстаздан бата алу дәстүрі бойынша Халифа Сұлтан құзырына келген осы қажыларға ризашылығын білдіріп батасын береді де “өтініштеріңіз бар ма?” деп сұрайды. Сонда Мумин Ишан падишаға былай дейді: “Бұрында Меккеде құрылған қазақтың Құнанбай Тәқиясы бар еді. Қазір ол тақия жоқ. Бізге Меккеде бір тақия ашып берсеңіз” дейді. Сонда Халифа Сұлтан Мекке әкімшілігіне хат жазады да осы хатты Хазрет Атамызға беріп өзінің Меккеге жіберген кемесімен осы бір топ қажыны жолға аттандырады.
Бұл кеменің атын, Ақыт Хажының Ыстанбулдағы немере туысы Абдұлсәлем Қажы “Тәбәрік Кемесі” десе; Зуқаұлы Қизат қажы “Хәдиә Кемесі” деп отыратын. Кейін білсем Османды тілінде “Сүрре Хұмаюн” деп аталады екен. Осы кеме Мекке-Мәдинеге жылсайын сыйлық тасиды. Ақыры Меккеде құрылған бұл қонақүйіне “Қазақ тақиясы” деп ат қойылған. Мумин Ишан осы тақияны Зуқа Қажыға тапсырады. Сонда Зуқа Қажы Меккедегі Қазақ тақиясын ұстап екі жыл тұрады да Муминұлы Мұхамметғалі, яғни Мақсұм Хажыны орнына тастап Алтайға қайтып келеді-дейді Зуқа батыр ұрпағы Құдыс Шолпан өзінің жазған кітабында.
Зуқа батыр қажылық сапарда Түркістанда жасырын ашылған бүкіл қазақтық құрылтай мен Алматыда ашылған Жетісу мұсылмадары тұңғыш құрылтайына қатысады. Түркістандағы құрылтайды ұйымдастырған Бөлтай қажы Сәбит Дамолланың досы болатын.
-Бұхарадағы медресені Бөлтай ақсақал мен бірге оқып, бірге бітірген, әрі 1850 жылдары Мекке-Мәдинеге қажылыққа бірге барған өмірлік қимас төрт достың екеуі бұл кезде марқұм болып кеткен -Ителі Керей Сәбит Дамолла Нұрмұхаммедұлы (1819-1883 ж.ж.) мен Қоңырат Тұрымтай қажы Шобанұлы (1820-1890 ж.ж.). Үшінші дос Ашғабаттық түрікмен Әмин бақшы (1821 ж.т.) Түркістандағы мерекені үйымдастырушылардың бірі болған. Бұл жиынға осы төрт достың бірі Керей Сәбит дамолла марқұмның ұлы Зуқа батыр қатысты-деп айтылады Бөлтай қажы ұрпақтарының естелігінде.
Қажылық сапарын кешіктірген Зұқа батыр осы құрылтайдың болатынын алдын-ала білсе керек. Сондықтан одан шет қала алмаған. Қазақтың тағдыры қыл үстінде қалып, бірнеше империяның аумағында бөлініп қалған бір ұлттың өміріндегі ең маңызды мәселелер шешілгелі тұрған мұндай басқосудан батыр қалай қалсын?! Алаш қайраткерлері де осындай ортақ мұраттың жетегімен батырдың ауылында болады.
Көгедәй Әбілпейіз ұлы(1766 – 1820ж. ж). Көгедәйдің шешесі Тұмар ханым қырғыз қызы екен, Әбілпейіз Қазақ – Қырғыз бітіміне барғанда, бітімге алған әйелі деседі. Сол кезде әбілпейіз түс көріп, түсінде бір ай келіп, қойнына енген екен, ұзамай тұмар ханым босанып, сол түсіне бола «аспандағы айым болсын» деп дүниеге келген баласына Көгедәй деп ат қойған екен. Керей елі хандыққа баласын сұрап барғанда әбілпейіз осы түсін айтып, «болайын деп тұрған балам еді, хан екі сөйлемес, алыңыздар» деп тұмар ханыммен қосып берген екен. Уәлдан хазірет-Орта Азияға танымал діни қайраткер, Қожа Ахмет Яссауи ілімінтаратушы. Елікбай-Зуқа батырдың үшінші атасы.
Жұмабай Мәдібайұлы
kerey.kz
Пікір қалдыру