|  |  |  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Мәдениет Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

Алтайдың құпиясын археологтар ашады

arh-01

 

«Мәңгілік Ел» идеясын байытады

Биыл өңірдің өзгеше һәм терең тарихына үңілген жыл болды. Алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді дамыту жоспары жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаға сәйкес, Катонқарағайдағы Берел қорғандарында, Зайсандағы Шілік­ті обаларында, Ұлан ауданындағы Аблай­кит қамал-ғибадатханасында, Абай ауда­нын­дағы Қырықүңгір ескерткішінде, Тар­ба­ға­тайдағы Елеке сазында қазба жұмыс­тары жүргізілді. Аталған зерттеу жұ­мыс­­тары­ның нәтижесі Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ха­лық­аралық ғылыми-тәж­іри­белік конференциясы аясында қоры­тындыланды. Алқалы бас­қосу­­ға Фран­ция, Оңтүстік Корея, Ресей және Моң­ғолия мемлекеттері елшілік­­тері­нің дип­­ломат­тары, Қазақстан, Түркия, Ресей, Ұлы­британия, Венгрия, Герма­ния, Польша, Қытай елдерінің үздік архео­логтары мен түркітанушылары қатыс­ты. Шара алдында конференцияға қатысу­шылар мен өңір тұрғындары үш киіз үйге қойылған қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей бұйымдарды тамаша­лады. Ең басты жәдігерлер – «Алтын адам» мен Берел жазығындағы №11 қорғаннан табыл­ған жылқының көшірмелері Мәде­н­иет сарайының дәлізінде жиынға қатысу­шы­ларды қарсы алды. Пленарлық отырыс барысында ғалымдар археология ғылы­мы­ның және Шығыс Қазақстанда табылған тарихи жәдігерлерді сақтау мен оны мұра­жайға қоюдың өзекті мәсе­ле­лерін талқылады. Археологтардың пікірін­ше, бұл – өңірдің мәдени және эконо­ми­калық дамуына, туристік инфра­құры­л­ымының қалыптасуына жағымды әсер етеді.

Жиынды ашқан өңір басшысы Даниал Ахметов еліміздің жаңа мәдени саяса­ты­ның басты стратегиясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы екенін атап өтіп, алтын бесік – Алтайдың адамзат мәдениетінің көне ошақтарының бірі екеніне тоқталды.

– Ғылыми-зерттеу жұмыстарын өңірі­мізде жүргізу қажеттілігі күмән тудырмайды. Мұндай жұмыстар зерттелген нысандарды ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының қатарына қосу үшін қажетті теориялық негізі мен өңіріміз­дің мәдени брендін қалыптастырып, турис­тік әлеуетінің артуына сеп бол­мақ. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табыл­ған жәдігерлер облысымызда қалып, жас­тары­мыздың патриоттық тәр­­биесі үшін қызмет ететін болады, – деді Д.Ахметов. Аймақ басшысы қазба жұ­мыс­тары ке­зін­де табылған заттардың об­лыстық тари­хи-өлкетану мұражайына берілетінін айтты. Осы конференция­дан бір күн бұрын Катонқарағай ауда­ны­ның Берел қорғандарында еліміз­де баламасы жоқ аспан астындағы мұра­жай ашылғанын атап өту керек. Мұн­дай мұра­жай келесі жылы Шілікті жазы­ғын­да да салынбақ.

– Биылғы қазақстандық археология­ның үлкен жетістігі – Берелдегі №2 қор­ғанның үстіне ашық аспан астындағы музейдің салынуы дер едік. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің қорғанмен танысқан сәтте бірден шешім қабылдағанына риза болдық. Облыс әкімі уәдесін орындады. Бұл – археология ғылымына зор қолдау деп білеміз. Өйткені, бір айдың ішінде жедел археологиялық музей салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өңір мәдениеті үшін ерекше оқиға болған аспанасты мұражайының келер ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызы зор, – дейді Берел қорғандарына 20 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан белгілі археолог Зейнолла Самашев.

Берел бедерлері

Енді биылғы жылдың ғылыми олжасына айналған археологиялық қазба жұмыстарының табысы жөнінде аз-кем сөз. Конференцияда алғашқылардың бірі болып сөз алған Зейнолла Самашев Алтай­дағы археологиялық қазбаларды екі топқа бөліп қарауға болатынын айтты. Біріншісі, ерте темір дәуіріндегі сақтар кезеңі. Осы кезең­ге тиесілі №2 және №19 қорғанға биыл қазба жұмыстары жүргізілді. №2 қор­ған­нан егде жастағы әйел мүрдесі мен жеті жылқы табылды. Патша әулетінен шық­қан­дықтан мәртебесіне байланысты адаммен бірге жеті жылқыны қойған. Бірақ қор­ған­­дағы алтын бұйымдар тоналған, көп заттар табылмады. Патшайымның алтын­­мен әдіптелген киімінің кейбір жұр­­нақ­­тары ғана сақталыпты. Жүздеген әше­кей­ден тұратын алтын киімінің, өкіні­шке қарай, кейбір бөлігі ғана қал­ған. Сон­дай-ақ, қоладан құйылған айна табыл­ды. Оның сабы жыртқыш аң­ның бейне­сін­де жасалған. Қасына кендір дәнін ұнтақ­тайтын арнайы құрал мен ыдыс қойылған. Патшайым көп ауыр­ған қартаң адамға ұқсайды. Өйткені, қор­ған­нан табылған адамның тістері сиреп, омыртқа сүйегі бір-біріне жабысып қал­ған. Бүкір адам болуы да мүмкін. Әлгі құрал­дарды емге пайда­ланған сияқты. Осыған ұқсас құрал бұрын қазылған қорғандардың бірінен табылған еді. Қола құтының екі жағында тесігі мен түтігі бар. Ішінде алты-жеті малта тас жатты. Яғни кендірдің дәнін осы ыдысқа салып, тасты қыздырып құтыдағы суға тастап жібереді. Осылайша, буырқанып екі тү­тігінен шыққан бумен емделген болуы кәдік. Қатты ауырған жан бол­ған­дықтан о дүниеге барғанда ем-домына қажет болады деген оймен жаны­на қойған. Сондай-ақ, бірнеше жыл­қы­ның басына әшекейлі бетперде кигі­зіл­ген. Бір аттың басында алтыннан құйған құстың бейнелері шықты. Бұған дейін №10 қорғанда табылған аттың ер-тұрманының әшекейлерінде бірне­ше қораз бейнелері бедерленген болатын. №19 қор­­ған да қатты тоналған. Бірақ тонау­­шы­лар қабір­дегі мүрдені аяғынан сүй­реп тартқан кезде бас киімінің бір бөлігі орнында қалып қалған екен. Яғни Есік қор­ғанындағы «Алтын адамның» бас киімі­не ұқсас алтыннан жасалған сәукеле қал­дық­тары табылды. Өте қызық әрі құн­ды дүние. Бұл – енді бой жете бастаған жас қыз­дың мүрдесі.

Ғалымның айтуынша, екінші топқа тиесілі қорғандарда заттар аз табыл­ғаны­­мен, оның ғылыми түйіндерді тар­қату­дағы маңызы зор. Бұл жерлеу орындарының сәулеттік құрылымы ерекше болып келеді. Мәселен, тастан қаланған дөңгелек шеңбердің ішіне адам мен аттарды жәшік­пен де, жәшіксіз де жерлеген. Осы обалардан ғұндар мен көне түркі заманы арасын­дағы бос кеңіс­тікті толтыруға қажетті құнды мате­риа­л­дар табылды. Бұл шартты түрде сәнби-жужан кезеңі аталады. Түр­к­і­­лерді Орхоннан Алтайға көшірген сән­­би­­лер. Түркілер темір балқытып, одан түр­лі құрал-жарақтар құятын. Кейін көбейіп, саны өскен түркілер 555 жылы қожайындарын талқандап, жеке мем­лекетін – алғашқы Түрік қаға­на­тын құрды. Міне, екінші топқа жата­тын қорғандардан ІІ-IV ғасырлар ара­лы­­ғын­дағы осы сәнби-жужандарға тие­сі­лі мәдениет жұрнақтары табыл­ды. Олар хуннуларды талқандау арқылы тарих сахнасына көтерілген, жергілікті жұртпен араласып, ерекше мәдениет жасаған халық. Сәнбилерді прототүркілер, түркітектес халық деп атауға болады, деді З.Самашев.

Шілікті шежіресі

Шілікті жазығындағы сақ обаларын қазуға жетекшілік жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, Шілікті даласы – Шығыс өңі­ріндегі сақ ескерткіштерінің ең көне эли­­тар­лық ескерткіштері орналасқан жер. Бұл ескерткіштерді 1949-1970 жыл­­­­дар аралығында кеңестік археолог С.С.Чер­ников зерттеді. Тәуелсіздік алған­нан кейін Шілікті обаларын зерттеуді 2003 жылдан бастап «Мәдени мұра» жобасы шеңберінде қазақстандық ғалымдар қолға алды. 2012 жылы мемлекеттік тап­сырыс тоқтап қал­ған­дықтан, төрт жыл­дық үзілістен кейін Шілік­тідегі зерттеу жұмыстары археологияны дамытудың өңірлік бағдарламасы арқылы қайта жал­ғасты. Ә.Төлеубаев мұнда ерте темір дәуі­ріне жататын 200-ге жуық сақ обалары бар екенін айтты. Оның ішінде 50-ге тар­та элитарлық немесе патша обалары бар.

Еуразия даласында дәл Шілікті жазы­ғын­дағыдай элитарлық обалар тығыз топ­тасқан аймақ өте сирек кездеседі. Біздің мақсатымыз – осы обаларды зерттеу. Биыл №16 обаны қаздық. Оба­ның биіктігі – 8,6, диам­етрі – 88 метр. Қазақ­станда осы іспет­ті биік, орасан ірі оба сирек. Қазу бары­­сында топы­рақ обаның астынан тас оба шықты. Шілік­тідегі бұрын қазған оба­лар­дың да сырты топырақ болғанымен, асты­нан тас оба шығатын. Тас оба астында ағаш қабірхана орналасады. Бұл сәулеттік жағынан өте ерекше құрылымға ие қорған. Мен осы орайда тарихи сәулет жобаларын зерттеумен шұғылданатын белгілі ғалымдарды шақырғанымды айтайын. Олар оба құрылысының күрделі әрі жіті есепке құрылған құрылымына таңғал­ғ­ан­дарын жасырмады. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы обаның сәулеттік ерек­ше­лігімен және жәдігерлерімен таныса келе, оны сақтап қалу үшін аспан асты музейін салуға уәде беріп отыр. Егер біз бір жыл аясында обаны жаппасақ, алдағы уақытта оның ғасырлар бойы сақталған бет-бейнесі бұзылатын болады, деді Ә.Төлеубаев.

Ғалым обаның ортаңғы бөлігінде тас үйіндінің жоқтығы – обаның тонал­ғандығын көрсететін бірден-бір белгі екендігін жеткізді. Қазу жұмыстарын жалғастыру барысында ағаш қабірхана шықты. Оңтүстіктен солтүстікке 6 метр, шы­ғыс­тан батысқа 4 метр болатын қабірхананың ағаш бөренелерінің диа­метрі 60 сантиметрді құрайды. Бөре­нелердің арасы тастармен бітелген. Бұл бұрын біз қазған обаларға да, Черников зерттеген обалар құрылымына да ұқсас, деді ол. Қатты қиратылып, тоналғаны бел­гілі болды. Қираған соң су өтіп, ағаш шіру­ге шақ қалған. Қабірде екі адам қо­йыл­ған екен. Оның бірі жақсы сақталған. Алтын бұйымдар осы қабірден табылыпты. 2 мыңға жуық өте ұсақ, микро­скопиялық қоңыраушалар іспетті алтын моншақтарды топырақтан аршып алуға бір ай уақыт кетті. Одан ірілеу алтын әшекейлердің саны 200-ге жуық. Бұл әшекейлер шашылып қалғандықтан, оны жерлеу кезіндегі үлгісіне келтіру мүмкін болмаған. Ал оң жақ қабірханадағы адам алдыңғыдай сән-салтанатпен жерленбеген. Оның үстіне, басы шығысқа қарап жатыр. Сондай-ақ, бас сүйегі бөренемен жаншылған. Болжам бойынша, ол патшаның құлдарының бірі болуы мүмкін немесе обаны тонаушылар сүйекті аударып тастаған. Бұл сүйектің жөнді сақталмауының себебі, төбесінің шыммен қалануы деуге болады. Шым ылғал өткізетіндіктен ағашты шіруге алып келеді. Жалпы алғанда, бұл обада өте ірі сақ билеушісі жерленгені анықталды.

Сонымен бірге, Шілікті жазығындағы ша­ғын обалардың бірі саналатын №7 қор­ғанда жылқымен бірге жерленген адам мүрделері табылды. Ә.Төлеубаевтың айтуынша, жылқымен бірге жерлеу дәстүрі Шіліктіде бұрын-соңды кездеспеген болатын. Обаның үстіңгі бөлігінде қолы мен аяғы байланған әйел мүрдесі, одан 70 сан­ти­метр­дей төменде ерінің жерленгені анық­талды. Бұл да зерттеуді қажет ететін тың жаңа­лықтың бірі.

Атағы алысқа кеткен Аблайкит

Белгілі ғалым Карл Байпақов ортағасыр­лық Аблайкит ескерткішінің ерекшеліктері жөнін­де әңгімеледі. Ол жоңғар шапқын­шы­лығы кезінде Шығыс өңірінде бой көтер­ген қамал-ғибадатхананы зерттеу үрді­сін еліміздегі буддистік ілімнің таралуы аясында қарастыру керектігін жет­кізді. Бір жарым мың жыл бұрын Үнді­станда пайда болған буддистік ілім Жібек жолы арқылы таралып, Қытай және Орта Азия арқылы Қазақстанға да келді. Еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы жағрафиялық көпірлік міндеті сауда-экономикалық байланыстарға ғана емес, дінаралық қарым-қатынастар үшін де маңызды рөл атқарды. Қазақстанда орта ғасырлардағы буддистік кешендердің болғанына біз жазба деректер арқылы да, археологиялық қазба жұмыстары ар­қы­лы да қол жеткізіп отырмыз, деді К.Бай­пақов. VII ғасырда Батыс Түрік қаға­наты­ның бірқатар билеушілері буддизмге қолдау көрсеткен. Жетісу жеріндегі орта­ғасырлық қалалардан да буддизм белгі­лері көптеп табылғанын, ойрат тайпалары салған будда ламаларының ғибадат орындары «кит-хит» аталғанын айтқан ғалым оның кірпіштен, сабаннан салынып, ғибадат орны бекініс, шаруашылық-тұрмыстық және тұрғын-жай ретінде пай­да­ланылғанын жеткізді. Мұндай орын­дар Павлодар облысы мен Семей қала­сы аумағында да болған. Ал Аблайкит бекіні­сін 1654 жылы Жоғарғы Ертістің сол жа­ға­лауында, Қалба тауларының арасы­на ойрат билеушісі Аблай тәйжі салдыр­ды. Буддалық ғибадатхананың қыс­қаша тарихы осы. Аблайкит – XVII ғасыр­дың 50-60 жылдарында будданың ірі орта­лық­тарының бірі болды. Кейіннен Өске­мен бекінісінің негізін қалаушы И.М.Лихарев­тің жетекшілігімен келген орыс отряды ғибадатхана орнынан тибет пен ойрат қолжазбаларының, будда икон­дары мен қола мүсіндерінің мол қорын және тибет-моңғол қолданбалы-сән­дік өнер бұйымдарын тауып, Ресейге алып кетеді. Бұл еуропа­лық тибеттану ғылымының негізін қала­ған құнды дүниелер болатын. Жалпы, Аблай­кит туралы көптеген саяхатшы-ғалым­дар жазба деректер қалдырған. Оның ішін­де қазақ даласын Азияға ашылатын қақпа санаған І Петр де осы кезеңде Қазақ­стан мен Орта Азияны танып-білуге күш сал­ған. Кешеннің сақталып қалған жоба­сынан оның сол кездегі ең әдемі ғиба­дат­хана­лардың бірі болғанын көруге болады. Бұл кешен қорғаныс мақсатын көздегендік­тен сыртқы дуалының барлығы тастан қаланған. Оның біршама бөлігі бүгінге дейін сақталған. Будда ілімін таратушы Зая-Пандитаның ықпалымен салынған Аблайкит ғибадатханасы аумағында биыл мамыр айынан бері облыс әкімінің бастамасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бекініс қабырғасы мен кешеннің кіреберісіне жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде оңтүстік бөлігіндегі жалпы аума­ғы 520 шаршы метр болатын жер ар­шылды. Бұл кешеннің қорғанысқа арнал­ған құрылымының жалпы ұзындығы – 2125 метр. Ғибадатхана астында оңтүстік және шығыс жағындағы тұрғынжай мен шаруа­шы­лыққа пайдаланған алаңдар тас қабыр­ғамен бөлінген. Қабырғадан 50 метр жерде арық өтеді. Осылайша, қамалдың қорғаныс қабілеті табиғаттың тосын мінездеріне де төтеп беруге негізделген. Яғни, солтүстік батысқа қарай таулы жота, ал шығыстан оңтүстікке қарай арық пен бат­пақ бөгеттері бар. Қамалдағы тас қабыр­ғаның қалыңдығы әр жерде әрқа­лай болып келеді. Жазық жерде 3,5 метр­ге дейін қалыңдаса, жау өтуі қиын таулы беткейлерде 1,5 метрге дейін жұ­қа­рады. Ғибадатхана аумағы қирату мен тонаудан қатты зардап шеккен. Жер­дің беткі қабатында шатыр мен кірпіш, тас қирандылары өте көп. Қазба жұмыс­тары кезінде 5 гранитті бағанның түбірі сақ­тал­­ғаны белгілі болды. Жанып кеткен дің­гек ағаштың қалдығынан қызыл түс­пен боял­ған ұсақ фрагменттер кездесті. Сон­дай-ақ, ғибадат орнының шаруашылық бөлі­гі мен басқа да инфрақұрылымдары бүге-шігесіне дейін зерттелуде.

Жиында сөз алған философия ғылым­дары­­ның докторы, академик Ғарифолла Есім Шығыс ойшылдарының бастауындағы Ана­хар­систің Алтайда туғанын, сондықтан ата-баба тарихын тану өңірде Анахарсис тұлға­­сы мен мұрасын және Алтай атауын тиім­­ді насихаттаудан басталатынын атап өтті.

Шетелдік ғалымдар не дейді?

Конференция жұмысына алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысқанын жоғарыда айттық. Олардың да пікірі сан-алуан­дығымен құнды. Лондон универси­тетт­ік колледжінің қолданбалы археология институтының директоры Доминик Перринг: «Бұл баяндамаларда қазіргі қоғам­ның археологиялық мұраларды бас­қаруының күрделілігіне назар аударылып отыр. Археологиялық табыстардан келе­лі нәтиже күтеміз. Біз Ұлыбритания мы­салында және Қазақстандағы зерттеу тәж­іри­белері негізінде Шығыс Қазақстан облы­сындағы бай мұраны пайдалану мен сақтау­дың тиімді жолдарын талқыладық. Аблайкит нысанындағы жаңа ашылымдар мен өңірдегі басқа да археологиялық ескерт­кіштер археологиялық мұраларды басқа­руды жоспарлаудың ұзақ мерзімді тал­қы­сы­на өзек болады деп ойлаймын», деді.

Ал Санкт-Петербург қаласындағы Материал­дық мәдениет тарихы институты­ның профессоры Николай Боковенко Еуразия жазығындағы көшпелі халықтар мәдениетіне тоқталды. Ол Орал маңынан табылған айрықша алтын бұйымдардың І Петрге жолдануы көшпенділердің көне өркениетіне күллі әлем назарын аударған оқиға болғанын, осыдан кейін қазақ даласына экспедициялар жіберіле бастағанын жеткізді. XVIII ғасырдағы, әсіресе, І Петрдің Сібір жинағынан бас­та­ла­тын археологиялық материалдарды саралай келгенде, Оралдан Сібірге дейін­гі аралықта тұрмыстық мәдениет бір-біріне ұқсағанымен, Жетісу, Арал және Шығыс Қазақстандағы сақтар мәде­ниеті, тасмола мәдениеті, майемер-пазы­рық мәдениеті мен Орта Енисейдегі тағар, Тува, Моңғолияның бұғылы тас, Сол­түс­тік Қытайдағы көшпелілер, Еділ бойын­дағы сармат және Солтүстік Қара теңіз маңындағы скиф мәдениетінің жерлеу ғұрыптарында өзіндік ерекшеліктер байқалады, дейді Н.Боковенко. Ресейлік ғалымның айтуынша, Қазақстандағы сақтар дәуіріне жататын археологиялық мәдениет Орталық Азия мен Еуропа мәдениеттерінің арасын жалғауда ғана емес, беғазы-дәндібай іспетті қола дәуіріне тиесілі мәдениетпен де генетикалық тұрғы­дағы ортақ дүниелері көп. Соның ішінде Ресейдің Сібір өлкесіндегі Пазырық, Аржан мәдениеті мен Шығыс өңіріндегі Берел қорғандарының бір кезеңге тиесілі археологиялық табыстары ғылыми түрде дәйектелді. Сақтардың көне металл бал­қыту, қару-жарақ соғу шеберлігі мен тұрмыс-салты, зергерлік мәдениеті, жерлеу ғұрпы таңғалдырмай қоймайды. Сондықтан көшпенділіктің өркен жайған ошағы ретінде Қазақстан аумағы мен Батыс Алтай, Тянь-Шань тауларына дейінгі аралықтың қарастырылуының негізі бар. Н.Боковенко мәдениеттердің қалып­тасуында алғашқы мыңжылдықтың маңызы өте үлкен екенін, Алтайда халық­тардың зор дүмпуі болғанын, осы жерден басталған ұлы қозғалыс пен көштің себебі әлі белгісіз болып отырғанын, оның негізі климаттың өзгеруі мен жаңа қоныс іздеуде болуы мүмкін екенін атап өтті.

Түркияның Измир қаласынан келген түркі фольклорының докторы, Эгей университеті жанындағы түркі әлемін зерттеу институтының профессоры Метин Екичи көне түркі танымындағы түстердің алатын орны мен оның философиялық нышандары туралы әңгімеледі. Түркі әлемінде бастапқыда наным ретінде пай­да­ла­нылған түстерді қолдану аясы уақыт өте тарылып, әдеби еңбектерде ғана кез­десе­тін болды. Мәселен, көне түркі ұғы­мын­­дағы алқызыл түс – қан, күн шапағы, от жалы­ны сияқты тіршілік белгісі. Одан бар­лық дүниені өзгертетін жаратылыс жылуы мен жарығын көруге болады. «Диуани-лұғат ат-Түрік» еңбегінде ғұн­дар­дың байрағы мен әскерінің нышаны алқызыл түс болғаны айтылады. Аталған сөздің «ал» түбірі де шешімді және құпия мәнге ие, дейді түркиялық ғалым. Түркілік та­ным негізінде «ал» түбірін жіктеген Ме­тин Екичи Адам ата мен Хауа ана қол созған алма жемісінің де алғашқыда «көк» атал­ға­нын, күннің нұрымен піскен кезде «ал­қы­зыл алмаға» айналғанын, осы сияқты «Ал­тай» топонимінің де «алтынды тау» сөз­інің мағынасын беруі мүмкін екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты, венгриялық Вероника Хорват Мажарлар еліндегі, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы көне темір ғасы­рына тиесілі ескерткіштерді өзі басы-қасында болған қазақстандық қазба жұмыс­тарының нәтижелерімен салыстыра баяндады. Оның айтуынша, бұл көшпенділер мәдениетінің кең жағрафиялық кеңістікті қамтығанын көрсетеді.

Әлбетте, Қырықүңгір ескерткіші мен Елеке сазындағы археологиялық қазба жұмыстарының да ғылыми ерекшеліктері бар екенін айта кеткен абзал. Біз алдағы уақытта ондағы қазба жұмыстарының нәтижесіне тоқталатын боламыз. Ең бастысы, археология биылдан бастап Шығыс өңірінің негізгі бойтұмарына айнала­тын болады. Бұл облыс аумағындағы этно­туризмнің дамуына да қолайлы жағдай жасай­ды деп күтілуде. Осы мақсатта «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ғы­лы­­­ми-тәжірибелік конференциясы дәс­түрлі түрде археологиялық табыстарды жа­рия­­­лай­тын халықаралық мінбер болмақ.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

arh-04

arh-03

arh-05

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: