|  |  | 

Қазақ шежіресі Әдеби әлем

Атыңнан айналайын, Қарқаралы

Каркаралинский -5«Алтай мұрасы» халықаралық автоэкспедициясы Қарағанды өңірінде

14 маусым күні Астанадан оңтүстік-шығысты бетке алып шыға бере алғашқы сапарымыз еліміздің ірі индустриалды ор­талығы, шахтерлер қаласы 170 жыл­дық тарихы бар Қарағандыдан басталды. Қарағанды мен оған іргелес жатқан Теміртау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жастық шағы өткен, білім алып, еңбек жолын жалғастырған қалалары. Біз алғаш атбасын тіреген Қарағанды мемлекет­тік техникалық университеті де кезінде Елбасы білім алған, жоғары біліктілікке ие техника­лық кадрлар дайындайтын елі­міз­дегі жетекші оқу орын­дары­ның бірі. Университет ректоры А.М.Ғазалиев экспедиция мү­шелерін универсиеттің оқыту­шылық-профессорлық құрамы­мен және қол жеткен табыстарымен таныстырды.

Аталған университеттегі маз­мұн­ды кездесуден соң автоэкспедиция Қарқаралыға бет түзеді. Қарқаралыны Алтай сапарының басы етіп алуымыздың да өзіндік мәні бар. Өйткені, ол Арқаның айтулы шоқтығы, Алтай арқылы жүретін ежелгі далалық Жібек жолының маңызды бекеті. Оның үстіне, ол қазақ даласындағы бір топ атақты тұлғалар туып-өскен мекен. Алыс-жақынға аңыз болған сол бұлдыр тау көз ұшынан менмұндалаған сәттен-ақ, Мәди ақынның:

Атыңнан айналайын,  Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, –

деп басталатын әні алты қырдың ар жағынан әуелеп жеткендей болды.

Автокеруен Қарқаралы тауы­ның қойнауындағы қарлығаштың ұясындай ғана шағын қалаға жете беріп тізгін тартты. Алды­мы­з­дан қарсы ала шыққан аудан әкімі Халел Мақсұтов бізді алдымен Мәди ақынның қабі­ріне бастады. Мұрнымызға қара­­ғай­дың, аршаның жасамыс жапы­рақ­тарынан тараған Қар­қара­лы даласының хош иісі келді. Тура сарайыңды ашады. Оның үстіне, ай­нала серек тас, сері қарағай. Алыс­­тан, тау серісі құстардың қо­­ңы­­­рау­­латқан тұнық дауысы естіледі.

Бізге қасиетті ораза айында ақынның басына келіп аят оқып, ескерткішіне тәу ету бақы­ты бұйырған екен. Қала орта­лығындағы Мәди ескерт­кіші­нің алдында ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсен­ғазин жырдан шашу шашса, та­лант­ты әнші Ерлан Рысқали кеш­құрымғы тау мен даланы тербете «Қарқаралы» әнін шырқады.

Орманды-тоғайлы, жақпар-тасты келген көрікті Қарқаралы тауларының шығыс етегінде, Қарқаралы өзенінің екі жаға­сын­да жайғасқан шағын қала өзінің бөлекше табиғи бітімі­мен ерекшеленеді. Осы өлкеге ал­ғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ бас­­қа­ны тарихи деректерден бел­гілі. Іргесі 1824 жылы Ресей им­перия­­сының әскери бекінісі, яғни Сібір қазақтары дала губер­наторлығының әкімшілік-аумақ­тық орталығы ретінде қалан­ған осынау елді-мекен 1868 жылы уездік қалаға айналған. 19-ға­сыр­д­ың екінші жартысында жері шұрайлы, жайылымы малға, қойнауы кенге бай Қарқаралы Орталық Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды. Мұнда шет жұрттардан саяси тұтқындар жер аударылып келетін.

Қарқаралы тарихы ұлы Абай­дың және оның әкесі Құнан­бай қажының есімімен де тығыз байланысты. Құнанбай 1849 жылға дейін Тобықты болысының управителі лауазымын атқарып, содан кейін 1852 жылдың соңына дейін Қарқаралы дуанында аға сұлтан болады. Осы кезеңде Құнанбай Өскенбайұлы Қарқара­лы­дағы мұсылман жұрты үшін көк күмбезді мешіт салғызған.

Мәди ескерткішінен соң біз Құнекең салдырған сол мешітте болдық. Тұтас ағаштан ерекше ар­хи­тектуралық үлгіде салын­ған бұл мешіт Кеңес үкіметі ор­на­­ғанға дейін имандылық пен ұлт­­тық дәстүрлердің орталығы бо­лып келген екен. Кейін түрлі мақ­сатқа пайдаланылып, тек тәуел­сіздіктен кейін ғана өзінің нақты мәртебесіне қайта ие болған.

Данышпан Абай да Қарқара­лы­ны жанындай жақсы көрген. Әкесі Құнанбаймен тау қой­науындағы осынау шағын шахар­ға сан мәрте келіп, от ауыз, орақ тілді Балта мен Шөже сынды шайырлардың жыр-толғауларын, тамаша тәмсілдерін тамсана тыңдайды. Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұр­ғалы көп күндер болды. Қазір де қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды. Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл татар саудагерінің үйі» деп ерекше ықыласпен тебірене суреттейді. Даңқты жазушы тілге тиек еткен сол әсем ғимараттың сыртында бүгінде: «Бұл үйде 1850 жылдары Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы болған» деген ескерткіш тақта қойылыпты.

Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін атақты Қоянды жәрмеңкесі өтетін. Бүгін­де қаланың өзіне тән дөң­гелек дәулеті, шағын кәсіп­орын­дары мен халыққа қызмет ету салалары бар. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың айтуынша, ауданда қазір 39 мың халық болса, соның 26 мыңы экономикалық белсенді халық екен. Аудан ауыл­шаруашылығын негіз етеді. Бірақ жақын жылдардан бері кен ашу кәсібі қарқынды дамуда екен. Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлі­гін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-не қарасты кен ашу, кен байыту компаниялары беріп отырыпты. Бүгінде «Алтай полиметалл» компаниясы ауданнан кен байыту комбинатын салуға 64 миллиард теңгенің инвестициясын са­лып­ты әрі ол зауыттың іске қосылу мерзімі де таяп қалыпты. Ауыл­­шаруашылығының ұпайы түгел. Өсім – 140 пайыз. Ал енді аймақ­тағы табиғат қорғау ісінің, туризм­нің тұралап тұруы көңілге кірбің ұялатады.

Қарқаралының көшелеріне өңір тарихына із қалдырған тұлға­лар­дың – А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың, Ә.Ермековтің, Құнан­бай қажының және Екінші дүние­жүзілік соғыстың батырлары Н.Әбдіров, М.Мамраев, П.Теряев, А.Қосыбаевтың есім­дері беріліпті. Шағын қала­ның бір көшесі ақын Қасым Аман­жолов­­­тың есімімен аталады. Тұр­ғын­­дар Қазақстанның тұңғыш ғарыш­кері Тоқтар Әубәкіров те осы Қар­қаралы топырағынан шық­­­қан деп мақтаныш етеді, әлбетте.

Осында біз Қарқаралы тура­лы талай тарихи аңыздар мен ер­­те­гілер, естідік. Солардың бірі – Шайтанкөл. Жартастарының қат­парынан қаулай өскен хош иісті қарағай мен қайыңдар, таң­қурай мен тасжарған, тобылғы секілді түрлі бұталар көлге айрық­ша сән беріп тұрады екен. Жауын-шашын мол жылдары артық су Шайтанкөлдің шарасынан асып төгіліп, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады дейді. Табиғаттың осынау ғажайып жаратылысын Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов сынды аға буын ақын-жазушылардан бастап бүгінгі күннің ақыны Серік Ақсұңқарұлына дейін жыр­ға қосып, әспеттеп келеді. Жазиралы Қарқаралы табиғатын, осынау Шайтанкөлдің сұлу жаратылысын шебер суреттеген «Сұлушаш» поэмасын Сәбит Мұқанов сонау 1928 жылы дүние­ге әкелген екен.

1909 жылы «Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу» қиссасын орыс жазушысы М.М.Пришвин осы төңіректе естиді. Ол жал-жал тол­қынды, сайлы-сабатты Қар­қаралы тауларын алғаш көрген­дегі әсерін аса үлкен шабытпен жазады. Қазақтың мың әнін жинаумен аты шыққан әйгілі музыка зерттеушісі А.В. Затаевич те өз кезінде осы өлкеге арнайы келіп, мұндағы құймақұлақ, күм­бір көкірек жырау­­лардан қазақ­­тың 154 әнін жазып алған. Ол даңқты француз жазушысы Ромен Ролланға жолдаған хатын­да Қарқаралы табиғатының әсем бейнесін суреттеп жазады. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Қарқаралыда 1855 және 1863 жылдары екі рет болып, уақытын негізінен ха­лық­тың фольклор мұраларын жи­нау­ға арнаған. Шоқанның сүйік­ті досы, белгілі саяхатшы-этно­граф Г.Н.Потанин осы өңір­де бо­л­ып, одан алған әсері туралы орыс­­тың Императорлық-геогра­фия­­лық қо­ға­мының Батыс-Сібір бөлім­ше­сінде арнайы баяндама жасайды.

Қарқаралы ауданындағы тау­лы-орман ландшафтысы не­гізінде 1998 жылы осында Қар­қаралы ұлттық табиғи сая­бағы құрылыпты. Алқаптың өсім­дік флорасы мен жануарлар фаунасы өте бай. Саябақта кез­де­сетін аңның 40, құстың 114, өсім­діктің 66, балықтың 8 түрі қор­ғау­ға алынған. Олардың ішін­де Қазақ­станның Қызыл кіта­бы­на енген аңдар мен құстар, өсім­діктер де бар екен. Дегенмен, табиғаттың бермесін тартып аламыз деген бір заманда Қарқаралы өңірі де беталды ойраншылыққа ұшырағаны байқалады. Әйтпесе, бұл дегенің бүкіл Қазақстанның алақанға салып отыратын асылы емес пе. Ендеше, елімізде Қар­қаралы секілді табиғи бау-бақ­тар үкімет пен тұтас қоғамның айрықша қамқорлығына зәру.

Тұрсынхан ЗӘКЕН,

жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Әрине, Қарқаралы туралы әңгімені шағын мақаланың аясына сыйдыра алмасымыз сөзсіз. Дегенмен, Арқа төсіндегі осынау ғажайып өлкенің тарихы мен табиғаты, мәдени-рухани, әлеуметтік-экономика­лық келбеті бізді одан сайын қызықтыра түсті. Біздің экспедиция Қарқаралыдан осындай үлкен әсермен аттанды.

Қарағанды облысы

egemen.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: